«Саналы ұрпақ» еріктілер клубы оқушыларға адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді

Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы білім беретін мектеп Шымкент қаласындағы Тұран ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын үй алабында орналасқан. Сонау 1964 жылы негізін қалаған ескі мектеп 2013 жылы жаңа ғимаратқа көшірілді. Қазіргі таңда мұнда 148 мұғалім және 1573 оқушы екі  ауысымда білім алып жатыр. Оның ішінде 11 бала үйден оқытылады. Сонымен қатар, аталған оқу ордасында 30 зерттеуші, 33 сарапшы, 42 модератор, 42 педагог бар.

Мектепте функционалдық сауаттылық жағдайында оқушылар мен педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған мемлекеттік шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Сонымен бірге, «Біртұтас тәрбие» аясында да тынымсыз атқарылып жатқан жұмыстар легі өте көп. Әсіресе, жобаның басым бөлігі сынып жетекшілерге қатысты десек те болады. Жетекшілердің өткізіп жатқан сынып сағатынан бастап, сабақтан тыс шаралар, ата-аналарды педагогикалық қолдау шаралары жоспарға сай жүріп жатыр.

Оқуға құштар балалар саны артып келеді

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жоспарына сәйкес жуық арада атқарылған жұмыстардың бірі – «SMART BALA» жобасы.  Бұл – Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және білім беру жобасы, оның мақсаты – балаларды цифрлық дағдыларға, ақпараттық технологиялар мен инновациялар саласындағы білімдерге үйрету. Жоба балалардың креативті ойлауын дамытуға, олардың цифрлық технологияларды дұрыс қолдануына және заманауи құралдармен жұмыс істеуге бағытталған. Жоба аясында Р.Орманова, С.Мейірбекова, Ұ.Нұралиева секілді білікті педагогтардың ұйымдастыруымен Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушыларына «Білімді жастар» атты өте қызықты әрі креативті сайыс өткізілді. Онда балалар екі топқа бөлініп, таныстыру, «Дода», «Сөз мәйегі – мақал», «Сен білесің бе?» атты кезеңдер бойынша өзара жарысқа түсті. Нәтижесінде екі топ та жақсы нәтиже көрсетіп, мұғалімдер тарапынан Мақтау қағазына ие болды.

Сонымен қатар, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Өнегелі 15 минут жобасы» аясында да түрлі челлендждер мен кітап оқу, асық ату сайыстарының  орындалып жатқанын а        йта кету керек. Мектеп кітапханашылары жоспар негізінде 9-11 сынып арасында қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор үлесін қосқан Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 130 жыл толына орай «Өмірінің өшпес жарығы» тақырыбында кітап көрмесін қойып, онда Б.Майлиннің  өмірбаяны, оның отбасы, жазушының қайғылы тағдыры туралы әдебиеттер ұсынылды. Бейімбет Майлин – қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, шындық пен халық өмірінің шынайы суреттерін бейнелеген көркемсөз шебері. Оның шығармашылығы халқымыздың тарихын, тұрмысын, дәстүрін терең түсінуге бағытталады. Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығы ұлттық әдебиетіміздің маңызды кезеңімен тікелей байланысты, оның артында қалған мұра бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына болып табылады. Бейімбет Майлин сонау 1894 жылы Торғай уезінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіп, балалық шағы ауыр жағдайда өтті. Бірақ оның әдебиетке деген қызығушылығы ерте жастан байқалды. Ол ауыл мектебінде сауат ашып, кейіннен Қостанайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алды. Оның шығармашылық қабілетінің қалыптасуына ықпал еткен де осы кезеңдер болатын.

Бейімбет өзінің өмірін тек әдебиетке арнап, жазушылық қызметінде қарапайым адамдардың өмірін, олардың қиыншылықтарын, қуанышы мен қайғысын терең әрі шынайы суреттей білді. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, заман ағымын көрсететін образдар. Жазушының шығармашылығы ұлттық болмысымызды терең түсінуге көмектеседі. Прозада, поэзияда, драматургияда үлкен мұра қалдырды. Оның әңгімелері мен очерктерінде ауыл өмірінің шынайы суреттері бейнеленсе, өлеңдерінде халықтың мұңы мен үміті шебер өрілген. «Шұғаның белгісі» повесі – қазақ әдебиетінің інжу-маржаны, ал «Раушан – коммунист» шығармасы қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерді айқын көрсетеді.

Бейімбет Майлиннің шығармашылығы бүгінгі күні де өзекті. Оның туындылары адамгершілікке, еңбекқорлыққа, шынайылыққа үндейді. Өмірдің барлық қиыншылықтарына қарамастан, Бейімбеттің әдеби мұрасы өшпес жарық ретінде қазақ әдебиетінің аспанында мәңгілік жарқырап тұр. Бұл жарық – оның халыққа деген махаббаты мен адалдығының көрінісі. Қазақ әдебиетінде Бейімбет Майлиннің орны ерекше, ал оның қалдырған шығармалары әр ұрпаққа өмір жолында рухани азық болып қала береді. Бүгінде сол рухани азықты Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы білім беретін мектептің кітапханашылары балаларға кітап көрмесі арқылы жеткізіп отыр.

Сонымен қатар, аталған оқу ордасында «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру мақсатында Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Өмірін өлеңімен өрнектеген Фариза ақын» атты библиографиялық шолу жасалды. Онда қазақ халқының біртуар қызы, ақын Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, өлеңдерін насихаттау бағытында оқушыларды кітап оқуға тарту және поэзияға деген қызығушылығын арттыру бойынша жұмыстар атқарылып, ақын жайында көптеген ақпараттар айтылды.

Фариза – сүйіспеншілік пен махаббатты 28 жыл үздіксіз жырлаған ақын. Ол – қазақ әдебиетінің жарқын өкілдерінің бірі, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, аудармашы және қоғам қайраткері. Оның шығармашылығы терең лиризммен, рухани ізденістермен және әлеуметтік тақырыптарға ерекше назар аударумен ерекшеленеді.  Фариза махаббат, табиғат, адам сезімдерінің нәзік иірімдерін поэзия тілінде шебер жеткізген. Оның өлеңдерінде шынайылық пен терең эмоциялар көрініс табады. Сонымен бірге, әйелдердің қоғамдағы орны, олардың құқықтары мен мәселелері туралы да ашық жырлаған. Ол әйел тағдырына, ана махаббатына, жалпы адамгершілік құндылықтарға ерекше мән берді. Фариза Оңғарсынованың өлеңдері ұлттық рухты оятып, қазақ әдебиетінде ерекше із қалдырды. Оның өз заманының шындығын шебер суреттеп, болашақ ұрпаққа терең ой қалдырған тұлға екенін айтпай кетуге болмайды.

Одан бөлек осы «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханасында апталық жоспарға сай 7 сынып оқушыларымен бірге «Менің туған өлкем» тақырыбында танымдық сағаты өткізілді. Сабақ барысында ұстаздар оқушыларға оңтүстіктің шырайлы шаһары Шымкент қаласының тарихы туралы айта отырып, балаларды туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға, өз елін, Отанын сүйетін патриот болуға шақырды. География пәнінің мұғалімі Камила Дәуренбекова болса, оқушыларды «Шымкент қаласының тарихы» кітабының мазмұнымен таныстырып, өлке туралы терең мәлімет берді.

Сонымен қатар, Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта білім беретін мектептің кітапханасында «20 минут кітап оқы» атты акциясы 10-11 сыныптармен өз жалғасын табуда. Яғни, оқушылар осы уақыт аралығында белгілі бір кітаптан үзінді оқып, сол оқыған кітабы бойынша өзгелерге әңгімелеп береді. Бұл – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын ерекше арттыратын тәсіл. Осы арқылы балалардың қысқа уақыт аралығында шығармадан алынған үзіндіні өз деңгейінде жақсы меңгергендіктері де айқын аңғарылады. Осылайша 10-11 сынып оқушылары кітап оқуды әдетке айналдыру арқылы уақыттарын тиімді пайдаланып қана қоймай, өздеріне пайдалы  рухани азық та ала алады. Ұстаздар «20 минут кітап оқы» атты акциясының нәтижесінде балалардың кітап оқуға деген ынталарының  қалыптасып жатқанын айтады. 10-11 сынып оқушыларының бұл бастамасы төменгі сынып оқушыларына да үлгі болып жатыр.

Еріктілік – ең сауапты іс

Жоғарыда айтып кеткендей, мектепте 1573 бала білім алса, соның ішінде 90 пайызға жуық бала түрлі үйірмелерге қатысады. Бұл дегеніміз, мектеп баланың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік туғызуда. Үйірмелер саны мен түрлері де өте көп. Атап айтар болсақ, мәдени және спорттық бағыттағы секциялар, театр, дебат, би, домбыра, қолөнер, робототехника, т.б. Бұл мектеп үйірмелері балалардың жан-жақты дамуына, баланың қызығушылығын анықтап, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Үйірмелерге қатысу арқылы балалар жаңа дағдыларды меңгеріп, өзіне деген сенімділікті арттыруда. Спорттық немесе шығармашылық бағыттағы үйірмелер денсаулықты нығайтып, эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыруға да көмектеседі. Мұндай шаралар баланың бос уақытын пайдалы өткізуіне ықпал етіп, оның мектептегі үлгеріміне де оң әсер етеді.

Осы тұста мектеп жанынан құрылған «Саналы ұрпақ» еріктілер клубын айтпай кетуге болмайды. Құрылғанына небәрі екі айдың көлемі болса да, клуб өздерінің көңілге жылу ұялататын жұмыстарымен көзге түсіп үлгерді. Мұндағы мақсат – жастардың әлеуметтік белсенділігін көтеріп, қоғамдық мәселелерге назар аударту, сонымен бірге еріктілердің жеке дамуына ықпал ету және азаматтық белсенділікті арттыру. Клубқа 10 сынып оқушылары мүшелік етеді. Жетекшісі – қосымша білім беру педагогі Джуманова Айкерім Мұхтасарқызы. Педагог мұндағы жұмыстардың жылдық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады.

– Біз еріктілермен бірге қазан айының әр аптасында «Таза Қазақстан» жобасы аясында тазалық жұмыстарын жүргізіп бастадық. Одан кейін қараша айының жоспарына сәйкес «Аялы алақан» атты мектебіміздің мүмкіндігі шектеулі балаларына арналған іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара жоғарғы деңгейде өтіп, шақырылған балалар мен ата-аналар көтеріңкі көңіл-күйде қайтты. Қазір мектептің «Ашық есік» күніне дайындық жүріп жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып айта кетейін, мектебіміздің директоры Ермекбаева Жанар Алтынбекқызының басшылығымен әр жылы әр жарты жылдықта мектеп қабырғасында «Ашық есік» күні мен қалалық семинарлар өтіп жатады. Ондағы мақсат «Ашық есік» күндері мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, оқушылар өз жұмыстарын, сабақ өту әдістерін және жетістіктерін ата-аналарға көрсету үшін арнайы бағдарламалар өткізу арқылы ата-аналар мен мұғалімдердің арасында байланыс орнату, оқушылардың мектептегі өмірімен  жақынырақ таныстыру болса, семинарлар педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылады. Мұндай семинарлар мұғалімдердің заманауи оқыту әдістері мен жаңа білім беру технологияларын меңгеруіне ықпал етеді.

Алдағы уақытта «Саналы ұрпақ» клубының еріктілерімен бірлесе отырып, мектеп ішінде және мектептен тыс түрлі әлеуметтік орталарда адамдарға көмек қолын созу бойынша жұмыстармен айналысу жоспарда тұр. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балаларды көзден таса қылмай, олармен үнемі байланыста болу, сонымен қатар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне барып, аула тазалықтары жұмыстарын жүргізу, Ауған соғысы ардагерлерімен жүздесу секілді көптеген шаруалар атқарылмақ. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларына бала құқығы мен міндетін түсіндіріп, мектеп ережесін сақтауға шақыру жұмыстарын да жоспарымызға енгізіп қойғанбыз.

Жетекші ретінде клуб мүшелерін ерекше мақтағым келеді. Жастардың энергиясы мықты, ал идеялары шабыт береді. Барлық жұмыстарды бірлесе отырып атқарады. Клубтың құрылғанына өте аз уақыт болуына байланысты ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз жоқ. Дегенмен, «Еріктілік – ең сауапты іс» деген ұранмен жұмыс істеп жатырмыз, көптің алғысын алсақ, біз үшін соның өзі – үлкен жетістік, – дейді ол.

Мұғалімнің айтуынша, еріктілер клубы оқушыларға көптеген артықшылықтар мен мүмкіндіктер береді. Атап айтар болсақ, еріктілік балаларға қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге, басқа адамдардың проблемаларына көңіл бөлуге және көмек көрсетуге, клубта бірге жұмыс істеу арқылы оқушылар бірлесіп әрекет ету, идеяларды талқылау, бір-бірін тыңдау және қолдау дағдыларын меңгеруге, оқушылардың өз қабілеттерін ашуға, көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға және өзіне деген сенімділікті нығайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, еріктілер түрлі әлеуметтік жобалар мен іс-шараларға қатыса отырып, жаңа тәжірибе жинап, білімдерін кеңейтеді. Мысалы, экология, қайырымдылық немесе білім беру салаларында тәжірибе алуы мүмкін. Әрі оқушылардың бос уақытын пайдалы әрі нәтижелі өткізуіне де септігін тигізеді. Бұл оларды зиянды әдеттерден алшақтатады.

Жалпы алғанда, «Саналы ұрпақ» еріктілер клубы оқушыларға өздерін дамытып қана қоймай, қоғамға пайда әкелетін адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді. Бұл тәжірибенің олардың болашағына да оң әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

Шымкент қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы білім беретін бұл мектеп білім беру сапасын арттырып қана қоймай, балаларды адамгершілікке, рухани байлыққа тәрбиелеуді басты мақсат етіп отыр. Жоғарыда айтып кеткен «Біртұтас тәрбие» аясындағы ерекше бастамалар арқылы мектеп оқушылардың тек академиялық жетістіктеріне ғана емес, олардың тұлғалық дамуына да ерекше назар аударады. Мұндай іс-шаралар оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтуге, білімге деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етеді. Балалардың кітап оқуға қызығушылығын оятып, шығармашылық әлеуетін дамыту арқылы мектеп өз оқушыларын жан-жақты дамыған тұлға ретінде тәрбиелеуде. Мұның бәрі болашақ ұрпақтың рухани әрі зияткерлік тұрғыдан бай болуына үлкен үлес қосары сөзсіз.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика