Бүгін осы жобаның кәзіргі таңдағы жай-күйімен бөліспекшімін.
1.Қала бюджетінен мемлекеттік тапсырыс бойынша жыл басынан бері балабақшаларға ~72 мың орынға қаржы қарастырылған. Бұл орындар ваучерлік жүйе енгізілгенге дейін толық қамтылды және бала саны түгел болды. Соған қарамастан ваучерлік жүйе енгізілгелі 3000-нан астам бала ваучерге ие болып, балабақшаға орналастырылды.
2. Ваучер жүйесі енгізілгенге дейін кезекте 10510 бала тұрса, соның 10305-і кезектен алынды. Яғни, ваучермен қамтамасыз етілді, немесе кезектен өз еркімен бас тарты, кейбіріне бұдан ары кезекте болудың өзектілігі болмады, тіпті, біздің қаламыздағы балабақшаларға тіркеліп, ақша төленіп келген 900-ға жуық бала басқа өңірлерде тұратыны, өзі тұратын жердегі балабақшаға барып жүргені анықталып, кезектен шығарылды.
3. Кәзіргі таңда ваучерлік жүйенің тиімді және ашық екенін ұғынған ата-аналар балаларын көптеп кезекке қоюда. Бүгінгі күнге мұндай балалардың саны 9549 болып отыр. Бұл дегеніміз жыл басынан бергі балабақша кезегі 1,5 айдың ішінде 90%-ға жаңарды деген сөз. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
4. Оған қоса балабақшадан шығарылып жатқан балалардың есебінен күнделікті 200-300 ваучер беріліп жатыр. Балаларды есептен шығаруды балабақшалар, соның ішінде негізінен жекеменшік балабақшалар өздері жүзеге асыруда. Бұл балалардың не себепті есептен шығарылып жатқандығына алдағы уақытта талдау жүргізіп, “өлі жандар” санатына қатысы бар-жоғын анықтамақшымыз.
5. Балабақшаға кезекті азайту үшін келесі жылға бюджет көлемін ұлғайтпақшымыз. Мұның да өз жемісін беретіндігі, болашақта кезекті азайтуға септігін тигізетіндігі сөзсіз.
6. Біз осыған дейінгі қабылданған жекеменшік балабақшалардың көптеп ашылуына және қаржыландырылуына жағдай жасау, олардың арасында салауатты бәсекелестікті дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы мектепке дейінгі білім беруді дамыту стратегиясын ұстанамыз және осы бағытта жұмысты жалғастыратын боламыз.
7. Жаңадан енгізіліп жатқандықтан ваучерлік жүйеге қатысты сұрақтардың туындауы заңдылық екендігін ескере, алдыңғы аптадан бастап “КАНО” үздіксіз білім беру қауымдастығымен бірлесіп балабақша қызметкерлері үшін арнайы оқу курсын ұйымдастыратын боламыз.
8.Жұмыс графигімнің тығыздығына байланысты әлеуметтік желідегі балабақшалардың құрылтайшылары, басшылары мен ата-аналардың тарапынан болатын комментарийлер мен сауалдарға дер кезінде жауап бере алмайтыным үшін алдын-ала кешірім өтінемін. Бұл сіздердің сауалдарыңыз жауапсыз қалады деген сөз емес. Туындаған сауалдарға жауап беру үшін келесі аптаның бейсенбі-жұма күндері балабақшалардың құрылтайшылары мен қызметкерлері үшін арнайы жиын өткізбекшіміз.
9.Жоғарыда “Индиго” жүйесінен алынған ашық деректерді беріп отырмын. (Жоқ болып кеткендер” деп осы уақыт ішінде балабақшадан шығарылған және қайтадан балабақшаға оралмаған балалар деп түсіну керек.)
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары
Leave a Reply