Перизат САЙЛАУҚЫЗЫ: «ТІЛ БІЛУ ДЕ ҮЛКЕН ӨНЕР»

tories/001perisay.jpg» border=»0″ />

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп бекер айтылмаса керек. Бүгінде білім саласында бала болашағы үшін, оның жан-жақты дамып, өз елінің саналы да білімді ұрпағы болып өсуі жолына бүкіл ғұмырын арнаған қаншама ардақты ұстаздар бар. Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясын баянды ететін ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ізгілікті мамандықтың иелеріне бүгінгі күннің қойып отырған талабы да жоғары. Ыждаһаттылықпен бала санасына қозғау салып, білімге, өнерге, өмірге құштарлықты сіңіру мен қатар тіл үйренуге деген құлшынысты арттыру да өзекті болып отыр бүгінде. «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы енгізілгелі бері мұғалімнің өзі де тіл үйренуге талпыныс жасауда. Қоғам, көпшілік болған соң бұл біреуге ұнайды, ал, біреуге ұнамайды. Әрине, таңдау құқы әркімнің өзінде. Десе де қайсы бір мамандық иесі болмасын, бәсекеге қабілетті болуы керек. Шымкент қалалық оқушылар сарайының «Ән-домбыра» үйірмесінің жетекшісі Перизат Сайлауқызы жаңашыл ұстаз. Ол тіл меңгеруді де өнерге жатқызады.

– Перизат ханым, біз сізді бәсекеге қабілетті маман ретінде танып отырмыз. Өйткені, өнерді білім саласы, балаға тәрбие беру ісімен ұштастырып жүрген тәлімгердің бірісіз. Өнерге біржолата кетсеңіз де орныңызды ала аласыз, білім саласында қалсаңыз да өз орныңыз бар. Бүгінде сахнаға шығу, танымал адам болуға ұмтылу «сәнге» айналып барады. Неге өзге де өнер иелері сияқты тек қана сахнаға шығуды, танымал болуды мақсат етпей ұстаздық ету жолын таңдадыңыз?

– Менің өнерге деген құлшынысым мен ықыласым, домбыра аспабына деген махаббатым сонау бала кезімнен қаныма сіңген қасиет деп айта аламын. Себебі, үйде әкеміздің қасиеттісі қазақтың қасиетті домбырасы болатын. Сол әкеміз айтқан термелерді, әндерді тыңдап, бойымызға сіңіріп өстік. Мұңын да, сырын да әнмен жеткізген отбасында өскен менің де домбыра тартуға деген ықыласым ерекше болды. Ағам да бір кісідей домбыра тартып, әуелетіп ән салады. Оның орындау шеберлігі әкемдей тамаша болмаса да домбырада жақсы ойнайтын. Ағамның соңынан қалмай домбыра тартуды үйреніп алдым. Негізі қанмен берілетін қасиеттерде болады ғой. Өнер де солай. Төртінші сыныпта жүргенде домбыраның тілін, әліпбиін деп айтсам да болатын шығар үйрендім. Бірақ, домбыраны тек үйде ғана тартатынмын. Сыныптастарымның өзі домбыра тар-татынымды он бірінші сыныпта оқып жүргенімізде соңғы қоңырауда бір-ақ білген.

Ал, педагог болу мен өнерді ұштастыра алғаным бәрі бала кезден басталады емес пе? Ән айтуды жақсы көрдім, сонымен бірге өзімнің кіші бауырларымды, көрші-қолаңның балаларын жинап алып мұғалім болып сабақ үйретіп ойнайтынбыз. Сол ойындарда неге екенін қайдам мен бірден ұстаз болып алатынмын, сонымен қатар диктор болуды қалап, оларды отырғызып қойып теледидардан жаңалықтар айтушы едім. Міне, осындай бала арманның аясында өнер мен ұстаздықты біріктіре алдым десем дұрыс болар. Ән айта білгеннің барлығы сахнаға шығып, өнер жолын қуып кетуге де болмайды ғой. Сол өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бала жүрегіне білім мен бірге өнерді де құя білетін де адам керек емес пе? Міне, осы ойлар маза бермегендіктен мен тек қана сахна шебері болып қалуды қаламадым. Ұстаз болып білгенімді үйретіп, бала жүрегіне білім арқылы өнер құйсам деп ойладым. Аллаға шүкір бүгінде сол арманым орындалған ұстазбын десем артық айтпағаным шығар.

– Сіздің алдыңызға белгілі бір жастағы емес, әртүрлі жастағы балалар келеді екен. Және бір ғана емес, қаланың әр мектептерінен «ән үйренсем, домбыра үйренсем» деп келеді. Олардың әр қайсысы әр түрлі ұстаздың алдынан білім мен тәрбие алған, сондықтан мінездері мен ұстанымдары да әр түрлі болады. Барлығының тілін қалай табасыз?

– Рас айтасыз, әр мектептен, қаланың әр бұрышынан келеді менің сыныбымдағы оқушылар. Бірақ ұстаз болу үлкен қасиет. Ұстаз болып қалыптасу бар да, ұстаздық үшін жаралған жандар болады. Мен өзімді екіншілердің қатарына қосамын. Сондықтан кез-келген ұстаз бала жүрегінен жол таба білу керек және жол таба алады.

– Бүгінде Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы аясында үш тұғырлы тіл саясаты қоғамда түрлі пікір туғызғанына қарамастан, біртіндеп өмірімізге еніп келеді. Жаңалыққа қашанда үркектеп қараймыз ғой. Бірақ, жаһандану заманында көп тіл білген халықтың жұтыла қоймайтыны ақиқат. Оны үстіне осы бағдарлама басталғалы қоғамда үйренуге, білуге деген құлшыныс артып келеді. Сырттай бақылаушы емес, педагогсыз, болашағым деп қарайтын балалармен жұмыс істеп, арасында біте қайнасып жүресіз. Сіз қалай ойлайсыз, құлшынысты сезіп жүрсіз бе?

– Біздің Елбасымыз көреген жан деп білемін өзім. Ол кісі қандай шешім қабылдаса да ең алдымен елдің, жастардың болашағына алаңдап, сол болашақтың жарқын болуы үшін ойланып барып қадам жасайтын әлем мойындаған мықты саясаткер. Менің өзім Жетісай өңірінің қызымын, бірақ бұдан 22 жыл бұрын тағдырдың жазуымен көршілес Өзбекстандағы қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Сол кісінің дүниежүзіндегі қазақтарды Қазақстан туының астына біріктіру саясатының, осынау үлкен де маңызды қадамының арқасында еліме, жеріме, өз Қазақстаныма қайта оралдым. Өзім емес, ең алдымен, балаларымның қазақ топырағында тамырын тереңге бойлатып, жапырақтарын кеңге жайып келе жатқанына қуанамын. Мұндай батыл шешімдер арқылы Елбасымыз елдің іргесін нығайтып отыр. Жуырда ғана ақпарат құралдарынан Қазақстан халқының 18 миллионға жеткенін оқып қуандым. Оның ішінде біз де, біз сияқты шетелден келген қандастарымыз, олардың бала-шағасы да бар. Бұл көші-қон саясаты, қандастарымызды елге көшіруге бағытталған бағдарламалардың жемісі.

Үш тұғырлы тіл саясаты да сондай еленіп, екшеліп барып қабылданған бағдарлама, дұрыс шешім. Бұл тіл білуге, жастарды білімге, ғылымға, әлемдік деңгейдегі ғылым саласына тартудың ең басты қадамдарының бірі деп білемін. Ал, бұл қадамнан қазақ тілінің болашағына қауіп төніп тұрғанына алаңдауға болмайды. Себебі Елбасымыз қазақ тілі жайлы: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылайша, тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі», – деп нақты да, тоқ етер пікір айтқан. Демек бұл қадам қазақ тілінің де болашағына жақсы жағынан әсер етеді деп ойлаймын. Негізі тіл білу де үлкен өнер. Бірнеше тіл білу бірнеше өнерді меңгеру деп ойлау керек. Үш тұғырлы тілден шошымауымыз керек. Себебі, бұл болашақ үшін жасалып жатқан қадам. Қазақ тілін көгертетін өзіміз ғой. Әр отбасы үйінде баласы, немерелерімен тек қана қазақша сөйлессінші, ол саясатқа айналмайды, қоғамның барлық саласында қолданылатын толыққанды қолданыс тіліне айналады. Өмірде түрлі қызметпен байланыста боламыз ғой. Сол қызметтің бәрінің қазақ тілінде жүргенін талап етейік.

– Алдыңызға әртүрлі отбасында тәрбиеленіп жатқан талай бала келеді. Үш тілді білуге олардың құлшынысы қалай? Ықыласы мен үйрену қабілеттерінің шамасы туралы не айтар едіңіз?

– Жаңа айтып кеттім ғой, тіл білу де үлкен өнер деп. Ал, баланы жастайынан өнерге баулысаң ол сол өнерді бойына сіңіріп өседі. Тіл тақырыбына келсек те солай. Әрине, ата-аналар тарапынан балалардың мектеп қабырғасына бара салып үш тілді меңгеру барысында қиындық тудырып жатқанын айтып байбалам салып отырғанын да түсінуге болады. Бүгінгі ата-аналардың кейбіреулері кішкене жалқаулау ата-ана. Олар егер балаларына уақыт бөліп үйретуге тырысса, саналары тап-таза бала үш емес, одан да көп тіл біліп шығуы мүмкін. Себебі, балалардың қабылдау қабілеті өте жоғары болады. Балалардың тіл білуге деген құлшынысына келсек, әр бала жеке тұлға, оның бойында барлық қасиет болады, ал ата-ана мен ұстаздар сол қасиеттердің қайсысын дұрыс оята білсе сол қабілеті жақсы, жоғары дамиды. Бұл менің жиырма жылдан астам уақыттағы балаларға ұстаздық еткен тәжірибемді саралап барып түйген ойым. Себебі, кей балалар келеді алдыма, әуенге деген қызығушылығы, домбыраға деген ынтасы мүлдем жоқ секілді. Бірақ кейін, уақыт өте келе, ол бала мықты домбырашы, өзге балалармен домбыра тартуын салыстырғанда көш ілгері бала болып шығады. Демек, бала бойында тіл білуге деген құштарлықты да оята білу керек. Мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мырзаның төрт тілді меңгергенін естіп таң қалдым, екінші жағынан сүйсіндім. Бірақ, ол кісі бірнеше тіл білсе де қазақ тілін ұмытып, не сөйлемей кеткен жоқ қой, керісінше өте жақсы сөйлей алады. Міне тіл білуге деген құштарлықтың нағыз үлгісі. Осыны айтқым келіп отыр. Қазіргі ата-ана балам әкім болсын деп тілейді ғой. Болашақта әкімдер бірнеше тілді меңгеру керек деген талап қойылса, не болады?

– Білуімше сіз қызмет ететін Шымкент қалалық оқушылар сарайында да ағылшын тілін үйрететін үйірме бар. Үш тұғырлы тіл бағытында қаншама жұмыстар атқарылып жатыр? Ұстаз ретінде ойыңызды айтыңызшы осы атқарылып жатқан істер болашақта үш тілді меңгеріп кетуге жеткілікті ме?

– Бізде көптеген үйірмелер бар, ағылшын тілін оқыту үйірмесі де жұмыс жасайды. Атқарылып жатқан істерге келетін болсақ мен өнер саласындағы ұстазбын, бірақ педагог болғандықтан білім саласындағы өзгерістердің, атқарылған істердің барлығын көріп, біліп жүреміз. Ал, енді облыс деңгейінде, қала деңгейінде үш тілді білуге үлкен жұмыстар, ауқымды істер атқарылып жатыр. Мына нәрсені естен шығармау керек кез-келген жаңашылдық өзінен-өзі бола салмайды. Бізге келіп «үш тілді біліңдер, бітті!» деп жатқан ешкім жоқ. Ол сатылап, бірте-бірте іске асып келеді. Бұл ауқымды жұмыс және кез-келген жаңашылдықта өзгерістер болып тұрады. «Көш жүре түзеледі» деген жақсы сөз бар қазақта. Сондықтан аз-кем артықшылық, кемшіліктері түзеледі. Ол тәжірибе мен уақыттың еншісіндегі дүние. Үш тұғырлы тілді үйрету барысында да атқарылған жұмыстар өте көп, ал болашақта атқарылатын жұмыстар одан да ауқымды деп ойлаймын.

– Өз балаларыңыз домбыра тартады ма? Тіл білуге деген құштарлықтары қалай?

– Өнер деген адамға әкенің қанымен, ананың сүтімен беріледі деп жатады ғой. Өнерден құр алақан деп айтпаймын. Екі ұл, екі қызым бар, Аллаға шүкір өнерге ұмтылыстары жаман емес. Ал тіл білуге келсек, бұл қоғамға енді еніп сұранысқа қарай реттеліп келе жатқан дүние ғой, егер менің міндетті түрде меңгеруім керек, болашаққа қойған мынадай-мынадай мақсаттарым бар десе, олардың тіл білуіне еш қарсылығым жоқ. Ағылшын тілі сайып келгенде айта кету керек әлемдік деңгейдегі тіл мәртебесіне ие. Біз әлемдік деңгейге шығып, өзге елдермен еркін де, терезесі тең ел болуымыз үшін жастарымыз тіл білуі керек. «Азиада», «ЭКСПО» сынды әлемдік деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Осындай ауқымды шараларда қазақтың қаракөз ұлдары мен қыздары шетелдік қонақтарды күтіп алып, шығарып салып жатса керемет емес пе? Қазақтың қаны бар жас өз елін, өз жерін өзге ұлтқа тек сөзбен емес, жүрекпен, үлкен мақтанышпен таныстырар еді. Ол Қазақстанның тек бүгінгі жетістігін ғана емес, тарихын, мәдениетін зерделеп түсіндіре алар еді. Міне, нағыз жетістік деп осыны айтуымыз керек.

– Сіз жетекшілік ететін «Ән-домбыра» үйірмесіне тоқтала кетсек. Қай жылы ашылды, балалардың ынта-ықыласы қалай?

– Шымкент қаласы, оқушылар сарайына жұмысқа 2008 жылы қабылдандым, негізі тек домбырада емес баянда да ойнаймын. Өзім негізі баян сыныбын аяқтағанмын. Баян үйретіп жүріп, күй домбыра үйірмесі бар да, ән домбыра үйірмесінің жоқ екенін ескеріп, осы олқылықтың орнын толтырғым келді. Бұл үйірмені мен 2009 жылдың қыркүйек айында басшылықтың қолдауымен аштым. Міне, содан бері қаншама жастар білім алып, қазақтың қасиетті домбырасын үйреніп шықты. Әлі де үйретіп келемін. Олардың қызығушылығын ояту мақсатында өнерде жүрген танымал жандарды шақырып кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Жыл сайын есеп беру концертімізді береміз, әр мерекеде балаларды сахнаға шығарып жатамыз. Бұл енді жандүнием қалап тұрған жұмыс болғасын жүрегімді беріп атқарып келемін. Балалардың ынта-ықыласы өте жоғары десем қателеспеймін. Жалпы балалармен жұмыс жасаған өзіме ұнайды.

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика