Бала тәрбиесі – әрбір қоғамның дамуы мен болашағын айқындайтын маңызды құндылық. Бұл жауапкершілік тек мектептің немесе ата-ананың мойнына жүктелмей, екі тараптың өзара түсіністігі мен ынтымақтастығы арқылы жүзеге асырылғанда ғана оң нәтижеге қол жеткізіледі. Мектеп пен ата-ана бірлесе отырып жұмыс істеуі – баланың жан-жақты дамуына, тәрбиесіне және болашағына үлкен әсер ететін маңызды үрдіс. Мектеп – баланың білімі мен тәртібін қалыптастыратын мекеме болса, ата-ана – оның алғашқы тәрбиешісі. Баланың үйден алған тәрбиесі мен мектептен алған білімі бір-бірімен үйлесімді болуы қажет. Бұл үшін ата-ана мен мектептің өзара қарым-қатынасы мен бірлескен жұмысы міндетті.
Мектептің ата-анамен бірлесе жұмыс істеуінің бірнеше тиімді тұсы бар. Біріншіден, мұндай ынтымақтастық бала дамуын кешенді бақылауға мүмкіндік береді. Баланың мінез-құлқы, оқу үлгерімі және әлеуметтік дағдылары мектеп пен үйде әртүрлі байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда мектеп пен ата-ана бірігіп, баланың мінезіндегі өзгерістерді дер кезінде анықтап, қажетті көмек көрсетеді. Екіншіден, тәрбиенің бірізділігін қамтамасыз етеді. Үйдегі және мектептегі тәрбие бір-біріне қайшы келмеуі тиіс. Ата-ана мен мұғалімдер тәрбие тәсілдері мен талаптарында біртұтас ұстанымға келсе, бала да өзін сенімді және еркін сезінеді. Үшіншіден, баланың әлеуетін толық ашуға көмектеседі. Ата-ана баласының қызығушылықтары мен қабілеттерін жақсы біле түседі, ал мұғалімдер сол қабілеттерді дамыту жолдарын ұсына алады. Ынтымақтастықтың арқасында бала өзіне қызықты және маңызды бағыттарды таба алады.
Мектеп пен ата-ана арасында үнемі байланыс болуы шарт. Ата-аналар жиналысының, жеке әңгімелесулердің тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс. Мектепте өткізілетін іс-шараларға ата-аналардың қатысуы да оларды баланың мектептегі өміріне жақындатады. Мысалы, спорттық жарыстар, мәдени іс-шаралар, волонтерлік жобалар ата-ана мен баланы жақындастырады.
Кейбір ата-аналар тәрбие беру жолдарында қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондықтан мектеп психологиялық тренингтер, семинарлар мен вебинарлар ұйымдастырып, ата-аналарға бала тәрбиесі мен білім беру процесіндегі жаңашылдықтарды түсіндіріп отыру да маңызды. Әрбір баланың тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, ата-ана мен мұғалім оның мықты және әлсіз жақтарын талқылауы керек. Бұл баланың өзін-өзі бағалауына оң ықпал етеді. Екі жақты ынтымақтастықтың арқасында балада сенімді орта қалыптасады. Ата-ана мен мұғалім арасындағы үйлесімді байланыс арқылы бала екі жақтан да қолдау көрсетілетінін түсінеді. Бұл оның өзін қорғаулы және сенімді сезінуіне ықпал етеді. Бұл тіпті баланың оқу үлгерімінің артуына да сеп болуы мүмкін. Ата-ана оқуға қызығушылық танытқанда және оны қолдағанда, бала да оқу процесіне жауапкершілікпен қарай бастайды. Одан бөлек, психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді екі тарап та ерте байқап, қажетті шаралар қолдана алады. Бұл оның эмоционалды денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Мектеп пен ата-ана ынтымақтастығы – бала тәрбиесіндегі ең маңызды құралдардың бірі. Олардың өзара әрекеттестігі білім беру мен тәрбиелеу процесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпақты саналы, парасатты және өзіне сенімді тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Баланың табысты дамуы үшін мектеп пен ата-ана әрдайым бір мақсатта жұмыс істеуі тиіс, бұл баланың мүддесін көздеп, оның жарқын болашағын қамтамасыз етеді.
«№140 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де осы бағытта біршама жұмыстар атқарып үлгерді. Атап айтар болсақ, 10 «А» және 10 «Ә» сыныбының жетекшілері Налибаева Айнұр мен Баймбетова Мөлдірдің жетекшілігімен «Көркем мінез – баға жетпес байлық», «Адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиелеу – тұлға қалыптасуының негізі» тақырыптары бойынша сыныптан тыс сабақ өткізілді.
42 ата-ана қатысқан бұл сабаққа ата-аналарға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Сабақ барысында көркем мінездің адам өмірінде қандай маңызды рөл атқаратынын түсіндіріп, адамның ішкі мәдениеті, адамгершілік қасиеттері, өзін-өзі ұстай білуі туралы сөз қозғалды. Түрлі тренингтер мен жағдаяттық тапсырмалар арқылы ата-аналарға мінез-құлықтың көркем болуы үшін балаға аз болса да көңіл бөліп, бірге уақыт өткізуге кеңес берілді. Мұндай сабақтар бала тәрбиесі мен дамуына қатысты мәселелерді бірлесіп шешуде, ата-аналарға балалардың жас ерекшеліктеріне сай психологиялық және педагогикалық білім беруде, тәрбие ісінде тиімді әдістерді қолдануда өте пайдалы. Сондай-ақ, аталған сабақтар барысында балалардың эмоционалдық, әлеуметтік және интеллектуалдық дамуын қолдаудың жолдары талқыланып, мүмкін болатын қиындықтардың алдын алуға жағдай жасалады. Бұл ата-аналардың балаларына қолдау көрсету қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.
Одан бөлек «№140 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2 «Ә» сынып жетекшісі Ордабек Айгүл Жаңабайқызының жетекшілігімен «Әрбір бала – жарық жұлдыз. Әр баланың ерекшелігін қалай ашамыз?» тақырыбында ата-аналармен тренинг-сабақ ұйымдастырылды. Сабақтың мақсаты – әр баланың жеке ерекшелігін түсініп, олардың қабілеттерін дамытуда отбасы мен мектептің бірлескен әрекеттерінің тиімділігін арттыру. Тренинг барысында төмендегідей маңызды тақырыптар қамтылды:
- Ұлттық мәдениет дәстүріне сүйене отырып, ерік-қасиеттер мен мінезді тәрбиелеу. Бұл бөлімде балалардың мінез-құлқы мен ерік-жігерін қалыптастыруда ұлттық құндылықтардың рөлі талқыланды. Қатысушыларға қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тәлім-тәрбиелік ұстанымдарын бала тәрбиесіне қалай тиімді қолдануға болатыны туралы кеңестер берілді.
- Темпераменттің оқу қызметіне, мінез-құлқы мен қарым-қатынасына әсері. Баланың темпераментінің оның мінезі мен оқу процесіне әсер ететіні түсіндірілді. Балаларға темперамент түрлерінің (сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик) ерекшеліктері баяндалып, ата-аналарға өз балаларының темпераментін анықтап, соған сәйкес дұрыс қарым-қатынас орнату жолдары үйретілді.
- Баланың темпераментіне сәйкес оның ерекшелігін ашу. Әр баланың жеке темпераментіне қарай қабілеттері мен қызығушылықтарын дамыту жолдары көрсетілді. Ата-аналарға өз балаларын жеке қырларынан тануға көмектесетін түрлі психологиялық және педагогикалық әдістер ұсынылды.
- Әр баланың ерекшелігін ашуда отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуі. Баланың жан-жақты дамуына отбасы мен мектеп арасындағы тығыз қарым-қатынастың маңыздылығы айтылды. Бұл бөлімде ата-аналарға мектеппен бірлесе отырып баланың шығармашылық қабілеттерін ашу, оның жеке басына құрметпен қарау, сенім білдіру сынды маңызды факторлар түсіндірілді.
Тренингте ата-аналарға әр баланың жеке ерекшелігін ескере отырып, оны дамытуға бағытталған практикалық тапсырмалар ұсынылды. Олардың тәжірибелік бөлімі балалардың қызығушылықтарын анықтау, креативтілігін дамыту, оқу барысындағы қиындықтарды жеңу жолдарын қамтыды. Сабақтың соңында ата-аналар мен мұғалімдер арасында ашық пікір алмасу өтіп, әр қатысушы бала тәрбиесінде кездесетін сұрақтар мен оларды шешу жолдары туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша, тренинг ата-аналар мен мұғалімдерге өзара серіктестіктің маңыздылығын терең түсінуге мүмкіндік берді.
«Әрбір бала – жарық жұлдыз. Әр баланың ерекшелігін қалай ашамыз?» тақырыбындағы тренинг-сабақ ата-аналар мен мұғалімдер үшін өте маңызды әрі пайдалы іс-шара болды. Баланың жеке ерекшелігін түсіну, оның қабілеттері мен мінез-құлқын дамытуда мектеп пен отбасының өзара тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығы айқындалды. Ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, тәрбие берудің, темперамент ерекшеліктерін ескерудің және баланың жеке қасиеттерін ашудың әдіс-тәсілдері талқыланды. Бұл тренинг ата-аналарға өз балаларын тереңірек тануға, олармен дұрыс қарым-қатынас орнатуға және әр баланың потенциалын толық ашуға қажетті білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік берді. Мұндай шаралар отбасы мен мектеп арасындағы серіктестікті нығайтып, бала тәрбиесінің сапасын арттыруға ықпал етеді. Әр бала жарық жұлдыз десек, оның жарқырауына қолдау көрсету де – ортақ міндет.
Leave a Reply