Жылдан жылға қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылыми жетістіктерге ілесу үшін де білім керек. «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман» – деп Міржақып Дулатов айтпақшы, қазір ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Бұл тұста білім ошақтарының атқаратын ролі жоғары. Соның ішінде үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру мақсатында білім беру сапасын арттыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарды жыл санап жандандырып жүрген Шымкент қаласындағы Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейін айтпай кетуге болмайды. Мектептің іргетасы сонау 1968 жылы қаланған. Содан бері мұндағы қарбалас тіршілік еш тынған емес. Бір орында тұрмай, білім беру ісінде уақыт өткен сайын қарыштап дамып келе жатқан оқу ордасы 1992 жылы лицей статусын алды. Бүгінге дейін бұл білім ұясынан мыңдаған түлектер қанат қағып, еліміздің түкпір-түкпірінде сапалы еңбек етуде. Қазіргі таңда аталған мектепте 4 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Мектептің тыныс-тіршілігін ғана емес, білім саласында атқарып жатқан толағай тірліктерінің мән жайын сұрап-білу мақсатында мектеп директоры Жанар Тойлыбаеваның кабинетіне бас сұққан едік. Мектеп басшысымен болған бұл әңгімеде көп дүниеге көңіліміз толып қайтты.
Бала болашақ мамандығын ертерек таңдау қажет
– Жанар ханым, сіздердің мектептеріңіз осыдан біраз бұрын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекеме болып ауысыпты. Мұның артықшылығы неде? Несімен тиімді?
– Иә, біздің мектеп 2022 жылы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекеме болып ауысты. Мұның тиімді тұсы сол, бұл білім сапасына оң әсер етеді. Мысалы, қаражатты дұрыс жұмсай отырып, үнемделген қаржыны мұғалімдерге сыйақы ретінде беруге мүмкіндік бар. Ал бұл өз кезегінде мұғалімдерге мотивация береді. Өзінің сабақ беру тәсілін одан сайын жетілдіруге, оқушыларды қызықтырудың сан түрлі тәсілін ойлап табуға септігін тигізеді. Міне, осыдан барып еңбек өнімділігі мен білім сапасы да қоса артып, нәтижесінде қызметкерлер де өздеріне тиесілі қаржылай марапаттарын алып отырады. Мұндай ынталандыратын дүниелер өте керек деп ойлаймын.
Бұл жерде «Тек қана сыйақы үшін жұмыс істейді екен» деген ой туындамаса да болады. Өйткені біздегі мұғалімдер – өз ісін өте сүйіп жасайтын білікті педагогтар. Бұл – олардың жан қалауымен таңдаған мамандықтары. Тек сыйақы үшін жұмыс істейтін мұғалім мен өз жұмысын сүйіп атқаратын мұғалімнің айырмашылығы бәрібір байқалып тұрады. Сондықтан бұл тұста мен өз қызметкерлеріммен мақтана алатындай дәрежедемін.
Ал енді мұғалімнің еңбегі қалай бағаланады? Біз жыл сайын мектептегі білім сапасына мониторинг жасап отырамыз. Яғни, мұғалімнің электрондық журналдағы білім сапасындағы көрсеткіші қандай, қаншаға көтерілді, барлығы баллдық жүйеде анықталып отырады. Әрбір алған балл – қаржылай сыйақының көтерілуіне себеп. Мұғалімнің жыл бойына алған мадақтамалары, Алғыс хаттары да міндетті түрде ескеріледі. Егер ол сынып жетекшісі болса, оған да мән береміз. Сынып жетекшісі ретіндегі жұмысының нәтижелілігі қандай, сыныптағы білім деңгейінен бөлек оқушылары қаншалықты ұйымшыл, буллинг орын алған жоқ па, ата-анамен жұмыс қалай жасалып жатыр, ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Мұның бәрі мұғалімдерді жоғары деңгейде жұмыс істеуге құлшындырады. Мысалы, былтыр республикалық олимпиададан жүлделі орын алған оқушымыздың пән мұғаліміне өте жоғары деңгейде сыйақы тағайындадық. Бұл – мұғалімнің өзіне ғана емес, әріптестеріне де мотивация.
Содан соң шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге ауысудың тағы бір тиімді тұсы – ақылы сабақтар тағайындауға мүмкіндік бар. Мысалы, қазір не көп, балаға білім үйрететін ақылы курстар көп. Ал ондағы білім сапасы қаншалықты деңгейде, оны ешкім білмейді. Нарық заманы болған соң адамдар негізінен табыс табу мақсатында осындай жеке кәсіптер ашады. Жеке кәсіп болғаннан кейін төлейтін ақылары да жоғары. Ал біздегі ақылы сабақтардың ақысы өте қолжетімді, айына 6 мың теңгеден аспайды. Бұл үлгермей жатқан, жаңа тақырыпты меңгере алмай қалған, пән тақырыптары қиын түсіп жатқан балалар үшін де өте тиімді. Оқушыларымыз аптасына үш рет келіп, қосымша сабақ алады.
Бұл мұғалімдеріміз үшін де оңтайлы. Басқа жақтан қосымша жұмыс іздеп, қаланың бір басынан бір басына сабылып шаршамайды. Барлығы да осы мектептің ішінде. Мұғалімдерге қосымша еңбекақы, оқушыларға қосымша білім. Білім сапасындағы кемшілік неден туады? Баланың түсінбейтін тақырыптарының қордаланып кетуінен туады. Анау тақырыпты да, мынау тақырыпты да түсіне алмай, ақырында бала шаршап, қолын бір-ақ сілтейді. Соңында сабаққа мүлде зауқы соқпай, оқымайтын балалардың қатарына қосылып кетеді. Сол үшін де қосымша сабақтардың болғаны өте дұрыс.
– Сіздерде оқушылар сегізінші сыныптан бастап-ақ болашақ мамандығына бейімделе бастайды екен. Бұл процесс қалай жүзеге асады?
– Жалпы, біз ата-анаға да, балаға да болашақ мамандықты ертерек таңдауға кеңес береміз. Біз 7 сыныптың басында-ақ ата-аналармен, оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушыларға бағыт-бейімдерін таңдау керек екенін түсіндіреміз. Бір сынып физика-математика, тағы бір сынып география-математика, енді бірі химия-биология, келесісі информатика-математика бағытын таңдайды. Осы бағыттарда біз оларды 8 сыныптан 11 сыныпқа дейін тереңдетіп оқытамыз. Осылайша оқушылар болашақ мамандығының негізін қалайтын пәндерді терең меңгереді. Сәйкесінше бейінді пәндерден бірнеше жыл қатарынан білім алғандықтан ҰБТ кезінде негізгі пәндерден жоғары балл жинау мүмкіндігі де жоғары болады. Біздегі лицей сыныптарының оқушыларының барлығы грантқа түсіп жататыны да сондықтан. Мұның бәрі мұғалімдердің сапалы еңбегінің нәтижесі деп ойлаймын.
Осы аралықта оқушылармен жыл бойы тренингтер, кәсіби бағдар жұмыстары, шеберлік сабақтары, сынып сағаттары өтеді, колледждерге, индустриялы аймақтарға экскурсияға апарамыз, саяхат сабақтары ұйымдастырылады. Мысалы, жақында «Жастар ресустық орталығының» ұйымдастыруымен мамандық таңдауға бағыт-бағдар беретін «Болашаққа қадам» жобасы аясында кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты жастарды дұрыс мамандық таңдауға бағыттау, өмірге дайындау, дұрыс көзқарас қалыптастыруға шақыру болды. Кездесуде жастармен психологиялық сергіту жаттығулары өткізілді, оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді. Мұндай шараларды тұрақты түрде өткізуге тырысамыз, себебі мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадам. Оның болашағы таңдаған мамандығына байланысты. Біз балаға осыны түсіндіргіміз келеді.
«Біртұтас тәрбие» – өте тиімді бағдарлама
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? Жалпы, аталған бағдарлама несімен тиімді?
– Биылғы оқу жылы осы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен түсіндірумен, насихаттаумен басталды. Оны мұғалімдерге де, балаларға да, ата-аналарға да толықтай түсіндіріп, ұлттық құндылықтарымызды аталған бағдарлама арқылы ендіруге атсалысып жатырмыз. Бұл – өте тиімді бағдарлама. Оның тиімділігін былай түсіндіре кетейін. Бұрын бірқатар мемлекеттік мекемелерде мектептермен бірлесе атқаруы тиіс шаралар болатын. Мысалы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, ішкі істер, т.б. мекемелерге мектеппен бірлесіп іс-шаралар өткізу тапсырылады. Сонымен қатар, тәрбие бағыттары бойынша мектептің өзінің де іс-шаралары бар. Оған қоса жоғарыдан хаттармен келетін шаралар бар. Одан бөлек жыл барысында өткізілетін челлендждер бар. Соның барлығы да балаларға бағытталған. Соншама іс-шара бір мектепке бағытталып отырғаннан кейін мектеп қайсібірін атқара береді? Міне, осының бәрі жүйеленіп, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының ішіне енгізілген. Іс-шаралар әр айға бөліп берілген. Барлық мектептер осы бекітілген жоспарды ғана атқарады. Аталған бағдарлама әр мұғалімнің жұмыс үстелінде тұруы тиіс.
Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Бағдарлама балаларға қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет ұғымдарын түсіндіреді. Балаларға отансүйгіштікті, ұлттық құндылықтарды насихаттауға жол ашады. Жалпы, ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Сондықтан да 2023-2025 жылдарға арнайы осындай бағдарлама енгізілген.
– Жас ұрпақ тәрбиесінде рухани тәрбиенің де маңызы зор екені белгілі. Осы тұста балаларды кітап оқуға қалай бағыттай аламыз?
– Иә, балаларды адамгершілік жолына салудың бірден бір төте жолы – оларды кітаппен дос қылу. Себебі кітап оқыған бала кітаптың ішіндегі кейіпкерлердің өміріне талдау жасай алатын, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, қай кейіпкер жағымды, қайсысы жағымсыз екенін ажырата алатын болады. Мейлі, ол бір шығарманы бір жыл оқи қойсыншы, соның өзінде бірнеше адамның өмірімен танысады, эмпатиясы, яғни өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеті қалыптасады.
Балаларға кітап оқуды міндеттеу мақсатында біз әртүрлі сайыстар, іс шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Соның бірі – «Үш тілде оқимыз. Читаем на трех языках. We read in three languages» тақырыбындағы іс-шара. Онда 8-11 сынып оқушылары дөңгелек үстел басына жиналып, тілдер мерекесін ұлықтап, тілдің адам өміріндегі алатын орны туралы талқылады. Көп тіл білудің маңыздылығын айтып, өз пікірлерімен бөлісті. Арнайы кітап көрмесі де жасалды. Іс-шараға қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері қатысты. Мектеп кітапханашысы жаңа кітаптардың топтамасына шолу жасасаса, оқушылар үш тілде ақын-жазушылардың өлеңдері мен аудармаларын оқыды. Бұл тек кітап оқуға ғана емес, балалардың тіл білуге деген қызығушылығын арттыруға бағытталып ұйымдастырылған қызықты кештердің бірі болды.
Расын айтқанда, қазір балаларға кітап оқыту сәл қиындау, өйткені оларға кітаптан гөрі телефонға қызығырақ, оған деген тәуелділік бар. Әйтсе де, оқитын бала ештеңеге қарамай оқиды. Негізі кітап оқуды біз өзімізден бастауымыз керек. Сөзбен емес, іспен үлгі болуымыз қажет. Бұл тұста мектебіміздің ата-аналар комитетімен де, қамқоршылық кеңес комитетінің төрағаларымен де мақтана аламыз. Біздегі ата-аналар комитетінің төрағасы – қалалық кітапханада 20 жыл директор болған Сәуле Алиева деген кісі. Ол – барлық іс-шараларымыздың төрінде болып, оқушыларға кітаппен дос болуды насихаттап жүрген ата-ана. Қамқоршылық кеңестің төрағасы – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, ғалым, философия докторы Байділлаева Ақмарал. Ол – ағылшын тілінде жазылған 100 кітаптың алтауын қазақшалаған автор. «Кітап оқуды әдет еткім келеді» деген арнайы курсы бар, онда кітап оқуды қалай өмірлік дағдыға айналдыруға болатынын түсіндіреді. Сол курсқа мұғалімдеріміздің барлығын оқытып алдық. Яғни, бізде мұғалімдер де тұрақты түрде кітап оқиды. Мектептің жұмыс чатына өзімнің қандай кітап оқып жатқанымды айтып, ары қарай «Кім қандай кітап оқып жатыр?» деген сауал тастаймын. Сол кезде ұстаздарымыз өздері оқып жатқан кітаптың авторын, атауын айтып, сюжетін 1-2 сөйлеммен жеткізеді. Сюжеті қызықтырса, оны келесі бір адам оқиды, өзара талқылайды. Бұл да мұғалімдерге серпіліс беріп тұрады.
Біздің «Оқырман болу бала кезден» деген жобамыз болды. Онда бастауыш сыныптың оқушылары өздерінің жас ерекшеліктеріне сай әдеби шығарма оқып, сол туралы 5 минуттық қысқа видео түсіреді. Оны буктрейлер деп атайды. Оны өзге оқушыларға көрсетеміз. Түрлі слайдтармен кереметтей қылып жасалғандықтан балалар оны мультфильм көргендей қарайды. Қызыққан бала әлгі шығарманы міндетті түрде оқиды. Оны «Ютубқа» да салады. Әрине, бұл жобада әр баланың қасында оның ата-анасы жүреді, видео дайындау кезінде көмектеседі. Осы жерде ата-аналарға ерекше алғыс айтқым келеді. Өйткені әр баланың жетістігінің ар жағында оның ата-анасының қолдауы жатыр. Мысалы, бізде екінші сыныптан бастап ғылыми жобалар қорғалады. Оның ішінде талдау да, сараптау да, барлығы болады. Қыруар жұмыс жасалады. Соның бәрінің басы-қасында ата-аналары жүреді. Осылайша олар баланы ғылымға бағыттап жатыр. Сол балалардың арасынан болашақта ғалымдар, профессорлар шығып жатса, оның жемісін ел болып бірге көретін боламыз.
Бала үшін ең бірінші жауапты адам – ата-ана
– Қазіргі ата-аналардың уайымы телефон ойындары мен әлеуметтік желі болып тұр. Балалар телефонға тәуелді болып келе жатыр. Осы мәселеде не нәрсеге мән берген дұрыс? Бұған байланысты не айтар едіңіз?
– Ата-ана балаға ұдайы көңіл бөліп отыруы керек. Бала не істеп жатыр, бос уақытын қалай өткізіп жатыр, телефоннан не көріп жатыр, кіммен сөйлеседі, кімдермен дос – барлығын бақылау қажет. Өйткені біз оларды телефоннан түбегейлі алшақтатып тастай алмаймыз.
Әу баста педагог ретінде «Телефонға қалай тыйым сала аламыз?» деген ой менде де болды. Түсінгенім, тыйым салғанмен біз ешқандай нәтижеге жете алмайды екенбіз, бұл құр бекерге көлеңкемен күрес секілді болып қалады екен. Себебі қазір онлайн деген дүние заман талабына айналып кетті. Әлеуметтік желі де бізбен қатарласып өмір сүріп жатыр. Сондықтан бірден тыйып тастау мүмкін емес. Біз тек балаларға соның ішіндегі ақпараттарды сұрыптай білу қабілетін үйретуіміз керек. Осы нәрсені ұстаздарға да, ата-аналарға да, тіпті балаларға да әрдайым айтып отырамын. Өз басым айтудан еш шаршамаймын. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп бекер айтпаса керек.
Тәрбие жағына келгенде барлық жауапкершілікті тек ұстаздарға ғана артып қоюға болмайды. «Мектеп қайда қарап отыр? Ұстаздар не үйретіп жатыр?» деп отыратын қоғам – ұтылатын қоғам, ұтылатын ата-ана. Заң алдында бала үшін ең бірінші жауапты адам – ата-ана. Сондықтан баланың тәрбиесі дұрыс болсын десе, оларға күнделікті көңіл бөліну керек
Қазір ақпарат ағыны көп заман. Бұрын ғаламтор желісі жоқ кезде білім беруші, ақпарат беруші жалғыз адам мұғалім болатын. Бүгінгі күні бала ақпаратты әлеуметтік желіден де қоса алады. Ал бұл оның тәрбиесіне, көзқарасына, ойына әсер етеді. Біз не көреміз, не тыңдаймыз, нені естиміз, тәрбие деңгейіміз де соған байланысты. «Балаларға ақпараттарды сұрыптай білу қабілетін үйретуіміз керек» деп отырғаным да сондықтан.
– Иә, дұрыс айтасыз, қазір расында да барлығы интернетпен байланысты болып кетті ғой. Бүгінде жасанды интеллект те барлық салада қолданысқа еніп келеді. Тіпті, оны мұғалімдер үшін де таптырмас көмекші деп жатыр. Осы жайында не айтар едіңіз?
– Иә, біз балаларды телефоннан алшақтатамыз деп жүргенде енді қазір қолданысқа жасанды интеллект еніп жатыр. Күні кеше Астана қаласында өткен халықаралық симпозиумға қатысып келдім. Сонда жасанды интеллекттің қазіргі өмірде қаншалықты қажет екенін, қалай қолданысқа енгізу керектігін түсіндірді. Енді мұндайда «Біз ешқандай да жасанды интеллектті пайдаланбаймыз, қажет емес» деп отырсақ, тағы да жоғарыда айтып кеткендей, көлеңкемен күрес болады. Олай қарсыласып отырсақ, заман ағымынан әлдеқайда артта қалып кететініміз айдан анық. Әрине, жасанды интеллект керек, қажет кезде оны да тиімді жағынан пайдалану қажет, бірақ шектен тыс емес. Өйткені, ол болжалды түрде ғана ақпарат береді, оның берген ақпаратын нақты деп сене кетпеу керек. Нақты ақпаратты, нақты білімді бәрібір оқулық береді. Мектеп оқулықтарында жазылған ақпараттар – 100 пайыз нақты білім. Әйтсе де жасанды интеллекттің тиімді тұсы да жоқ емес, өйткені кейбір тұстарда ол жұмысымызды жеңілдетеді. Осы жағынан келгенде пайдасы ұшан-теңіз. Тек оны дұрыс жағынан пайдалануға тырысу қажет. Қазіргі мұғалімдер баланы қызықтыру үшін жасанды интеллектті өз сабақ беру тәсілдерінде қолдану керек деп ойлаймын.
Бізге «Тик-Ток» әлеуметтік желісі арқылы сабақ түсіндіретін мұғалімдер келіп, шеберлік сабақтарын өткізген болатын. Олар жаңа сабақты «Тик-Ток» арқылы түсіндіреді екен. Ол үшін баланың назарын аударатын видеолар түсіреді. Бұл жастарға қызық. Қызық болған соң ол видеоны қарайды. Сол арқылы баланың жаңа тақырыпқа деген қызығуышылығын оятады. Ары қарай оқулық бойынша жұмыс істеледі, яғни бала түсінбеген тұстарын кітаптан барып оқиды. Мұның бәрі – айналып келгенде баланың ықыласы, қызығушылығы үшін күрес, яғни, ақпаратты ойын түрінде ақырындап беріп бастап, ары қарай оқулық бетін ашуға жетелеп алып келу. Осылайша түрлі тәсілдермен баланың оқуға деген ынтасын оятуымыз керек. Біз «Тик-Ток» зиян, жаман, оған кірмеңдер, қарамаңдар» деп қанша айтқанымызбен қазір балалардың барлығы сол әлеуметтік желіде отырады. Оған біз бәрібір тыйым сала алмаймыз. Сондықтан оны тиімді пайдалану жағына көшкеніміз дұрыс.
Мектептің ең бірінші миссиясы – баланы ғылым-білімге бағыттау, көкірек көзін ашу, шамшырағын жағу. Сол үшін де әлемдік трендте оқытудың әдістемесінде қандай жаңалықтар бар, ешбірінен қалыс қалмауымыз қажет. Өйткені заман соны талап етеді.
Кез келген мектептің жетістігі үштік одақтың ынтымақтастығына байланысты
– Балалар арасындағы буллингке қаншалықты назар аударасыздар? Бұған қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Біз үш жыл бойы мектептегі буллингке қарсы халықаралық жобада болдық. Оны республика бойынша «Қадір-қасиет» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бұл үлкен деңгейде ұйымдастырылған жұмыс болды. Жобаға Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған т.б қалалардан бас-аяғы он шақты мектеп қатысты. Жобаға сәйкес, мамандар үш жыл қатарынан мектептерге келіп, әр жылы үш күн бойы ата-аналарға, ұстаздарға, оқушыларға буллингке қатысты түсіндірме жұмыстарын жасап жүрді. Сол үш күнде лекциялар оқылды, семинарлар ұйымдастырылды. «Жәбірлеуге жол жоқ!» деген плакаттарды барлық жерге ілдік, оқушылардың телефондарына стикерлер жасадық. Мейлінше, біздегі оқушылар санының көптігіне қарамастан әрқайсысының жүрегіне жеткізіп айта білуге тырыстық. Биыл біз ол жобаны тәмамдадық. Жоба өз нәтижесін берді деп ойлаймын.
Жуырда мектепте «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламасы аясында «Менің сыныбым буллингке қарсы!» республикалық флешмоб челленджі ұйымдастырылды. Челлендждің мақсаты физикалық және психологиялық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару, денсаулықты сақтауға көмектесу, ең бастысы бәрімізді достыққа, өзара түсіністікке және бір-бірімізді қолдауға ынталандыру болды. Мұның өзі – балаларға ой тастау.
Бұл буллинг мәселесінде де ата-ананың ықпалы қажет. Яғни, кез келген ата-ана өзінің баласына бір жеке тұлғаның екінші бір жеке тұлғаға қоқан-лоққы, зорлық-зомбылық, әлімжеттік жасауға құқы жоқ екенін, оның дұрыс еместігін, оның заңға да, адам табиғатына да қайшы екенін түсіндіре білу керек. Әрине, бұл мәселеде сынып жетекшілері де шет қалмайды. Мысалы, бала сабаққа келмей қалса сынып жетекшілері оған міндетті түрде назар аудару керек. «Сен тимесең, мен тиме» деген дүние жоқ. Бәлкім, баланың сабаққа келмей қалуының бір себебі осы әлімжеттік шығар? Мүмкін ол бала біреуден қорқып, сескеніп келмей қалған болар? Осы нәрселердің барлығының себебін анықтау қажет. Сол кезде мәселенің астары оңай ақтарылады, сәйкесінше шешу жолы да оңайырақ болады.
– №23 мектептің бүгінгі таңдағы жеткен жетістігі қандай? Немен мақтана аласыздар?
– Кез келген мектептің жетістігі үштік одақтың ынтымақтастығына байланысты. Үштік одақ деп отырғанымыз – мұғалім, ата-ана, оқушы. Бізде ата-аналар универсиадасы бар. Айына бір рет әртүрлі мәселелерге байланысты жиналыс өткізіп отырамыз. Жалпы, мен ата-аналарға, балаларға үнемі ашықпын. Олардың ұсыныстарын да тыңдауға әзірмін. Мектептің кіре беріс тұсына өзімнің телефон номерімді жазып қойғанмын. Кез келген ата-ана кез келген уақытта маған тікелей байланысқа шыға алады. Барлық сыныптардың чаттарында да өзім отырамын. Балалар да өздерінің сұрақтарын маған тікелей қоя алады, ұсыныстарын айта алады. Мен де өз тарапымнан міндетті түрде кері байланыс беріп отырамын.
Мектептің жетістікке жете алуының тағы бір себебі – ұстаздардың біліктілігі. Біз қандай жетістікке немесе нәтижеге жетсек те, барлығы осы өзімізде қызмет атқарып жүрген білікті ұстаздардың арқасында деп айта аламын. Білікті ұстаз әрдайым өзінің жұмысын біледі. Оның артық, бос дүниемен жұмысы болмайды, ол тек өзінің сабағын береді, алдында отырған оқушылардың білім сапасына көңіл аударады. Өзін жетілдіреді, дамытады, өз өзімен жұмыс істейді. Міне, біздегі сондай білікті ұстаздардың бірлігінің арқасында мектептегі білім сапасы да жоғары деп ойлаймын. Оның үстіне ата-аналардың да орындаушылық қабілеті жоғары. Ұстаздардың айтқанын тыңдап, баланы бағыттауға байланысты ақыл-кеңестерін дұрыс көріп, қабылдап, орындап отыруы да оң әсерін беруде.
Ал енді жетістік дегенде мақтанарлық дүниелер де жоқ емес, әрине. Шымкент қаласында Назарбаев мектебі алғаш ашылған кезде бар-жоғы 500 ғана оқушы қабылдады. Соның 120 оқушысы біздің мектептен шықты. Ешқандай сырттан ақылы курстарға бармай-ақ, өз мұғалімдеріміздің білім беруімен сол мектепке түсті. Содан бері жыл сайын 20 шақты оқушымыз сол мектепке түсіп жатады. Біздің мектеп-лицейдің оқушылары 2023-2024 оқу жылында Назарбаев Университетіне құжат тапсыру нәтижелері бойынша ең жоғары көрсеткішке ие мектептер қатарында болды. Бұл керемет жетістік – мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің айқын жемісі. Осындай үздік нәтижелер үшін Назарбаев Университетінен мектепке Алғыс хат табысталды. Бұл марапат – тек қана сапалы білім берудің емес, сонымен қатар оқушылардың армандарын жүзеге асыру жолында барлық тараптардың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізілген жетістік.
Одан бөлек мектеп бітірушілердің ішінде де жыл сайын 30-дан астам түлегіміз шетелге оқуға түсіп жатады. Мұның өзі үлкен көрсеткіш деп ойлаймын. Себебі шетелдік оқу орындарында ағылшын тілін жетік білуді талап етеді. Ол оқушылар да біздің мектептің берген білімімен шетелде оқуға мүмкіндік алды.
Ал енді олимпиадаларға келсек, президенттік олимпиада деген бар. Ол жерде химия, физика, биология, география секілді жаратылыстану пәндері математикамен қоса сыналады. Тестте осы пәндерден жиынтық сұрақтар келеді. Мысалы, пәндік олимпиадада бір ғана пәннен сұрақтар берілсе, мұнда бес пәннен бірден сыналады. Осы президенттік олимпиададан да жыл сайын біздің оқушыларымыз республика бойынша жүлделі орындар алып жатады. Ол да біз үшін үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар, пәндік олимпиадада да оқушыларымыз қалыс қалып жатқан жоқ. Алдыңғы жылы 100 үздік олимпиадалық мектептер рейтингі жасалып, сол жүздікке біз де кірдік. Кей мектептерде бір баланы бір пәнге арнайы дайындап барып, олимпиадаға жіберіп жатады. Бізде ондай дүние жоқ. Бала өз қалауымен таңдайды. Кімнің қай пәнге қызығушылығы бар, сол бала олимпиадаға қатыса береді.
Одан кейін ғылыми жоба бойынша оқытатын «Жас лидер академиясы» деген бар. Ол жерде де біздің оқушыларымыз қоқысты сұрыптау бойынша жоба қорғап, миллион теңге ұтып алды. Былтыр да бір миллион теңгеге мектебімізге парталар, заманауи безендірілген қоқыс тастайтын жәшіктер берілген. Мұның өзі балаларға «Жоба жасап, мектебімнің материалдық базасын жабдықтауға көмектестім» деген үлкен құлшыныс береді.
Негізі мектебіміз материалдық база жағынан жақсы жабдықталған. Жалпы саны 107 кабинет бар, соған биыл тағы да біршама актив панельдерді әкеп орнатқалы отырмыз. Сонда 107 кабинетіміздің барлығында да заманауи үлгідегі интерактивті тақталар орналасатын болады. Бұл жаңа сабақты 3D форматта көрсетіп, түсіндіруге мүмкіндік береді және ол оқушылар үшін өте қызықты болады.
Жалпы еліміздің ертеңі болатын бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, толыққанды білім алуына жағдай жасау мектептің басты міндеті емес пе? Сондықтан да жетістікке жету мақсатында осы жолда біз де талмай еңбек ете беретін боламыз.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!
М.ҚҰРБАНҚЫЗЫ
20353 символ
Leave a Reply