Күні кеше республикамыздың барлық өңірлеріндегідей Шымкент қаласында да республикалық Бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына жаңа мүшелерді қабылдау салтанаты өтті. Жиынға С.Ерубаев атындағы №24 ІТ мектеп-лицейі таңдалып алынды. Салтанатты жиында ұйым қатарына Шымқала мектептерінің үлгілі тәртібі және үздік оқуымен ерекшеленген 300 оқушысы қабылданды. Оқушылар өмірінде есте қалатын салтанат әдеттегідей дабылшылардың өнерімен басталды. Дабыл маршымен ұйымның Туы ортаға әкелініп, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. Жиында Оқушылар сарайында талаптары мен таланттарын ұштап жатқан дарынды балалардың үгіттобы жұмыстарын көрсетті. Ал, Жасұлан қатарына қабылданатын балалар ұйымның ұранын айтты. Жиынға шақырылған құрметті қонақтар мен білім беру мекемелерінің бірінші басшылары, мемлекеттік емес ұйым өкілдері жасұландықтарға галстук пен төсбелгі тақты. “Жас Ұлан» ұйымының анты беріліп, ұйымның әні хормен орындалды. Қалалық білім басқармасы «Қосымша білім беру оқу салалық орталығының”директорының м.а. Г.Ахметбекова республикалық «Жас ұлан» ұйымына жаңадан қабылданған балаларды құттықтап сөз сөйледі. Құттықтаудан соң «Алға, Жас ұлан» әні орындалды. Қала мектептері балалар мен жасөспірімдер қоғамдық ұйымы атынан А.Сүлеймен алғыс айтты. Жиын барша жасұландықтардың қатысуымен «Жаса, Жас Ұлан» әнімен қорытындыланды. Қонақтан мен жасұландықтар естелікке суретке түсті. Бүгінгі замандағы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде елімізде көптеген іс-шаралар атқарылуда. Өркениет жетістіктері дамыған сайын, технология қарыштап, бәсекелестік артқан тұста еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуына сүбелі үлес қосатын да жастар екенін өзінің сөйлеген сөздерінде әрдайым айтып келеді. Сондықтан да жастардың тәлім-тәрбиесіне мұқият көңіл бөлініп, жас ұрпақтың алдында тұрған міндет-мақсаттар жалпыұлттық идея төңірегінде көрініс табуы да заңды.
Көпшілігімізге мәлім, ХІІІ-інші съезінде қазақстандық жастардың басын біріктіріп, бір бағытта күш жұмылдыруға мүмкіндік жасайтын «Жас ұлан» бірыңғай қозғалысы және «Жас қыран» балалар ұйымдарын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл ұсыныс партия тарапынан зор қолдау тауып, 2011 жылдың 6 шілдесінде Елорда күні мерекесінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Балалар мен жасөспірімдерге тәлім-тәрбие беруге баса көңіл бөлетін ұйымға «Жас ұлан» атауы беріліп, ұйымның негізгі мақсаты ретінде – ұлттық құндылықтарға сай, рухани-адамгершілік қасиеттері мол, білімі мен білігі мықты тұлғаны қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм бағытында тәрбиелеу мәселелері анықталды. Бүгінде аталған ұйым уақыт өткен сайын ширай түсіп, дамып келе жатқанына көз жеткізе түсудеміз. «Жас қыран» деп аталатын төменгі буынға 2–4 сынып оқушылары қабылданса, ал жоғарғы сапына 5–10 сыныптағы оқушылар алынуда. Құрылғанынан бастап шамалы уақыт қана өткеніне қарамастан ұйымның сапына қосылған жас жеткіншектеріміздің қатары көбейіп келеді.
2011 жылдың 1 қыркүйегінде Астана қаласындағы №66 мектепте «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының алғашқы мүшелерін салтанатты түрде қабылдады. Дәл осы жылы қазан-қараша айларында елдің түкпір-түкпірінде «Жас ұланның» жұмысымен таныстыру мақсатында көшпелі жиындар өткізіле бастады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «20 жұлдызды күн» шеңберінде 3 желтоқсан – Жастар күні «Жас ұлан» қатарына Қазақстанның барлық өңірлерінде бір уақытта 20 000 оқушы салтанатты жағдайда қабылданды. Ұйымға мүше болу, яғни «жас ұландықтар» қатарын көбейту рәсімі жылына 3 рет : 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 6-шілде – «Жас ұлан» құрылған күні, 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні өткізіледі. 6-дан 9 жасқа дейінгі балалар «Жас қыран» тобына алынса, 10-16 жастағылар «Жас ұлан» төсбелгісін тағынады.
«Жас ұлан» ұйымының басты бағытына тереңірек тоқталатын болсақ, ол жеткіншектерді парасаттылыққа үйретумен, ұлт рухын көтеріп, жігерлі болуға баулу мәселесімен ұштасып жатқанын айта кету орынды. Ерінбей еңбек еткеннің ісі зая кетпейтінін түсіндіру. Ең бастысы, өз елін, жерін сүюге шақыру. Қоғамдық бірлестіктің ең басты міндеті де осы. Бұл жастар мәселесіне деген ерекше қамқорлығынан деп түсінгеніміз абзал. Жастардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ұйым болып бірігіп, игі істерге жұмылып еңбек етуіне ықпал жасайтын айқын жоспары бар, салмақты бірлестік тәуелсіз елдің жас ұрпағына қажет-ақ. Құрамына тек оқу үлгерімімен, үлгілі тәртібімен көзге түскен үздік оқушыларды қабылдайтын ұйымның діттегені елім деп еміренген, батыр да дана, ақылды да айбарлы, ұшқыр да озық ойлы, саналы да үмітті ұрпақ тәрбиелеу болып отыр. Бүгінгі кезде рухани дүниесі бай, ұлтын сүйетін, білімге деген құштарлығы мол, дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды қастерлейтін жас азамат қалыптастыруда ұйымның атқарар жұмыстары көп екендігіне көпшіліктің де сенімі мол. Ұйымның жаппай өркениет дамыған бүгінгідей заманда, техника алға басуымен ұлттық құндылықтардың әлсіреген шағында ұл-қыздардың қазақы болмысынан айрылып қалмай, ұлтжандылық рухта тәрбиеленуіне зор мүмкіндік жасары да белгілі. Жастардың ұлтжанды, патриот болуы үшін ұлттық идеологияның мықты болғаны абзал. Жақында «Нұр Отан» ХДП қолдауымен жастар тәрбиесіне арналған семинар өтті. Семинарда сөз алған партияның әлеуметтік бастамалар орталығының жетекшісі Қазбек Қазкенов: «Билік партиясы бұдан былай жастардың патриоттық сезімін ояту үшін құр отырыстар мен бос сөздерден бас тартуы тиіс» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін өткізіліп келген мұндай шаралардан анау айтқандай пайда бола қоймаған. «Патриотизмнің келешегі» атты семинарда ол қазіргі жастарға ел болашағынан бұрын өзінің келешегіне деген жауапкершілікті сезінуді үйрету керектігіне тоқталған болатын. «Сенімді азаматтарда ғана патриоттық рух болады. Балабақша, мектептен бастап тек еңбекпен ғана өрге жүзуге болатынын мықтап түсіндіру қажет. Қазіргідей әр жерде құр сөз бен ұрандатып акциялар мен пікірталастар өткізуден гөрі осының мәні зор» деді Қазбек Казкенов. Философия ғылымдары докторының айтуы орынды. Баланы кішкентайынан, мектеп жасынан тәрбиелеу қажет. Ал бұл ретте үйдегі ата-ананың «сабақты жақсы оқып, үлкеннің алдын кеспе» деген тәлімі аздық етеді. Ал елге деген патриоттық сезім, азаматтық идея, міне осының бәрін мектеп қабырғасында оқушыларға «Жас ұлан» ұйымы молынан сіңдіре білуі тиіс. Қазір ұйымның қатарына кіріп, міндеттерін жауапкершілікпен атқаруға ант беріп, мойындарына байрақ түстес көк галстук пен кеуделеріне төсбелгі таққан жеткіншектер өздерін елінің бір белсенді, белді тұлғасы ретінде танып жүр. Олар өздерін мемлекетке пайдалы іс тындырып жүргендерін мақтан тұтады. Ерекше айтып өтерлігі «Жас ұлан» ұйымының басшылығы республикадағы барлық бірлестік мүшелеріне бірыңғай форма тіктіруді жоспарлау үстінде.
«Жас ұлан» ұйымының құқықтық тәрбие мәселесіне келетін болсақ, бұл баланы бірінші сыныптан бастап нормативтік заңнамаларға емес, мәдениетке, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетіп, жақсылық пен жамандықты парықтай білуге үйретуімен ерекшеленеді. Бірнеше адам болып жұмылып құрылған үйымның өз нышаны, өз мақсаты, рәміздері болатыны рас. «Жас ұланның» бұдан бөлек өз әнұраны, тіпті оған мүшелікке өту кезінде қабылдайтын анты да бар. Ұйым жетекшілерінің әзірлеген «Жеті жарғысы» да көптеген келелі мәселелерді қамтыған. Балалар мен жасөспірімдердің әлі бекіп үлгермеген санасына пайдалы іс-шаралар арқылы ықпал ету де ұйымның баса көңіл бөлетін шаруасы болып табылады. Мұның себебі мектептен соң сабаққа енжар қарап, уақытын бос өткізіп, көше кезуге дағдыланған баладан қандай патриотизм күтуге болады? Өз болашағын өзі құрып, жоспарлай білуі үшін ең алдымен баланың ынтасы жоғары болуы керек. Міне, осындай мүмкіндіктіктерді «Жас ұлан» ұйымы назарға алып, іс жүзінде іске асырады деген сенім басым. Бұл бір жағынан ұйымға мүше оқушылардың түрлі жобаларға қатысып жүргенін байқайтын өзге де сыныптастары солар тәрізді сабақтарын жақсы оқуға, тәртіпті болуға ұмтылуы мүмкін.
«Жас ұлан» ұйымының тағы бір мақсаты – жас ұрпақтың адасуына жол бермеу, тура жолдан тайдырмау. Бүгіндері ерік-жігерінің әлсіздігінен, жасықтығынан, болашағына, өзіне деген сенімсіздігінен әр ағымның жетегінде кеткен жастарымыз қаншама. Адасуға бастайтын наным-сенімдерге беріліп кетуден сақтайтын отаншылдық сезімді, елге, жерге, ұлтына деген жауапкершілікті қалыптастыру. Бұл «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деген сөзімен тығыз байланысты екені сөзсіз.
Білім және ғылым министрлігінің ресми мәліметі бойынша, бүгіндері Қазақстанда бір мыңнан аса балалар мен жастар ұйымдары жұмыс жасауда. Әкімшілік тарапынан олардың тек қағаз жүзінде жұмыс істеп қана қоймай, белсенділік танытуы қадағалануда. Осы мақсатта 14 облыста, Астана мен Алматы қалаларында жастардың ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Олар жастардың қоғам өміріне еркін араласуына, ақпарат алуына қолайлы жағдай жасайды.
«Жас ұлан» ұйымы атауына сай жас ұйым. Құрылғанына екі жыл ғана болғанымен қазір республика бойынша бірлестікке мүшелікті қалағандар қатары 1 миллионнан асқан. Ол оқушылардың барлығы жоғарыда атап өткендей кілең үздік оқитын, тәрбиелі, инабатты, азаматтық қоғамның белсенді мүшелері. Жыл сайын олардың қатары көбейе түседі. Ұйым басшысы Нәзира Болатқызының айтуынша, жуық арада бірлестіктің арнайы киімі тігілмек. Әзірге қамзол не жемпірдің қандай стильде, қандай түсті болатыны белгісіз. Ал мойнына байлайтын галстукті көгілдір түс деп таңдапты, бұл балалардың өз ойын, өз пікірін білдірудегі еркіндігі, идеяшыл, бастамашыл болуының символы іспетті болмақ. Өйткені көгілдір түс тәуелсіз еліміздің байрағының түсі» дейді ұйым басшысы.
Әлемде азаматтардың бойында ұлттық нышандарға – Туға, Елтаңбаға, Әнұранға, ұлттық мерекелерге патриоттық сезімді, оларға құрметпен қарауды мақсатты түрде қалыптастырып отырған дамыған елдер аз емес. Көптеген елдерде мемлекеттік нышандар ұлттық мақтаныш белгісі болып саналады, патриоттық сезім мен ерік-жігерді танытудың нысанасы ретінде пайдаланылады. Мемлекеттік нышандардың көмегімен азаматтардың бойында еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезім қатар қалыптасып, орнығады. Осы орайда «Жас ұланның» нышаны да көк байрақпен байланысты болуы жайдан жай емес. Бірінде тудың бейнесі қайталанса, яғни аспанда қалықтай ұшқан бүркіт пен күннің нұрлы шуағы төгіліп тұрса, екіншісінде Алтын адамның бейнесі көрсетілген.
Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелеріндегі қазіргі проблемаларды шешу үшін тұтастай алғанда тәрбиеге принципті түрде жаңа тұрғы қажет екені сөзсіз. Ел бейнесін және Отанымен ажырағысыз байланыс сезімін мемлекет пен қоғам түрлі тетіктер мен институттар, ең алдымен, білім беру арқылы қалыптастырады. «Жас ұлан» ұйымының басшысы Нәзира Болатқызының ойынша, жаңа құрылған бірлестіктің артар жүгі ауыр, жауапкершілігі мықты. Ұйымға мүше болған жастар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Бүгіндері әр мектепте ұйымның өз ханзадасын, қолбасшысын сайлауды жоспарлап отырмыз дейді. Бұл балаларды мектеп жасынан көшбасшылыққа талпынуға итермелейді. Сондай-ақ барлық балалардың жақсы оқуға тырысуына негіз болмақ. Жыл соңында ерекшеленген ұйым мүшелерінің жазғы уақытта «Балдәурен» демалыс лагерінде тегін демалып қайтуларына да мүмкіндік жасалған. Лагерьдің өзінде киіз үйлер тігіліп, қыздар алтыбақан аясында тербелсе, балалар аударыспақ ойнап, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртады. Мұның өзі тарихи әдет-ғұрыптарды балалардың тануына зор мүмкіндік берері хақ. Ал мектеп қабырғасындағы жастар көгілдір түсті галстук тағып өздерін тәуелсіз елдің еркін, ұшқыр ойлы азаматы, пайдалы қоғамға маңызды азаматтар ретінде сезінуі үшін осындай бастаманың рөлі аса зор болмақ.
Иә, жастарымыз патриот болу керек. Ұлтжанды дегенде өзге ұлтты жек көру емес, керісінше өзгені сыйлап, өз ұлтын сыйлата білетін, оған білімділігімен қол жеткізетін дана, білгір болуы тиіс. Өзге ұлт өкілдерінің өз ұлтын көбірек ойлап, өз ұлтына жүрегі бұрып тұратыны жасырын емес. Сондықтан қазақ баласының бойындағы патриотизмді дамыта түсу керек. «Жас ұлан» тек балаларды, жасөспірімдерді ғана емес, түбінде қоғамды тәрбиелейтін күші зор үлкен ұйымға айналады деген сенім жоқ емес. «Біз, Республикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйының қатарына кіре отырып, Отанымыз — Қазақстан Республикасының патриоты, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, дәріптеуге, Туған еліміз, жеріміз, Отанымызды мақтаныш етуге, ата-анамызды қадірлеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, білімге табандылықпен ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға,табиғатты аялауға, «Жас ұлан» ережесін бұлжытпай сақтауға және оны өз достарымыздан талап етуге, біздің жерлестеріміздің даңқты ерлігі, өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге Ант етеміз!» Міне, бұл барыстай бұлқынған, арыстандай айбатты жастардың, тұлымшағы желкілдеген жеткіншектерінің, сенімді ұл-қыздарының Отан алдындағы бірден-бір парызы. Ант еткені — «Жас ұлан» ұйымының балаларды қажетті бағыт-бағдармен жетелейтінінің айқын айғағы іспетті. Жас қырандарымыз, жас ұландарымыздың қанаты қайырылмасын, талмасын. «Жас ұлан, қалыспа! Қырандай қарышта. Еліміздің абыройын асқақтатып әлемге нық ұстайық байрағын!» деп әндететін «Жас ұландықтардың» жігері мұқалмасын. Ертең әлемдік саясат аренасында Қазақстанның күшін, мүмкіндігін танытып, ел абыройын биіктетіп қана қоймай, әл-ауқаты мен әлеуетін, тұрмысын жақсартуға, экономиканы еселеп дамытуға күш салатындар да осы – «Жас ұланның» өрендері болмақ! Егемендігіміз бен елдігімізді ерекше ту еткен жас өркендеріміздің алар асуы, шығар шыңы биік болғай!
Leave a Reply