Қазіргі таңда елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, жаһандық білім беру кеңістігіне енуге талпынуда. Бұл оқу-тәрбие саласындағы болып жатқан өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде оқытушылардың инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Оқытудағы жаңа инновациялық технологияларды қолдану – оқу процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Жаңа технологияларды оқыту үрдісінде қолданудың негізгі ерекшелігі ол мұғалімдер мен оқушыларға өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасауға көп мүмкіндік береді. Қазіргі білім беру жүйесінде жаңа технологияларды енгізу бүгінгі күні басты талапқа айналып отыр. Жаңа әдістерді пайдалануда өзіміз қолданып жүрген әдістерді жаңа жағдайға бейімдей пайдалануымыз керек. Білімі мен ғылымы жоғары деңгейде дамыған елдер көш бастап, қашан да кез келген салада озық тұрары сөзсіз. Бізде осы көштен қалмаудың қамын жасап бағудамыз. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі — баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асатыны белгілі. Берілген білім жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, мұғалім оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді «Білекке сенер заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмейік» деп Абылай бабамыз айтқандай, білімді ұрпақты тәрбиелеу бүгінгі ұстаздардың міндеті. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі жөнінде міндетті жүзеге асыруда халықтың денсаулығы маңызды мәселе болып табылатыны белгілі. Қазіргі кездле әлеуметтік жағдай, экологияның нашарлығы, өмір сүру деңгейінің қысқалығы әлем үшін көкейтесті мәселе болып отыр. Өмір салты мен денсаулық арасындағы өзара байланыс салауатты өмір салты ұғымын қалыптастырады. Мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы алған білімдері болашақта еліміздің азаматтарының денсаулығын сақтап қалуға берік тірек болады. Мектеп оқушыларының салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыру дегеніміз: І. Жеке тұлғаның табиғи ортамен жан – жақты үйлесім тауып, өз өмірін Отаны, елі, отбасы және өзі үшін барынша пайдалы өткізу дағдысын қалыптастыру; ІІ. Салауатты өмір салты – ол денсаулықтың сақталуы, дамуы мен орнығуын қамтамасыз ету мақсатында денсаулықты нығайтуға бағытталған іс – шараларды жүргізу. Дене тәрбиесі ол тек мектептегі дене шынықтыру сабағы ғана емес, ол сабақтан тыс денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі екені белгілі.Сондықтан қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы дене тәрбиесінің жүйесі жастардың денсаулықтарын нығайтумен қоса, тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктердің жан-жақты жетілуіне, өмірге белсенді ұстаным мен ізгілікті қатынастарын дамытуды меңзейді. Мектептегі «Дене тәрбиесі» пәнінің мақсаты әлі күнге дейін толықтыруды қажет ететіні белгілі, осыған орай оның ғылыми негізделген бағыт-бағдарын жасау қажеттілігі туындайды. Осы бағыттағы ізденістердің тиімдісі дене тәрбиесі сабағында дәстүрлі емес оқыту құралдарын пайдалану болып табылады. Бүгінгі күні дене тәрбиесі мұғалімі мәселелерді шығармашылық тұрғыда шешуге, өзгермелі өмір жағдайында инновациялық процестер мен жаңашыл бағыттарды дер кезінде меңгере отырып, тәжірибеге сын көзбен қарап, дене тәрбиесі міндеттерін жүзеге асыруға белсенді, салауаттылық пен дене мәдениетін меңгерген маман болуы керек. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамыған заманында оқушыларды телефон мен компьютерге тәуелділіктен құтқарудың бірден-бір жолы — ол салауатты өмір салтын қалыптастыру. Дене шынықтыру пәнінің басқа пәндерге қарағанда көптеген ерекшеліктері бар. Мұнда негізінен оқушының қабілеті, бейімділігі басты назарда болуы керек. Дегенмен де оқушыларды бейімдеу, қабілетін дамыту, спортқа деген қызығушылығын арттыру дұрыс ұйымдастырылған сабаққа байланысты деп есептеймін. Сондықтан оқушылардың пәнге қызығушылықтарын арттыру, сабақта тақырыпқа байланысты спорт түрлерінің шығу тарихын, спорт түрлері дамыған елдерді спорттың әр саласындағы белгілі спортшылар өмірін алуға болады. Сол себептен мұғалім сабақты тартымды етіп теория мен практиканы ұштастыруында жаңа инновациялық технологиялардың тиімділігі баса назарда болуы қажет. Бұл мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, сабақты жақсы оқитын, спортқа бейім оқушылармен белсенді жұмыс істеп қана қоймай, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жақсы ойлар туғызып, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуін ойластыру керек. Әрбір оқушы өз қабілетінің ең төменгі деңгейіндегі, яғни жеңіл тапсырмаларды орындаудан бастайды, оларды міндетті түрде толық орындап болғаннан кейін ғана, келесі күрделі деңгейдегі жаттығуларды орындауға көшіп отырады. Бұл оқушылар арасындағы бәсекелестікті және әр оқушының өз қабілетіне, қызметіне сәйкес жоғары деңгейге көтерілуіне толық жағдай жасайды. Жаңа технологияларды қолдану арқылы өткізген сабақтарда оқушы шығармашылығы, өзін-өзі басқаруы, құрметі, эстетикалық талғамы да артып отырады. Мысалы, дене шынықтыру сабағында сергіту сәтінде өз тәжірибемде 5-сыныптарда өткізген «Эстафеталық жарыстар» атты сабағымда, алдымен оқушыларға ой толғау жасау мақсатында, қазақтың ұлттық ойын түрлеріне тоқталдым, ұлттық ойындар туралы өз түсініктерін сұрай отырып, сабақ барысында орындатуды жоспарладым. Ойлау қабілетін дамыту тұрғысында 6-сынып арасында «Көңілді мәре» сайысы оқушылардың ой-қабілетін, жылдамдық ерекшелігін, тез шешім қабылдауына және топтық әрекет жасауына пәндерді байланыстыра отыра кіріктірілген сабақ өткіздім. Сабақты қызықты өткізу үшін мультимедиалық проектор арқылы қазақтың ұлттық ойындарының тарихын таныстырып өтіп, жасырылған сұрақтарды табуға машықтандыру, әр топқа белгіленген ұпай сандарына қарай бағалап отырдым. Кейін сабақ барысын: «Кім шапшаң?» бөлімі деп алып, бұл бөлімінде оқушылар белгіленген жерге дейін эстафеталық таяқшамен жүгіріп барып, белгілі жеріне жеткен кезде, тақтаға жазылып берілген есептерді шапшаң орындап шығып кейін қайтып келу талабы қойылды. Оқушылардың бұл бөлімде сабаққа деген қызығушылығы артады, логикалық ойлау қабілеттері артады, қимыл-қозғалыс әрекеті дамиды. Сонымен қатар «Спорт әлемінің жұлдыздары» тақырыбында 7-8 сынып оқушыларымен зияткерлік ойын сабағын өткізіп оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырдық. Бұл сабақта Қазақстан спортының дамуына үлес қосқан атақты да, даңқты чемпиондарынан бастап бүгінгі таңдағы олимпиада чемпиондары туралы викторина сайысы оқушылардың қызығушылығын тудырды. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында телеарнада өтіп жатқан жаңашыл әдістегі бағдарламалар «Намыс дода», «Толағай» «Асық ату» сияқты спорттық сайытар желісінде ұлттық ойындар сайысын сыныптар арасында топтық сайыс түрінде өткіздім. Ұлттық ойындар көңіл күйді көтеру, көңілдену, тактикалық ойлауды дамыту, сыртқы қоршаған ортаны тез сезіну, келешек істелетін жұмыстарға дайындалу, жинақталу қасиеттерін қамтамасыз етеді. Бұл ойындар оқушылардың спортқа деген қызығушылықтарын арттырады. Жоғарыда аталған ұлттық спорттық ойындардың өтілу нәтижесінде оқушының бойында намысқойлық, ізденімпаздық, салт-дәстүрді құрметтеуі қалыптасады ойлау қабілетінің дамуы артады. Ұлы педагог В.И.Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды», — дейді. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы баии түседі. Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ» Ақ серек,көк серек», «Соқыр теке», «Асық ойыны», «Ине, жіп және түйіншек», «Әтештер қақтығысы», «Қызыл ту», «Мысық пен Тышқан»,«Теңге алу», т.б. балалардың спортқа деген қызығушылығын тудырып, белсенділіктерін арттырады. Оқушыларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткіздім. Қазақтың ұлттық дене шынықтыру мәдениеті мектептегі кезеңнен қалыптаса бастайды. Сондықтан оны пайдалану тек қозғалғалмалы біліктілік, дағдыларды дамытып қана қоймайды, сонымен қатар мектеп оқушыларынан қазақтың ұлттық спорт түрлеріне деген көзқарасын қалыптастырып, дене жаттығулары мен ойындарын өз беттерінше дамытуға тәрбиелейді. Ұлттық ойындарды мазмұны мен күрделілігіне байланысты және балалардың жас ерекшіліктерін ескере отырып, төменгі, орта және жоғарғы сынып оқушылары ойнайтын ойындар деп бөлуге болады. Қажетті ойындарды өтілетін сабақ не жаттығудың алдында тұрған педагогикалық міндеттеріне байланысты таңдап алу қажет. Дене тәрбиесі сабағында және жаттықтыру кезінде қозғалыс ойындарын, оның ішінде ұлттық ойындарын қолдану арнайы үйрену міндеттерін шешуге көмектеседі. Ұлттық және эстафеталық қозғалыс ойындарын ұйымдастыра отырып оқушылардың қызығушылығын арттыру, ұйымшылдыққа, батылдыққа және салауатты өмірге тәрбиелеу. Ұлттық ойындарды спорттық ойын сабақтарында, жеңіл атлетика, гимнастика сабақтарында, жалпы дене қуаты дайындығы және жаттықтыру сабақтарында кеңінен қолдануға болады. Ұлттық ойындардың дене тәрбиесі сабағын жоғары әдістемелік деңгейде сапалы өткізудегі пайдасы мол. Сондай-ақ ұлттық ойындарды спорттық ойын түрлеріне, сабақтың мазмұнына қарай іріктеп алып пайдалануға кез келген дене тәрбиесі мұғалімінің мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда оқушылардың қимыл-қозғалысқа деген қызығушылықтары өте төмен. Қимыл-қозғалыс ойындарының орнын виртуалдық ойындар басқан , ол ойындар балалардың көру және жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Дене дайындығы төмен оқушы стандарт талаптарын да орындай алмайды.Тез шаршайды, сабаққа деген қызығушылығы кемиді.Қыз балалар мүсіндерінң сұлу болуына, жүрістерінің әдемі болуы үшін дене сымбатына көңіл бөледі де, жылдамдықты,төзімділікті арттыру туралы аз ойланады. Зерттеулерге сүйенетін болсақ, жоғарғы сынып оқушыларының 80% дене шынықтыру сабағына деген қызығушылықтарының жоқтығын білдіреді. Сондықтан осы мәселені шешу бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Және дене шынықтыру саласында көп ізденуді, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануды қажет етеді. Оқушылардың қызығушылығын , ынтасын арттыру үшін сабақтарымда фитнес элементтерін қолданамын. Фитнес элементтерін қолданғанда, ең алдымен спорт түрінің ерекшелігін ескеріп, жаттығулар қимыл дағдыларды қалыптастыру үшін арнайы бағытталуы керек. Гимнастика сабақтарында, гимнастикалық доптармен жасалатын жаттығулар, шейпинг, пилатес, йога, стрейчинг және т.б. түрлер қолданылады. Дене шынықтыру сабақтарында фитнес технологиялар элементтерін қолдану – жағымсыз әсердің жақсыға өзгеруіне, жаттығулармен айналысуға қызығушылықтың артуына және дене дайындығы деңгейінің жоғарылауына септігін тигізеді. «Тәннің ләззәті – саулығында, жанның ләззәті – білімінде», демекші, денсаулық пен білімнен артық байлық жоқ екені белгілі. Денсаулық сақтау саласының алдында тұрған басты міндет – аурудың алдын алу, халықтың өмірін ұзарту, оқушылардың жалпы хал-жағдайын жақсарту. Осы бағытта емдік гимнастиканың қосар үлесі зор. Ол тек аурудың алдын алып қана қоймай, оны емдеуге де ықпал жасайды. Дене шынықтыру сабақтарында емдік гимнастика элементтерін қолданып отырамын. Емдік – сауықтыру жаттығулар кешені. (жүру түрлері, қолдар қозғалысы, жауырынды қосу, аяқтар қимылы, демді ішке тарту – шығару және т.б.); Жүйке жүйесіне жаттығулар; тыныс алу мүшелеріне арналған жаттығулар, бүйрекке арналған жаттығулар және бүйрек гигиенасы, көздерге арналған гигиеналық жаттығулар, тірек-қимыл жүйесіне арналған жаттығулар, жалпақтабандылықтан сақтау жаттығулар. Денсаулықты сақтау технолгияларын дене шынықтыру сабағында қолдану, оқушылардың денсаулығының зор болып, дұрыс дамып жетілуіне әсерін тигізіп ұзақ уақыт ауырмай өмір сүруіне себеп болады. Мен дене шынықтыру сабақтарында әртүрлі физикалық жағдайларда қажетті практикалық дағдыларды дамытуға, оқушылардың дене шынықтыру сабақтарына саналы түрде, белсенді қатысуына ерекше көңіл бөлемін. Оларға дене жаттығуларымен тұрақты және жүйелі айналысудың маңыздылығын түсіндіріп отырамын. Сондай-ақ әр оқушының жеке қабілеттерін ескере отырып,сол қабілеттерді дамытуға жағдайлар жасаймын. Қысқа мерзімді сабақты жоспарлау барысында, әр оқушының дене дамуының ерекшеліктерін зерделей отырып, дене шынықтыру сабақтарын оқытуды даралау және саралау бойынша тапсырмалар құрастырамын. «Денсаулық ең бастық құндылық» деген көзқарасын қалыптастыра отырып, жеке-сараланған тәсілдің мүмкіндіктері арқылы сабақ мақсатына қол жеткіземін. Менің ұстанымым: «Қабілетті және қабілетсіздер деген жоқ, дене тәрбиесінде еңбекқор және жалқау адамдар бар».
Сондықтан балаларды жасынан салауатты өмір салтына қалыптастыруға күш салып, зиянды әдеттерден сақтандыруымыз керек. Денсаулық тәрбиесі – ортақ мәселе. Халық санының өсуі, оның сапасы, деннің саулығы мемлекет әл – ауқатының дамуына мұрындық болары сөзсіз.
Қызмет ақпарат
Leave a Reply