Балабақша – әрбір баланың алғашқы ұжымдық тәжірибесі мен дүниетанымын кеңейту алаңы. Мұнда балалар тек жаңа достар тауып қана қоймай, сондай-ақ алғашқы әлеуметтік және интеллектуалды дағдыларды игереді. Әрбір ата-ана бұл маңызды кезеңде баласының жақсы балабақшаға барғанын, жайлы ортада тәрбие алғанын қалайды. Сондай жайлы ортаның бірі – Шымкент қаласындағы №82 «Еркем-ай» балабақшасы. Балабақша сонау 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Міне, содан бері аталған тәрбие ошағынан қаншама бала қанат қағып үлгерді. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі бұл мекемеде 150 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Басты міндет – балаға тәрбие мен білім беру
Мекеме меңгерушісі Суесинова Нағима Жайдаққызы мұнда 2022 жылдың наурыз айында №48 «Береке» бөбекжай балабақшасынан ротация арқылы ауысып келген. Айтуынша, қазіргі кезде балабақшада жалпы саны 34 қызметкер жұмыс істейді.
– Тәрбиешілеріміздің барлығы жоғары білімді, балабақшамызда 7 зерттеуші педагог, 6 пегогог-модератор, 5 педагог-сарапшы еңбек етеді. Бізде кіші топ, ортаңғы топ, ересек топ және дайындық топтары бар. Бүгінгі таңда Оқу ағарту министрлігі бекіткен Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатырмыз. Бағдарлама адамгершілікті, әділдікті, шыншылдықты, жауапкершілікті, еңбекті насихаттайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде балалар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Сол бойынша балабақшамызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, қазақтың дәстүрлі ойындарын, руханиятын, мәдениетін дәріптейтін «Асық – алтын қазынам», «Күй – қазақ халқының рухани азығы», «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», сонымен қатар елге, жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық рухты, патриотизмді насихаттайтын «Отаным менің – Қазақстан», «Рухымыз асқақ, еліміз мәңгілік», «Мен – Отанның бақытты ұланымын» және бұдан басқа да түрлі бағытта, түрлі тақырыпта ұйымдастырылып отыратын іс-шаралар легі аз емес.
Жалпы, озық ойлы ұлт идеясы балалар мен жасөспірімдерді білімге, бірлікке, шығармашылыққа, инновациялық ойлауға тәрбиелейтіні белгілі. Ол үшін жаңашыл жобалардың жүзеге асуы маңызды. Біртұтас тәрбие бағдарламасы да – осының бір көрінісі. Бағдарлама баланы адамгершілікке, руханиятқа, тәрбиеге үйретеді, әділдікке, адалдыққа және мейірімділікке тәрбиелейді, өз халқын сүюге, тарихын құрметтеуге, мәдениетін білуге, біліп қана қоймай оған деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Әңгіме барысында мекеме басшысына «Мектепке дейінгі мекемелердің басты міндеті не?» деген сауал тастадық.
– Біздің басты міндет – балаға тәрбие мен білім беру. Балабақша – тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы. Осы ретте ұлттық тәрбиенің маңызы зор дер едім. Ұлттық тәрбие болмаса ұлт сақталмайды. Бірақ сол тәрбиені беру үшін біз өзіміз қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін жақсы білуіміз керек. Халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін өзіміз толық білмей тұрып, балаларға ұлттық тәрбие беруі мүмкін емес.
Сонымен бірге, баланы ойын арқылы дамыту, денсаулығына мән беру, ортаға бейімдеу, ортамен таныстыру, еңбекке тәрбиелеу, баулу, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеуді дамыту және жетілдіру де балабақшаның міндетіне жатады. Бұл тұста заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдер өте маңызды. Біз заман талабына сай болуымыз керек. Сол мақсатта балаларды дамыту үшін түрлі интерактивті ойындар ойнатып, интерактивті үстел, интерактивті еден, ақылды айна секілді заманауи технологияларды, сондай-ақ робототехника тәсілдерін пайдаланамыз. Одан бөлек балалардың бойында табиғатқа, қоршаған ортаға деген қамқорлық, сүйіспеншілік сезімдерін дамытуға, қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға қызығушылығын арттыруға бағытталған «Детективті зертхана» деген жоба бар. Бұл да баланың затпен, материалмен тікелей қарым-қатынаста болу дағдысын және табиғатты танып білудегі эстетикалық қарым-қатынасын нығайтуға көмектеседі. Мұндай цифрлық зертханалар, интерактивті жабдықтар – мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық қабілеттерін, логикалық ойлау мен ұсақ қол моторикаларын дамытуда таптырмас көмекші. Бүгінгі таңда педагогтар үшін интерактивті оқыту, тәжірибелік сабақтар, зертханалық жұмыстарды пайдалану сияқты әдістер өте тиімді, – дейді Нағима Жайдаққызы.
Иә, мұндай заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдер балалардың жан-жақты дамуына, танымдық қабілеттерін арттыруға және шығармашылық ойлау қабілеттерін қалыптастыруға септігін тигізіп қана қоймай, сонымен бірге балалардың физикалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын жан-жақты қамтамасыз етіп, мектепке дайындығын жақсартуға көмектеседі екен. Әр әдіс баланың жеке қабілетіне, жас ерекшелігіне, қызығушылығына сәйкес икемделіп, күнделікті білім беру бағдарламасына енгізіледі және балалардың белсенділігін арттыру, тілдік, әлеуметтік және физикалық дағдыларын дамыту үшін арнайы ұйымдастырылған сабақтарда қолданылып отырады.
Біліктілікті арттыру – заманауи білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі
Мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін педагогтар мен тәрбиешілердің біліктілігін арттыру да бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр. Себебі, қазіргі заманғы балалардың дамуы мен тәрбиесіне қойылатын талаптар күннен-күнге артып келеді. Балабақша қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру тек білім беру сапасын жақсартуға ғана емес, балалардың жеке қабілеттерін, әлеуетін ашуға, олардың әлеуметтік дағдыларын дамытуға да ықпал етеді.
– Білім беру саласында болып жатқан өзгерістер мен инновациялар педагогтар мен тәрбиешілердің біліктілігін үздіксіз арттыруды талап етеді. Балалардың танымдық қабілеттерін дамыту, олардың шығармашылық ойлауын қалыптастыру мақсатында балабақша қызметкерлері жаңа әдістер мен технологияларды меңгеріп, заманауи оқыту әдістемелерін тұрақты түрде үйреніп отыруы керек. Осы мақсатта біліктілікті арттыру курстарын, семинарлар, тренингтер ұйымдастыру өте маңызды. Осы арқылы олар жаңа әдістерді үйреніп қана қоймай, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Әсіресе, психология, педагогика, әдістеме, инклюзивті білім беру сияқты салалар бойынша білімдерін толықтыруға бағытталған оқыту курстары ерекше маңызға ие. Сондай-ақ, әріптестермен тәжірибе алмасу және командалық жұмыс әдістері де нәтижелі болып отыр. Қазіргі заманғы әдістемелерді меңгеру үшін шетелдік тәжірибені зерттеу де маңызды.
Біз де тәрбиешілеріміздің біліктілік деңгейін арттыру үшін оларды оқу курстарына, аймақтық, қалалық, республикалық семинарларға жібереміз. Арнайы оқу орталықтарына барып, өз білімдерін толықтырып отырады. «Өрлеу» орталығымен бірге жұмыстар жүргізіп, тәрбиешілеріміздің білімдерін дамытып отырамыз, – дейді балабақша басшысы.
Расында да, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары мен тәрбиешілерінің біліктілік деңгейін арттыру – заманауи білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Олардың кәсіби деңгейін көтеру арқылы сауатты, өз өзіне сенімді, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу мүмкіндігінің арта түсетіні айдан анық.
Үштік одақ арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады
Бала үшін тәрбиеші мен ата-ананың орны бөлек. Себебі бала бір жақты тәрбие алмайды. Үйде ата-ана баулыса, балабақшада тәрбиешілер тәрбие береді. Сондықтан үштік одақтың ынтымағын арттыру маңызды. Бұл туралы:
– Балабақшадағы үштік одақ – баланың, ата-анасының және тәрбиешінің өзара ынтымақтастығы. Одақтың мақсаты – баланың дамуына, тәрбиесіне және білім алуына бірлесе отырып күш салу және балабақша мен отбасыдағы тәрбие процесін біріздендіру. Үштік одақтың жақсы жері сол, ол ата-ана мен тәрбиеші арасындағы байланысты нығайтады. Яғни, ата-аналар балабақшаның тәрбие және оқу жоспарына, іс-шараларына белсенді қатысу арқылы тәрбиешілермен тығыз байланыс орнататын болады. Одан бөлек, бұл арқылы ата-аналармен жеке және топтық кездесулер өткізіліп, онда баланың дамуы мен мінез-құлқына қатысты мәселелер талқыланады. Сонымен бірге, ата-аналар үшін арнайы семинарлар, тренингтер мен кеңестер ұйымдастырылып, балалардың психологиялық және әлеуметтік дамуына қажетті ақпараттар беріледі. Мерекелік іс-шаралар, шығармашылық және спорттық жарыстар, ата-аналар жиналыстары сияқты іс-шаралар арқылы үш жақты өзара әрекеттестік артып, үштік одақ нығая түседі. Осылайша үштік одақ арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады, – деп түсіндіреді Нағима Жайдаққызы.
Мекеме басшысының айтуынша, тәрбиесі мен білімі толысқан тұлғаны қалыптастыру жолында ата-ана мен тәрбиешілердің бірлесе жұмыс істеуі қашанда тиімді. Үштік одақ біріккенде ғана нәтиже болмақ. Ол баланың балабақшадағы өміріне жайлы орта құруға және оның әлеуметтенуіне, мінез-құлқын қалыптастыруға көмектеседі. Үштік одақ балабақшадағы негізгі тірек десек те болады екен. Ата-ана мен тәрбиеші арасындағы тығыз байланыс пен ортақ жауапкершілік балаға өзін еркін әрі сенімді сезінуге мүмкіндік беретін көрінеді. Демек, үштік одақтың бірлігі мен тиімділігі – баланың үйлесімді дамуының ғана емес, ата-ананың да, тәрбиешінің де күткен нәтижелерге жетуінің кепілі бола алады.
Ваучерлік жүйе ата-аналарға таңдау еркіндігін береді
Қазіргі уақытта балабақшалар ұсынатын қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында қалаларда ваучерлік жүйе іске асырылуда. Ваучерлік жүйе ата-аналарға қосымша таңдау еркіндігін беріп, әр баланың қажеттіліктеріне сай мекеме табуға көмектеседі. Бұл құрылым ата-аналарға өздері мен балалары үшін ең тиімді тәрбие мекемесін таңдауға мүмкіндік береді.
«Еркем-ай» балабақшасы да қараша айынан бастап ваучерлік жүйеге қосылған. Енді мұнда да балалар ваучер арқылы қабылданатын болады.
– Ваучерлік жүйе дегеніміз – электронды жүйе арқылы қабылдау. Бұл сыбайластықты жоюға әкеп соғады. Ваучер баламен бірге жүреді. Мұның тиімді тұсы – енді балабақшалар арасында бәсекелестік туады. Сол бәсекелестіктің арқасында әр балабақша өз қызметін одан сайын жақсартуға тырысады, деңгей жоғарылайды. Мұнда ата-ана өзіне қай балабақша ұнайды, соны таңдайды. Бұл – үлкен жетістікке жетелейтін дүние, – дейді бұл туралы мекеме меңгерушісі.
Әзірге Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылған бұл механизм мемлекеттік және жеке балабақшалар арасында бәсекелестікті арттырып, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталуда. Атап айтар болсақ, Тараз қаласында 157 мектепке дейінгі ұйымның барлығы ваучерлік қаржыландыруға көшіп, үш айда 21 мыңнан астам ваучер таратылса (жаңа ашылған 19 ұйым да бұл қаржыландыруға қосылған), Шымкентте де 589 мектепке дейінгі ұйым ваучерлік жүйеге көшкен және қазан айынан бастап 4646 балаға ваучер берілмек. Ал Түркістан қаласында 144 балабақша жаңа механизм бойынша қаржыландырылып, 236 балаға ваучер беріліп отыр екен. Жаңа жүйе келесі жылдан бастап елдің өзге өңірлеріне таратылады деп күтілуде.
* * *
Бүгінде «Балабақша балаға не береді?» деген сұрақ жиі қойылуда. Біріншіден, балабақшада бала өз қатарластарымен араласуды, қарым-қатынас жасауды үйреніп, әлеуметтік ортада өзін-өзі тани бастаса, екіншіден баланың ойлау қабілеті жетіліп, тәртіп пен жауапкершілікке дағдыланады. Отбасында бастау алған тәрбие балабақшада жалғасын тауып, бекемделеді. Сондықтан да мұндай тәрбие ордаларының атқаратын міндеті зор. Балабақша – келешек, ел басқарар, жер суына иелік етер, ел халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап, өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Ол келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту қашанда әрбір тәрбиеші ұстаздың басты мақсаттарының бірі болып қалуы тиіс.
М.ЫБЫРАЙ
Leave a Reply