Шымкентте халықаралық, республикалық маңызы бар тас жолдар көп. Бір сәт көліктен босамайтын «Шымкент-Ташкент» тас жолының бойында темір-тұлпарлар сапырылысып жатады. Қапталындағы аяқ жолдарда жаяу жүргіншілер де көп. Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездескен «Арғымақ» шағын ауданының тұрғындары ауылға кіре берістегі туындаған мәселелерді ортаға салды. Шешілуін сұрады.
Өтініш жерде қалған жоқ. Кездесуде Мұрат Дүйсенбекұлы Абай ауданының әкімі мен тиісті сала басшысына Шымкент-Ташкент бағытынан «Арғымақ» шағын ауданына кіріп-шығу, жол белгілерін орнату және жолақтарын қайта сызу мәселелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс енгізсін деп тапсырма берді.
Тапсырма орындалды. Бүгінде Шымкент-Ташкент бағытынан «Арғымақ» шағын ауданына кіру-шығу жол белгілерін және жол сызықтары «Южный Конкурент» ЖШС тарапынан жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде жолдағы қауіп сейілді.
Расында қала әкімінің қала тұрғындарымен кездесуінде көтерілген мәселелер кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді. Мысалы, Еңбекші ауданының тұрғындары бірнеше -елді мекендегі көшелерді жарықтандыруды сұраған болатын.
Қала әкімінің тапсырмасымен тиісті басқармалар мен аудан әкімдігі тарапынан жұмыстар атқарылып, тұрғындардың талап-тілегі орындалды. Атап айтқанда, Мұнайбарлаушылар көшесін жарықтандыру 2022 жылдың жұмыс жоспарына енгізіліп, жалпы ұзындығы 2000 метр көше және балалар ойын алаңшасы жарықтандырылды.
Бұған қоса Маятас тұрғын алабындағы Көзді ата көшесінде 300 метр жолдың бойына, ал Жарлыкөл көшесінде 2 шақырымға жуық жолдың бойына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса Жыланбұзған тұрғын алабындағы Қарақыстақ көшесін жарықтандыру жұмыс жоспарына енгізіліп, құрылыс жұмыстары өтпелі кезеңмен 2023 жылдың наурыз айына дейін атқарылады деп жоспарлануда.
Leave a Reply