Өткен аптада Қазақстанның тарих ғылымында әжептеуір сенсациялық жаңалық жарияланды. Ұлттық музейдің баспасөз хатшылығына жаңадан барған Мадина Сабыр қарындасымыз сүйінші сұрай бөліскен ақжолтай хабарды фейсбук желісін пайдаланушылар бір-бірінен көшіре бөлісті. Түрлі басылымдар да жағымды жаңалықты жеткізу үшін қайнар басынан ақпарат таратуға асықты.
Бұл жаңалық – Тұттыбұлақ үңгірін мекен еткен табылған жәдігерлердің 48 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдарға телінгені жайлы хабар. Бұл хабар жетісімен тарих және өлкетану саласына қызығатын оқырманды елең еткізгені рас. Осынау жаңалық шыққан Тұттыбұлақ үңгірін көзбен көріп, археолог мамандардың сөзін тыңдауға асығып едік. Соның реті бүгін келді. Сонымен, сөз кезегін тиісті сала мамандарына берейік.
Жәкен ТАЙМАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Ұлттық ғылыми академияның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, археолог:
«…ТЕРЕҢДЕТЕ ҚАЗЫП ЖАТЫРМЫЗ, ТАҒЫ ОДАН ДА БҰРЫНҒЫ КЕЗЕҢГЕ ЖОЛЫҒАМЫЗ ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ»
– Жәкен аға, Тұттыбұлақ үңгірінде қазба жұмысын қалай бастадыңыздар? Тапқан жаңалықтарыңыз жайлы айтыңызшы.
– Біз қазір осы Тұттыбұлақ үңгірін Германияның Тюбинген университетінің ғалымдарымен бірлесіп зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар, тобымызда елімізден басқа Испания, АҚШ, Грекия, Румыния секілді елдердің өкілдері бар.
Бұл үңгірді 1959 жылы Х.Алпысбаев тапқан. Бірақ, ол кісі жалғыз болған соң, үңгір ішін зерттей алмады. Дегенмен, аты тарихта қалды. Ал, 2017 жылы осы үңгірде жұмысты алғаш бастаған Ә.Марғүлан атындағы археология институтының С.Горячев бастаған тобы болды. Алғашқыда бұл үңгірдің табиғи топырақ қабаты 1-1,5 метр шамасында болса, ол топ сол қабатты қазып алып, сыртқа төккен, ортағасырларға жататын мәдени қабатынан құмыра сынықтары секілді жәдігерлер тапқан. Одан тыс, мыс қорытқан белгілер, темір дәуірі мен қола дәуіріне жататын заттар анықталған. Содан соң біздің топ келіп, 2017 жылы тас дәуіріне жататын 2 жәдігер тапқан едік. Ол жоңқа және қырғыш дейтін заттар. Содан кейін археология институтымен меморандумға келіп, бірге зерттеуді бастадық. Олар өздері зерттейтін ортағасырлық дәуірлерге тиесілі мәдени қабатын аршып кетеді, одан кейінгі кезекте бізге тапсырылып, тереңдей түсеміз. Биыл осы жерде жұмыс бастағанымызға он шақты күннің жүзі болды.
Жақында ең сүйіндірген хабар келді. Былтырғы осы жерден табылған қырғыш бар, тастың жоңқасы бар, ошақ орнынан табылған күл қалдықтарысекілді заттардан 48 мың жыл бұрын үңгірде адамдар өмір сүргені белгілі болып, ғылыми лаборатория бізге дәлелдеп беріп отыр. Біздің ойымызша, ол 48 мың жыл бұрын бұл жерде адам өмір сүрді деген датировка әлі толық емес, әлі де тереңдете қазып жатырмыз, тағы одан да бұрынғы кезеңге жолығамыз деп үміттенеміз. Оған себеп те жоқ емес, кеше ғана осы жерден жаңадан тас жоңқалары және адамның тісі табылды. Біздің ойымызша, ол адам тісі сөз еткен 48 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның тісі болар деп шамалап отырмыз. Енді сол заманғы адамдардың қаңқасы табылса деп үміт артып қоямыз. Өйткені, тас дәуірінде қайтыс болған адамдарды жыртқыш аң-құсқа жем болмас үшін өздері мекен еткен үңгірлерге үлкен тастармен бастырып жерлей берген.
Қазіргі таңда, осы Тұттыбұлақ үңгірі – Қазақстандағы датасы бар жалғыз үңгір. Оның датировкасы 48 мың жыл бұрын адам өмір сүрді деп отырмыз. Бұған дейінгі айтылып келген сондай датировка қойылған Қараүңгір (Түлкібас ауданы) болса жаңа тас (мезолит) дәуіріне жататын жәдігерлер кездескен, ол 7 мың жыл бұрын ғана еді. Салыстырып көріңіз.
Тағы бір айта кететін нәрсе, Түркістан және Жамбыл облысына қарасты осы Қаратау жотасының екі жағын зерттеп шықтық, жаңадан 85 үңгір таптық. Оның бәрін зерттеуге біздің шамамыз жетпейді. Дегенмен, Бразилиядан ғалымдарды шақырттық, олардың қолында 5 метр тереңдікке дейінгі қабатты сканерлейтін құрылғы бар. Үңгірлерді алдын ала қарап беріп, уақыт пен артық қазба жұмыстарын үнемдеуге көмектеспек. Осылайша он шақты үңгірді зерттеп көрдік. Соның ішінде Түркістан облысының Созақ ауданында Үшбас деген үңгір бар, сол жерден жоғарғы және кейінгі тас дәуірлеріне жататын жәдігерлер кездесті.
– Қазіргі жұмыс нәтижелеріңіз қандай? Нендей жаңалыққа кезіктіңіздер?
– Қазір Тұттыбұлақ үңгірінен қазылған топырақтың мәдени қабатын зерттеп жатырмыз. Осы арадан алдағы уақытта Қазақстан бойынша осы салада бұрын-соңды болмаған өте қызық жайтқа кезігіп қаламыз деп үміттіміз. Қазірдің өзінде адам тісі табылды, оның өзін сенсация деп атауға болады. Өйткені, бұған дейінгі Шаян өзені жағасынан табылған. Ш.Уалиханов атындағы тұрақтың 5 мәдени қабаты бары үлкен сенсацияға баланған. Ал мына үңгір болса, одан бір де кем емес. Қазба жұмыстары өте ұқыптылықпен жүреді, күректеп емес, пышақтың жүзімен ғана қазылып жатыр. Топырақты лабораторияның анализіне жібереміз, сол дәлелдеп береді.
Табылған адам тісі қазір лабораторияға тапсырылған. Оның анализін анықтауға шамамен 1 жылдай уақыт керек. Тас дәуірінде өмір сүрген қандай адамдар тобына жататынын палеоантропологтар айтады. Мысалы, хомосапиенс пе, әлде неандерталь адамы ма, оның жасы секілді белгілерін сол мамандар нақтылайды. Тас құралдарының кедір-бұдыр құрылымына қарай қай дәуірге жататынын зерттейтін мамандар бар. Осында жұмыс істеп жатқан 2 жас маман шілденің 19 күні Германияның Тюбинген университетінде докторлық диссертация қорғағалы отыр. Одан кейін, Қазақстандағы үңгірлер туралы кітап-жинақ шығарғалы отырмыз. Содан кейін осы үңгірден табылған жәдігерлер музейден орын табады.
Алдағы 3-4 күннен кейін Өгем тау жотасындағы бірнеше үңгірді қараймыз деген мақсатымыз бар. Мен 1997 жылы Қазақ-Ресей экспедициясын басқарып, сол өңірден қызықты үңгірлер тапқанбыз. Ал, қазіргі экспедиция мүшелері 14-шілдеде қайтады. Өйткені, қорғайтын диссертациясы бар. Тамыз айында қайтып келсе, қазба жұмыстарын қайта бастаймыз деп отырмыз. Осы үңгір, немесе басқа үңгірлердің бірінде болатын шығармыз.
– Осы үңгірді қазбас бұрын алдын-ала бір жоспар, не осы үңгірден жәдігер табылып қалады деген қандай да бір мәліметтеріңіз бар ма еді?
– Қай үңгір болмасын, жұмыс бастарда қандай да бір қызықты жәдігер тауып қаламыз ба деген үмітпен бастаймыз. Мысалы, менің ғылыми жетекшім академик А.П.Окладников 1930 жылы Өзбекстанның Сұрқандария жағындағы Байсынтауда есекке мініп тауға шығады да, Тешик-Таш үңгіріне кіріп кездейсоқ неандерталь баланың сүйек қаңқасы табылған. Ондай бүтін күйінде табылған неандерталь адамының сүйегі ТМД көлемінде әлі жолыққан жоқ. Тек, тістер, түрлі сүйек сынықтары ғана. Қазақстанда тек Қараүңгірде (Түлкібас ауданы) ғана 7 мың жыл бұрын моншақ ретінде тағылған тіс табылған.
Ал, Тұттыбұлақ үңгірінен табылған тістің иесі осы жерден жолыққан тас құралдарын пайдаланған, жасаған адамдікі деп отырмыз. Тағы айта кететін нәрсе, бірнеше жыл бұрын Ә.Марғұлан атындағы археология институтының мамандары осы арадан тас астына бастырылып жатқан адамның жақ сүйегін тапқан. Қазіргі таңда ол жақ сүйегіне археологиялық сараптама жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта ол сүйектің экспертизасы шығып, тас дәуіріне жататыны нақтыланады деген үміттеміз.
– Алда тағы да қай үңгірлерді зерттемек мақсаттарыңыз бар?
– Біз Түлкібастағы Қараүңгірді толық зерттедік деп айта аламыз. Зерттеу жұмыстарымыз жайлы 1993 жылы кітап жарық көрді. Қазір Тұттыбұлақ үңгірін зерттесек, алда бірнеше үңгірді зерттейміз деп мақсат етіп отырмыз. Мысалы, Бәйдібек ауданында Жетіотау, Қызүңгір дейтін секілді үңгірлер бар.
Ендігі мақсат, Өгемдегі, не Сайрамсу бойындағы бір үңгірді зерттейміз бе деген ой. Осы 3-4 күннің белгілі болып қалады. Түркістан облысында, Шымкент қаласының айналасынан ұзамаймыз.
– Тас дәуірінің заттары тек үңгірлерден табыла ма? Үңгірлерден басқа қандай нысандарда жұмыс атқарасыздар?
– Біздің топ археология саласының тек тас дәуіріне жататын мезгілін зерттейді. Ол дегеніміз 7 мың жылдықтан ары қарайғы тереңдеп кете беретін кезеңдер. Ондай тас дәуірлерінің жәдігерлері негізінен үңгірлерде жақсы сақталады.
Дегенмен, тек үңгірлер ғана емес, тұрақ-мекендерді де қамтимыз. Мысалы, Кентау қаласының маңында Шоқтас, Қосқорған деген тұрақтар бар. Тоғыз метр тереңдіктен табылған жәдігерлер, мүйізтұмсықтың сүйегі, түйеқұс жұмыртқасының қабығы секілді заттар шықты. Лаборатория дәлелдегендей, ол жәдігерлер 510 мың жыл бұрынғы кезеңге жатады.
Абай НӘМЕН, Тюбинген университетінің (Германия) докторанты:
«КҮЛ ҚАЛДЫҚТАРЫ ҮҢГІРДЕ АДАМ МЕКЕНДЕГЕН УАҚЫТТЫ АНЫҚТАУҒА СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ»
– Мен өзім Алматы облысының тумасымын. Қазір Германиядағы Тюбинген университетінде докторантура оқып жүрмін. Алдағы 2 аптадан кейін докторлық диссертациямды қорғаймын. Тақырыбым – алғашқы адамдардың тас құралдары, шикізаты, тас құралдар жасағанда қандай әсері бар, технологиясы мен типологиясы дейтін тақырып.
Қазір осы Тұттыбұлақ үңгірінде қазба жұмыстарын атқарып жүрмін. Мұнда алғашқы адамдардың тас құралдары, жабайы аңдардың сүйектер шығып жатыр. одан басқа микрофауна, макрофаунаның сүйектері, күл қалдықтары шығады. Өткен жылы ачеп, пластина, қығыш тастар секілді тас құралдар, аюдың азу тісі шықты. Мұнда сол дәуірлерде от жаққан, күл және көмір қалдықтары бар. Күл қалдығын жинау себебіміз, ол – осы үңгірде адам мекендеген уақытты нақты анықтауға септігін тигізеді. Былтыр сондай күл қалдығынан 48 мың жыл бұрын Тұттыбұлақ үңгірін адам мекен еткені туралы хронологиялық дата келді. Осы жолы тағы біршама күл қалдығын алдық, оны да лабораторияға жібереміз, нәтижесі 1 жыл ішінде белгілі болады. ол лаборатория Германиядағы Манхайм (Мангейм) қаласында орналасқан.
Алда қорғайтын докторлық диссертациям осы Тұттыбұлақ үңгірінен жинаған мәліметтермен тығыз байналысты.
Бақыт ҚЫРҒЫЗАЛИЕВ, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:
«ХАТ КЕЛСЕ, ЗАҢ ШЕҢБЕРІНДЕ ШАЛГБАУМДЫ АЛАМЫЗ»
– Бәйдібек ауданында жалпы туристік маңызы бар 6 нысан есепте тұр. олар, Бәйдібек ата, Қос ана, Домалақ ана, Көз ата кесенелері, Ақмешіт үңгірі және Аппақ ишан сәулет кешені. Ж.Таймағамбетов бастаған археологтар Тұттыбұлақ үңгірін толық зерттеп-зерделеп болғаннан кейін туристік маңызға ие болады деп ойлаймын. Ол жағы уақыттың еншісінде.
Бұл үңгірге туристер келіп-кетіп жатқаны туралы нақты мәліметіміз жоқ. Дегенмен, қазба жұмыстары біткеннен кейін туристік маршруттың бір тармағы ретінде қарастырып, республика деңгейінде ансихаттауды қолға алу ойда бар.
Аудандағы барлық 6 нысан да табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік нысан емес. Бірақ, танымдық туристік бағыт ретінде тіркеліп тұр. Сондықтан, олардан нендей табыс тауып жатқаны жайлы мәлімет жоқ.
Жаңа ғана «Сырдария-Түркістан» табиғи паркінің қызметкерлері табиғи парк аумағына келетін жол бойына бір шаруа қожалығы шлагбаум орнатып алғаны, шлагбаумнан өткені үшін әр туристен белгілі мөлшерде қаржы алатыны жайлы айтты. Соны тоқтату үшін бізге ресми хат жолдайтын болды. Сол хат келсе, заң шеңберінде шалгбаумды аламыз. Ол алынады. Шлагбаум заңсыз қойылған.
Мұрат ӘЙТІМБЕТОВ, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары:
«ТҰТТЫБҰЛАҚ ҮҢГІРІН ТУРИСТІК МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУ ЖАҒЫ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН»
– «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің 3 филиалы бар. Соның бірі «Боралдай» филиалы аумағы 33 мыңға жуық гектар Қаратаудың Боралдай тауы сілемдерінен тұрады. Мұнда 25 мемлекеттік инспекторлар қызмет атқарады. Олардың міндетіне ерекше қорғалатын табиғи аумақты күзету, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің өсімін молайту, қарау, сонымен қоса, соңғы кездері ғылым дамыту және туристік-рекреациялық мақсаттағы учаскелер мен соқпақтарға қызмет көрсету, табиғаты мен оның ерекшелігі, табиғи нысандарды таныстыру секілді қызметтер кіреді.
Тұттыбұлақ үңгірінде тек биыл емес, біздің парк 2012 жылы құрылса, сол 2012 жылдан бері әр-түрлі ғылыми институттардың ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Былтырғы жылы Ресей ғалымдары, Ұлттық музей, Ә,Марғұлан атындағы археология институты секілді мекемелердің ғылыми қызметкерлері қазба жұмысын жүргізген. Мұнда тас дәуірінен бастап, қола дәуіріне дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Біздің паркте Тұттыбұлақ сарқырамасына бағытталған туристік соқпақ бар. Бұл үңгір сол соқпақтың бойында орналасқан, үңгірді туристік мақсатта пайдалану қарастырылған. Осы соқпақты пайдаланушы туристерге танымдық мақсатта қоса таныстыру жағы ұсынылады. Енді гидтеріміз, мемлекеттік инспекторларымызға Тұттыбұлақ үңгірінен табылған соңғы жаңалықтар жайлы қосымша семинарлар өткізіп, біліктілігін көтеріп, туристік соқпақ пайдаланушыларға танымдық қысқаша мағлұматпен қызмет көрсететін боламыз.
Туристерді, саяхаттауды ұнататын кісілерді парктің аумағына келіңіздер, көріңіздер, саяхаттаңыздар деймін. Шақырамын.
P.S.: Осылайша жұртты селт еткен жаңалықты жақыннан білдік, көзбен көрдік, мамандардың сөзін естідік. Бұған дейін газет оқырмандары білер, Қараүңгір тұрағын таныстырып едік қой, енді сол дәуірден де ерте кезеңге жататын жаңа тұрақпен таныстық. Қазақстан тарихы тағы бір ғажап жаңалықпен толықты. Қуандық. Алда осындай нысандарды кеңінен насихаттай отырып, туристерге көрсете алу ісі тұр. Бар дүниемізді өз деңгейінде көрсете алсақ қой, шіркін!
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Түркістан-Бәйдібек-Шымкент
Leave a Reply