«Ауру қалса да әдет қалмайды». Бұған келіспеске шара жоқ. Ол біздің ойлауымыздан тыс жасалатын әрекет. Десек те, оның зияны болса, бұл топтағы адамдар науқастар қатарына қосылатынын айта кетейік. Мәселен, тісіңізге кері әсер ететін 6 әдет мынау…
Темекі шегу. Бұл әдеттен тек тіс қана зардап шекпейді. Тіс пен оның жиектерін барынша әлсіз етіп, кейінде тіпті де тістің шіріп түсіп қалуы да мүмкін екенін Ден-саулық сақтау министрлігі айтып-айтып шаршаған. Енді толығырақ… Темекі құрамындағы никотин тістің кіреукесіне (эмаль) жабысады да, кариестің шығуына әсер етеді.
Тіс шұқығыш пайдалану. Негізінен тісіңіздің арасын тазалау дұрыс деп есептеледі, бірақ қаншалықты дұрыс тазалай аламыз? Ағаштан жасалған үшкір тіс шұқығыш қызыл иегіңізді қанатып жіберуі мүмкін. Оның басына жиналған микробтарды қанаған жерге тигізген соң ет асқынып, ісініп кетеді. Бұдан гөрі жіппен тазалау барынша қауіпсіз болмақ.
Қатты тіс тазалағыш (щетка). Көптеген адам тіс тазалағышты сатып аларда оның барынша қатты болуын қалайды. Бірақ бұл қателік. Тіс жиектерін қанату тістің сарғайып, әлсіз бола түсуіне ықпал жасайды. Қатты тіс тазалағыш майыспайды. Сондықтан ауыз қуысының қиын кейбір бөлігіне тимейді.
Пісте (шемішке) шағу. Бәріміз де бұл әдеттің неге апарып соғатынын білеміз. Пісте тістің кіреукесін кетіреді. Бұдан кейін суық немесе ыстық сусын ішкенде дәрігердің алдына қалай топ ете қалғаныңызды білмей қаласыз.
«Қатты заттарды тіспен-ақ жұлып аламын!». Қайшыны іздеп табуға ерінетіндер көбінесе киім этикеткасын, тігін жібін тіспен үзе салады. Қалам мен қарандашты кеміру әдеті бәрімізде де болған шығар. Мұның кесірінен біз сол заттардың түрлі зиянкес микробтарын ауызға жинаймыз. Бұл әсіресе балаңызға әсер етеді. Олар да сіздің зиянды әдетіңізді тап солай қайталауы мүмкін.
Тіс қайрау. Бұл әдетті медицинада – бруксизм деп атайды. Жүйкесі қозғандар бар өшін тісінен алардай болады. Бұл әдет жақ сүйектеріне күш түсіріп, тістердің қисайып өсуіне алып келеді. Мұнан кейін бет пішінінің өзгеріп, жақ буындарының басқа қалыпқа келуі әбден мүмкін.
Leave a Reply