Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні – еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі болып табылады. 16 желтоқсан – бұл Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялаған күн, еліміздің тарихында айрықша орын алады. Биылғы жылы Тәуелсіздік күнін тойлау аясында Шымкент қаласындағы №129 жалпы орта білім беретін мектепте де бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Алдымен мектеп кітапханасында «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» мерекесіне орай «Тәуелсіз елім – Қазақстаным!» тақырыбында кітап көрмесі қойылды. Кітап көрмесінің мақсаты – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау, еліміздің жеткен жетістіктері мен рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту, ата-бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі ету, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту. Көрмеге Тәуелсіздік жолында құрбан болған Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ерлігімен таныстыратын 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен оған қатысқан желтоқсаншылар туралы құжаттар, фотосуреттер қойылды. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына арналған әдебиеттер, тарихи құжаттар мен құнды ақпараттар ұсынылды. Көрмеге қойылған кітаптар мен материалдар еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғалардың ерліктерін көрсетуге бағытталды. Оқушылар мен ұстаздар арасында үлкен қызығушылық тудыра білген бұл кітап көрмесінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызына, оның жастар мен халықтың ерік-жігерін қалай нығайтқанына да ерекше назар аударылды. Аталған материалдар оқушыларға өткен тарихты ұмытпау және оны құрметтеу қажеттілігін түсіндіруге көмектесті. Оқушылар көрмеде ұсынылған материалдарды зерттей отырып, еліміздің еркіндік жолындағы күресінің қалай басталғанын, оның қиындықтары мен жетістіктерін біле алды. Сонымен қатар, бұл шара өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді нығайтып, Қазақстанның тәуелсіздігіне деген мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімін оятқандай болды.
Сонымен қатар, №129 жалпы орта білім беретін мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына сәйкес 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» тақырыбында 4 және 8 сыныптар арасында бірыңғай тәрбие сағаты және «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбында «Адал ұрпақ» ұйымының оқушыларымен дөңгелек үстел өткізілді. Бұл шаралардың мақсаты біреу ғана, ол – тәуелсіздік жылдарындағы ел жастарының жетістіктерін көрсету, білім алушылардың патриоттық сезімдерін нығайту, сондай-ақ олардың өз жетістіктерін ел дамуы мен қоғам игілігіне арнаудың маңыздылығын түсіндіру.
Тәрбие сағатында оқушылар Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде ел жастарының қоғамдағы рөлі мен жетістіктері туралы ақпарат алды. Олар өздерінің болашағын қалай қалыптастырып, еліміздің дамуына қалай үлес қосуы керек екенін ұғынды. Әсіресе, елдің тәуелсіздігі жолындағы ерлік пен батылдық тарихы, түрлі салада жеткен табыстар мен жеңістер оқушыларға үлкен әсер қалдырды. Шара барысында оқушыларға Қазақстанның тәуелсіздігін алуының тарихи маңызы, оның күрделі әрі қиын жолы туралы түсінік берілді. Сонымен қатар, әрбір білім алушы ел дамуына өз үлесін қосып, қоғамдық игілікті көздейтін азамат болудың маңыздылығы туралы пікірталас жүргізілді. Тәрбие сағаты Қазақстанның болашақ ұрпағын Отанын сүюге, ұлттың тарихы мен мәдениетін құрметтеуге шақыратын жақсы бастама болды.
Бұл іс-шаралар оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, жастар арасында Қазақстанның тәуелсіздігі мен жетістіктері туралы ақпараттандыру мақсатында өткізілуде. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылатын мұндай іс-шаралар оқушылардың ұлттық сана-сезімін оятып, оларды ел тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелейді. Сонымен қатар, еліміздің болашағына жауапты, патриоттық рухтағы азаматтарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Leave a Reply