ТАЛАЙЛЫ ТАҒДЫР

өңірлік комиссияның жұмыс тобы тың тарихи деректерді анықтады

Кеңестік билік жоспарлы түрде жүргізген тәркілеу мен соның салдарынан туындаған жаппай ашаршылық жылдарында орталығы Шымкент қаласы болған Сырдария губерниясында халық саны 62,6 пайызға азайып кеткен. Архив құжаттары 1930-1933 жылдар аралығында Қазақстанның оңтүстік өлкесінен 120 387 қожалық немесе 698 186 адам бас сауғалап ауа көшуге мәжбүр болғанын көрсетіп отыр. Осылайша, 1930 жылмен салыстырғанда 1933 жылы Сырдария губерниясындағы шаруа қожалықтарының саны – 64 пайызға, ал, халық саны – 62,6 пайызға азайып кеткен.  Міне, бұл кеңестік-тоталитарлық жүйе жүргізген саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың Қазақстанның оңтүстік өңіріне, соның ішінде Шымкент қаласына қалай әсер еткенін, оның салдары қаншалықты ауыр болғанын айғақтайтын тарихи дерек.  2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаев «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осыған орай мемлекеттік комиссиямен бірге өңірлік комиссиялар да құрылған еді. Жоғарыда біз келтірген тың тарихи деректі Шымкент өңірлік комиссиясы жұмыс тобының зерттеуші-ғалымдары анықтап отыр. Яғни, Президент бастамасы тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі нақты қадамға айналды деп сеніммен айта аламыз.  Қолдан жасалған зұлматқа қарсы күрес әсіресе көрші қос мемлекеттің Созақ, Бостандық аудандарында жүргендігін растайды. Зерттеушілер Өзбекстан Республикасының Бостандық ауданына іс-сапар барысында кеңейтілген зерттеулер жүргізіп, кеңестік билікке қарсы көтеріліске қатысып, сотталған 32 адамның осы күнге дейін ақталмағанын анықтады. Ақталмаған құрбандардың тізімі Мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесіне ұсынылған есепке қосылды. Алдағы уақытта арнайы жаңа заң шыққан кезде бұл адамдар ресми түрде саяси және құқықтық тұрғыдан ақталады.  Жұмыс тобының зерттеушілері Шымкент қаласы мен Сырдария губерниясы тәркілеуге ұшырап, мал-мүлкінен айырылып, өздері жер аударылған 90-нан аса ауқатты әулеттерді анықтады. Зұлматтың құрбаны болған бұл адамдардың аты-жөндері архив құжаттары негізінде анықталып, жарыққа шығарылды. Осыған дейін олардың тек жартысына жуығы ғана ақталғандығы белгілі болып отыр. Ал, тәркіге түскен отбасылардың мүшелерінің айдауға түскендерінің бірқатары «Арал теңізі» лагеріне (мүмкін ол концентрациялақ лагерь болуы да мүмкін) қамалғаны белгілі болды. Сондай-ақ, 1931 жылғы сайлауда Шымкент қаласы бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшырап, дауыс беру құқығынан айырылған 800-ден аса адамның аты-жөні табылды. Дауыс беру құқығынан айыру – саяси қуғын-сүргіннің аса бір сорақы, адамның адамгершілік тұлғасына ауыр соққы жасайтын түрі. Ең негізгі құқықтың бірінен айырылған осы бір жандардың талайлы тағдыры туралы зерттеу жұмыстары әлі де әрі қарай жалғасып жатыр. Шымкент қаласында ГУЛАГ тізіміндегі лагерлер болмаған, бірақ тұтқындалған «Халық жауларын» алғаш тергейтін және жаза өтеуге дейін бостандықтарын шектейтін орындар, атап айтқанда, «Домзак» (Дом заключенных) және «Ардом» (Арестантский дом) деп аталған тұтқындар үйі болған. Бұл деректерде алғаш рет анықталып, архив құжаттарымен дәлелденді. Өткен 2 жылдан астам уақыттың ішінде Шымкент қаласындағы 2 жоғары оқу орнының 20-ға жуық студенті мен магистранттары, докторанттары өздерінің ғылыми ізденістерінің тақырыбын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» проблемасымен орайластырып алып, зерттеу жасап жатыр. Шымкент қаласының құрамына енгізілген елді мекендерге жасалған экспедициялық ізденіске 30 зерттеушімен бірге 30 студент-волонтер қатысқандығы, ал, жүздеген еріктілердің қатысуға тілек білдіргендігі жас ұрпақтың ұлт тарихына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Бұл – шын мәнінде көңілге жылулық пен қуаныш орнататын жағдай. Осыған орай саяси куғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын зерттеу және ақтау жөніндегі ауқымды жұмыс жалғаса береді деп сенеміз. Шымкент жұмыс тобы зерттеушілері іргелі нәтижелерге қол жеткізіп, өңіріміз бойынша ақталуға жататын азаматтардың аты-жөні мен оларға қатысты архивтік істерді неғұрлым толығырақ жаңғыртуға ниетті. Жұмысымыздың нәтижелері алдағы уақытта Қазақстанда қабылданатын  тарихи әділеттілік орнатуға бағытталған арнайы заң қабылдау кезінде пайдалы болады деп үміттенеміз.

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР ҰҒА академигі,

саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі

Шымкент өңірлік комиссиясының мүшесі

Қызмет ақпарат

2000 символ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика