ДҮНИЕТАНУ   КӨКШЕ БАЙЛЫҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

XIX ғасырда қазақ даласы туралы жазған Л.Мейердің еңбегінде 1847 жылы Сыр қазақтарының бау-бақша өсіргендігі, әсіресе терек, тұт ағаштарынан басқа өрік, алқоры, жүзім тәрізді ағаштардың жақсы өсірілгендігі туралы айтылады.

Бақшалық өсірілетін жерде ауыспалы егіс тәсілі қолданылады. Бірінші жылы бақшалық өсімдіктері өсірілген жерге екінші және үшінші жылдары бидай мен арпа, төртінші жылы қайтадан бақша өсімдіктері өсіріледі. Көкөністердің алуан түрі өсірілетін бақшалықта әрбір бақша өсімдігінің тұқымдары да сараланып егіледі. Жетісу мен Сырдария өңірінің тұрғындары бау-бақша өсіруді ертеден-ақ меңгерген. Бақша дақылдарын өсіру ісі жақсы дамыған Сыр өңірінде қауынның күләбі, қант қауын, әміре, әңгелек, қара қауын, анар, тұрмалы, ақұрық, көкше сияқты түрлері өсірілген. Қарбыздың үлкендеу қара күңгірт түрі мен қабығы қалың, көлемі аса үлкен болмайтын теңбіл қабықты түрі өсірілген. Бақша өнімдерін әрбір көкөністі тұтыну ерекшелігіне қарай көктей, шикідей, қайнатылған немесе тұздалған, кептірілген түрде пайдалана береді. Мысалы, қауыннан қауынқақ, қауынбал, қауынқұрт деп аталатын өңделген тағам түрлері дайындалады.

Бізге жеткен мәліметтерде отырықшы, дәстүрлі ортада жатақ аталатын қазақтардың жаз мезгілінде тұтынатын негізгі тағамы бақша дақылдары болғандығы айтылады. Жазда тағамға молынан пайдаланылатын бақша дақылдарын қазақтар көкше байлық деп атаған. «Көкше байлық үш айлық, үш айдан содан шошайдық» деген сөз. Бақша өнімдерінің мезгілдік тағам екендігін тұспалдайды. Кейінгі дәуірлерде бау-бақша өсіру ісі кәсіпке айналып, кең ауқымда дами бастады. Отырықшы болған қазақ шаруалары өздері өндірген бау-бақшалық өнімдерін жайылым қуып, мал бағатын ағайындарының малына айырбастап, нәпақаларын айырып отырған.

Қазақстанның табиғаты өте бай, бір-біріне ұқсамайтын алуан түрлі жануарлар мен өсімдіктерге толы. Кең байтақ жеріміздің қай өңіріне барсақ та, көздің жауын алатын, сол өлкеге тән ерекше флора әлемін көруге болады. Өсімдіктер «өмірін» зерттеушілер қазіргі таңда Қазақстан аумағында ағаштың 68, бұтасын өсімдіктердің 266,  көпжылдық өсімдіктердің 2 598, біржылдық өсімдіктердің 849 түрі кездесетінін айтуда.  Будандастыру үрдісінің пайда болуынан бастап жыл санап өсімдіктердің түрлері мен түстері артып келеді. Мәселен, бір ғана шырайгүлдің 15-тен 40-қа жуық, ал астраның 200-ден 500-ге жуық түрі кездеседі екен.

Бау-бақша тақырыбында оқушылармен өткен Ашық сабақ барысында бұл туралы оқушыларға толыққанды ақпарат жинап ұсындым. Жасыл желектің артықшылығын оқушыларға көрсету мақсатында өсімдіктер әлемімен арнайы жұмыс істедік. Бұл балаларға табиғаттың біздің өмірімізде қаншалықты маңызды рөл атқаратынын ұғындырды.

Оразова Айнур Лесбековна

Шымкент қаласы білім  басқармасы «Қосалқы мектеп-интернаты» КММ    дефектолог маманы

Суретте 6 А сынып оқушылары

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика