Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» деген болатын өз сөзінде. Сол айтқандай, ұстаздық міндетті ұлттық құндылықтармен байланыстыра атқарып отырған бір ұжым – Берікбай Елтайұлы басшылық ететін Шымкент қаласындағы №135 мектеп.
Мектеп лентасы 2020 жылы 1 желтоқсанда қиылған. Содан бері аталған білім ордасы шәкірттерге ұлттық құндылықтарға негізделген әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып білім беруде. Алғашында 500 бала мен 40-50 мұғалімнен басталған бұл ұжым үш жылдың ішінде кеңейіп, қазіргі таңда адам саны 2400 бала мен 200 мұғалімге жетті. Жас буынға білім мен тәрбие беру жолында ұлттық құндылықтарға басымдық беретін бұл ерекше мектептің бағыт-бағдары туралы мектеп директоры Берікбай Елтайұлымен сұхбаттасқан едік.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау идеясы бұрыннан ойымда жүрген
– Берікбай Елтайұлы, мектептің кіре берісінен бастап қазақи атмосфера сезіледі. Қазақша күй, қазақша киім… Жалпы, бұл идея қайдан, қалай бастау алды?
– Ұлттық құндылықтарды білім беру барысында насихаттау идеясы бұрыннан ойымда жүрген еді. Мен осыған дейін үш мектепте жұмыс істедім. Бірақ ол жақта бұл идеяны іске асырудың реті келмеді. Осы мектепке келген күннен бастап ойымдағы жобаны іске асыруға кірістім. Сөйтіп жұмысты ең бірінші киім үлгісіне мән беруден бастадық. Алдымен мұғалімдер түгелдей қазақша кәжекей киюге көшті. Одан кейін бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарымен ортақ шешім қабылдап, балалар да мектепке қазақша кәжекеймен келетін болды. Міне, әлі күнге дейін осы бағыттан айныған жоқпыз, ұстаздар да, оқушылар да мектепке қазақша киіммен келіп жүр.
– Керемет. Ұлттық құндылықтарға байланысты тағы қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Былтыр біз 9Т жобасын бастадық. Бұл не? Оқу жылы 9 айдан тұрса, әр айдың өзіндік атауы бар. Мысалы, қыркүйек таныстырылым айы, қазан – табиғат айы болды. Қараша – тәжірибе айы болса, желтоқсан – тарих айы, сол секілді қаңтар – тағылым, ақпан – таным, наурыз – тәрбие, сәуір – туризм, мамыр – түйін айы болып бекітілді.
Қыркүйекте балалар мектепке келіп, жаңадан оқушылар келіп, бір-біріне енді үйренісіп, енді танысып жатса, қазан айында жеміс-жидектердің қазан болып, табиғаттың тамашалары көбейе түседі. Қарашада біз өз тәжірибемізді өзгелермен бөлісу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сондықтан да айларға осындай атау берілген болатын.
Желтоқсан неліктен тарих айы? Бір Желтоқсан оқиғасының өзі бізге көп нәрсені айтады. Қазақтың ең құнды байлығы – оның тәуелсіздігі. Тәуелсіздікке жету қиын, ал оны ұстап тұру одан да қиын. Қазаққа ауызбіршілік, ынтымақ, бірлік керек. Өзіміз ат төбеліндей ғана қазақпыз, өзара ырылдасып жатсақ неміз қалады? Осыны мен үнемі айтып отырамын және мұны оқушыларға да түсіндіруге тырысамын.
Қаңтар айы – тағылым айында біз қаламыздағы өнер, тағы да басқа салалардың майталмандарын мектебімізге шақырып, кездесулер, сұхбаттар өткізсек, ақпан айы – таным айында қазақ елінің тарихын, мәдениетін құрметтеуге баулу мақсатында танымдық сабақтар, ашық сабақтар, тренингтер ұйымдастырылып отырды.
Наурыз тәрбие айы болғандықтан тәрбиелік мақсатта Алғыс айту күні, 8 Наурыз, 22 Наурыз мерекелері түгел тойланды. Ал туризм айы сәуірде оңтүстік өңірдегі тарихи орындарды балаларға таныстыру мақсатында түрлі экскурсиялар, саяхаттар жасадық. Сондай-ақ Шымкент қаласындағы қуғын-сүргін құрбандары мұражайына, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына да бас сұғуды да ұмытпадық. Ал енді мамырда түйін айы болғандықтан осы атқарылған шаруалардың барлығының қорытындысын жасап, өз өзімізге есеп бердік.
Одан бөлек те атқарылып жатқан шаруалар өте көп. Бізде «Аталар клубы», «Аналар клубы», «Әжелер клубы», «Әкелер клубы», «Жеңгелер клубы» жұмыс істейді. Мектеп ашылғалы бері түрлі байқаулар, сайыстар өткізіліп жатыр. Соның ішінде «Әжем айтқан ертегі», «Атамның ақ батасы», «Мен – анамның қолғанатымын», «Мен әкемнің үмітін ақтаймын», «Жеңгесі мен еркесі» деп аталатын байқауларды атап өтуге болады. Оның арасында мектепте атақты айтыскер ақындардың қатысумен ата-аналарға, оқушыларға аламан айтыс өткізіп те үлгердік. Мұндағы мақсат – үлкендердің сөз мұрасын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру. Бауыржан Момышұлы атамыздың ««Бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын» деген сөзі бар. Аталарымыздың ақ батасы, әжелеріміздің бесік жыры мен ертегісі қандай керемет десеңізші. Осыны біліп өскен бала жаман болмайды.
Сондай-ақ, мектебімізде түрлі ашық сабақтар, тренингтер де ұйымдастырылып тұрады. Атап айтар болсақ, 11 қараша күні «Ұлттық құндылықтарға негіздеп оқытудың тиімді тәсілдері» тақырыбында математика пәнінің мұғалімі Тасполат Майя Полатқызы мұғалімдерге тәжірибелік тренинг өткізді. Тренингтің мақсаты – құндылықтарға негізделген оқытудың тиімді тәсілдерін түсіну, өз тәжірибелерінде қолдану. Тренингте қатысушылар шағын топтарға түрлі-түсті асықтар арқылы топтастырылып, әр топқа ұлттық құндылықтарды талқылауға тапсырма берілді. Ұлттық құндылықтар туралы қысқаша шолу жасалды. Әр топ өз талқылауында анықтаған ұлттық құндылықтарды таныстырды. Талқылау нәтижелерін жинақтап, ортаға салды. Ұлттық құндылықтарды оқыту үшін тиімді әдістерді талқылады. Қатысушылар ұлттық құндылықтарды ескере отырып, сабақ жоспарларын құрды. Тренинг соңында қатысушылар тренинг туралы пікірлерімен бөлісіп, ұлттық құндылықтарды оқытудың маңыздылығын қорытындыланды. Мұндай тренингтер мұғалімнің құндылықтарға негізделген оқытудың тиімді тәсілдерін түсінуге, өз тәжірибелерінде қолдануға көмектеседі.
Ал 12 қараша күні «Тарих-география» бірлестігінің онкүндігінің аясында Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, Алаш зиялыларының сан-салалы мұрасын насихаттау мақсатында «Алаш ардақтылары» тақырыбында көшпелі сабақ ұйымдастырылды. Көшпелі сабақ тарих пәнінің мұғалімі А.Н.Абдраимованың жетекшілігімен «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайында өткізілді. Көшпелі сабақ барысында оқушылар Алаш ардақтыларының қайраткерлігі, Оңтүстіктен репрессияға ұшыраған тұлғалар, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы тың ақпараттармен танысты. Мұндай үлгі тұтар ұлыларымыздың өмірінен мағлұматтар оқушылар үшін пайдалы болып, патриоттық сезімдерін оятып, ұлт жанашыры болуға жетелеуге ықпал ететіні анық.
Сонымен қатар, Бейімбет Майлиннің 130 жылдық мерейтойына орай «Бейімбеттің биігі аласармайды» атты қалалық дебат турнирі өткізілді. Мақсаты – қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург Майлиннің шығармашылық мұрасын өскелең ұрпаққа дәріптеу. Ашық алаң барысында Бейімбеттің шығармаларының қоғамдағы өзектілігі мен ықпалы жайлы тақырып қызу талқыға түсті. Нәтижесінде ойларын ашық, нақты, дәлелді жеткізе білген оқушылар жүлделі орындарға ие болды.
Керемет тәжірибелерімізбен алмастық
– Өз тәжірибеңізмбен бөлісу мақсатында семинар да өткізген екенсіз, нәтижесі қалай болды?
– Иә, мен өз тәжірибеммен бөлісу мақсатында 2021 жылы Шымкент қалалық мектеп директорларына арналған ауқымды семинар өткіздім. Оған 200-ден астам мектеп басшылары қатысты. Бір жылдан кейін осындай семинар директордың тәрбие жөніндегі орынбасарларына өткізілді. Одан кейін мектебімізде «Білім сапасын арттыруда ұлттық құндылықтарға негізделген әдіс-тәсілдерді пайдалану» тақырыбында қалалық семинар ұйымдастырылды. Онда біздің мамандар құндылықтарға негізделген сабақ беру тәсілдермен бөлісті. Оған қатысқан аймақтық мектептердің оқу ісі жөніндегі директордың орынбасарлары мен қалалық білім басқармасының әдіскерлері «Бұл керемет екен» деп кетті. Білімге деген көзқарастары өзгеріп кеткендей болды.
Семинарда не айтылды? Қазақ тілі пәнінің мұғалімі тоғыз сөз табын тоғызқұмалақ ойынымен байланыстырса, биология пәнінің ұстазы айтар ақпаратын тоқпан жілікпен байланыстырып түсіндірді. Бір тоқпан жіліктің өзінде алты түрлі жіліктің болатынын, әрқайсысының атқаратын функциясы бар екенін мен өзім де сол кезде білдім. Химия пәнінің мұғалімі болса Менделеевтің элементтерін домбыраның пернелеріне түсіріп көрсетті. Біз осындай керемет тәжірибелерімізбен алмастық.
Мен айтар едім, бұл тек мектептерде ғана емес, жалпы көпшілік орталарда, әсіресе тойларда да қолға алынса деймін. Мысалы, тойларда түрлі ойындар ойнатып жатады. Бірақ олардың ешбірінің тәрбиелік мәні жоқ. Оның орнына қазақы дүниелерді дәріптесек сол әлдеқайда жақсы болар еді. Мен мұны жеке тәжірибемде жүзеге асырып көрдім. Немеремнің бесік тойын өткізген кезде қонақтарды «Бес тас» ойнау, шаш өру, ұршық иіру бойынша жарыстырдық. Өте қызықты болды. Келгендер: «Сағаттап тілек айтып, би билей бергенше мынау деген керемет дүние екен ғой», – деп таңданыстарын жасыра алмай жатты. Бұл – әрі тәрбие, әрі үлгі.
Негативтен гөрі позитивті көбірек жариялаған дұрыс
– Бұл айтып отырғандарыңыздың барлығы расында да керемет дүние екен. Осындай әдіс-тәсілдермен балаларды қызықтырсақ, оларды гаджеттерден ажырату да оңайырақ болар еді…
– Қазір телефонның мәселесі өте ауқымды. Бізде телефонды пайдаланудың мәдениеті жоқ. Оны өз орнымен пайдалануды білмейміз. Кейбір балаларымыз мектепке кешігіп келеді де, сабақта ұйықтап отырады. Неге? Өйткені олар түнімен телефон көреді. Ал оны қадағалайтын ата-ана жоқ. Мен ата-аналар жиналысында: «Балаларыңыз телефонда не көріп жатыр, не тыңдап жүр, қараңыздар, қадағалаңыздар», – деп жиі айтамын.
Мен өз тәжірибемде болған бір жағдайды айтайын. Бір оқушымыздың мінезі өзгеріп, өз өзінен қатты тұйықталып кетті. Мұны байқаған сынып жетекшісі бұл туралы маған айтты. Содан сынып жетекшісі қызбен жеке сөйлескен. Әңгіме барысында оқушы қыз: «Апай, мен қорқамын», – деп жылаған. Одан кейін оны менің кабинетіме алып келді. Сөйлесе келе білгеніміз, қыз «ВК» әлеуметтік желісіне кіріп, біреумен танысқан. Содан ол адам: «Сенің ағаң бар, сіңлің бар, әжең бар. Біз сенің отбасыңды аңдып, үйлеріңді зерттеп жүрміз. Маған ақша салмасаң өйтіп кетеміз, бүйтіп кетеміз», – деп қызға психологиялық қысым көрсеткен. Сөйтіп қыз бірінші 10 мың теңге салған, одан кейін тағы да ақшалар жіберген.
Әрине, бұл жағдайды ата-анасына жеткіздік. Сөйтсек олар осыған дейін үйден 40-50 мың теңгедей ақшаның жоғалғанын айтты. Қыздың қорқып қалғаны соншалықты өзінің қайда, қандай номерге, кімге ақша салғанын да білмейді. Бұл – бір ғана жағдай. Ал әлемде мұндай жайттардың талайы болып жатыр. Балаларды суицидке итермелейтін ойындар да осында.
Кеңес Одағының тұсында негатив жаңалықтарды айтпайтын, шығармайтын. Идеология солай болатын. Себебі негатив жаңалықтар да жарнама секілді нәрсе. «Өлтіріп кетті», «зорлап кетті», «ұрып кетті», «қағып кетті», «соғып кетті» деген жаңалықтарды ести бере адамның құлағы үйреніп кетеді де, бұл оған қалыпты көрінеді. Содан кейін ондай қадамдарға барудан қорықпайтындар көбейеді. Сондықтан да негативтен гөрі позитивті көбірек жарнамаласақ, жетістіктерімізді, жақсы жаңалықтарды көбірек айтсақ деймін.
Қазір көп журналистер негативтің айналасында жүретін болды. Жақсы іс-шараларға шақырсаң өмірі келмейді, ал бір жерде бірдеңе болыпты десе, жарыса жариялап жатады. Жақсы нәрселерді көбірек көрсетсек, балалар да жақсылыққа тез бейімделер еді. Жақсыны шақырсаң жақсылық, жаманды шақырсаң жамандық келеді. Әсіресе, бала тәрбиесінде осы жағына көбірек мән берсек деймін.
Бүгінде буллинг, кибербуллинг мәселелері де әлем мектептерінде кеңінен таралып отыр. Буллинг деген не? Ол – агрессияның бір түрі, яғни басқа адамның жанын ауырту мақсатында агрессия көрсету. Буллинг сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту» деген ұғымды береді. Мұнда тек физикалық агрессия туралы ғана айтып отырған жоқпыз, психологиялық тұрғыда да қысым көрсету, қорқыту, затын тартып алу, сөзбен қорлау – осының барлығы да буллинг. Мұндай теріс әрекеттер физикалық байланыс, сөздер немесе басқа да әдістер түрінде болуы мүмкін.
Ал кибербуллинг дегеніміз не? Кибербуллинг – адамды интернетте, мысалы әлеуметтік желілер арқылы қорлау немесе қудалау. Егер де біреу өзге адамның тарапына қорлық сипатындағы әдепсіз сөздер, қоқан-лоққы түріндегі хабарламалар жазса, ол туралы келеңсіз суреттер, бейнероликтер, өсек немесе жалған сөздер таратса, әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, онда ерсi фотосуреттерді орналастырса, жеке басына қатысты ақпаратты басқаларға жайса, онда ол кибербуллинг болып саналады. Кез келген адам кибербуллингке ұшырауы мүмкін. Егер мұндай жағдай оқушының өмірінде орын алып жатса, бала көмек сұраудан қорықпауы, ұялмауы керек. Бала мұның әлсіздік емес екенін жадында ұстауы қажет. Сол мақсатта қазан айында мектеп психологы Абуова Айгүл Серғалиқызының және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуанышбай Нұркен Нұриддинұлының қатысуымен 5-6-7 сынып жасөспірімдері арасында құқықбұзушылық, буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылық, нашақорлық тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Онда видиеороликтер көрсетіліп, мектепте буллинг және кибербуллингті болдырмау, болған жағдайда не істеу керек, қалай алдын алуға болады – осы туралы тақырыптар айтылды. Біз осылайша балаға буллинг, кибербуллинг мәселесін толық ашып түсіндіруге тырысып жатырмыз.
Одан бөлек, мектеп жарғысын орындау, мектеп ауласындағы тазалық пен тәртіпті сақтау, ұстаздар мен басқа қызметкерлердің еңбегіне құрметпен қарау, мектепішілік ережені сақтау мақсатында да арнайы жұмыстар тұрақты түрде жүріп отырады. Бұл бойынша мектеп парламенті, өзін-өзі басқару ұйымының фракция жетекшілері 8-9-10 сынып оқушыларымен жиналыс өткізіп, рейдтік іс-шара жүргізеді. Рейд барысында оқушылардың сабаққа қатысуы, сабаққа қажетті оқу-құралдарын толық әкелуі, оқу құралдарының сыртқы формасы, гигиеналық талаптың сақталуы, мектеп формасының сақталуы, тыйым салынған смартфон телефондарын әкелмеуі, құқық бұзушылықтың орын алуы, сабаққа кешігу барысы қадағаланады. Жалпы алғанда, оқушыларымыз жайлы ортада сапалы білім алуы үшін барынша бірлесіп атсалысудамыз.
– Түсінікті. Енді өздеріңіздегі «Кәусар» орталығы туралы айтып кетіңізші. Ол не қылған орталық, не үшін құрылған?
– «Кәусар» – мүмкіндігі шектеулі, үйде оқытылатын балалар орталығы. Оның жұмыс істеп жатқанына екі жыл болды. Алдыңғы жылы бірінші сыныпқа Кәусар деген қыз келді. Денсаулығына байланысты үйден білім алады. Шымкент қаласының ең жас кәсіпкері атанған Кәусарды журналистер де жақсы таниды. Ұстазы екеуі үйде сабын жасады. Одан кейін иіссулар, содан соң ваннаға арналған химикатсыз қатты көпіршіктер жасап жүрді. «Кәусар» жобасының басы осылай басталған еді. Орталық бүгінге дейін жұмысын тоқтатқан жоқ.
Қазір бізде үйден оқитын 29 ерекше бала бар. Олар мектеп ішіндегі осы орталыққа келіп, ұстаздармен бірге қолөнермен айналысады. Сондай-ақ сурет салады, бояйды, саз балшықтан құмыралар жасайды. Бұл балалардың ми жұмысын жақсартып, ұсақ моторикасын дамытуға көмектеседі. Нәтижесінде сөйлемейтін балалар сөйлеп, ақырындап ашылып келе жатыр.
Бұл балаларды біз жиі саяхатқа алып шығуға тырысамыз. Мұражайға, театрға, саябақтарға қыдыртамыз. Серуен кезінде таза ауаға шығып, ән айтамыз. Мұның бәрі баланың көкжиегін кеңейтіп, оның өз ортасында еркін сезінуіне, көңіл-күйінің жақсаруына септігін тигізеді.
Тағы бір жақсы жаңалық, жуырда мектебімізде шахмат кабинеті іске қосылды. Шахмат кабинетін ашуға Халықаралық Шахмат федерациясының президенті (ФИДЕ) Дворкович Аркадий Владимирович, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Даулетова Гүлмира Бекзатқызы, Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қаласындағы филиалының атқарушы директоры Алтын Есіркепова келіп, салтанатты түрде ашты.
Шахмат балалардың зияткерлік танымын арттырады, логикалық қабілетті, ақыл-ойды дамытады, стратегиялық ойлау, жоспарлау, ойды шоғырландыру сияқты әртүрлі интеллектуалды дағдылардың дамуына ықпал етеді. Шахмат кабинеті осы мақсатта ашылды.
Ұлттық құндылықтар – ұлтымыздың шамшырағы
– Ал енді сөз соңында мынаны айтыңызшы. Ұлттық құндылықтар несімен құнды? Оны балаға насихаттаудың маңызы неде?
– «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген Мұстафа Шоқайдың сөзі бар. Сол айтпақшы, бала тәрбиесінде ең бірінші ұлттық құндылықтарды ұлықтауымыз қажет.
Баяғыда екі көрші болған екен. Біреуі өте мәдениетті, ақылды, сыпайы кісі екен де, екіншісі бәлеқор, ұрысқа жақын жан екен. Содан әлгі бәлеқор кісі көршісіне ары да, бері де тиісіп жүреді, бірақ ол көршісі үндемейді. Бір күні сол бәлеқор үйіндегі жаман шелекке қоқыс салып, көршісінің ауласына апарып қойып кетеді. Оны көрген көршісі шелектегіні қоқысқа төгіп, шелегін тазалап жуады да, бауындағы пісіп тұрған алмадан толтырып салып көршісіне апарып береді. Сонда әлгі бәлеқор: «Мен саған қоқыс апарсам, сен маған алма әкеліп тұрсың. Бұл қалай?» – деп сұрапты. Сонда көршісі: «Әркім өзіндегі барымен бөліседі», – деген екен.
Сол секілді біз де өзіміздегі барды балаларымызбен бөлісеміз. Біз қандай болсақ, балалар да сондай. Сондықтан бала тәрбиесінде алдымен өзімізді тәрбиелеуден бастау керек. Отбасыда әкенің, ананың, ата-әженің өз рөлі болу керек. Қазір, өкінішке орай, сол рөлдерді шатастырып алдық.
Ұлттық құндылықтар – ұлтымыздың мәңгі шамшырағы. Еуропаға елеңдеп, Америкаға алаңдап отырудың жөні жоқ. Қазақстан ешқашан Еуропа бола алмайды. Өйткені олардың менталитеті басқа, ал біздікі мүлде басқа. Өзгенің қаңсығын таңсық еткенше, керісінше өзгелерге өзіміздегі жақсы дүниелерді көрсетуге тырысуымыз керек. Ол үшін әр қазақ өз Отанын, өз ұлтын сүюі тиіс. Өз ұлтыңды сүю ұлтшылдық емес, ол – ұлтжандылық. Қазаққа қазақтың жаны ашымаса, шеттен келіп ешкім біздің басымыздан сипамайды. Ұлттық құндылықты, ұлтжандылықты, отаншылдықты бала бойына сіңіру мектеп табалдырығынан бастау алу қажет. Сондықтан осы бағытта барлығымыз жұмыла жұмыс істеуге тиіспіз.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Жұмысыңызға сәттілік!
М.ИБРАЕВА
15 644 символ
Leave a Reply