28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні!
45 жыл бір салада табан аудармай тер төгу. Жарты ғасырға жуық бір шаңырақтың астында әні де, сәні де жарасып қол ұстасып өмір сүру. Өмірде де, шығармашылықта да үйлесімділікпен, ақыл-парасатпен, адалдықпен ғұмыр кешу туралы сыр толғар болсақ, мен еш ойланбастан Шойбек Орынбаев пен Асхан Майлыбаеваның отбасылық жұбын алға тартар едім. Өйткені, қос қаламгер қазақ журналистикасына жарты ғасырға жуық жанқиярлықпен еңбек еткені өз алдына, жеке тұлға ретінде алып зерттесең, екеуі де жан-жақты, білімді, терең, зияткер. Ақпарат аламанында әрдайым алдыңғы шепте сап түзеп, бірі заң, қоғам, тарих тақырыбында қалам сүйкесе, екіншісі руханият, мәдениет саласын шығармашылығының арқауы еткен. Қатардағы тілшіден бас редактордың бірінші орынбасарлығына дейін сатылап өсіп, еңбекте адалдық пен турашылдықты ту еткен. Екі дәуірді, екі идеологияны көрген кейіпкерлерімізбен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің қарсаңында жүздесіп, емен-жарқын сұхбаттастық. Олардың әр сөзі – құнды, әр сөзі – тарих, тағылым. Сондықтан үшеуара болған сұхбаттың шашауын шығармай назарларыңызға ұсынып отырмыз.
–Шойбек ағай, Асхан апай! Сіздер журналистика саласында да, өмірде де 45 жылдан астам уақыт бірге қол ұстасып келе жатқан елге үлгілі, айналаға сыйлы шаңырақсыздар. Сіздердің махаббат дастаны әу баста қалай басталып еді? Журналистті журналист қана түсінеді деген мақсатпен таңдау жасадыңыздар ма? Әлде сезімнің ырқымен отау құрдыңыздар ма?
Асхан Майлыбаева: Мөлдір айналайын, бұл сұрағыңның төркінінде «Сіздер есеппен үйлендіңіздер ме?» деген сыпайы астар жатқан сияқты. Рас, есеп – математика ғылымындағы ең тиімді амал. Атақты математик-педагог С. И. Шорох-Троцкий «Үйдің барлық төрт бұрышына есеп қойылуы керек» деген екен. Бұл әрине, үйдің құрылысына математикалық, геометриялық тұрғыда қойылатын қажетті шарт болар. Бірақ сол үйдің төрт бұрышын берік етіп, керегесін кең, уықтарын тең ұстап, түтінінің түзу ұшуы үшін математикалық қиылыс емес, махаббаттың құйылысы, өзара түсінісудің түйілісі керек. Онсыз ешқандай амал да, әдіс те құрған үйіңнің іргесін берік етуі неғайбыл.
Біз ол кезде таңдаған мамандығымыз болашақта бізге көмегін я кесірін тигізуі мүмкін бе деген мәселеге,тіпті де, бас қатырған жоқпыз. Тіпті, ондай ой қауашағымызға кірген де емес. Біз сезімнің, сенімнің еркіне бағындық. Оның алдамағанына шүкір дейміз.
Және журналистің журналиспен бас қосуы ешбір есепсіз-ақ дұрыс таңдау болғанын өмір көрсетті. Өйткені, өзің білесің, журналистика жауынгер мамандық. Уақытпен санаспайтын, жағдайыңа қараспайтын, бірнеше күн немесе апталап жолсапарда жүретін, кезекшілік, түрлі жиналыс, іс-шараларға күндіз демей, кеш демей шапқылап, оны дереу дайындап беруді талап ететін жұмыс. Ол сенің үйіңнің, отбасыңның тіршілігімен санасып, күтіп тұрмайды. Бұл жағынан келгенде жан жарыңның сенің мамандығыңның мәнісін, жұмысыңның жайын түсінетін адам болғаны әрине, үлкен демеу. Сондықтан өз басым мамандық таңдаудан ғана емес, жар таңдаудан да қателеспегеніме қуанамын. Әйтпесе бірге оқыған, жап-жақсы журналист болады-ау деген кейбір қыздар күйеулері кәсібін түсінбегендіктен біреулері мұғалім, бірі кітапханашы, бірі базаршы болып кетті. Жұмыссыз үйде отырып қалғандары, саудаға, басқа салаға бет бұрып кеткендері де бар.
–Атақты КазГУ (қазіргі ҚазҰУ) қалашығымен қандай естеліктер байланыстырады?
Асхан Майлыбаева: Біз оқыған 1974-79 жылдары ҚазМУ қалашағы жаңадан салынып жатқан болатын. Бірақ жатақханалары пайдалануға беріле бастаған еді. Бірінші курста Халық шаруашылығы институтының 10-шы мөлтек ауданындағы жатақханасында тұрдық та, екінші курстан бастап журналистерге арналған жап-жаңа 5-ші жатақхананың алғашқы қоныстанушылары болып жайғастық. Ол бір керемет романтикалық жылдар еді ғой, несін айтасың?! Сол жатақханадан тұрмысқа ұзатылдым. Курстағы алғашқы үйленген жұп біз болғандықтан бүкіл курс тойымызға керемет дайындалды. Жас та болса, сол кездегі қыз-жігіттердің ұлттық салт-дәстүрімізді сақтай білгеніне әлі күнге риза боламын. Не дегенмен, бәрі ауылдан келген, қазақи тәрбиені көріп өскен жастар ғой. Шойбек қасындағы нөкерлерімен мені біздің 214 бөлмеден алып кетерінде, құрбыларым «Жәйдан жәй қол ұстатып, жібере салатын қызымыз жоқ. Кәне, кәделеріңді жасаңдар!» деп күйеу жігіт пен достарын табалдырықтан аттатпай, кәде сыйларын алып барып, сән-салтанатпен шығарып салған еді. Сөйтсек біздің курс қана емес, сол жатақханада тұратын барлық курстың студенттері қос журналистің бас қосуына қуана қол соғып, сыртқы есік алдында дәліз жасап күтіп тұр екен. Ең қызығы бәрі бөлмелеріндегі төсеніштерін алып шығып, біздің бөлмеден бастап бүкіл жолымызға, даладағы жас жұбайлар мінетін көлікке дейін жалғастырып, төсеп тастапты. Есік алдында тұрған курстастар гүл шоқтарын жаудырып, шампан атып, думанмен басталған той болды ол. Яғни ҚазМУ-дың 5-ші жатақханасы менің төркінім, мені үлкен өмір жолына шығарып салған шаңырағым болып, жүрегімді үнемі ыстық сағынышымен тербейді де тұрады. Ал оқу корпустары біз оқуды бітіріп кеткен соң тапсырыла бастады.
– Ал одан кейін қайда тұрдыңыздар? Жатақханадан шығып кеттіңіздер ме?
Шойбек Орынбай: Біз екінші курсты аяқтайтын жылы үйлендік. Бір қызығы, оқу жылының аяқталуына бір ай ғана қалғандықтан бізді жатақханада қала беруге рұқсат етті. Үйленіп алып, мен жігіттермен өз бөлмемде, Асхан өз бөлмесінде тұра тұрды. Ал үшінші курстан бастап пәтерге шықтық.
– Өздеріңіз студентсіздер, жас отбасысыздар, пәтерақысы бар, азық-ауқат алу керек дегендей… Қиналған боларсыздар?
Шойбек Орынбай: Өмір адамға кейде өзі оңтайлы жағдай туғызады екен. Сенесің бе, біз мүлде қиналған жоқпыз. Ең бастысы пәтеріміз тегін болды. Көптеген студенттер жалдап тұрған орыстардың жәпірейген, құрқылтайдың ұясындай времянкасы емес, кең сарайдай бес бөлмелі оңаша зәулім үй. Және университетті бітіргенше сол үйде тегін тұрдық. «Қалай?» деп таңданып отырғаныңды көріп тұрмын. Ол былай:
Сабақ басталған соң мен пәтер табудың қамына кірістім. Өзім оқу тобының старостасымын. Деканнан сұранып, пәтер іздеуге кеттім. Сол күнгі сабақтың бірі араб тілі болатын. Топта небәрі 7 студент қана оқимыз. Өте қиын пән және ұстазымыз да қатал апай. Мәрзия Мәженова. Ол кісі университетіміздің бірінші проректоры Яхия Әубәкіровтің әйелі. Кәдімгі әйгілі пианист Жәния Әубәкірованың ата-анасы.
Содан араб тіліне кірген айналдырған 7 студенттің біреуінің жоқ екені бірден байқалмай ма? Мәрзия апай «Орынбаев қайда?» депті. Группалас Толымбек Әлімбеков «Апай, ол үйленген. Тұратын жері жоқ. Пәтер іздеп кетті» депті. Апай: «Ертең маған жолықсын!» депті қатуланып. Ертеңіне жүрегім зулап апайдың алдына келдім. Сабаққа қатыспағаным үшін сазайымды беретін болды ғой деп тұрмын.
–Әй, Орынбаев, оқуға түспей жатып үйленбесең болмайтын ба еді? – деді бірден. Жауап жоқ, басым салбырап тұрмын.
–Тұратын жер таптың ба?
–Жоқ, апай.
–Мә, кілт, — деді апай бір темірге тізілген екі кілтті ұсынып. – Біздің бос тұрған үйіміз бар, Малая станицада. Соған барып жайғасыңдар. Бірақ, Әубәкіровтің үйінде тұрамыз деп бір адамға тіс жарушы болмаңдар. Жұрт сендердің тегін тұратындарыңды қайдан білсін, проректор үйін студенттерге жалға беріп, ақша тауып отыр деген сөз шықса, не болатынын білесің бе?
–Жоқ, апай, оны айтып қайтеміз? – деп міңгір еттім.
Сен жақсы оқитын студентім болған соң жаным ашып, жағдайыңа қарасып тұрмын. Үйді тап-тұйнақтай ұстаңдар, бөтен ешкім келмейтін болсын! Кешке ағайыңның шопыры машинамен апарып тастайды. Мынау бірі қақпаның, бірі үйдің кілті, – деп қос кілтті қолыма ұстатты.
Айтқанындай, кешке сүліктей қара «Волга» бізді Атбасар көшесіндегі №131 үйге әкеп салды. Осы үйде диплом алып, ауылға кеткенше тұрдық. Бір тиын төлемей.
Бұл ол кісілердің Алматыға келгенде тұрған алғашқы үйлері екен. Жазда қаланың, көпқабатты үйдегі пәтердің қапырық ауасынан қашып, Яхия ағай екеуі апталап бізбен бірге осы үйде тұрып кететін. Ол кезде төрдегі үлкен екі бөлмені сол кісілер иеленеді. Бірге тамақ ішіп, есік алдындағы бауды ағаймен бірге шөбінен тазалап, ол кісілердің әдемі әңгімелерін тыңдаған кездер бір ғанибет уақыт болған екен. Мәрзия апайдың мінезі қатал болғанымен, жаны таза адам еді. Ал Яхия ағайдың парасаттылығы мен кең пейілдігінде шек жоқ болатын. Неткен мәрт, неткен ғажап жандар десеңші! Ол кісілердің екеуі де қазір өмірде жоқ. Жандары жәннатта болсын!
– «Бәрін нөлден бастадық» деп айтып қалдыңыздар. Баспанаға да, басқасына да төзімділікпен аянбай тер төгудің арқасында жеттіңіздер. Әрине, оның бәрі оңай емес. Материалдық жағынан қиналған, қысқа жіп күрмеуге келмей кеткен кезеңдерде тығырықтан қалай шығушы едіңіздер?
Шойбек Орынбай: Оқу бітірген соң Көкшетауда облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде екеуіміз 5 жыл бірге қызмет атқардық. Кеңестік кезеңнің бір жақсылығы – жас мамандарға кезекпен үй беретін. Және бізді ол газеттің редакторы Жанайдар Мусин университетке арнайы шақырту жіберіп, жұмысқа қабылдаған еді. Себебі, 4 курста сол газетте екеуміз өндірістік тәжірибеден өтіп, жазуымыз ұнап, қызметке шақырған болатын. Кезекпен пәтер алдық, бірақ менің анам қатты ауырып, елге тезірек қайту керек болды да, пәтерді редакцияға қалдырып кеттік. Одан Сарыағаш аудандық газетінде қызмет істегенде де мемлекеттен пәтер алдық. Әрине, баспанаға қолымыз жеткенге дейін Көкшетауда да, Сарыағашта да әркімнің үйін жалдап тұрдық.
Асхан Майлыбаева: Үй жалдап тұрдық дегеннен шығады, оқу бітіріп, Көкшетауға барғанда, поездан түсіп, екі шабаданымызбен редакияға келдік. Жауапты хатшы Октябрь Бұхарбаев ағай: «Заттарыңды осында қалдырып, алдымен өздеріңе баспана қарастырыңдар» деді. Қаланың жекеменшік үйлер қоныстанған «Ет комбинаты» деген ауданынан жалға беретін пәтер іздеумен кеш батты. Қас қарайып келеді, баратын жеріміз жоқ. Кезекті бір үйдің қақпасын қақтық. 35 жас шамасындағы әдеміше әйел шықты. Мән-жайымызды айттық. «Бұл маңда бос пәтер жоқ. Баратын жерлерің болмаса, пәтер тапқанша біздің үйде тұра тұрыңдар» деп үйіне алып кірді. «Атым Күлман» деді. Жаңбыршы деген күйеуі, төрт бала-шағасы бар екен. Төрт бөлмелі үйінің бір бөлмесін бізге берді. Пәтер тапқанша сол үйде бір аптадай тұрдық. Пәтер табуға да сол кісі көмектесті. Ол кезде дүкеннен ақшаңа керек зат табу қиын. Күлман апай сауда базасында жұмыс істейді екен. Кесе-шәйнек, табақ-аяқтан бастап, еденімізге төсеніш, төсектің тұсына кілемшеге дейін өзі әкеп берді. Тіпті, орыстың әлгі ескі времянкасын әктеп, жамап-жасқап алуға қажетті, әк, сыр, шөтке, шелек, оны-мұны керектілерді де сол кісі тауып берді. Жолымызда жолыққан осындай жаны ізгі жандарды қалай ұмытарсың?! Көкшетаудан көшіп кеткен соң ол кісілермен байланысымыз үзіліп қалғанымен, жақсылықтары үнемі жадымда жүретін еді. Әлеуметтік желі деген жақсы ғой. Алдыңғы жылы Фейсбукке ол кісілердің сондағы жақсылықтарын жазып, өздері бар ма екен деп сұрау салған едім. Жаңбыршы аға мен Күлман тәтені танитын бір адам олардың Көкшетауда екенін жазып, мекен-жайы мен телефонын жүктепті. Қуанғаным-ай! Хабарласып, тауып алдым. Екі жылдан бері пандемияның кесірінен ешкімге бара алмап едік. Осы жазда іздеп барамыз деп жоспарлап отырғанымызда, таяуда Күлман тәтенің өзі хабарласып, арнайы қонаққа шақырды. Құдай қаласа, жақында жүздесеміз аяулы жандармен.
Мөлдіржан-ау, баспана деген сөзден шығып отыр ғой бұл әңгіме. Жақсының жақсылығын айтқан жөн ғой реті келгенде.
Шойбек Орынбай: Үй алғанымызша баспананың азды-көпті қиындығын көргенімізбен, материалдық таршылық көре қойған жоқпыз. Екеуіміз де жұмыс істедік. Ата-аналарымыздан көмек болды.
Студент кезімізде жақсы оқыдық, 40-45 сомнан степендия алдық. 90 сомдай ақша өзімізге жетіп жататын. Оның үстіне біздің үйден, Асханның төркіні Шу жақтан сәлем-сауқат келіп тұрды. Қайта қарны ашқан курстастарымыз біздің пәтерге келіп, «кедейдің бір тойғаны шала байығаны» дегендей күй кешіп кететін. Әрине, Мәрзия апайымыз олардың келіп кететінін білген жоқ. Ұрлығымызды кешірсін!
Рас, кейбір кездері курстас жігіттермен вагоннан жүк түсіріп, жүк артып, ақша тапқан кездеріміз де болды.
– Жарты ғасырға жуық уақыт осы шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдыңыздар, немере сүйіп отырсыздар. 2019 жылы «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы атандыңыздар. Осынша уақыт отбасының іргесін берік ұстаудың ең басты сыры неде?
Шойбек Орынбай: «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп бекер айтылмаған. Шеге мықты болса, үйдің берекесі кетпейді. Мен үйдің шаруасына аса қырым жоқ адаммын. Бірақ балалардың тәрбиесі отбасындағы ынтымақ, бірлікке, сыйластық пен түсіністікке байланысты екені белгілі. Бір қыз, екі ұлымыз, олардан өрген он немереміз бар. Шүкір, балаларымыз ешқашан ұятқа қалдырған емес. Мектепті жақсы оқыды. Өз жүрек қалауларымен мамандық таңдады. Қызымыз Айнұр қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы, жоғары санатты мүғалім. Біздің жолымызды қуатын қабілеті бар еді. Республикалық балалар журналына, кейіннен бірді-екілі газеттерге мақалалары жарық көріп жүрді. Бірақ журналистикаға баруын мен құптамадым. Қыздарға қиын ғой, кім біледі, болашақта ол мамандықпен жұмыс істеуге мүмкіндігі бола ма, жоқ па деп ойладым. Отбасылы. «Қалада өссе де ауылдың бар тірлігін игерген мақтаулы келін» деп ауылдастарының мақтағанын естігенде риза болып отырамыз. Бие сауып, қымыз ашытып, күйеу баламыз Азат екеуі алма бауын, бақшасын жайқалтып, есігінің алдын гүлмен жайнатып, жұмысын да, үйдің тірлігін де дөңгелетіп отыр. Бес қыздары бар. Екі қызы – бірі ОҚМУ-ды, бірі ҚазМУ-ды қызыл дипломмен бітіріп, бірі Астанада, бірі Алматыда өз мамандықтарымен жұмыс істеп жүр. Осы екі немереміздің үлкені Аяулым кішкентайынан біздің қолымызда өсті. Былтыр қолымыздан ұзаттық. Астанада тұрып жатыр. Үшінші қызы биыл Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетке оқуға түсті. Екі қызы мектептің үзік оқушылары.
Ал қолымыздағы үлкен ұлымыз Арнур заң қызметкері. Қазір қаржылық бір мекемеде қауіпсіздік қызметінің бастығы. Кенже ұлымыз Шапағат кинорежиссер. Алматыда тұрады.
Асхан Майлыбаева: Иә, «Мерейлі отбасы» байқауында отбасымыз жеңімпаз деп танылдық. Жүлде тапсыратын күні анам қайтыс болып, Шуға кетіп қалдық. Салтанатты шараға келінім Таңсұлу мен екі немерем барыпты. Әлия Юсупованың гимнастика мектебінде гимнастикамен айналысып, жүлделі орындар алып жүрген немерем Айару (ол кезде 4 жаста) өнерімен жұртты тамсандырып, біздің орнымызды жоқтатпапты әйтеуір.
– Екі дәуірді, екі идеологияны көрген адам ретінде бүгінгі қазақ журналистикасының беталысына қандай баға бересіздер?
Шойбек Орынбай: Баспасөз қай коғамда да идеологияның басты қаруы болып келді. Дегенмен, Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі арада қаншама уақыт өтсе де мәнін жойған жоқ. Ол өзінің осы миссиясын қай кезеңде де адал атқаруға міндетті. Дегенмен бүгінгі ақпараттың алапат тасқыны сол талаптың тиісті деңгейден шығуына қаншалықты мүмкіндік беруде?
Кеңестік кезеңде баспасөз қатаң цензуралық бақылауда, яғни жариялылық пен сөз еркіндігі тұсаулы болғанын жасырмаймыз. Ал бүгінгі сөз бостандығына ерік берілген заманда барлық ақпарат айқын, шынайы, дәл жеткізіліп жатыр деп те айту қиын. Өйткені технология қарыштап дамыған, дереккөзді ғаламтордан табуға жүгінген қазіргі кезеңде, сол ағылған тасқынның ішінен дәйекті ақпаратты, дәл деректі елеп, екшеп алмаса, өзін де, өзгені де шатастыру оп-оңай. Себебі сенсация қуып, көшеден көргенін телефонға жазып алып, мәселенің ақ-қарасына көз жеткізбей жатып, кез келген жерден ақпарат таратып, үстірт пікірді бүкіл қоғамға таңу үрдіс алған жағдайлар аз кездеспейді. Қолына ілінген ақпаратты саралап, сараптап жатпай, әлеуметтік желілерде өзін журналист, блогер етіп көрсетіп, тіпті қоғамдық тұлға санайтындар көбейді. Бір өкініштісі, биліктегі кейбір лауазым иелерінің өзі қазір ақырын жүріп, анық басатын кәсіби, өз мамандығына адал журналистерден гөрі осындай ұрда-жық блогерсымақтарды төбеге көтеріп, солардан ығатын, соларды «сыйлайтын» дәрежеге жетті. Бұл қоғам үшін өте қауіпті үрдіс. Сондықтан биліктің кәсіби мамандарға деген көзқарасы оң болуы керек.
Журналистиканың кәсіби функциясы – анық, баламалы, дәл және жылдам ақпарат жеткізу. Рас, БАҚ кеңестік кезеңде қалыптасқан ағартушылық миссиядан бүгінде ақпараттық миссияға көшті. Ақпарат – саяси көзқарастың, қоғамдық ойдың өзегі. Десек те, осы орайда Наполеон Бонапарттың «Журналист – қаламымен көше тазалаушы» деген сөзі ойға оралады. Дәл қазір ақпарат кеңістігінде қоқыс аралас тасқын көшіп жүр. Сол қоқыстың арасынан қағазымызды кірлетпейтін, қаламымызды мұқалтпайтын дәйекті ақпаратты саралай білуіміз керек.
Негізінен ресми және білікті басылымдар мен теледидар жаңалықтары ғана нақты, шынайы ақпарат таратады деп айтар едім. Ал жалпы қазақ журналистикасының деңгейі заман талабына сай жоғарылап келе жатқанына күмән жоқ.
–Журналистика майданында атой салып, қатардағы жауынгерден, яғни тілшіліктен, бөлім басшысы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасарлығына дейін сатылап өсіп, абыроймен зейнеттік демалысқа шықтыңыздар. Басқа ешбір салаға мойын бұрған жоқсыздар. Қазір ғой, кімнің қолының неге икемі болса, соған қарай бет бұрып кетіп жатыр. Жалпы, сіздердің буынның қай-қайсысы да журналистикаға адал болған сияқты. Солай ма?
Асхан Майлыбаева: Журналистика – ардың ісі. Өзіңнің сүйген мамандығыңа ар-ожданыңмен қызмет еткенде ғана оны да, өзіңді де ұятқа қалдырмайсың. Мен жас журналистерге үнемі «сен ең алдымен мақаланың соңында тұратын фамилияңа кір келтірмеу үшін және өзің нанын жеп отырған газетіңнің абыройына дақ түсірмеу үшін жұмыс істе, бұл екеуі сенің паспортың» деп айтып отыратынмын. Бізді солай тәрбиеледі. Осындай өнегені аға буыннан көрдік. Біздің замандастарымыз сол қағидаға адал болды деп айта аламын.
Өзім жүрегіммен қалаған журналистиканы ешқандай мамандыққа айырбастай алмайтын едім. Көкшетаудан Сарыағашқа көшіп келгенде аудандық газетте орын болмады. Алты ай жұмыссыз отырдым. Аупартком бірнеше жұмыс ұсынды. Аудандық кітапханаға меңгеруші, аудандық мәдениет үйіне әдіскер, Қапланбек зооветтехникумына оқытушы болып барыңыз деді. Мен өзімді басқа мамандықта мүлде елестете алмадым.
Қазір де зейнеткерлікке шықтық деп қаламды тастай сала алмайды екенбіз. Екеуміз де әлі жазу-сызудан арылған жоқпыз. Шөкең жеке шығармашылығымен, мен аудармамен айналысудамын.
«Көз көргендерден айырылу қандай қиын…»
–Қара шаңырақ КазГУ-дің журналистика факультетінде қай-қай курс, студенттер легі өз ерекшелегімен келеді. Сіздердің курстан кімдер шықты? Қазіргі байланыстарыңыз қалай?
Шойбек Орынбай: Біздің курс ұйымшыл әрі бір біріне бауырмал болды. Соған қарап біздегілерді «ШЕСТОИ», «Бір атаның балалары» деген аттармен атайтын. ШЕСТОИ – курста көш бастаған, жұптары жазылмай жүретін алты жігіттің бас әріптері. Ш – Шойбек, Е – Ертай, С – Сапарғали, Т – Толымбек, О – Орынбасар, И – Иемберді. «Бір атаның балалары» да бірге жүретін бір топ жігіттер. Қалғандары осы екі топқа жанасып жақын жүреді. Және осылардың бәрі белгілі журналист, жазушылар болып шықты. Қазақстан Жазушылар Одағына 12 қыз-жігітіміз мүше.
Курстастар оқу бітіргелі бірнеше рет кездесу өткіздік. Бір-біріміздің той-томалағымыздан қалмаймыз. Өкініштісі, бірге оқыған бірқатар достарымыз өмірден өтіп кетті. Өткен жылы 4 курстасымыз бақилық болды. Солардың ішінде ең жақын досымыз, белгілі журналист Ертай Бекқұлов та бар. Курстастардан бөлек соңғы екі жылда қаншама әріптестеріміз ковидтен, басқа да аурулардан көз жұмды. Көз көрген, қатар жүргендерден айырылу қандай қиын…
«Қалам ұстаған қауымның ішінде байып, шалқып өмір сүріп жатқандары жоқтың қасы»
–БАҚ қызметкерлерінің күні де жақындап келеді. Жыл сайын осы атаулы датаға орай журналистердің әлеуметтік жағдайы, мәртебесі, қоғамдағы орны туралы сөз болады. Олардың жағдайын реттейтін, қолға алатын арнайы Заң қажеттігі айтылады. Алайда баяғы жартас – сол жартас. Осы орайда не айтар едіңіздер? Журналистердің жағдайы қайтсе жақсарады?
Асхан Майлыбаева: Журналистер – қоғамның қоңырауы. Олар – дәуір үнінің жаршысы. Өзінің жағдайы мәз болып тұрмаса да өзгенің жоғын түгендеп, басқаның қамын жеп жүретін жанашыр жандар осы журналистер. Шерхан ағамыз айтқандай, «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ». Мардымсыз айлықпен құбатөбел тұрмыс кешетін әріптестерімнің кейбірінің басында баспанасы да жоқ. Қалам ұстаған қауымның ішінде байып, шалқып өмір сүріп жатқандары жоқтың қасы. Тіпті журналистердің әлеуметтік статусы да әлі күнге айқындалмай келеді. Пәтер алуға, басқа да жеңілдіктерді иеленуге келгенде олар ешқандай санатқа жатпай қалады. Журналистердің мәртебесін көтеру туралы мәселе қашаннан бері көтеріліп те келеді. Парламентте бірқатар беделді, белгілі әріптестеріміз отыр. Солардың ықпалымен бір нәтиже болып қалар деген үміт те жоқ емес.
Бірен саранының Тәуелсіздік күніне немесе Коституция мерекесіне орай алған мерекелік медальдары болмаса, омырауына орден қадаған журналисті де көрмеппін. Жақсылыққа жанашыр мамандық иелерінің осындай қолдау, қолпаштаудан қағыс қалатыны да қынжылтады.
Мүның бәрі биліктің де, қоғамның да қаперінде болуы керек.
–Журналистика саласына енді қадам басып келе жатқан ұл-қыздарыңызға берер ақыл-кеңестеріңіз болса…
Асхан Майлыбаева: Журналистің қаруы – қалам. Ал қаламның қорғаны – обьктивтілік, әділдік, жауапкершілік, ар тазалығы. Соны сақтай білгенде өзіңе де, сөзіңе де кір жұқпайды.
Қазір өнерде «жұлдыз» ауыруына шалдыққандар көп. Бұл кесел кейбір журналистерге де жұққанын байқаймын. Болмай жатып, толдым деп шіренуден аулақ болыңдар. Отырған орындықтарың сендерді емес, сендер сол отырған орындықтарыңды көтере біліңдер дегім келеді.
Кәсіби мереке құтты болсын, әріптестер!
–Қадірлі Шойбек Қонысбайұлы, Асхан Қожагелдіқызы, мереке қарсаңында арнайы уақыт тауып, сүбелі сұхбат бергендеріңізге үлкен алғысымды білдіремін. Абырой биігінен түспей, ақ парақта іздеріңіз қала берсін!
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ.
Leave a Reply