АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ КӨБЕЙІП БАРАДЫ…

АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ КӨБЕЙІП БАРАДЫ…

Полиция туралы әңгіме қозғалғанда МАИ қызметкерлері мен қылмысты ашу бағытында жұмыс істейтін құқық қорғаушылардың еске түсетіні бар. Және қызметтері негізінен жазалау, айыппұл салу сияқты болып көрінетіні де бар. Ал, шын мәнісінде аталған құқық қорғау органы насихат тәртіп бұзушылықтың алдын алу, келеңсіздіктен қорғау сияқты жұмыстармен де айналысады. Солардың бірі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау.

 Жазушы М.Әуезов жиырмасыншы ғасырда қазақ халқына «Адамдық негізі-әйел», ұлт болып даму үшін әйелге жағдай жасау керектігін жазған болатын.  Халыққа қарата айтылған ой бұл күндері заң аясында да қаралып келеді. Әйелдердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда конституциялық қағидаларды жүзеге асыруды көздейтін мемлекеттік тұжырымдаманы жүзеге асыруда. Осы орайда біз ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Серғазиева Алма Пернебайқызына жолығып, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау барысында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып беруін сұраған едік.

-Алма Пернебайқызы, облыстағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі қай кезден бері жұмыс атқарып келеді. Және бұл қызмет жалпы облыс тұрғындарына қаншалықты танымал әңгімені осы бағытта өрбітсек.

-Елбасымыздың бастамасы бойынша, Ұлттық жоспарға Гендерлік теңдік конвенциясы енгізіліп, 1998 жылдың 29 шілдесінде «Әйелдерді кемсітудің барлық түрлерін жою туралы» ұлттық комиссиясы құрылған болатын. Ал 1999 жылдың 19 ақпанындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен республика көлемінде нәзік жандылардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани өмірдегі белсенділігі мен қоғамдағы рөлін арттыру және олардың азаматтық құқығын, мүдделерін қорғау мақсатында «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы» құрылып, Шымкент қаласында 1999 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді.

-Баста қызметтеріңіздің танымалдылығы туралы сұрақты жайдан жай қойған жоқпын. Себебі, ұлттық менталитетеміз бар, қазақ келіншектері ұялып, отбасындағы зорлық-зомбылық көрсе де, сыртқа айтуға қысылып төзе береді. Немесе әйел құқығын қорғап, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын бөлімнің барлығынан хабарсыз болулары әбден мүмкін. Осы орайда мынадай сауалға жауап юерсеңіз,Сіздердің көмектеріңізге жүгінушілер көп пе?

-Негізгі міндетіміз болып табылатындықтан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі, ішкі істер басқармасының бір саласы ретінде түрлі тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдер мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Аудандарда да арнайы мамандар жұмыс істейді. Сол себепті де облыс тұрғындары осындай бөлімнің жұмыс істейтінінен хабардар. Түрлі тақырыптық насихат жұмыстары, акциялар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады және БАҚ құралдарымен байланыс орнатылған. Өзіңіз айтып отырғандай әйелдердің төзімділігі, ұялшақтығы жариялы жұмысқа айтарлықтай кедергісін келтіреді. Және мұның бәрі адам өміріндегі басты құндылық саналатын отбасына қатысты болғандықтан өте шетін мәселе. Зерттеуді,сақтықты талап етеді. Біздің бөлім өзінің жұмысын ішкі істер қызметімен, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлесе жүзеге асырып келеді. Ал, қолда бар мәліметтерге сүйенсек бізде осы 2016 жылдың 6 айында-8415 әйел шағымданды, былтыр 6 айда-7487 шағым тіркелген болатын. Бұл былтырғыға қарағанда едеуір көп. Өкінішті. Бізге зорлық-зомбылыққа он,он бес жылдап төзіп келген аналар да келеді. Олардың түрлерінен жандарының азап шеккені,көрген бейнеттері білініп тұрады. Жұмыс жүргізген жылдардан жиған тәжірибеміз бізге зорлық-зомбылыққа төзбеудің алдын алу тиімді екенін көрсетті. Қазір атқарып жатқан жұмыстарымыз туралы ғаламторларға да , баспасөз,теледидарлар арқылы да таратып жатырмыз. Жалпы орта мектептерге де арнайы барып,өз жұмыстарымыз туралы ақпарат береміз. Кейде оқушы балалар да мұғалімдеріне,сынып жетекшілеріне келіп, анасының көп қиындық көретінін жеткізеді. Мұғалімдер бізге сол жайында ақпарат жеткізгенде, біз бірден іске кіріспей, алдымен мән-жайды анықтап,түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Және психологиялық, заңды тұрғыда көмек береміз. Әйелдер көбіне осындай көмектерге зәру.

 -Отбасындағы кикілжің, ер адамның әйелдерді соққыға жығуы қазіргі таңдағы қоғамды алаңдатып отырған ажырасу дертіне себепші болып отырған жағдайлар аз емес. Осы жайттың негізгі себебін тарқата кетсек.

-Отбасындағы кикілжіңдерге әлеуметтік жағдайдың әсері мол. Маскүнемдік, жұмыссыздық. Тағы бір алаңдатарлық мәселе ер адамдар жұмыссыздығы. Олар отбасын асырарлық ақша таппайды. Сөйте тұра әйелдерінің ақша табуын талап ететін еркектер де бар. Осылай әйелі ақшасын да табады, үйін де асырайды, үй жұмысын да жасайды.Үйде отырған қолы бос еркек не істейді, қызғаныш туады. Содан түрлі себептер ойлап тауып әйелді ұрып, зорлық-зомбылық жасайтын ерлер де кездесіп жататыны жасырын емес.

-Бүгінгі қоғамдағы назар аударарлық тағы бір жайт азаматтық некенің көбеюі. Бізге шағымданып келушілердің басым бөлігі азаматтық некеде тұрғандар. Азаматтық неке ер адамдардың жауапкершіліктен қашуынан туындап жатады. Себебі, егер әйел ұнамай қалса, қуып жібереді де басқа біреуге үйлене салады. Сондай-ақ екі әйел алушылық немесе өзге әйелмен жасырын некелесіп,одан перзент сүйіп жатқандықтан, әйелі наразы болып ажырасып жатқан отбасылар бар. Балалардың болашағы, тәрбиесі отбасында қалыптасатындықтан мұндай жағдайлар сол отбасында өсіп жатқан балаға үлкен әсерін тигізеді. Анасының таяқ жеп қамыққанын көрген отбасының балалары да жасық, жабырқау, қорқақ келеді. Ол отбасыдан шыққан қыз бала уақыт өте келе тұрмысқа шығудан да жүрексіне бастайды. Ажырасу ене мен келін арасындағы келіспеушіліктен де туындап жататын жағдайлар да бар. Бәрі отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі. Сол себепті де отбасылық тәрбиеге ерекше мән берілуі керек. Бүгінгі отбасында баланы тәрбиелеуге көп ата-ананың уақыты жоқ. Ата-ана сол балаға тамақ табамын деп ертелі-кеш жұмыста жүреді. Бала теледидар алдында, ғаламторға қарап өсіп келеді.Теледидардан жақсы бағдарламаларды, тәрбиеге қатысты мазмұнды хабарларды көбейту керек. Бұл уақыт талабы.

-Алма Пернебайқызы, шағымданып келген нәзік жандыларға қандай көмек көрсетесіздер?

-Шағымданып келген әйелдерге қатысты зорлықтың себептерін зерттеледі. Ол бізге сол әйел тап болған жағдайдың алдын алу үшін керек. Содан кейін алдын алу шаралары ұйымдастырылады: әкімшілік жауапкершілікке тарту, қорғау шараларын қабылдау, алдын алу сұхбаттарын жүргізу, уақытша баспанаға орналастыру және құқықтық сұрақтар бойынша кеңестер беріледі.

-Сіздер көрсеткен көмектен кейін, отбасыларының амандығын сақтап, қайта жарасым тауып жататын, қателігін мойындап кешірім сұрап жарасатындар бар ма?

-Қателігін мойындап кешірім сұрап жарасатындар бар, бірақ сирек.

Біздің қызметіміздің негізгі қағидаты – қолдау көрсету және отбасын сақтау, алайда көптеген жағдайда зардап шегушілер мәселені ажырасу арқылы шешеді.

-Әйел затына күш көрсететін, зорлық-зомбылық көрсетіп, қатігездік жасайтын жандар қоғамда аз еместігі өкінішті. Осындай зорлықтан кейін есін жиып, еңсесін тіктеп кететіндер көп пе?

-Ия. Ол адамның рухына байланысты. Бізге , төрт баласын жетелеп баспанасынан айырылып, күйеуінен зорлық көрген әйел келген. Жұмысқа тұрғыздық. Құжаттарын реттеп бердік. Сол әйел балаларын жалғыз өзі жетілдірді. Жер алып, баспана тұрғызды.Ерік- жігеріне еріксіз тәнті болдым. Ондай аналарымыз аз емес. Еңбекқорлығының арқасында барлық қиындықты жеңді. Оның көрген қиындығына ортақтасып , уақыт өте келе қуанышын да бөлістік.

 Әйел-ана, аналарымыздың қуанышты жүзін, балаларымыздың бақыттан бал-бұл жанған жүзін көргенге не жетсін!Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Сөз соңында ер азаматтарымыз әйеліне қол жұмсар алдында өзінің жалғасы, болашағы балаларының тағдыры туралы ойланса деген тілегіміз бар.Өйткені мемлекетке тұтқа болар ұрпақ болашағы бүгінгі ата-ананың қолында тұр емес пе?

Зылиха Жантасова

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика