Нұргүл Ақылбекқызы ШӘМШИЕВА, Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы:
«МҰҒАЛІМ БАҚЫТЫ – ОҚУШЫҢНЫҢ ЖАҚСЫ АЗАМАТ БОЛЫП ШЫҚҚАНЫН КӨЗІҢМЕН КӨРУ»
Автордан: Ертең, 5 қазан – Ұстаздар күні. Осыған орай, Шымкент қаласының бас ұстазы – Нұргүл Асылбекқызы Шәмшиева ханыммен жолығып, әңгімелесіп едік.
«БАЛА АРМАНЫМ – ТЕРГЕУШІ БОЛУ ЕДІ»
– Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Сізді мемлекеттік қызметте жүрген кездеріңізден бастап біледі екенбіз. Жалпы, мұғалімдікке қалай келдіңіз? Еңбек жолыңыз қалай басталды, мектепте сабақ беріп пе едіңіз?
– Құттықтауыңызға көп рақмет!
Иә. Мұғалім болдым. Мектепте сабақ бердім. Сынып жетекші де болдым.
Мұғалімдікке қалай келдіңіз десеңіз, жаратушы адамның өмірін де, тағдырын да бағыттап отырады екен. Осыған көзім жеткен адаммын. Өзің жоспарламайсың, бірақ өміріңнің мәніне айналатын мамандыққа келесің.
Отбасыма келетін болсам, әкем – саналы ғұмырын полиция қызметіне арнаған адам. Кітапқа өте құмар жан. Жалпы отбасымызда кітап оқу мәдениеті бар болатын, кеңес дәуірінде барлық отбасыда солай болды ғой. Бала кезде детектив жанрындағы шығармаларды сүйіп оқыдым. «Шерлок Холмс» романын 5-6 сыныпта қызыға оқығаным есімде. Бұл жанрдағы кітаптарды оқуыма да әкемнің өмірі әсер етті ғой деймін. Сол кезден-ақ, тергеуші боп, қылмыстық іздеу жұмыстарына қатысқым келетін, өзіме осы сала өте қызық болатын. Оған қоса, әкем үйге «Человек и закон» дейтін журнал жаздырып алдыратын. Ол журналдың соңғы беттерінде түрлі тергеу істерінің қалай жүргізіліп, қылмыстық істер қалай ашылатыны жайында материалдар жарияланады. Соларды қызыға оқитынмын. Осындай қызығушылықтан болар, бала кезде «тергеуші боламын» дейтін арманым болды. Сол арманның жетегімен ҚазМУ-дың заң факультетіне түсемін деп алдыма мақсат қойып, жоспарлап жүретінмін. Әкем де ол талабымды қолдап, дем берді. Өздеріңізде білесіздер қазақтың қыз баланы қиын салаға жіберуге қимай, жоғары сыныптарға келген сәтте «көз алдымызда жүр» деп әңгіме бастайтын әдеті бар ғой. Бізде де солай болды. Жария айтылмаса да, бұл әрекет мені оқып жүрген мектебімнен басқа мектепке ауысуыма ынталандыру арқылы жүзеге асты.
10-11 сыныпта оқып жүргенміде Қызылорда қаласында «№1 қазақ гимназиясы» ашылып, мен сол білім ордасына қабылдандым. Экспериментальді мектеп еді. Сөйтіп физика-математика пәндерін жақсы көретін оқушыға гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқуға тура келді. Бірақ таңдау болды мен пәндердің ішінде орыс тілін таңдап, орыс сыныбына түстім. Бұл пилоттық жобаның мәні – бүкіл облыстағы дарынды балаларды бір жерге топтастырып жинады. Мектеп-интернатқа қала бойынша оқу бағдарламасында бар барлық пәндердің ең үздік мұғалімдерін жиналды. Негізі оқушының қай мұғалім өзінің пәнін қызықты өтетін болса, бейсаналы түрде сол пәнді жақсы көріп кететіні бар. Менде де солай болды. Біздің орыс тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын сыныптарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен оқытушылар келіп, сабақ берді. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, гимназияны бітіру кезіндегі қорытынды емтиханымыз – университетке түсу емтиханымыз болып саналды. Осылай гимназияда емтиханда талапқа сай жақсы тапсырып, пединституттың студенті болып шыға келдім. Мұғалімдікке осылай келдім. Ұстаздық қызметке деген махаббатым, қызығушылығым 3-4 курс кезінде оянды. Мектептерге практикаға барып жүріп, оқушылармен етене араласып жұмыс істедік. Бәрі қызық. Балалармен жұмыс істеу жаныма жағатынын байқадым. Алдыңа келген бала сенің айтқаныңмен жүріп, дұрыс жолға түсіп жатқанын көргенде ерекше шабыттанасың, қанаттанасың, жұмысқа деген ынтаң артады.
Бала деген қай заманды алып қарамайық, ол – қашанда да бала. Қазір айтып жатады ғой, «қазіргі балалар бұрынғыдай емес» деп, келіспейиін. Баланың жүрегі қай заманда болмасын, таза. Қазір де мектептерге барғанда балалармен сөйлесіп тұрамын. Баламен жұмыс істеу – ең бір таза жұмыс.
Мұғалімдік жолға келу тарихым осындай. Мектепте сабақ бердім, сынып жетекші болдым, алғашқы түлектерім 2000 жылы мектеп бітірді, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да болдым. Балалармен жұмыс істеу маған қызық болғаны сонша, мектепке таңертең кіргеннен кешке дейін жүре беретінмін.
-Беделді мұғалім болғанға ұқсайсыз. Жалпы мұғалімнің қоғамдағы беделі қалай қалыптасады? Бүгінде сынға ілінбейтін сала жоқ, соның ішінде мұғалімдер туралы да түрлі-түрлі әңгімелер айтылады.
-Менің ойымша, әрбір мұғалімнің қоғамдағы беделі алдындағы шәкіртінің берген бағасы арқылы ата-ананың көзқарасымен қалыптасады.
– «Мұғалім мәртебесі туралы Заң» қабылданбай тұрған уақытта да мәртебелі мұғалімдер көп болды. Осы заң қабылдағалы бері не өзгерді? Заң қабылданға дейінгі мұғалім мен қазіргі кездегі мұғалімнің жұмыстарында қандай өзгешелік бар?
–«Мұғалім мәртебесі туралы» заң жоқ уақытта, кәдімгідей мұғалімдерді барлық жұмысқа жегетін. Мысалы, мен сынып жетекшімін бе, бірінші ауысымда жұмыс істесем, маған бірінші сабақты бос «окошка» етіп қояды. Ол кезде ұялы телефон жоқ, қазіргідей чат жоқ, таңертең бірден сыныбыма келіп, бір 45 минуттың ішінде оқушыларымды түгендеп, қай бала жоқ болса, соның үйіне барып біліп келуім, баланың сабаққа келмеу себебін оқу ісі жөніндегі орынбасарға баяндауым керек. Одан қала берсе, «қиын балалардың» үйін аралаймын. Кешкісін «педпотрул» деген болады, солардың жұмысына атсалысамын. Қыркүйектің біріне басталған «педпотрул» жаңа жылға дейін созылады. Әр күні кешкісін көшелер мен саябақтарды аралайтынбыз. Ал, көктемде мамырдың бірінен бастап саябақтар ашыла салысымен «петпотрул» тағы қызметіне кіріседі. Түрлі жағдайлар болады, «мына балаңыз бейуақта көшеде жүр» деп ата-анасына апарсаң, «сол баланы алып кетші, маған керегі жоқ» деп есігінен кіргізбей қоятындарды да көрдік. Амал жоқтан сол балаларды үйге алып кететін де сәттер болып тұратын.
Әкімдіктен біздің мектепке бір күні мынадай қызық тапсырма келді. «Ақыры үй аралап жүрсіңдер ғой, коммуналдық қызметтің қарызын жинаңдар» деген. Мұғалімдерді сенбіліктерге шығару деген өте көп болатын. Қызылордада жер үйлер секторы көп қой, сондай жер үйлердің кей тұрғындары көшеге қоқысын шығарып қояды. Солардан «ақыры қоқыс жиып жатырсыңдар ғой, мынаны да ала кетіңдер» деген сөз де естідік. Осындай кереғар жағдайлар жиналып-жиналып, «Астанаға кетемін» деген ой қалыптасып, ол мақсатыма айнала бастады.
– Осылайша Астанаға жол аштым дейсіз ғой?..
– Иә. Астанаға барып, мамандығымды ауыстырып та көрдім, болмады. Содан өз бетімше ізденіп жүріп министрлікке жұмысқа тұрдым. Бәрібір түбі айналып білім саласына келдім.
- Негізі қай пәннің мұғалімісіз, неге мектептен жұмыс іздемедіңіз, неге министрлікті көздедіңіз?
-Мен дипломдағы мамандығым бойынша қазақ сыныптарына орыс тілінен, орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беретін мұғаліммін. Кейінгі сұрағыңызға да жауап бере кетейін. 2003 жыл еді, орыс сыныптарының оқушыларына сабақ беріп жатқанмын. Басқа қалаға кетем деп жүргенімнен оқушыларда құлақтанып қалған екен. «Астанаға қандай жұмысқа бара жатырсыз» деп сұрады. Абдырап қалдым, мені елордада күтіп тұрған жұмыс та жоқ, қапелімде аузыма «минстрлікте жұмыс істейтін боламын» деген сөз түсті.
Оқушыларым «мұғалімдік сізге ұнамай ма?» деп сұрап жатыр. «Мұғалімдік дейтін сүйікті ісіме бір кездері олигархқа тұрмысқа шыққанда, не өзім олигарх болған кезде ораламын» деп жауап бердім. Одан бері де олигарх бола қоймадым, мектепке оралудың да жөні келе қоймады, дегенмен білім беру саласынан алыстаған жоқпын. Білім және ғылым минстрлігінде білім саласының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлейтін департаментте жұмыс істедім. Білім саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың үш-төртеуін әзірлеуге қатыстым. Сондықтан, өзімді қолымнан келгенше, мемлекеттік қызметте білім саласының дамуына үлес қосып жүрмін деп есептеймін.
ҚҰҚЫҒЫН ПАЙДАЛАНЫП ОТЫРҒАН МҰҒАЛІМДЕР ДЕ БАР, ПАЙДАЛАНА АЛМАЙ ЖҮРГЕНІ ДЕ КӨП
– «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заңға қайта оралайықшы. Осы заңды мұғалімдер өз дәрежесінде пайдалана алып жүр ме?
– «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң туралы айтылғанда Е.К.Сағадиевтің еңбегін айту керек. Мен министрлікте сол кісі министр болған тұста жұмыс істедім. Біз саладағы мәселелерді басшыға уақтында жеткізіп отырдық. Ерлан Кенжеғалұлы өңірлерге іссапармен барғанда мұғалімдермен жиі кездесіп, пікірлесіп жүрді. Осылай түскен шағымдарды саралай отырып, мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы арнайы заң қабылдану керек екені күн тәртібіне қойылды. Министр сол кездегі президент Н.Назарбаевтың алдына барып, арнайы заң қабылдау туралы рұқсат алып келді. Осылай «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң жобасының жұмысы басталып, Жолдауға еніп, іс жүріп кетті.
Мұғалім мәртебесін көтеру ісінде заңның орны ерекше. Мұғалімдермен кездесулерде де, ононимді түсіп жататын хабарламаларда мектеп директорларының жұмысына сын, шағым өте көп айтылады. Шағымданушы өз құқы туралы айтады, бұл дұрыс, бірақ көп жағдайда директордың да құқы барын ескермейді. Шағымданудың да тәртәбі бар. Мектеп директорының да заңмен берілген құқығы бар. Бізге осындай мәлімет түсті екен деп қараптан-қарап, телефоннан шағым түсті деп, барып тексере алмаймыз ғой. Егер, заңды түрде шағым түссе, директорды тәртіпке шақыра аламыз. Хабарласқандарға осылай түсіндіремін. Неге екенін, көптеген мұғалімдер мәселені ононимді түрде шешкісі келеді. Ондай жағдайлар кейде жала болуы да мүмкін.
-Заң мектептегі жөндеу жұмыстарына қалай әсер етіп жатыр. Мұғалімнен, ата-анадан ақша жинайды деген шағымдар әлі де бар.
— Бұл туралы «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заңның 6-шы бабында нақты жазылған. Мұғалім айлық жалақысы есебінен мектептің ішкі жөндеу, әрлеу, безендіру жұмыстарына ақша шығаруға міндетті емес, өзіне жүктелген функционалдық міндеттемелерінен тыс қызметтермен айналысуға да міндетті емес. Егер, тиісті деңгейде жазылған шағым түссе, біз аталған заңның талаптарын орындау туралы ескертпе бере аламыз. Көп жағдайда бұлай бола бермейді. Бәрі сөз жүзінде қалады.
Жалпы заң белгілеп берген құқығын пайдаланып отырған мұғалімдер де бар, сондай-ақ, пайдалана алмай жүргені де көп. Жалпы алғанда бұл заң мұғалімнің мәртебесін көтеруге сеп болды деп сеніммен айтуға болады. Сондай-ақ, №130 бұйрыққа да өзгерістер еніп, біраз қағаз жүзінде берілетін есептердің қатары қысқарды.
Ең басты фактор – мұғалімнің жалақысы өсті. Қаржылық-материалдық жағдай жасау арқылы мұғалімдікке келетін мықты кадрлар қатарын арттыра алдық. Бұл білімді түлектердің мектепке келуіне жол ашты. Жалақы мөлшерінің артуы себеп болып, университеттердегі педагог мамандықтарына түсетін шекті балдың мөлшері жоғарылады. Қазір университеттердің педагог мамандықтарына негізінен мектеп қабырғасында жақсы оқыған балалар келіп жатыр. Кешегі күннің өзінде Шымкент қаласы әкімнің берген гранты тізімінде 5-6 алтын белгі иелері мұғалімдік мамандықты таңдап, олар Шымкенттің 2 университетіне түсіп отыр. Енді осы жастар 3-4 жылда жоғары оқу орнын тәмамдап, мектепке келеді. Міне, сол кезде біз заң аясында жүргізілген жұмыстардың нақты жемісін көреміз. 2019 жылы оқуға түскен үздік оқушыларымыз 2024-25 жылдары дипломын қолына алып, мектептерге келеді. Сол кезде білім саласында үлкен серпіліс болады деп ойлаймын.
«Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң қоғамда, санаға біршама сілкініс әкелді. Қаншама жұмыстар атқарылды. Жемісі алдағы уақытта міндетті түрде көрінеді.
– Жоғарыда бір қойған сұрағымды қайта қояйын деп отырмын. Жалпы, «мұғалімнің мәртебесі» дегеніміз тек заңға ғана байланысты ма? Мысалы, бұл заң шықпай тұрып та біз сыйлайтын ұстаздар қауымы болды ғой.
– Бұл жерде заңнан тыс идеологиялық жұмыстар да жүруі керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде бәрін интернеттен оқып алып, «мен құқығымды қорғау керекпін» деп екіленіп тұратын жартылай білімді азаматтар баршылық. Олар өз құқығы бар да, басқа кісінің дәл сондай құқығы жоқтай таяз ойлайды. Бүгінде аумалы-төкпелі заманда ата-анасы күнкөріс, тамақ табу қамымен кетіп, көшеден өз бетінше тәрбие алған балалар есейіп, ата-ана болып отыр. Олар өздерін әлі де бейсаналы түрде қорғансыз сезінеді. Осыны пайдаланған бір кісілер солардың эгосын қанағаттандыратын «балаңды қорға!» дейтін фәлсапаны үйретіп жатыр. Соны алға ұстап алған ата-ана мұғалім тарапынан айтылған әрбір талапқа кері әрекетпен жауап беріп, «Менің балама неге басқаша қарайсың?», «Неге тиісті бағасын қоймайсың?» деген секілді қасаң ұстанымды алға тартады. Яғни, «бір адамның құқығы басталатын жерде екінші тұлғаның құқығы аяқталады» дейтін қағиданы ұстанып алған. Ал, біздің елдің заңында барлық адамның құқығы бірдей қорғалу керек емес пе? Сондай-ақ, соттың алдында кінәлі деп танылмайынша адамға сыртынан айып тағу жөнсіз тірлік. «Кінәсіздік презумпциясы» деген қағидат жұмыс істеп тұр. Бұл жөнсіздіктің тууына мемлекеттік органдарда әсер етті. Олай дейтінім, мемлекеттік мекемелер қандай да бір тұстан байбалам шыға қалса, қандай жолмен болса да сол шуды басуды көздеді. Соның нәтижесінде, қазір ата-аналар арасында мейлі дұрыс болмаса да бетпақтанатын юолса, сол кісінің мәселесі бірден шешіліп кетеді екен дейтін бұрыс түсінік қалыптасты. Бұл – бір делік.
Екінші бір мәселе, мұғалімнің жоғары жақтан қандай да бір жазбаша емес, ауызша тапсырма түссе де, ол заңсыз болса да, соны «ләппайшылап» орындау. Кейде, басшылық тараптан берілетін нұсқаулықтар да дұрыс болмауы мүмкін. Сол тұста мейлі Шәмшиеваның, мейлі Тәжиеваның, тіпті министрдің қоңырауы болса да заңсыз нәрсені заңсыз тірлік деп айтса ғой деп ойлаймын. Солай болу керек қой? Бізде қалай, білім беру мекемесінің басшысы да, мұғалімдер де жан-жақтан қысым көргеннен кейін тыныш қана айтқанын істей салайын дейді.
Тағы бір мысал, мәселені формальді жаба салу дейтін нәрсе бар. Мысалы, жазғы мезгілде суицид жасаған балалар бойынша ол оқыған білім беру ұйымдарының есебі тыңдалады. Бұл жағдай жазғы каникульдің екінші-үшінші айында орын алуы мүмкін. Сонда әлгі мекемелердің басшыларына жаза қолдану туралы ұсыныс болады. Егер, суицид жасауды болдыртпау мүмкін болып тұрып, оған білім беру ұйымының басшысы тиісті шара қолданбаса, жол берсе, онда оның жауапкершілігін қарауға болады. Демалыста жатқан бала ата-анасымен, не басқа кісімен кикілжіңге барып, ызаланып барып өз-өзіне қол жұмсап жатса, оған білім беру ұйымының жауап бергені қисынға келе ме? Ата-ананың жауапкершілігі қайда сонда? Осындай жағдайларда «Жазала, бәрібір екі-үш айдан кейін ескерту, сөгіс беру жазасын алып тастайсың ғой» деген сөздер де айтылды. Сонда кім-кімді алдап жүр?
Осындай нәрселердің бәрі жиналып, заң бола тұра, мұғалім мәртебесінің тиісті дәрежеге көтерілуіне кедергі болады.
Жалпы, ұстаздың мәртебесі дейтін құндылықтар қоғамда қалыптасуы керек қой. Заң – ол тек тетік қана.
– Ол қандай құндылықтар?
– Ол құндылықтардың қатарына құқықтық сана, өзге адамды өзіңмен тең көру, оның құқығын мойындау, сыйластықпен қарауды жатқызуға болады.
Қазіргі әр сәт сайын өзгеріп отырған заманда біз балаларға тек екі нәрсені ғана бере аламыз. Сарапшылар да осыны айтып жүр. Ол құндылықтар жүйесі мен дағдылар жиынтығы. Ендігі жерде біз бұрынғыдай тек академиялық және теориялық білім берумен шектелмеуіміз керек. Дағдылар жиынтығы дегеніміз, бала да, басқа да ақпаратпен жұмыс істей білу керек, яғни цифрлық құзіреттілік болу керек. Мысалы, біз бүгінде презентация жасай аламыз, мобильді қосымшалармен жұмыс істей аламыз, e-gov порталының қызметіне жүгінеміз. Осының бәрін меңгеру керек. Өкінішке орай, бүгінгі мұғалімдердің кейбірінің осындай цифрлық құзіреттіліктері жоқ болып тұр. Соған қарамастан біз балаларға осындай жұмыстарды, ақпарат іздеу дағдысын үйретуіміз керек. Бар білімді жаңартып отыру үшін де дағдылар жиынтығы керек. Синтез, анализ жасау, кішігірім ғылыми жұмысқа деген қабілеттілік осы жерден басталады. Өйткені, бүкіл әлемнің мойындаған нәрсесі – барлық әлеует білім мен ғылымның жағында. Қазіргі таңда қай елде білімді және ғалым адамдар көп, қай елде білім мен ғылым дамыған, сол елдің болашағы зор.
Қазір «мұнайдан кейінгі кезең» дейтін термин қолданыла бастады. Ертең бүгін табиғаттан алып отырған құндылықтар мен энергия көздері ертең таусылады да, оның орны қайта қалпына келмейді. Осы тұста ғылымның көмегі қажет болады, ғылым дамуы үшін білім сапасы алдыңғы орынға шығады.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА БІРАЗ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР, МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ЖАБДЫҚТАУ ТІРЛІКТЕРІ ШЕШІЛГЕН
– Құндылықтар туралы айттық, бір істі атқаруды көздегенде адамда белгілі бір мүдде, мақсат болады емес пе? Осы лауазымды қызметке келгеніңізге бір жыл толып отыр екен, қызметке келерде не ойлап едіңіз, нені мақсат қылдыңыз? Іске асыратын тірліктерді тізбелеп келген болсаңыз, бүгінде оның қайсысы орындалды?
– Шымкент қаласындағы білім беру саласында біраз инфрақұрылымдық мәселелер, материалдық-техникалық жабдықтау тірліктері біршама шешілген. Бұл тұрғыда менің алдымда қызмет етіп кеткен азаматтардың еңбегін атап өтпей болмайды. Тіпті, қала шетіндегі мектептерді барсаңыз, дабыл түймесі, турникеттер, скуд жүйесі, одан бөлек әр мектепте информатика кабинеті, үлкен тақталар, смарт-норттар секілді жабдықтар бар. Ендігі мақсат, білім беру жүйесінің сапа жағын дамыту керек.
Қазіргі таңда қаладағы мұғалімдердің сапалық құрамы – 76%. Мұғалімдердің сапалық құрамына ұстаздардың шебер, сарапшы, зерттеуші дейтін біліктілігі бар мұғалімдер, оған қоса ескі жүйемен жоғары және бірінші санатты мұғалімдер жатады. Осы санаттарға қол жеткізу үшін мұғалімдер белгілі бір іріктеулерден өтіп, өзінің кәсіби жетістігін және оның сабақ беретін пән бойынша оқушыларының алған жетістіктерін жинайды. Және жазған ғылыми жұмыстары, әзірлеген оқу-әдістемелік кешені, оқулықтары жинақталып, кәсіби жетістігін айғақтайтын құжат жинақталады.
Сол құжаттар бойынша бұл көрсеткіш бүгінде қала бойынша 76 пайыз дедік. Ал, бізде білім сапасы 56%. Осы жерде «Егер, мұғалімдердің сапалық көрсеткіші жоғары болса, білім сапасының көрсеткіші неге төмен? Көрсеткіштердің арасы соншалық алыс болмауы керек емес пе?» деген заңды сауал туындайды. Бірақ бұл жерде білім сапасының көрсеткіші төмен болуына түрлі факторлар әсер етуі мүмкін.
Соның бір мысалын айтайын. Өткенде Алматы қаласынан ғылыммен айналысатын әріптестерім келді, сонда олар бір қызық кейсті айтып берді. Атырау облысында BINOM мектебі секілді жеке меншік мектеп ашылған.Білім ордасының барлық метериалдық-техникалық базасына сын жоқ, оған қоса мұғалімдер құрамы ең мықты деген педагогтардан іріктелген. Соған қарамастан бір жыл өтеді, екі жыл өтеді, мектепте білім сапасы жақсармайды, оқушылар олимпиадалардан нәтиже көрсетпейді. Тиісті адамдар жағдайға анықтық енгізу үшін тәуелсіз сарапшыларды шақырып, зерттеу жүргізеді. Қорытынды шыққан кезде мектептегі балалардың басым көпшілігінің дамуында физиологиялық тұрғыда тежеу бары анықталады. Яғни, балалардың когнитивтік қабілеті дамымаған. Ендеше, ол жерде қандай сапалы білім болуы мүмкін? Оқып жатқан баланың біразының физикалық тұрғыдан білімді сіңіруге мүмкіндігі болмай тұр. Бұл – бір себеп. Бізде де сондай әсер болуы мүмкін. Өйткені, біздегі білім беру саласының қызметінде шын мәнінде диагностикалық сараптау ісі жолға қойылмаған ғой.
Екінші себеп, бала өзінің ортасында аз нәрсені қанағат тұтып, төмен белсенділікті қалыпты нәрсе санауы да мүмкін. Сондай бір мысалды өзімнің өмірімнен-ақ келтірейін. Мен Қызылорданың Шаңқай деген криминальділеу ауданында өстім. Ол аудан үшін үлкен-кіші кісіге «сен» деп сөйлеу қалыпты нәрсе. Осы ортада өскен мен университетке түсткеннен кейін жасы үлкен профессорлардың жаңадан ғана ауылдан келген студент ұл-қыздарға «сіз» деп сөйлеп жатуын басында қабылдамадым, ерсі көрінді. Адамдар арасындағы қатынас пен психологиялық білімді бойға сіңіргеннен кейін барып қана мен «сіз» деп сөйлеудің мәнін ұқтым. Көрдіңіз бе, адам қандай ортада өссе, сол ортаның әдеп-дағдысын қалыпты нәрсе деп қабылдайды.
Тереңге үңілсек, біздің халық арақатынас, аралас-құраластықты тек орыстар әкелген мәдениет, әдептен ғана үйренген жоқ қой. Өткенде интернет бетінен оқып қалдым, бұрынғы ата-бабаларымыз үйге сырттан келген қонақ үйдегі әйелдің қолындағы білезік, сақиналарына қарап-ақ, қанша ұл-қызы, қыздарының барын, оның қаншасы тұрмыста, қаншасына құда түсіп қойған, неше қызы атастырылмағанын бағамдай береді екен. Қандай әдемі, иә? Қолдағы әшекей сөзсіз-ақ бір үйдің бар тұрмыс-салтын айғақтап тұр.
Менің айтпағым, бір мектеп болсын, өңір не аудан болсын, тіпті қоғам болсын делік, сол ортада білімді құнды нәрсе деп санамау қалыпты нәрсе болуы мүмкін. Бұл пікірімнің өзекті екеніне көзімді жеткізген тағы мысалды тілге тиек ете кетейін. Алғаш Шымкент қаласына білім бақылау департаментіне басшы болып келген 2021 жылы біздің мекеме ҰБТ-ға бақылаушы болып қатысты. Өзім де бақылаушы болдым. Сонда бір қыз бала өзінің жеке құжатын ұмытып кетіп, тестке кіре алмай жүрді. Ал, ҰБТ-ға тек құжатпен ғана кіргізіледі. Сонда әлгі жап-жас қыз бала маған келіп, құжатын ұмытып кеткенін, ақшамен келісу арқылы тестке кіргізу туралы ұсыныс жасады. Анау қыз дөрекі, тәрбие көрмеген қыз деп айта алмаймын. Өте ибалы, қазақтың әп-әдемі қызы. Және, менің қасыма келіп әлгі сөзін «сағатыңыз қанша болды?» дегендей еш қымсынбай сұрап тұр. Көрдіңіз бе? Бұл қоғамда қалыптасқан қалыпты норма екенінен хабар береді емес пе?. Егер, бір мектепте оқысаң да оқымасаң да барлығын ақша шешеді дейтін түсінік басты орында болса, онда ол түсінік сол мектептегі оқушылардың білім сапасына әсер етпей тұрмайды.
Міне, менің айтпағым осы. Оқушылардың білім сапасына осындай факторлар әсер етуі мүмкін. Екі көрсеткіштің арасында ауытқу осындай нәрселерден пайда болуы мүмкін. Әрине, оны арнайы диагностикалық сараптама секілді қызметтер анықтайды. Қазірге ондай сараптау жұмыстары біздің қалада атқарылған жоқ. Негізі мұғалімнің сапасы мықты болса, баланың біліміне материалдық жағдай айтарлықтай әсер ете қоймайды.
– Осы қызметте отырып-ақ, сабақ беру мүмкіндігі туа қалса, қайта мектепке барып жұмыс істер ме едіңіз?
– Маған оқытушылық қызмет қызық. Ұнайды. Иә, әлі де мектепке барып, балаға сабақ үйретуден қашпаймын. Басқармаға басшы болып келгелі, бұрын білім бақылау департаментінде жүргенде де мұғалімдер тапсырып жүрген тестерді мен де тапсырып көрсем деген ойым болған. Өйткені мен мектепте осыдан 20 жыл бұрын сабақ бердім. Әрине, ол кездегі мектеп пен қазіргі мектептің арасы жер мен көктей. Оқытуы, тәсілдері, әдістеме, білім мазмұны, барлығы өзгерген. Осының бәрін өзімнің бойымнан өткеріп көргім келеді. Тікелей қатысушы ретінде көрейін, одан кейін мүмкін зерттеу жұмысын жазармын, мүмкін, оқу-әдістемелік құрал жасармын. Шынымды айтайын, халықпен етене жұмыс істегесін қазіргі жүйенің олқылықтарын көріп отырмын. Осыны түзету үшін министрлікке ұсыныс беру мүмкіндігім бар. Ол үшін, әрине, білгенді, көргенді практикалық жұмыстармен ұштастыру маңызды тірлік. Оқу-тәрбие ісіне кіріссем, мүмкін ол жақтан да мазмұнды жағынан бір ұсыныс бере алатын шығармын.
Негізі өзіме, білім беру, оқытушылық жұмыстары жаныма жақын, ұнайды. Мүмкін, кейін мұғалімдік жұмысты қолға алармын деп ойлаймын.
СЫН ЖАҒЫНАН ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ
– Сынды қалай қабылдайсыз? Осы орынға келгелі өте көп сын айтылды.
– Сын жағынан Шымкент қаласына алғысым шексіз. Шын мәнінде алғыс айтамын.
Қай адам өзін жаманмын дейді? Барлық адам өзінің жақсы екеніне сенімді. Саған қызмет үсынды екен, өзіңді соған лайықтымын деп ойлайсың. Алғашқы кезде «неге сынай береді?», «бала-шағамның қажеттілігіне құлақ аспай осында күні-түні қызмет етіп жүрмін ғой» деген секілді пендешілік өкпе-наз болды. Кейін сараптай келе, жұртқа керегі нәтиже екенін ұғындым. Мәселен, қаланың тұрғындары үшін сенің не істеп жатқаның, мәселені шешудегі тетіктерді қарастыруың, іскерлік қарым-қатынастарың, қаржың жеткілікті ме, тағы қандай қиындықтар бар, ол жағы қызық емес. Бастысы – нәтиже. Нәтиже күтеді. Сен басшысың ба, онда жұмысты ұйымдастырып, жүргізіп бер. Болды.
Сондықтан, қазір сынды қабылдауым 50/50, енді үйреніп келе жатырмын десем, болады. Бұл – шыным.
– Пайдасы бар ғой, иә?
– Әрине, пайдасы бар.
Егер сындарлы, шынайы сын болса, оның пайдасы зор. Оған қоса, қоғам болғасын әйтеуір бір бәлеқорлықпен сөйлеп қалсам, нұқып қалсам деген ниеттегілер де болмай тұрмайтыны тағы бар. Тіпті, кейде бетпақтанып, өзінің бір өтінішін орындатқызып алуды көздейтіндер де болады.
Өзім осының қай-қайсысы болса қайырлы деп қараймын. Өйткені, қайсысы болса да сен басшылық ететін саланың бір мәселесін тауып келіп айтып отыр ғой. Сондай мәселе барын ол келіп айтпаса, білмеуің де мүмкін еді. Ол сенің емес, министрліктің бекіткен құжатынан туып тұрған мәселе болса да мәселе барын ұғындырады. Бастысы – сол. Ал, ол сынды не мақсатпен айтып жатыр деген сауал, ол – енді екінші мәселе. Сондықтан, сынның пайдасы үлкен.
– Өзіңіз үшін мұғалім бақыты деген не?
– Баламен жұмыс істеудің өзі бір бақыт. Мысалы, менің тәжірибемде, қолайсыз отбасылардан шыққан балалардың тура жолға түсіп кетіп, бүкіл отбасының түзелуіне, материалдық жағдайының, адами тұрғыдан, рухани жағынан көшке ілесіп, жақсы отбасына айналуына куә болдық.
Өзің білім үйреткен баланың нағыз жақсы азамат болып шыққанын көзіңмен көру – мұғалім бақыты дегеніміз сол деп ойлаймын. Ол жерде тек өзің берген пәннен алған білімділігі ғана емес, әр пән мұғалімі баламен жұмыс істегенде бәрібір ісімен, сөзімен балаға ықпал етеді. Міне, осы мәдени ықпалы арқылы баланы алға сүйрей алса, ұстаз бақыты сол.
– Сізді Ұстаздар мерекесінде кім бірінші құттықтайды?
– Мені ұстаз деп танитын оқушыларым құттықтайды. Ең бірінші болып әкем құттықтайды. Әкем «Нұргүл Ақылбекқызы, сізді Ұстаздар күнімен құттықтаймыз» деп анам екеуі қосыла құттықтайды. Бауырларым, оқушыларым, әріптестерім жалғап әкетеді. Құттықтайтын кісілердің қатары көп. Осы мереке өзімнің мұғалім екенімді ұдайы еске салып тұрады. Ұмытпаймын, ұмыттырмайды.
– Ұстаздарға қандай тілек айтасыз?
– Ұстаздарға айтар тілегім, адамның бойында бірінші кезекте денсаулық пен ішкі үйлесім болуы керек. Жан тыныштығы, жүрек тыныштығы. Ұстаздардың жұмысына осыны тілеймін.
Өйткені, ұстаздық ете жүріп, оған қоса үйдегі материалдық қандай да бір мәселені шешу жағын қосарлайтын болсаң, басқаның баласына мейіріммен, түсіністікпен қарап, тәрбие, құндылық туралы әңгіме айту қиын. Сондықтан, ұстаздар қауымына тілерім, бірінші кезектегі қажеттіліктері өтелген, жұмысына қуанып барып, қуанып қайтатын, шабыттандыратын шәкірттері көп болсын, орасан еңбектерін бағалай білетін көреген басшылары көбейсін деймін.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Тағы да мерекеңіз құтты болсын! Ізіңізді басатын ілімді де білімді, тәрбиелі шәкірттеріңіз ере бергей!
Әңгімені жазып алған: Сейдалы ДҮЙСЕБАЕВ
Leave a Reply