Оның біріншісі – туризмді дамыту. Екінші – маркетингті ілгерілетуі. Үшінші бағыт – сыртқы байланыстар. Және ең соңғысы – креативті индустрия. Бұл қызмет аталған басқармаға жуырда ғана қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қосылды. Бүгінгі таңда Шымкент қалалық мәслихаты басқарма атауын өзгерту бойынша шешім шығарып қойды. Тіркеу жұмыстары аяқталған соң басқарма атауы өзгереді. Енді туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы болып аталады. Шымкентте туризмді дамыту мақсатында қаладағы инфрақұрылымдарға мониторингтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни сырттан турист келгенде қандай жерлерге барады? Осы мәселеге алдымен көңіл бөлінуде. Мегаполисте жүзге жуық туристік нысан бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі шоқтығы биігі ол – цитадель. Яғни ескі қала аумағындағы бұрынғы қалпына келтірілген қорған ғимараты. Тарихи құндылығына орай ол әлеуметтік желілерде басқа да жарнамалық құралдар арқылы насихатталып отырады. Содан соң қаланың мақтанышы саналатын дендрологиялық саябақ бар. Ол жерде тал-теректің, ағаштардың 500-ден аса түрі өседі. Саяхатшылар Бәйдібек би ескерткіші мен соның айналасындағы демалыс орнына да көп келеді. Осыған орай Шымкент қаласында туризм сұранысқа қарай бірнеше бағытқа бөлінген. Мәселен, кейбіреулер киелі орындарға барғанды қалайды. Осы ретте басқарма Өзбекстан Республикасымен туристік байланыстарды жандандырып жатыр. Малайзия, Тайланд елінен Өзбекстанның тарихи жерлерін аралауға жыл сайын миллиондаған турист келеді екен. Өз кезегінде жергілікті әкімдік сол саяхатшыларды бізге қарай бұру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Сол үшін де киелі орындарға саяхат Оңтүстіктен бастау алады деген ұғымды қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, Қожа-Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі Түркістан қаласында орналасса, оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың қабірі – Шымкент қаласына кіретін Сайрам тұрғын алабында. Яғни зиярат етушілердің көбі алдымен Сайрамға келеді, сосын бабамыздың ұстазы Арыстан бабқа барады, содан соң Түркістанға жол тартады. Әкімдік өз тарапынан өзбек ағайындарға осы сакралды туризмді бірге дамыту бойынша ұсыныс беріп отыр. Мұндағы мақсат – егер туристер тарапынан қызығушылық болып жатса, Шымкент қаласында балама ретінде саяхаттау нысаны ретінде ұсыну. Осыған байланысты басқарма зиярат етушілерге барлық жағдайды жасауға дайын. Мәселен, тегін гид беріледі. Осы арқылы шетелден келетін туристер ағымын көбейтуді жоспарлап жатыр. Одан бөлек те туристердің саяхаттау нысанына байланысты әртүрлі сұраныстары болады. Оған, айталық, экстремалды туризмді жатқыза аламыз. Осы ретте қала іргесінде Бүркіт спорт ұйымы қызмет көрсетеді. Ол жерде мәселен, парашютпен секіруге болады. Сонымен бірге картинг бар. Сондай-ақ қала ішін аралау, балалар туризмі секілді бағыттар қосылған.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply