*Әженің хаты …жаным, жандарым, әкелеріңді ренжітпеңдер?!

Ардақжан, ойым онға, санам санға бөлініп, мына әдепсіздік пен қомағайлық жайлаған қоғамнан сендерді қалай қорғасам екен деп алас ұрмаған күнім аз. Өйткені, арсыздық жарнамаланып, тоғышарлықты мақсатына айналдырғандардың дауыстары зорайып, еш кедергісіз жас буынды соңынан тартып барады. Ботам, сенесің бе, сендерді осы бір алабажақ ортадан өзге бір, қиялдағы мекенге ала қашқым келеді. Сонда есіме Асан қайғы бабамыз айтқан Жерұйық елестейді. Әділетсіздік, қайғы, қасырет, жоқшылық, зорлық пен теңсіздік болмайтын,  «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалайтын» мекен. 

Оныншы ғасырдағы  данышпан бабамыз Жүсіп Баласағұн суреттеген Айтолды патша орнатқан кемел мемлекет.  Әл Фараби суреттеген «Қайырымды қала». Біздің кезімізде мұндай кемелдікке жеткен жайлы мекендер неге болмайды деп сұрауыңа болады. Ол үшін ол жерді мекендейтін адамдар кемелдікке жету керек. Кемелдікке жету бар адамның бай болуы емес. Бар адамның рухының жетілуі, кемелденуі. Бұған да біраз данышпандар бас қатырған. 

Сейт Харта ( кейіннен Будда (күнәдан пәк адам) деген атты иемденген) жеткен ақиқат : Адам баласы азап шегеді, оны азапқа салатын өзінің нәпсісі, азаптан құтылу үшін нәпсісін  тыю керек. Оп-оңай шешім сияқты.. Бірақ адам баласына өз нәпсісін тыю оңай емес. Абай өз поэмасында атақты Ескендірге алтын қақпадан: Батыр болсаң өзіңнің нәпсіңді жең, Сендейлер мұндай жерге келмейді тең»,- деп тіл қатады ғой.  

Әлемді билеген талай заңғарлар өз нәпсісін жеңе алмаған. Ал, қазіргі кезде нәпсіге ерік беріліп, қомағай құлқынның қақпасы барынша ашылып түр. Сендер де соларға жұтылып кетпесе екен деп жүрегім сыздайды…  Ежелгі дала пайғамбары атанған Заратуштра бабамыз өзінің ілімін «Авеста» деген атпен жазылған кітапта қалдырған екен. Сонда екі әлем суреттеледі. Бірі жоғарыда бабалар армандаған қайғыны, ауруды, зорлық пен өтірікті,  ғайбатты, әділетсіздікті білмейтін Ахура Мазда әлемі, яғни адамзат әлемі;

бірі зұлымдық әлемі. 

Зұлымдық әлемі бақытты өмір сүріп жатқан адамзатты құрту үшін небір алып күш иелерін жасайды. Алып күш иелері — дәулер, көп басты, аузынан жалын шашқан айдаһарлар, т.б. Ауру тудыратын албастыларды жібереді. Олар көрінбей келіп адамның бір мүшесін зақымдап ауру тудырады деп түсіндіреді. Соның бәріне қарсы күш, ауруға ем табады. Бұл ғажап әлемді бүлдірген не екенін айтсам, таң қаларсың, мен де кезінде таң қалғанмын. Адамзаттың тыныштығын бұзып, бақытына нұқсан келтірген жоғарыда айтылған алып күш иелері емес — өтірік сөз. Зұлымдық әлеміндегі  өтірік сөздің иесі адамзат арасына өтірік насихатты жібере бастайды, сөйтіп, адамдар өз сенімінен айрылып, қасиетті заңдарына күмән келтіре бастайды. Ал, өтірік өз күшіне сеніп, одан әрі насихатын күшейте береді. Адамзат қоғамы осылай қазіргі  өтірік пен шындықты айыра алмайтын халге түсіп, өзінің ғажап өмірінен айрылып қалған екен Біздің өміріміз шындық пен жалғандық,  жақсылық пен жамандық мәңгі күресіп жатқан қым-қиғаш  күрес алаңына айналған. 

          Бұл әдісті біздің ұлтты бағындыруды ойлаған отаршылдар үнемі пайдаланған. Бар ұлттың күші сенімінде, дінінде екенін біліп, дінімізді ауыстыруды көздеді. Өтірік насихат енгізді.  Ұлы даланың қасиетті заңдарынан тұратын дәстүрімізді де  «артта қалғандық (отсталость)», «надандық» деп түрлі өтіріктермен жастардың санасына алдымен өз асылымызға сенімсіздік, сонан соң мүлдем қарсылық туғызды. Қазіргі түріміз де, тіліміз де, киген киіміміз де өз ұлтымызға ұқсамайтын, рухани құндылықтарды  өзге елден іздеп жүрген болмысымыз осы үздіксіз өтірік насихаттың нәтижесі. 

Бұл өтірік насихат бүгінгі күні шектен асып тұр. Өкініштісі, өзіміздің адасқан ұл-қыздарымыз  ондай өтіріктерді судай сапырып, айылын жимай барлық ақпараттық құралдарда тынымсыз насихаттауда. Оның қайсысын сендер тыңдап, иланып жүргендеріңді білмеймін. Мынау өтірік дегеніме сендер илана қоясыңдар ма? 

Оған ерекше әдіс керек. Соны таба алмай қиналамын. Отырып алып құрғақ насихат айта беру нәтиже бермесі анық. Ескертіп қойсам, ойлана жүрер дегенім ғой. Шындық қатал да, сүреңсіздеу, көңілсіз де суық, көріксіз болып көрінеді. Өтірік жұмсақ, көңілді, әдемі, жағымды болып көрінеді. Осындай шарасыздық халде өзім оқыған шығармаларды ойша парақтаймын. Француздың философ жазушысы Жан Жак Руссоның педагогикалық туындысы «Эмиль немесе тәрбие туралы» деген кітабында бала жанын кірлетпей, таза қалпында тәрбиелеу үшін қоғамнан бөлек тәрбие беруді ұсынады. Яғни қоғамнан бөлек тек табиғат аясында арнаулы он сегіз қабаттан тұратын орын дайындап, әр жаста сол қабаттарда өсіреді. Бір жасар бала бірінші, екі жасар бала екінші қабат, т.с.с. Әр қабатта жасына лайықты білім де беріледі. 

Білім табиғи құбылыстарды көзбен көруіне, сезінуіне мүмкіндікке сай болған. Мысалы, дәнді жерге отырғызғаннан бастап, оның табиғи өсуін өзі бақылап, оның даму үдерісін көзбен көреді. Жұлдыздар туралы сабақ түнгі мезгілде оқытылуын тиімді деп есептеген. Он сегіз жасында әбден қалыптасып, сосын ғана қоғамға қосу керектігін айтқан. Бұл туындыны біз оқыған педагогика қоғамнан алшақтату, т.б. деген кемшіліктері барын сөз ететін. Қолымыздан мұны жасау келмейтінін білемін, бірақ ойшылдың осы  туындысында болашақ ұрпақ үшін мазасыз ойы жатқаны анық. 

Ол да қоғамға келе жатқан жаңа үдеріс — капитализмнің, сонымен ілесе құдайсыз идеологияның суық ызғарын сезініп, жаны таза жастарды аман сақтаудың жолын іздегені көрініп тұр. Сондықтан маған бұрынғыдан жақынырақ, түсініктірек болып көрінеді. Осылар жол таппағанда, сен кімсің деп өзімді-өзім келекелегендей боламын. Бірақ ойлауға, ойлануға адам баласына ешкім тосқауыл қоя алмайды ғой… Руссоның жоғарыда айтқан шығармасын терістегендей француз жазушысы Ги де Мопассан » Өмір» романын жазды. Онда он сегізге толған дәулетті отбасының жалғыз перзенті сұлу Жаннаның өмірі арқылы жазушы өмір туралы өз түсінігін ұсынады. Жанна оқуын бітіріп, жаңа өмірге қадам басқан. Ол айналасынан  еш күдік ойламайды. Бар адам өзін сүйетіндей, бар адам  өзіне тек жақсылық ойлайтындай көреді, өте аңқау, сенгіш, жаны таза, пәк бойжеткен. Ал, өмірде алғашқы қадамынан-ақ оңбай қателесті, азап көрді, қиындыққа қарсы тұрып күресуге дәрмені жетпеді. Оны сүйген ешкім болмады. Кімді кінәларсың?.. Шошып кетесің. Автор өмір тек жақсылықтардан тұрмайтынын білу керек деп қатаң ескертіп тұрғандай. Бұған дау айта алмайсың. 

      Мен ойланып-ойланып, тәрбие мәселесінде өзіміздің ұлттық тәрбие негіздеріне сүйенсек, жастарға дұрыс жол көрсетуге болады деген қорытындыға келдім.  Аналарымыз, әжелеріміз айтқан ескертулер жастарды талай қиындықтан алып шығатынына сендім, күнім, сен  де соған иланғаның жөн. Бұл туралы әлі талай жазармын. Бүгінгі айтарым. Анам да, әжем де: «»Әке қарғысы — оқ»,- деген ескертуді көп айтатын. Әкемізден қорқып жүрсін  деп айтатын шығар деп ойлайтынмын. Жоқ, олай емес екен. Әке нала болса, әке бір мінезіңді теріс көріп, іштей қапаланса, баланың жолында үлкен, асу бермес кедергілер пайда болады екен. Сондықтан, жаным, жандарым, әкелеріңді ренжітпеңдер. Әкелеріңнің ризашылығын алып барып, іс бастауға әдеттеніңдер. Бұл туралы келесі жазбаларымда халық аузындағы аңыздардан мысал келтіріп, түсіндіремін.

Сендер сүрініп кетпесе екен деп, жанын шүберекке түйіп отыратын әжелерің

Жанымгүл Камалқызы . 20.01.2022. Астана.

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика