ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Республика күнін Шымкент қаласының Еңбекші ауданыс тұрғындары да белсене атап өтті.  Мерекелік іс-шара 12 шағынауданда жаңадан ашылған ерекше үлгідегі гүлзарда ұйымдастырылды.
Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтап, еліміздің қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі екенін атап өтті. Іс-шарада шаhардың әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосқан аудан тұрғындары «Ерен еңбегі үшін» медалімен, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Егемендік тойында облыстық филармония әншілері жиналған көпшілікке мерекелік концертін ұсынды.
Айта кетсек, таяуда халық игілігіне берілген демалыс орны көпқабатты бірнеше үйдің ауласын ортақ композицияға біріктірген. Мұнда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған.

25 қазан – еліміз үшін Қазақстан тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Шындығында, бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді.

Қазақ КСР егемендігін жариялап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздерін жариялады. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және татулығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Бұл тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады.

Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. ҚазКСР өзінің ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.

Ал 2001 жылы аталған мереке мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Алайда кейінірек 2009 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінің жарлығымен ол мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған еді.

Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің қандай айырмашылығы бар

Заңнамаға сәйкес ұлттық мерекелер – еліміздің мемлекеттілігінің дамуына елеулі әсер еткен ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларды атап өту үшін белгіленген. Ұлттық мереке кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар ұйымдастырылады. Осылайша, заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін Республика күні еліміздің жалғыз ұлттық мереке санатына еніп отыр.

Тарихшы Жақсылық Сәбитовтың пікірінше, Республика күні мерекесін қайтару – тарихи әділ шешім.

«25 қазан күні бұрын тойланып, кейін көлеңкеде қалып кетті. Енді оны қайтадан тойлайтынымыз қуантады. Расында, 25 қазан – еліміздің экономикалық егемендік алған, экономикалық тәуелсіздік алған күні. Қазақстан экономикада өзінің ұлттық мүдделерін шын мәнінде жүзеге асыра бастады. Сондықтан бұл дата маңызды, әрине. Қазақстан өз егемендігін жариялап, тәуелсіздік жолын бастады. Ал Декларация (1990 ж. 25 қазан) Қазақстанның экономикалық саладағы ұлттық мүдделерін белгілеген тәуелсіздік алу жолындағы алғашқы қадам әрі маңызды кезең болды», — деп атап өтті тарихшы.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика