Әйелдер футболынан ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Алматының «СШВСМ Кайрат клубы» қайта қайратына мінді. 2011 жылы чемпиондық атақты уыстан шығарып алып күміске қанағат етпеген Наталья Дорошева шәкірттері биыл барын салды. Нәтижесінде ел біріншілігіндегі 24 ойында 1 рет жеңіліс тауып, екі кездесуде тең ойнаған Алматылық клуб Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.
Артылған сенім ақталды төгілген тердің есесі қайтарылды. Салтанатты марапаттау кешіне әдеттегі спорттық киімнің орнына өздеріне жарасқан кешкі сәнді көйлек киіп келген кеше ғана жасыл алаңда өздерінің мықтылығын дәлелдеген ойыншыларды бірден тану қиынға түсті, әрине. Бір сәтте өзгерген аруларды бір сұлулық байқауының қатысушылары деп қаласыз. 2012 жылғы чемпионаттың ең үздік бомбардирі деген атаққа лайықты футболшы деп «СШВСМ Кайрат клубының» команда капитаны Мария Ялова танылды. 31 жастағы Мария қарсылас команданың қақпасына соғылған 28 голдың авторы атанған. Мерген қыз жыл бойындағы ең қиын кездесуді былай деп еске алады:
Ең қиын кездесу Шымкенттің «БИІК Қазығұртымен» болды. Есіме алсам, күні бүгінге дейін денем түршігеді. Былтыр осы командаға есе жіберіп екінші орынды иеленген болатынбыз. Сондықтан қалай болғанда да ұтуымыз керек еді. Біздің команда тапсырманы орындады. Өте қуаныштымын.
Чемпион болғаннан чемпиондық атақты сақтап қалу қиын деген тәмсіл бар. Сондықтан «СШВСМ Қайраттың» бас бапкері Наталья Дорошева жаңа маусымда команданы күшейту мәселесі қаралатынын жеткізді.
Ойыншылар желтоқсан айына дейін еңбек демалысына жіберіледі. Содан кейін команданы жаңа футболшылармен толығу мәселесі жайында келісім сөздер жүргізетін боламыз,-дейді ол.
Ел біріншілігінде 62 ұпайға қол жеткізген Шымкенттің «БИІК Қазығұрты» күміс медальмен қанжығасын майлады. Сондай ақ бұл ұжым биыл Ел Кубогін иеленді. Қола медаль жылдағыдай көкшетаулық арулардың қоржынында кетті. Олардың еншісінде 38 ұпай. Төртінші орында Талдықорғанның Жетісуы. Қарағанды қаласының командасы» Шахтер Каргу» бесінші орында. Елордалық «Астана» — 64 турнир кестесінің 6- сатысына табан тіреді. Ал көш соңындағы Шымкенттің «БИІК СДЮШОР-7» командасы 3 ұпайға қол жеткізіп 7-ші орынға жайғасты. Осылайша сәуір айының ортасында бастау алған әйелдер футболынан ҚР чемпионаты өз мәресіне жетті.
Индира БЕКТЕНОВА, Алматы қаласы
Leave a Reply