Үздік жыл оқушысы мен үздік сынып жетекші анықталды

Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде ғылыми-әдістемелік кабинеттің бастамасымен құрылған «IT start –up 7» гуманитарлық бағыттағы магистрлер қауымдастығының «Цифрлық дәуір және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың трансформациясы» деп аталатын апталығы шеңберінде бастауыш сынып оқушылары арасында «Үздік жыл оқушысы — 2024» атты байқау өтті. Бастауыш сынып оқушылары арасында ұйымдастырлған байқау бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде Тәуелсіздік тақырыбында жыр шумақтарын мәнерлеп жатқа оқыса, екінші кезеңде логикалық сұрақтардың шешімін тапты, үшінші кезеңде мақал-мәтелдерден сынға түсті. Төртінші кезең «Кім тапқыр?» деп аталды. Бұл кезеңде оқушылар пән бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Соңғы кезең полиглотта оқушылар жасырылған суреттерді тауып, олардың атауын қазақ тілі, ағылшын, орыс тілдерінде еркін жеткізді. Байқауды директордың ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Пернекүл Жақсылыққызы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Серікқызы қорытындылап, жарыс жеңімпаздарын марапаттады.

Байқаудың қорытындысы бойынша бастауыш сыныптың оқушыларының арасында «Үздік жыл оқушысы — 2024» атағы мен бас жүлдені 4 «А» сынып оқушысы Тәліп Інжу Қылышбеккызы иеленді, жетекшісі Асемкулова Салима Аликулкызы, жүлделі І орын 4 «В» сынып оқушысы Сералиев Рамазанға бұйырды, жетекшісі Куйбагарова Жансая Жумабековна, ІІ орынды 4 «В» сынып оқушысы Қалжігіт Нұрғиса, жетекшісі Аташ Құндыз, жүлделі ІІІ орынға 4 «Ә» сынып оқушысы Махаметкәрім Нұр-ай Берікқызы лайық деп танылды. Жетекшісі Доненбаева Дана. Байқауға қатысқан басқа да оқушылар қазылар алқасының шешімімен арнайы номинациялармен марапатталды.

Бастауыш сынып оқушыларының танымдық көз қарасын, ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту, логикалық ойлау, шапшаңдық, ізденімпаздық, іскерлік қасиеттерін қалыптастыра отырып, озық ойлы өрендерді тауып, оларға қолдау көрсету, бастауыш сынып оқушылары арасынжа жыл үздігін анықтау мақсатында өткізілген байқауды бастауыш сынып мұғалімдері Эльмира Рустемова, Айжан Доскулова, Айгул Амирова, Раушан Алипова секілді ұстаздар атсалысты.

«Үздік  сынып жетекші – 2024» анықталды

Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев  атындағы  №7 ІТ мектеп-лицейінде үздік жыл оқушысы ғана емес, үздік сынып жетекші де анықталды. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын насихаттау мақсатында ғылыми әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес «ІТ start-up 7» қоғамдық бағыттағы магистрлер қауымдастығының ұйытқы болуымен мектепішілік «Үздік сынып жетекші – 2024» байқауы өткізілді. Байқауды директордың ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Пернекүл Жақсылыққызы ашып, сынып жетекшілердің арасында өткізіліп отырған байқаудың маңыздылығы жоғары екеніне тоқталды. Мұғалімдердің педагогикалық ұстанымы мен тұлғалық әлеуетін көтеру, үздік сынып жетекшіні анықтау, зияткерлік және шығармашылық қызметтің жаңа формаларын іздеу, кәсіби шеберлігі, тәжірибесімен бөлісу, педагогтарды қолдау және кәсіби педагогикалық тәжірибенің үздік үлгілерін көрсету байқаудың басым мақсаттарының бірі болды.

Байқаудың алғашқы кезеңі «Менің сыныбым – мақтанышым» деп аталды. Бұл кезеңде сынып жетекшілері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасындағы басымдықтар мен құндылықтарды қоса отырып, сыныптағы ұйымшылдық, жетістік, тәртіп пен жауапкершілік, әлеуметтік белсінділік, ұлттық құндылықтарды ұстану, эмоционалдық ахуал, ата-анамен байланыс  критерилерін ескере отырып, өздері дайындаған презентацияларын қорғады.  Екінші кезеңде қатысушылар ситуациялық сұрақтарға жауап берді.

Үміткерлердің  өнерін бағалап, әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында ұлағатты ұстаз, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жібек Зиябекова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Майра Садырәліқызы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Феруза Смадиярқызы болды. Киелі шаңырақтың кіл мықтылары,  білікті де білімді  сынып жетекшілері бақ сынаған байқаудың қорытындысы бойынша өзінің кәсіби шеберлігі мен  озық іс-тәжірибесімен бөліскен «Үздік сынып жетекші-2024» номинациясын 9 «Д» сыныптың жетекшісі Салимова Салтанат Аметбекқызы иеленді. Сонымен қатар, «Көшбасшы сынып жетекші-2024» номинациясымен 3 «Ә» сыныбының жетекшісі Узбекова Бибіһажар Жалайырқызы, «Ұлттық рух шебері-2024» номинациясымен 6 «Ғ» сынбының жетекшісі Кіштай Гүлбахар, «Жаңашыл сынып жетекші — 2024» номинациясымен 7 «Д» сынып жетекшісі Орынбай Әйгерім Ғаниқызы, «Дарынды сынып жетекші — 2024» номинациясымен  6 «Г» сыныбының жетекшісі Мыңбатырова Сәуле Ділдаханқызы, «Мотивация шебері-2024» номинациясымен 8 «В» сыныбының жетекшісі Айенова Алия Пайызханқызы, «Жанашыр сынып жетекші-2024» 2 «В» сыныбының жетекшісі Ысқақова Мереке Тәліпқызы, «Мейірімді сынып жетекші-2024»  номинациясымен 4 «Г» сыныбының жетекшісі Аханбаева Ұлжарқын, «Кемеңгер сынып жетекші-2024» номинациясымен 5 «Б» сыныбының  жетекшісі Утельбаева Ақмарал Салыбекқызы марапатталды.

Оқушылардың жүрегіне жол таба білген, білім мен тәрбие беруде өз ісінің майталмандары ретінде танылған мектептің магистрлер қауымдастығының мүшелері ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Жібек Зиябекова, Гүлмира Тазабекова, информатика пәнінің мұғалімі Айгерім Маймақова сынды педагогтар аталған байқаудың әсерлі әрі есте қаларлықтай өтуіне өз үлестерін қоса білді.

2024 жылдың ең үздік сынып жетекшісі атанған Салтанат Салимова –биология ғылымдарының магистрі, педагог-модератор. Ол қазіргі сынып жетекшісінің бет-бейнесіне тоқтала отырып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында сынып жетекшісі ретінде өзінің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Сонымен қатар, өзі жетекшілік ететін 9 «Д» сыныбының оқушылары туралы да айтып кетті.

– Қазіргі сынып жетекшісі қандай? Адам білім үшін емес, білім мен тәрбие адам үшін ұстанымын басшылыққа алып, оқу-тәрбие барысын жетілдіріп, дамыту арқылы ғана білім мен тәрбиенің беделін арттыруға болатынын уақыт өзі дәлелдеп отыр. Еліміздің ертеңі, бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында екені айқын. Менің басты мақсатым – сыныпта жақсы қарым-қатынас орнату, әр оқушының пікірін тыңдай отырып, сыныптағы тәртіп пен ұжымдық рухты нығайту. Сынып жетекшісі болу тек міндет емес, бұл бірлесе жұмыс істеп, ортақ мақсатқа жету үшін бірігу жолы.

Оқу жылы барысында әрбір өтілген тәрбие сағатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық құндылықтарына негізделген тәрбие сағаттарын өткізіп келемін. Тәрбие сағаты бұл оқушылардың жеке тұлғасын қалыптастыруға, олардың қоғамдағы рөлін түсінуге, моралдық және адамгершілік құндылықтарды сіңіруге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады. Тәрбие сағаттары оқушылардың әлеуметтік, психологиялық дамуында ерекше рөл атқарады. Өйткені ол құндылықтарды түсінуге мүмкіндік береді. Әрбір тәрбие сағаты қоғамдағы жақсы мінез-құлықты, адамгершілік қағидаларды, азаматтық жауапкершілікті, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті насихаттауға бағытталады.

Мектептің қоғамдық жұмыстарына да өзім жетекшілік ететін сыныбым белсенді түрде атсалысып келеді. Тәлімді тәрбие сағаттарымен «Қыран» ұлдар ұйымы мен «Аружан» қыздар ұйымының жиналысы, сонымен қатар ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жоспарына сәйкес ата-аналар жиналысын тұрақты түрде өткізіп келемін. Мәдени және бұқаралық іс-шараларға менің сыныбымның оқушылары қатысып келеді. Сыныбымның ер балалары зиянды әдеттерден аулақ етіп, спорттық іс-шараларға қатысуға, салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер арасында әлімжеттіктің, құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың, қатігездіктің алдын алу мақсатында ұлдар жиналысы да өз нәтижесін беріп келеді. «Қызға қырық үйден тыйым» деген аталы сөз бар халқымызда. Халқымыз қашанда ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Оның ішінде қыз баланың тәрбиесі үнемі назардан тыс қалған емес. Дүние есігін ашып, ес білген шағынан ата-ананы, үлкенді сыйлау және құрметтеу керек екенін сыныбымның қыздарына айтып отырамын. Қыздар жиналысының тәрбиелік мәні өте ерекше.

Сыныбымда дарынды да білімді, өнерлі де талантты шәкірттер өте көп. Солардың бірқатарын атап өтер болсам, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары Әбдіуайыт Айша, Қалдыбай Айгерім, Бекбота Бекасыл, Ғазиз Әділ, Мелдебек Әлихан жоғары деңгейдегі дипломдармен марапатталған. «Дарынды ұстазға – талантты шәкірт» деген. Менің шәкірттерім, сыныбымның мақтанышы Нұрланова Мерей, Қасымхан Сая, Оралбек Әсел, Серік Сағынай секілді сыныптағы өте белсенді қыздарым мектеп ішіндегі қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, биіктерден көрініп келеді. Қоғамдық іс-шараларға қатысып, сыныптың беделін асқақтатып жүрген оқушылар Әбдіуайыт Айша ең соңғы өтілген жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың аудандық кезеңінен екінші дәрежелі дипломмен марапатталып, қалалық кезеңге жолдама алды. Османали Марлен, Ережеп Нұрсалим, Данай Сұлтан, Қанатұлы Аянат спорттық олимпиадаларда биік белестерден көрініп, таэквандодан жасөсіпірімдер арасында Шымкент қаласындағы чемпионатында Ережеп Нұрсалим жүлделі үшінді орынды иеленді. Жасөспірімдер, кадеттер және ересектер арасында Шымкент қаласының ашық чемпионатында ІІІ дәрежелі дипломмен Османали Марлен марапатталып, мектебіміздің абыройын асқақтатып келеді. Сыныбымның өнерлі оқушылары Османали Марлен және Оралбек Асел «Біртұтас тәбие» жобасын жүзеге асыру мақсатында 8 және 10 сыныптар арасында өткен «Күз ханзадасы мен ханшайымы-2024» байқауының қатысып, екінші орынды қанжығамызға байладық. Қай істе болмасын, белсенді де асқан жауапкершілікпен жүзеге асыра білетін оқушыларым Абдыманапов Рашидби, Ахмет Беслан, Өмірбек Шыңғысхан, Серік Рамазан, Темірбек Рамазанды ерекше мақтаныш етемін. Менің бұл оқушыларым «Жас сарбаз» әскери патриоттық клубта өздерін асқан шеберлікпен көрсетіп, патриоттық сайыстарда ерекше көзге түсіп, шыңдалып келеді. Бойларында Отанға деген патриоттық сезімдері жоғары, азаматтық көзқарастары айқын секілді. Төребек Заңғар, Бақтыбекұлы Бердібек, Ғибадуллин Ерсұлтан, Смайыл Ескендір, Іңкәр Нұрасыл… Әрбір шәкіртті шамшырақ десем, сол шамшырақты жаға білетін де ұстаз. Өзгелерден ерекше қасиеттерімен дараланып тұратын Ишанай Адина, Сұлтанбек Кәусар, Мақсут Амина, Мұратбекова Даринадай оқушыларым сұлулық пен әдеміліктің символы іспеттес.

Оқушылардың жетістігін көрсету, олардың еңбегін қоғам алдында тану және бағалау өте маңызды. Мұндай қадамдар оқушылардың өзін өзі бағалауын, сенімін арттыруға, әрі қарай дамуға, ынталандыруға ықпал етеді. Оқушылардың жетістіктерін көрсету тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ, негізгі мақсат – олардың табыстарының маңыздылығын көрсету және басқа оқушыларға үлгі ету.

Сыныбым – менің мақтанышым. Баланы білім нәрімен сусындату, сынып жетекшілік ету, балалармен жұмыс істеу – мен үшін үлкен бақыт. Жұмысымыз нәтижесіз емес. Жас маман ретінде айтарым, қазіргі заманға сай сынып жетекші болуға тырысамын және ұрпақ тәрбиесі үшін аянбай еңбек ете беремін, – дейді ол.

Қазіргі заманның сынып жетекшісі – тек білім беруші ғана емес, нағыз тәрбиеші, психолог, әрі көшбасшы. Ол әр оқушының жан-дүниесін түсініп, олардың тұлғалық қалыптасуына ықпал ете білуі керек. Үздік сынып жетекші оқушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың ерекшеліктерін ескере отырып, қолдау көрсетеді.

Бүгінгі күннің талабына сай сынып жетекші жанашырлықпен қатар, жаңашылдыққа бейім болуы қажет. Ол заманауи технологияларды меңгеріп, әр оқушының қызығушылығына қарай жұмыс істейді. Сондай-ақ, оқушылар арасында ынтымақтастық пен жауапкершілікті қалыптастырып, ұжымдық рухты нығайтады. Психологиялық сауаттылық та маңызды: жетекші оқушының мінез-құлқындағы өзгерістерді байқап, қажет болған жағдайда дер кезінде көмек көрсететіндей деңгейде болуы тиіс.

Сынып жетекшінің ең басты міндеті – оқушыларға үлгі болу. Шынайылық, әділдік, жанашырлық сияқты қасиеттері арқылы ол балалардың жүрегіне жол табады. Заманауи сынып жетекшінің білім мен тәрбиенің үйлесімін қамтамасыз ететін, қоғамға жауапкершілігі мол, саналы азаматтарды тәрбиелеуші тұлға екенін естен шығармаған дұрыс.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика