Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына орай әдеби кеш ұйымдастырылды

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы, ақын, драматург, қоғам қайраткері Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толып отыр. Оның шығармашылығы қазақ халқының рухани қазынасы болып табылады және ұлттық әдебиет тарихында ерекше орын алады. Бейімбет Майлин өз шығармаларында қарапайым халықтың өмірін, тұрмыс-тіршілігін, адамгершілік құндылықтарын шынайы бейнелеп, әділдік пен еңбекқорлықты насихаттады. Оның әңгімелері, өлеңдері, пьесалары қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттық сананың қалыптасуына зор үлес қосты. Жазушының еңбектері бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтпай, оқырман жүрегінен орын табуда. Оның өмірі мен шығармашылығы жастарға үлгі болып, ұлттың рухани құндылықтарын дамытуға шабыт береді.

Шымкент қалалық Білім басқармасының Әдістемелік орталығы №80 ІТ мектеп-лицейінің педагогтерімен бірлесе отырып, аталған мектеп-лицейде қазақ әдебиетінің негізін салушы, жазушы, қоғам қайраткері Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Қазақ әйелі: кеше және бүгін» тақырыбында әдеби кеш ұйымдастырды. Оған қалалық білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Жарқынай Асетуллақызы мен өзге де жалпы білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты. Кештің мақсаты оқушыларды шығармашылыққа баулу, оларды қазақ әдебиетінің өкілімен, яғни қоғам қайраткері, Алаш арыстарының бірі Бейімбет Майлиннің өмірімен және шығармашылығымен таныстыру болды. Аталған іс-шарада Бейімбет Майлиннің өмірінен деректі фильм көрсетіліп, оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Өлең оқып, ән айтылған бұл кеште оқушылар қойған сахналық көріністер залда отырған көрермендердің жүрегіне жылу ұялатты. Іс-шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктер, арнаулар, баяндамалар оқылып, хор айтылып, күй де тартылды. Сонымен бірге, жазушының қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі туралы да айтылып өтті. Келушілер үшін рухани пайдасы мол, маңызы зор бұл әдеби кеш жас буынға қазақтан шыққан өр мінезді тұлғаны жан-жақты таныстыра білді.

Жаңа форматтағы ата-аналар жиналысы

Ұрпақ тәрбиесі ең ұлы міндет десек, осы міндетті мүлтіксіз орындау мектеп педагогтарымен қатар ата-аналардың да жауапкершілігінде. №80 IT мектеп-лицейі «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» бағдарламасы аясында жоспарға сәйкес ата-аналардың баламен қарым-қатынастарын жақсарту және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында 7 «З» сынып ата-аналарымен «Әрбір бала – жарық жұлдыз!» тақырыбында жаңа форматта ата-аналар жиналысын өткізді. Жиналыс барысында баланың ерік-жігері мен мінезін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу, баланың даралығын темпераментіне сәйкес ашу, әр баланың бірегейлігін ашудағы отбасы мен мектептің өзара әрекеттестігі секілді әртүрлі мәселелер қарастырылды.

«Үштік одақ» шеңбері аясында ұйымдастырылған бұл жиналыстың түйіні бала болашағын қалыптастыруда ата-ана мен ұстаздың үнемі бірлікте болу керек екенін аңғартты. Бұл ынтымақтастықтың арқасында бала тұлғасының жан-жақты дамуы мен тәрбиеленуі үшін біртұтас тәрбие жүйесін құру мүмкіндігі артатыны сөзсіз. Ата-ана мен ұстаз арасындағы тығыз байланыс балалардың білімге, тәртіпке және қоғамдық өмірге деген қызығушылығын оятып, олардың өмірде өз орнын табуға көмектеседі. Мұндай бірлескен жұмыс жас ұрпақтың бойына адамгершілік, жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды сіңіруге де ықпал етеді.

Қалалық дебат турнирінен екінші орын иеленді

Шымкент қаласында ZIYATKER CUP III қалалық дебат турнирі ерекше атмосферада өтті. Турнирге қаладағы 100-ден астам мектептен 150-ден аса команда қатысып, өзара пікірталаста бақ сынады. Қатысушылар әрбір ойын кезеңінде тапқырлықтары мен шешендік шеберліктерін көрсете білді. Салтанатты ашылу рәсімінде Шымкент қалалық Қосымша білім беру оқу салалық орталығының бөлім басшысы Сулейменова Гулмайра Әлімханқызы және «ZIYATKER TURAN» ЖШС-нің мектеп директоры Абдрасилов Ерлан Құралбайұлы тілек білдіріп, жарыстың басталуына сәттілік тіледі.

Аталған турнирге №80 IT мектеп-лицейінен ағылшын және орыс лигалары қатысты. Нәтижесінде орыс лигасы ойынның соңына дейін күресіп, ІІ орынды иеленді және 20 мың теңгелік жүлде қорына ие болды.

Бұл шара оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, оқушылардың өзара тәжірибе алмасуы мен жаңа білім алуға деген құлшынысын да қоса арттырды. Оқушылардың өз ойын еркін әрі дәлелді жеткізе білуіне, логикалық және аналитикалық қабілеттерін дамытуына ықпал еткен мұндай шаралар жастардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырып, олардың жаңа идеяларды ортаға салуға, командамен жұмыс істеуге және пікірталас мәдениетін меңгеруге деген ынтасын жоғарылатады. Нәтижесінде турнир тек білім алу алаңы ғана емес, сонымен бірге өзара сыйластық пен ынтымақтастық рухында дамуға мүмкіндік беретін құнды тәжірибе ретінде де пайдалы болып қала береді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика