Ваучерлік жүйе пилотты түрде енгізілген соңғы 1,5 айда 3500-ге жуық бүлдіршін балабақшаға орналасты. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімдігі мәлім етті. Балабақшаларды дербестелінген қаржыландыру жобасы енгізілгенге дейін кезекте 10510 бала тұрса, жүйе енгізілгеннен соң кезекке тұрған 862 баланы қосқанда барлығы 11372 бала ваучермен қамтамасыз етілді немесе кезектен өз еркімен бас тарты. Осылайша жыл басынан бергі балабақша кезегі 1,5 айдың ішінде 100%-ға жаңарды. Шаһарда бүгінде күнделікті орташа есеппен 200-300 ваучер беріліп келеді. Айта кетерлігі, бұған дейін мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржы балабақшаларға тікелей қарастырылған. Енді ваучер балаға тағайындалып, ата-анасының мектепке дейінгі білім беру мекемесін таңдауына қарай төленбек. Аталған тетік жүйедегі ашықтықты қамтамасыз етуді де көздейді. Енгізілген пилот арқасында Шымкент қаласында балабақшаларға тіркеліп, ақша төленіп келген 900-ге жуық бала басқа өңірлерде тұратыны, өзі тұратын жердегі балабақшаға барып жүргені анықталды. Сол себепті олар кезектен шығарылды. Ваучерлік жүйенің тиімді және ашық екенін ұғынған ата-аналар балаларын көптеп кезекке қоя бастады. Айта кету керек, ваучерлік қаржыландыру бекітілген талаптарға сай келетін барлық балабақшаларға ұсынылады. Таңдау ата-аналарда болғандықтан, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің арасында бәсекелестік артып, қызмет сапасы жоғарылайды деп күтілуде. Қазірде Шымкент қаласында 625 балабақша бар, оның ішінде 71-і мемлекеттік, 554-і жекеменшік. Ваучерлік қаржыландыруға бүгінде 608 мектепке дейінгі мекеме өтті. Жыл басынан бері қала бюджетінен мемлекеттік тапсырыс бойынша балабақшаларға 72 мың орынға қаржы қарастырылған. 2025 жылы оның көлемін ұлғайту көзделіп отыр.
Leave a Reply