АНАМ ЖАЙЛЫ АЙТАМЫН Шаршағанда, дамыл табар жәннатым!!!

Әсем қала Алматыдағы бірден-бір оқу ордасы – ҚазГУ-де білім алу бақыты бұйырған Әкемді ұнатқандар, өмір жолында бірге қол ұстасып өтуге ұмтылған арулар аз болмаған ұқсайды… Алайда тұрмыс тауқыметі басқа арнаға бұрып, сыртқы бөлімге ауысқан соң дертті анасының жайын ойлап, жағдайын түсінер парасатты қыз іздегені туралы, оны қайдан кездестіріп, қалай шаңырақ құрғаны жайлы бірер көркем шығармасында, ағынан жарылған «Ақтолғайында» егжей-тегжейлі жазылған. Бір білетінім – ағайындардың айтағына еріп, қызын арқа сүйері жоқ жетімге бергісі келмеген нағашы атамыз «қызын қашырып жіберді» деп ұйғарған да, қосағын шәугіммен жіберіп ұрған. Маңдайынан қаны сорғалап тұрып, «осыдан қара да тұр, күйеу балам мені шағаладай «Волганың» алдына отырғызғанда, сені айтақтағандардың күйеу баласы шошқа бағып кетеді», деген екен қайсар апатайым… Аузы дуалы нағашы апамның айтқаны келіп, қос ардақтым жақсылықтың көкесін Әкемнен көргені бүгін әулетімізде аңызға айналған ақиқат…

Сырты суық көрінгенмен, Әкеміз мейірімнің өзі болатын. Маған деген ықыласы ерекшетұғын. «Анамның орнына келген асылым, майқұйрығым» деп басымнан құс ұшырмайтын. «Мен жасаған қателіктерге бой ұрма» деп, бесінші сыныптан бастап ересек санап, өмірінен шағын үзіктерді баяндап, ұзақ сыр шертетін. Мен де бар құпиямды Әкеммен бөлісетінмін. Ал анам жалғыз түйір қызына қаталдау болды.

«Әлі есімде, төртінші сыныпта қолыма үш сом беріп, қызылша, асқабақ әкелуге жұмсады. Дұрысын таңдап, көрші сатушы апай берген қайтарым ақшаны санамай, мәз болып үйге құстай ұштым. Әжетке жарағаныма қуанып тұрдым. Көкөністің дұрыс шыққанына риза болған Анам қалған ақшаны көріп, түрі бұзылды. «Жақсы оқығаныңнан не пайда, біліміңді керек кезінде дұрыс қолдана алмасаң»,  деп жер-жебіріме жете ұрсып,  – «болды, КазГУ-ге бармайсың, саған СПТУ да жетеді» дегені… Ұрысқанына емес, соңғы үкіміне жүрегім қарс айырылып, сол күні ас та ішпей, бүк түсіп жатып қалдым. Түнімен жылап, ұйықтамадым. Таңғы сағат төрттерде жаныма Әкем келді. Оны құшақтап, ебіл-дебіл жыладым. «Әке, мен СПТУ-ға бармаймын, КазГУ-ге түсем…» деп көз жасымды тоқтата алмадым. Ол кісінің Анамды да жақтап, мені де қолдап жұбатқаны жадымнан кетер емес…

Тағы бірде үй жинап жатып Анам жақсы көретін шәйнектің шүмегін сындырып қойдым. Басқа-басқа, ол кісінің ұзын-сонар кезекте тұрып, қолы әзер жеткен ыдыстарына деген «махаббаты» шексіз болатын. Бір дауылдың тұратынын сезген басым Әкеме жүгірдім. Абайсызда орын алған оқиға туралы айтып, театрға бара жатқан екеуінің көңіл күйі бұзылмауы үшін кейінірек жұмсартып айтуын өтіндім. Олар келгенше, уақыттың табандап жылжымай қойғанын жеткізе алмаймын… Екеуінің сондағы жарасымды күйі суық қара күзді көгілдір көктемге айналдырғаны да есімде… Күні кешеге дейін Әкешім «қаталдау» Анамнан қорғаған адвокатым болып мінсіз қызмет атқарды…

Әкемнің жеке дара бәсекесіз сүйікті қызы болғандықтан, ақылсыздығымнан, өзімшілігімнен анамнан «жырақтау» өстім. «Алла жалғыз қыз беріпті, оны да әкесіне жақын етіпті» деген күрсінісін кезінде түсінбедім, түсінуге ұмтылмадым да…

Әйтсе де, тұрмысқа шығып, балалы болған соң Анама сәл-пәл жақындай бастадым. Үйдегі алғашқы ұрыстан соң, төркініме шағынып барғанымда: «Келсең, жөнімен кел. Қит етсе, жүгіре берме. Қайта татуласасың, біздің көңілде ерімейтін ызғар қалады. Үй болмаймын, шыдай алмаймын десең, осы бастан шешіп ал. Зорлап қосқан жоқпыз. Өзің таңдадың. Бұдан былай мұндай сөздеріңді екінші естімейтін болайын», деп кесіп айтты. Ыдыс-аяқ сылдырлаған кезде Анамның суық жүзі, қатал үкімі көз алдыма келе қалатын…

Ойлап отырсам, Анамның бүкіл өмірі Әкеме қызмет етуден тұрыпты. Осыдан біраз бұрын А.Некрасовтың «Материнская любовь» деген кітабын оқып отырып, «отбасың бүтін, бақытты болу үшін бірінші орынға балаларыңды емес, отағасыңды қою керек» дегенге саятын пікірге кезіктім. Кей тұста Анамның бір мінездерін шектен тыс «қатыгездік», шектен тыс «бәйекшілдік» деп санағаным шектен тыс «өзімшілдік»  екенін кеш те болса түсіне бастағандаймын. Әйтсе де, Анаммен бірден үндесіп, үйлесіп, жарасып, ашылып сөйлесе алмайтыным өзіме аян…

Мен әке-шеше махаббатын, қолдауын  шегіне жете сезінген екенмін, ал өзім олар үшін қажет деңгейде сезімімді, қамқорлығымды  таныта алмағанымды ұғындым…

Өткен жаз Алла сездірді ме, оларға әдеттен тыс көбірек көңіл бөлдім. КазГУ-ліктердің 50 жылдық кездесуіне екеуін дайындап, арттарынан тосынсый жасап «қуып» барып, үнемі жандарында болып, бақытты, шуақты, сәулелі  сәттерінің куәсі болдым…  Сондағы Анамның «Жұрттың қыздары секілді ақтарылып әңгіме де айтпайсың… Әй, бірақ соған үйретпеген, суықтық танытып, жаныма жақындатпаған өзім кінәлімін» дегенде, өзімді қоярға жер таппадым, жүрегім жылап, сезімімді сөзбен жеткізе алмай, құшақтай бердім…

Мама, жұрттың қызы ұқсап далада серуендемей, күндіз-түні кітап кемірген қызыңыздың тым қияли атанбай, тұрмысқа икемделуі үшін қатал болуға мәжбүр болғаныңыз үшін, өзіңізді ұмытып, бірінші орынға Әкемізді қойғаныңыз үшін, кейінгі үш бауырым үшін жауапкершілік жүгін маған артқаныңыз үшін, тағы да сансыз жақсылығыңыз үшін қарыздармын Сізге! Әкеме тартқан жұмсақтығымды, шектен тыс сыпайылығымды кей-кейде ұмытып, қайсарлық, батылдық танытсам, ол Сізден алған жақсы өнегем!

Әйтсе де тігіншілігіңізді, көркем кестешілдігіңізді, шыбық шаншысаңыз да өнім беретін диқаншылығыңызды, ажырықты шөл даланы гүлге айналдырған шаруақорлығыңызды, аз нәрседен бал татыған ас әзірлейтін аспаздығыңызды, басқа да толып жатқан асыл қасиеттеріңізді сіңіре алмағаныма кешірім сұраймын. Сізге жақын боп, қасыңызда ұзақтау айналшықтап жүрсем, бәлкім, тым болмаса бірін үйренер ме едім деп те өкінем…

Бәрінен де туған-туыс, абысын-ажынмен, көрші-қолаңмен араласу әдебіңіз ерекше. Әкемнің пойыздан түсіп, тәуліктің кез келген сәтінде үйге ескертумен-ескертусіз әкелген меймандарын қабақ шытпай күткен қонақжайлығыңызға тәнтімін. Туысқандық қатынасты түзеп жүретін Сіз едіңіз, ешкімнің қуаныш-қайғысынан қалмай, өзіңіз баратынсыз. Келген соң Әкеммен әдемі шай үстінде әңгіменің майын тамызып айтатыныңыз, оған папамның рақаттана күліп, кей детальдарды қайталататыны, бәрі-бәрі есімде. Сол штрихтардың біразын Әкем өміршең шығармаларында пайдаланды да…  Содан соң Әкеме шабыт беретін, шығармашылығына серпін беретін әйел атаулыдан қызғанбайтыныңызға таң қалатынмын… Бірде думанды той үстінде өзі жас, өзі сұлу, өзі сымбатты арумен бидің көрігін қыздырған Әкемді сыртынан нұсқап жақтырмаған танысыма:  «Әкемді мен түгіл, шешем қызғанбайды. Керісінше, тойдағы ең әдемі, мүсінді, керемет билейтін қызды көздеп, қолынан жетектеп әкеп, «ағайыңмен билеші» деп тұрады» деп жауап бергенімде, аузын сылп еткізген.

Дәл қазір мына сөзіңіз есіме түсіп отыр: «Мен жүрегімде екі түйіншек сақтаймын. Біреуі ақ түсті. Оның ішін адамдардың жақсы, айтуға тұрарлық асыл қасиеттерімен толтырамын. Оны жүрегімежақын ұстап, жұртты бір-бірімен татуластыруүшін, жақындастыру үшін пайдаланам. Екінші көктүсті түйіншекке жұрттың менімен бөліскен құпиясырларын сақтап қоямын. Оны жүректің ең алыстүкпіріне орналастырып, қозғамауға тырысамын», дегенсіз бір жолы. Ең жек көретініңізөтірік, өсекәңгіме, көпсөзділік, арсыздық, сөз қуу, дау қууболатын. Бұл жөнінен Сізге тартыппын, Мама!

Ересек немерелеріңіз «Біздің Апамыз жыл өткенсайын тым мейірімді боп барады. Баяғыда бізгетыйым салған нәрселерін кейінгілерге рұқсатетуде» дегенді жиі айтады.

Сіз туралы жазарым көп, әлі де айтармын. Шаршағанда, дамыл табар жәннатым, күйінгенде, жұбататын шынарым, күш жоғалтсам, нәр беретінқұнарым, Анашым жүз жасаңыз! #Анамжайлыайтамын.

АҚЛИМА БАЙҒҰТ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика