Дәурен ӘЛІШЕРҰЛЫ: «БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛАМ ДЕСЕҢ – МЕМҚЫЗМЕТШІ ӘДЕБІНЕ САЙ БОЛУ КЕРЕК»

tories/001daur.jpg» border=»0″ />
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру – елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды реформалардың бірі. Елбасының мемлекеттік саясат жүргізудегі басым бағыттарының ауқымды бір бөлігі кәсіби мемлекеттік қызмет қалыптастыруға арналған. Жүзеге асырылып жатқан реформа өзінің алғашқы жемістерін бере бастағанының көзіміз көре бастады. Оған мысал ретінде мемқызметшілердің жаңа келбетінің қалыптаса бастағанын айтуға болады. Олар жан-жақты білімді, талапшыл, жаңашыл, әділ, әдепті, шынайы, сонымен бірге жауапкершіліктері де жоғары. Сырт қарағанда мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтардың жұмыстары жеңіл көрінеді. Шын мәнінде солай ма? Адамдармен жұмыс істеу қаншалықты күрделі?
Маусым айының соңғы он күндігінде мемқызметшілердің кәсіби мерекесі өз дәрежесінде аталып өтті. Бір жылғы жұмыс қорытындыланды. Үздіктердің есімі аталды. Сондай үздіктердің бірі Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының бас маман-заңгері Шынтасов Дәурен Әлішерұлы. Білікті заңгер бұл жолы Шымкент қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Іскерлігі болмаса біліктілігімен ерекшелене алмаған қатардағы қызметші мұндай марапатқа ие бола бермейді. Демек, Дәуреннің атқарған ісі мен еткен еңбегінің нәтижелі болғаны. Өз ісіне жауапкершілікпен қарай алғанының арқасында назарға ілігіп бағаланғандығы. Дәурен Әлішерұлының қуанышына бізде ортақтасып, алғыс хатымен құттықтап, мемқызметші болудың қандай қиындығы мен артықшылығы бар осы төңіректе толғандырып жүрген сауалдарымызды қойып, азкем әңгіме өрбіттік.

– Кәсіби мерекелеріңізде Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталыпсыз, құтты болсын!

– Үлкен рахмет!

– Өзіңіз жайлы кеңірек білсек деген мақсатымыз бар. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп жатады ғой, қайда білім алдыңыз?Адамзаттың алғашқы ұстазы – ата-анасы, қандай ортада тәрбие алдыңыз?

– Өзім осы оңтүстік өңірінің тумасымын. Оңтүстік өңіріндегі Шардара қаласында дүниеге келдім. Арыс ауданы, Аққала елді мекенінде «Аққала» жалпы орта мектебінде білім алып, Шымкент қаласындағы Академиялық инновациялық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіргем. Бала кезден арманым Заң саласының қызметкері атану болды. Оқуға да осы арманның жетегінде келдім. Бұған бәлкім отбасымыздағы тәртіп пен тәрбие әсер еткен болар. Отбасының өзі шағын мемлекет деп айтады ғой. Сол секілді әр шаңырақтың өз заңдылықтары мен ұстанатын тәртіп, тәрбиесі болады. Біздің отбасының өзіндік тәртібі, өзіндік заңы бар, сол заңды бұзбай ержеттім. Жалпы алғанда қарапайым, білім мен оқуға, адалдыққа баулыған отбасында тәрбиелендім.

– Мамандығыңыз заңгер екен, құқық қорғау немесе қорғаушы сияқты қызметтердің тізгінін ұстасаңыз да болатын екен, бірақ мемлекеттік қызметші атануға бел буыпсыз, қанша уақыттан бері мемлекеттік қызметтесіз?

– Мемлекеттік қызметші болу оңай жұмыс емес. Мұны білдім және осы мектептен өтуді жөн деп санадым. Бұл салаға келгеніме аса көп бола қойған жоқ. Мансабымды 2014 жылдың басында «Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мәдени-ағарту жұмысы бөлімінің бас маман қызметінен бастап, қазіргі таңда осы мекемеде бас маман-заңгері қызметін атқарамын.

– Білімді заңгерлерге айлық жалақысы жоғары жеке компанияларда қызмет етуге болады. Ал, мемлекеттік қызметшінің жалақысы жоғары дегенмен келіспейтіндер бар, салыстырмалы тұрғыда. Тұрақтылық бар оған дау жоқ. Мемлекеттік мекемеде қызмет етуге деген қызығушылықтың тууына не себеп болды немесе әсер етті?

– Иә дұрыс айтасыз жеке компанияларда жалақы жоғары. Бірақ жалақыңыз бен өмір сүру шығыстары деңгейлес жүреді. Жалақыңыз қанша жоғары болса шығысыңыз да соған қарайлас. Қазақ мұндайды көрпеге қарай көсілу дейді. Қанағат деген сөзде бар. Менде басқалар сияқты бүгінде өмір сүру деңгейінің, сапасының сол қаражатқа кеп тірелетінін жасырмаймын. Дегенмен, одан да жоғарырақ ұғымдар бар. Ол елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік, адал қызмет. Елге қызмет етіп, ел есінде қалсаңыз соның өзі бір ғанибет емес пе?! Мен таңдауымды осылай түсіндіре аламын.

– Мақсатыңызды айқындап алғанға ұқсайсыз. Жалақыны басты мәселе етіп қоймай, тәжірибе жинақтау, мектептен өту сияқты маман ретінде қалыптасу жо-лындағы ұстанымдарыңызды құптауға болады екен. Осы салада жүріп не үйрендіңіз?

– Расында да, мемлекеттік қызметшіге артылатын жауапкершілік өте жоғары. Ең алдымен осыны сезіне білу керек. Сіз тек өзіңіз үшін ғана емес, қоғам үшін де, өз мемлекетіңіз үшін де, сондағы өзгерістер мен орын алып жатқан шешімдер үшін де жауаптысыз. Мемлекетті халықпен байланыстыратын тұлғасыз. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызмет саласында жүріп біраз тәжірибелер жинақтадым деп айта аламын. Бірақ, үйренгенімнен үйренетінім әлдеқайда көп. Үйренгенімнің ішінде ерекше айтып кететінім, бұл салада қызмет ету темірдей тәртіпке баулиды адамды. Кейбір шартты рефлекске айналған жағымсыз әдеттерден арылтады. Өзіңізді қоғамда қалай ұстау керектігін үйренесіз, адамдармен дұрыс сөйлесудің өзі бір өнер. Оған да машықтану керек, осыны үйренесіз.Мінез қалыптастырады деп айтуға болады. Мінездің қалыптасуына үлкен септігін тигізеді.

– Спортқа құмар екенсіз. Аталмыш алғыс хатты Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қызметшілерінің спорттағы жетістігіне қосқан үлесіңіз үшін алыпсыз. Қай спорт түрлерімен айналысасыз?

– Ағымдағы жылдың мамыр айында Қызылордада ОҚО делегациясының қатысуымен аймақтық жас мемлекеттік қызметшілердің 1-ші слеті өтті. Осы іс-шараның аясында түрлі спорттық іс-шаралар өткізілді. Волейболдан өткен жарыста бірінші орынды иелендік. Бұл тек менің емес, жалпы осы Оңтүстік өңіріндегі жас мемқызметшілердің жеңісі деп айтар едім. Спорттың жекелей және командалық түрлері бар ғой. Мен өзім осы командалық спорт түрлеріне жақынмын. Ол бауырмалдыққа, сонымен бірге ауызбіршілікке бастайды. Осы тұрғыдан алғанда командалық спорт түрлерімен айналысқанды ұнатамын.

– Сіздердің жұмыс кестелеріңізбен спортпен шұғылдануға уақыт табудың өзі оңай емес сияқты…

– Қандай мамандық иесі болсаңыз да, егер жұмысыңызды дұрыс жоспарлай алсаңыз спортпен шұғылдануға уақыт табуға болады. «Уақыт жоқ» деген жай сылтау ғана деп ойлаймын. Мақсат айқын, ниет түзу болу керек. Жұмысым спортпен айналысуға уақыт табуға кедергі келтірмейді. Жұмыс уақытынан тыс кездерде әріптестерім, жолдастарым жиналып волейбол, футбол ойнап тұрамыз. Бұл бір жағынан денсаулыққа да пайдалы.

– Қазақтың біртуар ұлы көрнекті қоғам қайраткері Ә. Бөкейханов «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген екен. Ол біздің газетіміздің маңдайшасында жазылып тұр. Бұл әр қазақтың, әр оқырманның есіне осы ұлы сөзді оқыған сайын салсақ деген ниеттен туған. Ой өмірді өзгертсе, ойды сөз өзгертеді. Сіз қазақ үшін не қызмет жасай алар едіңіз?

– Елбасымыздың биылғы жылы «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлт, тіл, ел тағдыры жайлы айтылған. Оны талдап түсіну әр мемқызметшінің ғана емес, өзін осы елдің азаматы санайтын әр адамның міндеті деп түсінсек жөн болар еді. Түсіне білсек сөз де өзгереді, ой да өзгереді. Күнделікті істейтін қамқарекетімізде өзгере бастайды. Менің де қазақ тілін, дінін, ұлтын қазақ елін яғни тәуелсіздігін сақтап қалуға қызмет еткім келеді. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Біз өз тілімізбен, дінімізбен, Тәуелсіздігімізбен қымбат елміз. Сол қымбатымызды сақтап қалу, ұрпаққа аманаттауға әрқайсымыз жауаптымыз. Ол үшін әр азамат, жауапты қызметтегі әрбір тұлға өзіне жүктелген міндетті адал атқару керек.

– Мемқызметшілердің өзіндік жүріп-тұру әдебінің орны ерекше. Оны ұстану қандай қиыншылықтар туғызады?

– Әдеп жайлы айтылғанда, қиыншылық туралы әңгімеге орын жоқ деп ойлаймын. Біз қызметке келгенде осы әдептің шеңберінен шықпаймыз, сол арқылы өзімізді тәрбиелейміз деп келеміз. Онсыз болмайды. Ол сіздің өзіңізге, қоғамға, қызметіңізге, мемле-кетіңізге деген құрметтің белгісі. Мемлекеттік қызметшілердің өзіндік жүріп-тұру этикасы қоғамдық ортада мемлекеттік қыз-метшінің оң имиджін қалыптастыруға үлкен үлесін қосады. Бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге деген оң көзқарастың қалыптаса бастауын осы этиканың сақталуымен түсіндірер едім.

– Заңгер болудың да өзіндік үлкен жауапкершіліктері бар. Сіз қатардағы қызметкер емессіз. Заңгер болғандықтан заңның бұлжытпай орындалуына жауаптысыз. Жұмыстағы жағдай белгілі. Жайшылықта жол қозғалысы кезінде болсын, өмірде болсын заңды бұзып алатын кездеріңіз бола ма?

– Әр адам атқаратын қызметі, мамандығы әртүрлі болғандықтан, қызығушылығының да әртүрлі болуы заңды. Заңгер болғандықтан менің қызығып оқитын салам заң. Жаңа заңдар шығып жатады, нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгеріс енгізіледі, мұның бәрін назардан тыс қалдырмау керек. Дұрыс айтып отырсыз заңгер болу жауапкершілікті екі еселейді. Сол себепті де қандай жағдайда болмасын заң шеңберінен шықпаймын.

– Осы салада қызмет ете жүріп қандай қиындықтар мен бетпе-бет келдіңіз? Және оларды қандай жолмен шеше алдыңыз?

– Әрине қиындықсыз қызмет болмайды. Қандай қиындық кезікпесін алды-артына қарап, онды-солын біліп, зерттеп, талдап, шыдамдылық танытып, байыппен шешуге тырысамын. Бұл салада ең бастысы тәртіп пен сабырлылық керек.

– Кімді өзіңізге үлгі тұтасыз? Жалпы мемлекеттік қызметшілер арасында «мына кісінің кәсіби тұрғыда мынадай жақсы қасиеті маған ұнайды» деп кімді айта аласыз?

– Әрине мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысының өзіндік жұмыс стилі, өзіндік жақсы қасиеттері бар.Бірақ менде өзгені үлгі тұтып, сол сияқты болсам деген арман жоқ. Өзімнің алға қойған мақсаттарым армандарым бар. Сол мақсаттарыма жету жолында аянбай еңбек етуге әзірмін.

– Арман, мақсатыңызды білуге бола ма?

– Оны жұмыс барысында көрсеткен дұрыс деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет. Онда сіз біздің назарымыздасыз.

Сұхбаттасқан

Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика