Раушан Шаденқызы АЙҒАЗИЕВА, Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдениет секторының меңгерушісі: «МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ЖҮРІП ЕҢ АЛДЫМЕН ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНЕСІҢ, ІСТЕГЕН ІСІҢЕ, АЙТҚАН СӨЗІҢЕ ЖАУАП БЕРЕСІҢ»
Бүгінгі мемлекеттік қызметте жүрген жандардың барлығы ер азаматтар секілді болып көрінгенімен, мемлекеттік қызметші деген жауапкершілігі мен артылар жүгі ауыр қызметте нәзікжандылар да аз емес. Солардың бірі Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдениет секторының меңгерушісі Айғазиева Раушан Шаденқызы. 15 жылға жуық уақыт бір салада табан аудармай еңбек етіп келеді. Әдетте, қала аумағында өтіп жататын кез-келген үлкен жобалар, атқарылған жұмыстар тыным таппай ізденетін адамдардың идеясы мен жұмысының нәтижесі екендігі туралы ойлана бермейміз. Тамашалаймыз, пікірі айтамыз, сын айтамыз, мақтап жататын кездерімізде кездеседі. Сол адамдардың ішінде «көрінбейтіндері» де бар. Сондай жандардың бірі Раушан Шәденқызының еңбегі де ересен, атқарар жұмысы да ауқымды. Мемлекеттік қызметшінің жұмыс бабындағы сыры бізбен болған әңгімеде ағытылды.
— Мемлекеттік қызметшілер жайлы сөз қозғап, мақала жазып жүргелі жұмыстарының, мойнына алған жауапкершіліктерінің ауыр екенін, атқарар істерінің қым-қуыт екеніне көз жеткізіп келемін. Сіз анасыз, әйелсіз, қызмет барысы сізге қиындық тудырмайды ма?
— Әрине, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшіге артылар жүк ауыр. Ол аты айтып тұрғандай мемлекеттің қызметін көрсетеді, мемлекеттің айнасы іспетті. Отанын, мемлекетін сүйген адам мемлекеттік қызметшілерге қарап тіксініп, тыжырынбауы керек. Керісінше қоян-қолтық араласып, еліміздің көркеюіне, жалпымызға ортақ жұмыстың алға жылжуына бірлесе ат салысуымыз керек. Мемлекеттік қызметші қоғаммен біте қайнасып жатуы тиіс.Одан алшақтау мүмкін емес. Адам болмаса, қоғам болмаса біз кімге қызмет көрсетеміз? Біздің жұмысымыз ашық. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа қабылдануынан бастап, атқарар істерінің бәрі елдің көз алдында, өйткені, жүйе солай құрылған. Жүйе халық үшін қызмет жасайды. Тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілердің арасын жақындастырып, бірлесе жұмыс жасауға, ашықтыққа, ешқандай жасырын дүниенің жоқтығына көз жеткізу үшін жасалып жатқан шаралар нәтижелі деп айтуға болады. Егер жұмысым оп-оңай десем өтірік айтқандай боламын. Қиындықтар болады, жоқ емес, бар. Кез-келген жұмыстың өзіндік ауыртпашылығы мен жауапкершілігі бар екені анық, ал мемлекеттік қызметшілерде бұл екі есе көп. Осыны түйсініп, жұмыс барысында көрсету үшін барымызды саламыз.
— Раушан Шәденқызы, мәдениет бөлімінде жұмыс істегеніңізге он бес жылға жуықтапты. Мемлекеттік қызмет сізге қандай тәрбие берді?
— Ең алдымен өз ісіңе жауап беруге үйретті, үлкен жауапкершілікті сезінесің, істеген ісіңе, айтқан сөзіңе жауап бересің. Сондай-ақ темірдей тәртіпті үйретті. Қандай тапсырма тапсырылса да мейлі аз уақыт берілсін, көп уақыт берілсін, тіпті бірнеше сағат берілсін үлгеруің керек,тындыруың керек. Бұл жұмыс, жауапкершілік. Үлгеруге міндеттісің. Себебі, сен мемлекеттің қоғам алдындағы өкілісің. Демек, сен өз мемлекетің үшін, сол мемлекеттің жауапкершілігін мойыныңа арқалаған адамсың. Осыны ешуақытта ұмытпайсың. Мұндай жұмыс тәртібі адамды кез-келген тығырықтан дұрыс жол тауып шығып кетуге тәрбиелейді. Таңнан ерте тұрып, әр ісімді жоспарлы түрде тиянақты тындырып отыруға үйретті. Ең бастысы сол. Одан бөлек кәсіби біліктілігімді, білімімді арттырды десем артық айтқаным емес. Мысалы, бір батырдың ескерткіші салынып, ашылу салтанаты болғалы жатыр дейік. Тапсырма берілген мемлекеттік қызметші не істейді? Атаулы мәдени іс-шараны ұйымдастыру үшін алдымен сол батырдың кім екенін, қандай игі істері бар екені туралы ақпарат жинақтайды, содан кейін барып соған байланысты мерекелік іс-шара ұйымдастырасың. Міне, осылай-осылай білімімді де толықтырып келемін. Өз мамандығым өзіме қатты ұнайды. Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма еш өкінбеймін.
— Мемлекеттік қызметші бола жүріп, дос таптыңыз ба?
— Алғаш жұмысқа тұрған кезде мен қызмет еткен мекеме басшысы: «Менің туыстарым, жекжаттарым, бауырларым, достарым сіздерсіздер!» деп жиі айтатын. Сонда жаспын ғой іштей: «Туған-туысы жоқ, жалғыз ұл шығар» деп ойлайтынмын. Кейін келе білдім, олай емес екен. Жұмыс-жұмыс деп жүріп, ағайын-туысқа, құда-жегжатқа қарауға мұршаңыз болмайды. Себебі, сіз мемлекеттің бір өкілісіз, сіздің туыстарыңызға қарап, жұмыс тоқтап қалмауы тиіс. Сол кісі айтқандай бүгінде менің де туыстарым, достарым, араласатын ортам барлығы өз әріптестерім, осы ортада жүрген жандар. Оның үстіне қандай мерекелік іс-шара болмасын сол жерден табылуға тырысамыз. Оның дұрыс, халыққа, қонақтарға ұнамды аяқталғанына көз жеткізуге тырысамыз. Ондайда шақырылған жерлерден қалып кетіп жатасың, себебі жұмыс бабы солай. Сондықтан досың да, туысың да әріптестерің болып кетеді екен. Осы саладан дос тапқанымды үлкен сеніммен, қуанышпен айта аламын. Бүгінде сол достарыммен араласып-құраласып, туған күндерімізді бірге тойлап, бірге тілектес болып жүреміз. Өзіндік сенімге құрылған ортамыз бар.
— Мәдениет бөліміне сіз келгелі жалпы қанша басшы ауысты?
— Осы бөлімге келгелі үш басшы ауысты. Әрине әрқайсысының өзіндік жұмыс стилі, өзіндік жақсы қасиеттері бар. Әрқайсысының жұмыс жүргізуі әртүрлі. Бірақ барлығының да мүддесі бір ол осы саланың дамуы, көркеюі, өркендеуі. Біреуінен қалай адамдармен тіл табысуды үйренсем, енді бірінен қағаздармен жұмысты үйрендім, сол секілді әрқайсысының өз үйреткені бар . Ал қазіргі басшымыз Мұрат Серікбайұлының жаспен де, егдемен де тең дәрежеде сөйлесе білетіні ұнайды. Одан бөлек бізге тіл бөлімінен ауысып келгесін бе қазақ тіліне өте жетік, шебер меңгерген, жазылған сценарийлердің мазмұндылығына ерекше сыни көзбен қарап, барлығының орынды, тамаша шыққанын қадағалайтыны ұнайды. Сондай-ақ әріптестерінің мінез-құлқына қарап кімнің қолынан қандай жұмыс келетінін, бейімін, кімге қай жұмысты сеніп тапсыруға болатынын дөп басып білетін көрегендігі де үйренуге тұрарлық деп білемін.
— Бүгінде сізді де үлгі тұтып жүрген жас буын бар болар, олар туралы не айтар едіңіз?
— Әрине, жылдар өтіп жатыр. Қызметке өмір заңымен жас буын келіп орналасуда. Біз де өзіміздің алдымыздағы аға буыннан көргенімізді істеп, бар білгенімізді жастарға үйретіп келеміз. Бүгінгі жастар талапшыл, алға ұмтылғыш, бәріне тың идеямен қарайды. Маған жастардың бойындағы осы жалын ұнайды. Олар жұмысқа үлкен серпін әкеліп жатыр. Жастардың мемлекеттік қызметші болудан қорықпай құлшыныс танытқаны қуантады.
— Шымкент қаласының мәдени іс-шараларының баршасы дерлік осы мекеменің ұйымдастырумен өтеді. Қала үлкен еліміздегі үшінші қала. Талап жоғары. Неге көбірек мән бересіздер?
— Шынымды айтсам, мен мәдениет секторына меңгеруші болғандықтан қандай мереке, қандай ауқымды шара болмасын басы-қасында жүремін. Соңғы жылдары қай кезде 31 желтоқсан күні үйде болып, жаңа жылды отбасы ошақ қасында күтіп алғаным есімде жоқ. Әр мерекеде солай, концерттерде, іс-шараларда шапқылап жүреміз. Соған қарамастан бұл жұмыс өзіме ұнайды. Шығармашылық ізденістер арқылы жаңа дүниелермен танысып, жаңа таланттармен танысып жатамыз. Көпшілікке жағымды көңіл күй сыйлаймыз. Сахна тарландарыменаралас-құралас боламыз. Мәдениет бөліміне келмей тұрғанда театр болсын, концерттік мекеме болсын баршасының қойылымын сахнадан көріп, риза болып қайтушы едім. Ал жұмысым арқылы осы әдемі, әсем, халыққа жинақы, шұрайлы болып жететін ән кештерінің, театр қойылымдарының арғы бетінде, яғни сахна сыртында да қайнаған өмір, нағыз жұмыс жүріп жататынын көрдім. Бұл да менің осы салаға келуім арқылы таныған дүнием десем болады. Ал талаптарға келсек, әр шараның, әр мерекенің өзіндік ерекшелігі, берілетін тапсырмалары бар. Біз сол тапсырманы орындауға, одан да жоғарырақ болуға барынша тырысып бағамыз. Біздегі концерттік бағдарламалар өте жоғары деңгейде өтеді. Дәлел ретінде айта кетейін бізге көршілес қалалардан, тіпті шетелден мамандар хабарласып: «Ғаламтордан сіздерде өткен қала күнін көріп едім, біздің де қаламыздың арнайы даталы күні келе жатыр. Соған байланысты сіздерден кеңес сұрайын деп едім, сіздердің мына күні өткен іс-шараларыңыздың сценарийін жазған маман, режиссер керек еді» деп хабарласып жатады. Өте көп хабарласады, рас айтамын. Демек, біздегі мамандар, ұйымдастыру жұмыстары өте жақсы деңгейде деп айтуға негіз бар.
— Аяулы ана екеніңізді білеміз. Перзенттеріңіз осы салаға, мемлекеттік қызметші болуға ниет білдірсе не дер едіңіз?
— Бір ұл, бір қызым бар. Бұл енді менің ешқандай қарсылығымды тудырмайтын дүние. Егер барғылары келсе қарсы емеспін. Мемлекеттік қызметші болу еліңді құрметтеу, патриот болуды да үйретеді. Оның үстіне бұл салада да қызмет ететін адам керек қой, қазіргі заман талабымен жұрттың барлығы әнші, атақты, танымал болып кете берсе басқа салалар ойсырап қалады ғой. Сондықтан балаларым мемқызметші болуға ниет танытса еш қарсыласпаймын.
P.S. Мемқызметшінің менімен сұхбат барысы 20-25 минутқа созылды. Осы аралықта Раушан Шәденқызының ұялы сымтетігіне жұмыс барысымен бірнеше адам қоңырау шалды. Арасында сонау Павлодар қаласынан бейтаныс жігіт хабарласып: «Мен қазір Астана, Алматының емес, ғаламтордан Шымкенттің іс-шараларын іздейтін болдым. Сіздерде барлығы талантты секілді. Біздің қала күні келе жатыр еді, соған байланысты сценарийге көмектеріңіз керек болып тұр,» деп жатты. Кейіпкеріміз қызмет әдебін сақтай отырып сұхбаттан соң хабарласатынын айтып тұтқаны қойды. Айта кететін жайт, осы салада жүріп Раушан Шаденқызы көптеген марапаттар мен қызметіндегі адал еңбегі үшін медальдарға да ұсынылған екен.Біз бүгін Шымкент қаласының мәдени саласы мықты мемлекеттік қызметшілердің қолында екеніне тағы бір көз жеткізіп қайттық.
Leave a Reply