«Жігерді жерге қаратпа, біз де бармыз санатта!»

Шымкент қаласы Білім басқармасының «Қосалқы мектеп-интернаты» –ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы мемлекеттік мекеме. Мұнда зиятында бұзылыстары бар балалар оқиды. Мекеме 1977 жылы ашылған. Содан бері мектеп қабырғасынан 900-ға жуық оқушы түлеп ұшты. Бүгінде мектеп-интернатта 37 мұғалім, 36 тәрбиеші еңбек етеді. Барлығы да жоғары білімі бар арнайы мамандар. Оған қоса мектепте кітапханашы, әлеуметтік педагог, логопед, психолог, медицина мамандары да жұмыс атқарады.

Мектептің басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, дербес өмірге бейімдеп, оларды қоғамға толыққанды қосылуға дайындау. Бұл балалардың ертеңгі күні өз бетімен еңбек етіп, өмірден орнын тауып, қатарластарының ортасына еркін сіңісіп кетуіне мүмкіндік береді. Мектеп ұжымы осы мақсатқа жету үшін аянбай еңбек етуде. Тіпті мектептің «Жігерді жерге қаратпа, біз де бармыз санатта!» деген өз ұраны да бар. Бұл ұран оқушылардың болашағына деген сенім мен жігер сыйлап, олардың өмірге құштарлығын арттыра түседі.

Мұнда балалардың өз әлеуетін толық ашып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына бар жағдай жасалған. «Біздегі тәрбиеленушілер өз қатарларымен бірге дамып отырады, бірақ сәл баяулау. Сондықтан оларға мұғалімдердің, ата-аналардың, ересектердің тарапынан қолдау керек. Осылайша балаларға ұдайы қолдау көрсетеліп отырса, олар да қатарға қосылып кетеді.

Мектеп-интернаттың артықшылығы – мұнда балалар тек білім алып қана қоймай, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, үлкен өмірге бейімделіп шығады. Бұл – олардың дербес өмір сүру қабілеттерін шыңдап, болашаққа сенімді қадам басуына мүмкіндік береді. Соның арқасында біздің балалар ешкімнен кем болмай, өз орнын тауып, болашаққа нық қадам басады. Біз оларды тек оқу-білімге ғана емес, өмірге бейімделудің маңызды қырларына да қоса үйретеміз. Бұл балалар ертеңгі күні өздігінен шешім қабылдайтындай деңгейге жетіп, одан әрі үйленіп, отау құрып, қоғамның белсенді бір мүшесіне айналып жатса, ол біздің ең үлкен жетістігіміз болмақ. Мектебіміздегі әрбір бала – қайталанбас тұлға. Біз олардың әрқайсысын қоғамдағы тең құқылы азамат ретінде көріп, болашаққа сенімді қадам басулары үшін бар күшімізді саламыз. Ерекше балалардың өмірге бейімделуі – олардың ғана емес, тұтас қоғамның жеңісі», – дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының «Қосалқы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мықтыбаева Гүлнар Сейітқызы.

Қосалқы мектеп-интернаттың басты ерекшелігі – балалардың психологиялық және физиологиялық қажеттіліктеріне бейімделген арнайы бағдарламалар мен жағдайлардың жасалуы. Бұл жерде бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін оқитын оқушылар тек жалпы білім алып қана қоймай, арнайы мамандықтарды меңгеріп шығады. Мектеп-интернатта ұл балалар ағаш ұсталығы сияқты кәсіпке бейімделсе, қыздар тігіншілік кәсібін меңгереді. Бұл балалардың болашақта өз күнін көріп, дербес өмір сүруіне жол ашады. Мектеп бітірген соң оқуды жалғастырғысы келетіндер үшін арнайы колледж қарастырылған. Мәселен, Сайрам көмекші мектеп-интернат колледжі өткен жылдан бастап 40 баланы қабылдап, олардың болашағына бағыт беріп отыр.

Мектеп-интернаттың тағы бір артықшылығы – орта табу мүмкіндігі. Мұндағы оқушылардың барлығы деңгейлес болғандықтан, олар еркін араласып, өмір бойына ұмытылмас достық қарым-қатынас орнатады. Тіпті, мектеп бітіргеннен кейін де олар өзара байланыстарын үзбей, бір-біріне қолдау көрсетеді. Осындай ортадан шыққан көптеген түлектер кейін өзара жұп құрып, шаңырақ көтерген жағдайлар да бар екен.

Балалардың шығармашылық және спорттық жетістіктері де назар аударарлық. Олар өлең оқу, басқа да өнер жарыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Сонымен бірге, мектеп-интернат оқушылары үшін арнайы спорттық жарыстар да ұйымдастырылады. Боулинг, баскетбол сынды ойын түрлерінде оқушылар үздік нәтиже көрсетіп келеді. Тіпті, Америка, Италия, Қытай, Германия сияқты елдерге барып, халықаралық деңгейде бақ сынап, ел намысын қорғаған оқушылар да жоқ емес.

– Біздің мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері қыркүйек айында «Тең мүмкіндіктер» атты спорт фестиваліне қатысып қайтты. Осы қаламыздағы «АMANAT» партиясы орталық аппараты мен Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткізілген бұл іс-шараға 26 тәрбиеленушіміз қатысып, сол жерде біздің балалар екінші орынды иеленді. Сонда менің бір байқағаным, мектептердегі инклюзивті сыныптарда оқитын балалар мен мектеп-интернатта оқитын балалардың айырмашылығы бар екен. Олардың бойынан өз өзін тежеп ұстау, өз өзіне деген сенімсіздік секілді нәрселер аздап байқалды. Ал біздікілер ерекше білімді беруді қажет ететін балалар болса да, қоғамдық ортада, көпшіліктің арасында өздерін еркін ұстайды. Өз өздеріне деген сенімділіктері де көрініп тұрды.

Негізі көп ата-аналар балаларына шектен тыс қамқорлық береміз деп оны өз өзіне сенімсіз, жігерсіз бала етіп алады. Мектеп-интернатта оқыған балалар үнемі ата-ананың қамқорлығында бола бермейді, бала бірден дербес өмірге бейімделеді. Осылайша ол ата-анадан сепарация жасайды. Сол кезде бала өз өзін қорғай алуды, өз өзін ортада ұстай білуді үйренеді, ненің болатынын, ненің болмайтынын түсініп өседі, өз  мәселелерін өзі шешуге тырысады. Өзі құралпы балалармен ой бөлісуді, пікірлесе алуды үйренеді. Айналып келгенде мұның бәрі баланың бойына белгілі бір дәрежеде сенімділік қалыптастырады, – дейді Гүлнар Сейітқызы.

Сонымен қатар, мектеп-интернатта балаларға мәдени орындарға бару мүмкіндігі жиі ұйымдастырылып тұрады. «Кейде бізге мәдени мекемелердің мамандары өздері де келіп, өнерлерін паш етеді. Мәселен, қуыршақ театрының ұжымы арнайы келіп қойылым көрсетсе, қалалық филармонияның әншілері әсем әндерін шырқап, балаларды қуантып кетеді. Біз оқушыларды театрлар мен басқа да мәдени орындарға апарғанда, бұл олардың тек қызығушылығын оятып қана қоймай, қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстай білуге тәрбиелейді. Мұндай шараларға ата-аналар да жиі қатысады. Себебі мектеп-интернатта ата-аналармен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.

Жылына бір-екі рет балаларды қалалық зообаққа апарып тұрамыз. Бұл жерде олар табиғат пен адам арасындағы байланысты түсініп, табиғатқа сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастырады. Жануарлар әлемімен танысып, қайсысы жыртқыш, қайсысы үй жануары екенін түсінеді. Бұл да балалар үшін бірегей сабақ. Оқу тек мектеп қабырғасында ғана өтпейді, мәдени орындарға бару да үлкен білім береді. Мұндай шараларды жүзеге асыруға қаламыздың кәсіпкерлері үлкен қолдау көрсетуде. Олар тұрақты түрде демеушілік жасап, балалардың концерттер мен театр қойылымдарына жиі баруына мүмкіндік беріп отыр», – деп түсіндіреді педагог.

Бала жетістігі – әр отбасы мен қоғамның басты арманы. Бұл жетістікке жетудің негізі мектеп қабырғасында, ұстаздың білім беруі мен тәрбиесінен басталады. Ұстаз – тек білім үйретуші ғана емес, сонымен қатар баланың өмірлік ұстанымдарын қалыптастыратын, оның жеке тұлға болып дамуына ықпал ететін жетекші. Сондықтан ұстаз бен оқушы арасындағы өзара қарым-қатынас бала жетістігінің негізгі факторы болып табылады.

Баланың жетістікке жетуіне ұстаздың кәсіби шеберлігі, төзімділігі және оқушыны қолдай білуі маңызды рөл атқарады. Ұстаз әр оқушының қабілетін дұрыс танып, оған сай жеке тәсіл қолданғанда ғана баланың өзіне деген сенімі артып, жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Сонымен қатар ұстаз баланың ішкі мотивациясын оятып, оның оқу процесіне деген қызығушылығын арттырады. Білім беру процесінде жағымды орта қалыптастыру, ата-ана мен ұстаздың өзара байланысын нығайту, сондай-ақ әр баланың ерекшелігін ескере отырып, онымен жеке жұмыс жүргізу – жетістіктің басты шарттары. Ұстаздың дұрыс бағыт-бағдар беруі арқылы бала тек білімді ғана емес, өмірде кездесетін қиындықтарды жеңе білуді, жауапкершілікті сезінуді және өз мүмкіндіктерін толық пайдалануды үйренеді. Осылайша ұстаздың қолдауы мен бағыттауы бала өміріндегі маңызды жетістіктерге жол ашады. Гүлнар Сейітқызы аталған мектеп-интернаттағы балалардың қандай да бір жетістікке жетуі осы мектеп-интернаттағы ұстаздардың арқасы екенін айтады.

– Мен осында жұмыс істеп жатқан ұстаздардың ешбірін бөліп-жармас едім. Барлығы да балалардың психологиялық және даму ерекшеліктеріне сай өз міндетін дұрыс атқарып, тынымсыз еңбек етіп жатыр. Олар үнемі балалардың даму динамикасын бақылап, балада қандай өзгерістер бар, қандай қабілеті ашылды, соның барлығын дер кезінде аңғарып отырады. Балалардың біреуі өнерге, біреуге спортқа бейім болады. Кімнің спортқа икемі бар, кімнің қандай өнері бар – барлығын ұстаздарымыз байқайды.

Күні кеше Шымкент қаласында Special Olympics Kazakhstan қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен баскетболдан республикалық турнир өтті. Аталған бірлестіктің Шымкент қаласындағы филиалының директоры – Абзал Дүйсенбиев. Турнирге республикамыздың бес облысынан спортшылар қатысып, біздің мектеп-интернаттың балалары тағы да екінші орынды иеленіп қайтты. Біз үшін мұның барлығы да үлкен мақтаныш, біз осындай дарынды  балаларымызбен мақтанамыз. Осы тұста балаларымызды үнемі жарыстарға дайындап жүретін Сұлтан Жайық, бейімдік дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Құмарбек Кенжебеков, Талғат Жакуов секілді педагогтарымыздың есімін ерекше атап өткім келіп отыр. Сол жаттықтырушылардың арқасында осындай үлкен нәтижелерге жетіп жатырмыз, – дейді ол.

Білім саласын толықтай қамтыған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мұнда да өз ретімен жүзеге асуда. Бағдарлама бұл мектеп-интернатта ерекше білім беруді қажет ететін балалардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне бейімделіп, арнайы тәсілдер арқылы жүзеге асады. Тақырыптар балалардың даму деңгейіне сәйкес бейімделіп, олардың психологиялық жайлылығын қамтамасыз ететін әдістер арқылы іске асырылады. Бұл бағдарлама ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуетін ашып, олардың қоғамға бейімделуіне және өмірде өз орнын табуына ықпал етуде.

– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – балалардың ұлттық болмысын қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіруге бағытталған дүние. Аталған бағдарлама бойынша біз де балалардың жас шамаларына, психологиядық ерекшеліктеріне, қабілетіне қарай тәрбиелік тақырыптарды іріктеп алып, орындап жатырмыз. Күні кеше «Оян, ар мен адалдық!» деген тақырыпта Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына арналған танымдық форматтағы әдеби іс-шара өткіздік. Сонда балалар Шәкәрім Құдайбердіұлының бірнеше өлеңдерін жатқа айтты. Сол өлеңдер бойынша сөйлемдер құрастырып, адам баласына қажетті ұят, ар, намыс, сабыр, талап, ой деген нәрселердің не екенін ұғына білді. Іс-шара өте қызықты өтті. Осылайша ұлттық тәрбие бойынша балалардың қабылдау қабілетін, психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, тынбай жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Гүлнар Сейітқызы.  

Шымкент қаласы Білім басқармасының «Қосалқы мектеп-интернаты» ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуетін дамытуға және оларды қоғамға бейімдеуге бағытталған маңызды білім беру мекемесі болып табылады. Мұнда балалардың жеке қажеттіліктері мен ерекшеліктері ескеріле отырып, арнайы оқу бағдарламалары мен тәрбиелік әдістер қолданылады. Мектеп-интернаттың басты міндеті – балаларға сапалы білім беру ғана емес, олардың әлеуметтік, эмоционалдық және физикалық дамуын қамтамасыз ету, оқыту мен тәрбиелеу барысында балалардың өмірге бейімделуі үшін практикалық дағдыларға, өзін-өзі басқару және қарым-қатынас жасау қабілеттеріне ерекше назар аудару. Сонымен қатар, шығармашылық пен жеке әлеуетті дамыту мақсатында түрлі үйірмелер, спорттық және мәдени іс-шаралар да үздіксіз ұйымдастырылады. Мұндай мекемелерде балалардың психологиялық жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан бұл мектеп-интернатта да балаларға қолдау көрсететін тәжірибелі педагогтар, тәрбиешілер және психологтар балаға қамқорлық танытып, олардың жан-жақты дамуына ықпал етіп жатыр.

Қосалқы мектеп-интернат – қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасын жақсартуға, олардың қоғамның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік институт. Қосалқы мектеп-интернаттардың негізгі миссиясы – әр балаға мүмкіндіктер сыйлап, олардың жарқын болашағына сенімді қадам жасауына негіз болу. Бүгінде осы ортадан түлеп ұшқан әрбір бала қоғамның толыққанды мүшесі болуға дайын, өз әлеуетін іске асыруға қабілетті тұлға ретінде қалыптасуда. Олай болса аталған білім ордасы да өзіне жүктелген міндетті толығымен орындап отыр деп сенімді түрде айта аламыз.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика