«Таланттың» талантты оқушысы

Айсұлтан оқитын мектеп туралы там-тұм ақпарат.

Шымкент қаласындағы №1 Талант жалпы білім беру мектебі – бүгінде үздіктер ұстаханасына айналған шаңырақ. Мекеме өз жұмысын 2022 жылы бастаған. Осы алғашқы оқу жылында-ақ мектепке қабылданған 1000-ға жуық баланың 300-ден астамы жылды үздік тәмамдап, 100-ден астам оқушы қалалық білім бәйгелерінде көзге түссе, 80-ге жуығы республикалық және халықаралық бәйгелерде жеңімпаз атанып үлгерді. Сондай-ақ 5 бірдей оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, бітірушілердің 75 пайызы мемлекеттік грантқа іліккен. Ал 3 оқушы шетелдің озық үлгідегі оқу орындарына қабылданды. Нәтижесінде 2022-2023 оқу жылында аталған білім ордасы «ең үздік жекеменшік мектеп» атанды.

2023-2024 оқу жылында «Таланттың» оқушылары 70-тен астам қалалық, 40-тан астам республикалық жобаларда топ жарды. Басшысы Рахат Арғынбай бастаған мектеп ұжымы Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен сайыстарда жеңімпаз атанып, 7 рет қала намысын қорғау мүмкіндігін алып отыр. Ал Атырау қаласында өткен республикалық білім бәйгесінде №1 «Талант» ұжымы 8000 мектептің арасынан жеңімпаз атанып, Қазақстанның чемпионы атанды. Білім мекемесі оқу жылы басталғалы 4 республикалық, 8 қалалық іс-шара өткізді.  

 

Айсұлтан Құдайберген осы мектептің 6 «А» сынып оқушысы. Сынып жетекшісі – Сұлтан Жорабек. Жақында Айсұлтан «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» атты оқушылар мен студенттерге және жас ғалымдар мен жас зерттеушілерге арналған ХІІ республикалық ғылыми-тәжірибелік конферециядан І орын алып, арнайы дипломмен марапатталды. Оның мұндай жетістікке жетуіне ұстазы Айнұр Алиева да зор үлесін қосты.

Бұл Айсұлтанның алғашқы жеңісі емес. Талапты бал осыған дейін де түрлі жобаларда бақ сынап, алғашқы орындарды иеленіп келеді. «Ақылдым» журналы №1 «Талант» мектебіне арнайы барып, мектептің үздік оқушысы Айсұлтанға бірнеше сауал қойған еді.

– Айсұлтан, болашақта кім болғың келеді?

– Болашақта мұғалім болуды армандаймын. Шетелде білім алсам деймін. Білімді болсам еліміздің өркендеуіне үлес қоса аламын. Менің ата-анам да мұғалім. Әкем тарих, анам қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Сондықтан мен де осы жолды таңдағым келеді.

– Сүйікті пәнің қандай?

– Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін сүйіп оқимын. Бұл пәндер маған дұрыс сөйлеуді  үйретеді, ойымды дұрыс жеткізуге көмектеседі. Ұстазым да өте керемет.

– Бос уақытыңда немен айналысасың?

– Бос уақытымда спортпен айналысқанды ұнатамын. Футбол үйірмесіне барамын.

– Отбасыда нешеусіңдер?

– Отбасыда 3 қыз, 3 ұлмыз. Мен үйде екіншісімін. Төртеуміз осы №1 Талант мектебінде оқимыз. Қалған екеуі балабақшаға барады.

– Алға қойған жоспарларың бар ма? Болашақта мықты педагог болу үшін не істеу керек деп ойлайсың?

– Ол үшін тек қана білім алу керек, жан-жақты болу қажет деп ойлаймын. Қазір мен Назарбаев зияткерлік мектебіне (НИШ) үміткер ретінде «Айплюс» оқу бағдарламасын меңгеріп жатырмын.

– Айсұлтан, алға қойған арман-мақсаттарыңа жете бер. Осы жолдан тайма. Саған сәттілік тілейміз!

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика