ЕЛ БОЛАШАҒЫН ТӘРБИЕЛЕП ЖҮРГЕН ОЗАТ ТӘЛІМГЕР

  • Еңбек адамы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Шымкенттік мұғалім Хатира Мырзабаева өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде 30 жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатқан жан. Бүгінде «Нұртас» зияткерлік мектебінде бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген  Хатира Ноғайбекқызы бала оқытудағы ұзақ жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, оқушыға білімнен бұрын тәрбие маңызды екенін айтады.

– Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген қанатты сөзі бар. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, тірегін қалыптастыру дегені. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен саналы тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Әрине, біз қашанда бастауыш сынып бүлдіршіндеріне білім беруді парыз деп санасақ та, тәрбие ісін жан-жақты жетілдіріп отыру негізгі міндетіміз. Өйткені, білім мен тәрбиенің үйлесімі ғана егемен еліміздің дамуына үлес қосатын жас өрендерді өсіреді, — дейді Х.Мырзабаева.

Еңбегі инемен құдық қазғандай бастауыш сынып мұғалімінің еңбек жолы өзге әріптестеріне үлгі. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатып жүрген педагогтарға жетекшілік ете жүріп,  шәкірттерді білім әлеміне жетектеген оның еңбегі  лайықты бағасын алып жүр. Күні кеше Еңбек күні қарсаңында  Хатира Ноғайбекқызы озаттар қатарынан көрініп, Шымкент қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Әр адам несібесін еңбектен табатыны өмірдің шындығы. Сол себептен де бар ғұмырын, ұрпақ тәрбиесінің ыстығы мен суығына арнап,  баланың қызығы мен шыжығына төзетін  еңбек адамы қашанда ел мақтанышына айнала бермек.

Қызмет-Ақпарат

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика