Қазақ халқына қасірет әкелген сол бір аумалы-төкпелі жылдарда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге тоғытылды, аяусыз атылды, туған жерінен айдалып кете барды. Ұлтын сүйген азаматтар тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды. Елі үшін жанын берген әрбір тұлғаның есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Бұл мақаламызда Алаш қайраткерлеріне қатысты тың деректерді бөлісеміз. Шымкент қаласында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге жыл басынан бері келуші туристердің саны артты. Шет мемлекеттерден келген қонақтар ата-бабаларымыздың қиын тауқыметін көрсететін «Алаш арыстары», «Ашаршылық», «КарЛаг», «АЛЖИР», «Желтоқсан» атты бөлімдердің экскурсиясын ерекше таңданыспен тыңдауда. Нақтырақ айтар болсақ Бразилия, Испания, Украина, АҚШ, Оңтүстік Корея, Норвегия, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Франция, Индия, Словения, Нидерланды, Жапония, Польша, Канада, Австрия, Иордания, Германия, Англия, Туркия, Финляндия, Монголия елдерінен арнайы келген қонақтар музейдің жаңғыртылған жаңа экспозиция залдарымен танысып, музей экскурсиясынан ерекше әсер алғандықтарын атап өтуде. Әрине бұл жерде музей ісінің тиянақты жүргізілгендігін айта кету керек. Аталған мекеме жуырда модернизациядан өткен. Жалпы қаламыздағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі елдегі ашаршылық құрбандары мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға арнап ашылған тұңғыш мекеме. 2001 жылы 2 қарашада ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай құрылған. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары деп аталған. Музей үш залдан тұрады: Экспозициялық зал, «Тағзым» залы, Кино залы. Бастапқыда музей қоры 2500-ге жуық экспонатпен ашылған болса, қазіргі таңда музей қорында 16500 экспонат жинақталған.
Қызмет ақпарат
1568 символ
Leave a Reply