Мектеп – әр адамның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Бұл тек білім алатын орын ғана емес, сонымен қатар тұлға қалыптасатын, өмірлік құндылықтар мен дағдыларды меңгеретін ерекше орта. Оқушының болашаққа деген көзқарасы, армандары мен мақсаттары дәл осы мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан мектептің маңызы мен рөлі туралы ой қозғау – қоғамның білімге деген көзқарасын терең түсінуге бастайтын алғашқы қадам. Біз бүгін Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы туралы сөз етпекпіз. Мектеп басшысы Орынбеков Арман Шымбайұлы аталған білім ордасының атқарып жатқан жұмыстарын баяндап қана қоймай, бүгінге күнге дейін жеткен жетістіктерімен де бөлісті.
Абайдың шығармашылығын насихаттауға кеңінен көңіл бөлудеміз
– Арман Шымбайұлы, алдымен мектеп туралы толық ақпарат беріп, жалпы тыныс-тіршілігіне тоқталып кетсеңіз.
– №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия 2012 жылы 6 қыркүйекте «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында тұрғызылған «Асар» мөлтекауданында ашылған. Оқушылар контингентінің 98 пайызы – көршілес мемлекеттерден (Өзбекстан, Түркіменстан, ҚХР т.б.) қоныс аударып келген қандастардың балалары. Аталмыш білім беру мекемесі алдымен жалпы орта мектеп, 2020 жылы тамыз айында гимназия, сол жылы желтоқсанда дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия мәртебесін алды.
Бізде оқу үдерісінің сапалы ұйымдастырылуына ерекше назар аударылады. Мұғалімдеріміз жаңартылған білім мазмұны аясында түгелдей сертификатталған. Ғимаратта 67 оқу кабинеті, заманауи үлгіде жабдықталған арнайы STEM, биология, химия, физика кабинеттері және ағылшын, орыс тілдеріне арналған лингафондық кабинеттер бар. Барлық кабинеттер интернетке қосылған компьютерлермен қамтамасыз етілген.
Әрине, бала өмірінің қауіпсіздігін де басты назарда ұстаймыз. Сол мақсатта кіре берісте адамның бет-әлпетін танитын турникеттер орнатылған. Оқу кабинеттеріне, мектеп дәлізінің қалтарыс жерлеріне, спорт залдарда, асхананың ас дайындау бөлмесіне демеушілер тарапынан бейнебақылау құрылғылары орналастырылған. Ұялы телефондағы қосымша жүктеме арқылы ата-аналар өз балаларын бақылай алады.
Көгалдандыру жұмыстарына да көп көңіл бөлеміз. Бүгінге дейін мектеп ауласын көгалдандыру үшін демеушілермен бірлескен қыруар жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсам, аулаға 3000 жеміс, декоративті ағаштар, 3000-ға жуық раушан гүлі, 500-ге жуық қызғалдақ отырғызылған. Осыған орай «Менің ағашым менімен бірге өседі» атты ағаш егу іс-шарасын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Оған қоса мектепте жанды табиғат бұрышы жасақталған, кептер, қоян, тауыс, мысыр тауығын өсіреміз және қырғауыл мен бөдене өсіру де қолға алынып жатыр.
– Керемет. Басшы ретінде өзіңіз де жақсы білесіз, министрлік тарапынан Біртұтас тәрбие бағдарламасы нақты бекітіліп отыр. Бұл бойынша қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?
– Иә, Шымкент қаласы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің 30.07.2024 жылғы №194 бұйрығымен бекітілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» негізінде жұмыс атқарады. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» 6 құндылық және 6 жоба негізінде жүзеге асырылады. Мұндағы құндылықтар:
- Тәуелсіздік және отаншылдық
- Бірлік және ынтымақ
- Әділдік және жауапкершілік
- Заң және тәртіп
- Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік
- Жасампаздық және жаңашылдық.
Ал жобаларға келер болсақ:
- «ҚАМҚОР» жобасы. Мақсаты – әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы құндылықтарды дәріптеу;
- «ЕҢБЕГІ АДАЛ – ЖАС ӨРЕН» жобасы. Мақсаты – білім алушылардың әртүрлі мамандыққа деген қызығушылығын арттыру және еңбекқорлық идеясы арқылы құндылықтарды дәріптеу;
- «SMART BALA» жобасы. Мақсаты – инновациялық жобалар конкурсы арқылы құндылықтарды дәріптеу;
- «ШАБЫТ» жобасы. Мақсаты – білім алушылардың шығармашылық әлеуетін ашу арқылы құндылықтарды дәріптеу;
- «ҰШҚЫР ОЙ АЛАҢЫ» жобасы. Мақсаты – тілдік дағдыларды дамыту және тақырыптық талқылау арқылы құндылықтарды дәріптеу;
- «БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ» жобасы. Мақсаты – кітап оқуға және білім алуға қызығушылықты қалыптастыру;
Аталған жобалар арнайы бекітілген жоспар бойынша жүзеге асырылады. Атап айтар болсам:
«ҚАМҚОР» жобасы бойынша:
- «Қоғамға қызмет ету» волонтерлық қызмет
- «Жер сағаты» экологиялық акциясы
- «Түлектердің ағаш егуі» экочелленджі
- «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы
«ЕҢБЕГІ АДАЛ – ЖАС ӨРЕН» жобасы бойынша:
- «Күзгі асар» жәрмеңкесі
- Мамандықтар әлемі
- Мектептің әлеуметтік желілерінде жариялау
- «Мамандықтар марафоны» байқауы
«ШАБЫТ» жобасы бойынша:
- «Даналық ұстаздан» челленджі
- «Ұлттық мәдениет» көрмесі
- «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалі
- «Мектеп театры»
- «Ананың аялы алақаны» челленджі
- «Әншуақ» фестивалі
- «Домбыра күні» концерт және көрме
«ҰШҚЫР ОЙ АЛАҢЫ» жобасы бойынша:
- Зияткерлік ойындар, дебаттар
«SMART BALA» жобасы бойынша:
- «Startup» байқауы
- «Өнертапқыштыққа алғашқы қадам» конкурсы
«БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ» жобасы бойынша:
- Әдеби кеш / кітап жәрмеңкесі / кітап кейіпкерлері байқауы
- «Кітаптар айналымы» акциясы
- «Шын жүректен кітап сыйла!» челленджі
- «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» – үзіліс кезінде білім алушылардың бос уақытын ойын түрінде ұйымдастыру – асық, тоғызқұмалақ, бес тас т.б.
- «Өнегелі 15 минут» – ата-аналардың баласымен мінез-құлық және адамгершілік туралы күнделікті 15 минут жеке әңгімелесуі.
- «Үнемді тұтыну» – жадынамалар, нұсқаулықтар мен парақшалар арқылы суды, тамақты, энергияны және табиғи ресурстарды үнемді тұтынуды және іс-әрекет барысында табиғи ресурстарға (су, энергия және т.б.) ұқыпты қарауды қалыптастыру.
- «Күй күмбірі» – қоңыраудың орнына күйді пайдалану, сондай-ақ үлкен үзіліс кезінде арнайы күй тыңдату ұйымдастырылған.
– Мектепте оқу сапасының деңгейі қандай? Жалпы, оқушылардың білім деңгейін қалай бақылайсыздар және кемшін тұстарын қалай түзейсіздер?
– Білім беру – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, нәтижесі бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясынының 2012 жылы ашылғалы бері ұлттың болашағы – жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолындағы жемісті де жеңісті қызметі көпшілікке танымал. Жоғарыда айтып кеткенімдей, мектепте оқу үдерісінің сапалы ұйымдастырылуына ерекше назар аударылады. Бізде әр тоқсан сайын мектепішілік басқару мен бақылау жоспарына сәйкес әкімшілік бақылау жұмысын алу кешенді түрде жүргізіледі. ТЖБ спецификациясына негізделіп жасалған тапсырмалардан шебер педагогтер мен республиканың үздік мұғалімдерінен тұратын сараптама тобының мүшелері 2 нұсқадан тұратын әкімшілік бақылау тапсырмаларын құрастырады. Кесте бойынша бақылау жұмысын алуға да, тексеруге де пән мұғалімдері қатыстырылмайды. Сараптама тобы тексеріп болған соң, мониторингі шығарылады, бұл бағаның шынайы, әділ қойылуына ықпал етіп, білім сапасының көтерілуіне әкеледі.
Сонымен бірге, мектепте оқушыларды бейініне, түрлі қабілеттеріне қарай дамыту бойынша және тәжірибелік жұмыстардың жүзеге асуына да көптеген мүмкіндіктер бар. Әсіресе, екі қолмен жазу арқылы мидың екі жартышарын дамытуға ықпал ету үшін тәрбие сағаттарында 15 минут машықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Оған қоса Абайдың шығармашылығын насихаттауға кеңінен көңіл бөлініп келеді. Абай қара сөздерін әр аптаның бейсенбі күні талдау жүйелі түрде жолға қойылған.
Балаға білім беру жолында өз білімдері мен біліктіліктерін мектеп мұғалімдері де ұдайы шыңдап отырады. І тоқсаннан кейін күзгі демалыс кезінде мектепішілік мұғалімдер олимпиадасы: пән бойынша тестілеу, ЖМБС-да оқушылардың пән бойынша меңгеріп шығу дағдыларын білуі, Блум таксономиясына негізделген ҚМЖ құру, эссе жазу сияқты кезеңдер бойынша өткізіліп тұрады. Бұл да пән мұғалімінің өз білімін жетілдірумен қатар, білім сапасын арттыруға да ықпал етеді.
Баланы кітапқа тартудың ең оңай жолы – оны қызықтыру
– Бүгінде буллинг, кибербуллинг мәселесі өзекті болып тұр. Бұл бойынша қандай жұмыстар жүріп жатыр?
– Расында да, соңғы кездері қоғамда буллинг, кибербуллинг тақырыптары жиі көтеріліп жүр. Білім ордалары да бұл мәселеге міндетті түрде назар аудару қажет. Өйткені, бұл құбылыстар балалардың психологиялық және эмоционалдық денсаулығына ғана емес, олардың оқу үлгеріміне, өзін-өзі бағалауына және жалпы өмір сапасына да айтарлықтай әсер етеді. Буллингке ұшыраған балалардың арасында депрессия, уайым, мектепке барудан қорқу және суицидтік ойлар пайда болуы мүмкін. Бұл бағытта бізде апта сайын сынып сағаттарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамызда №748 балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алудан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар негізінде сынып жетекшілері 10 минуттан қауіпсіздік сабақтарын өткізеді. Бұл сабақтардың міндеттеріне:
- жеке қауіпсіздік үшін қорғау шаралары туралы хабардарлықты арттыру;
- өзін-өзі қорғау дағдыларын дамыту;
- жауапты мінез-құлықты қалыптастыру;
- психологиялық дайындық;
- әлеуметтік құзыреттілік мәселелері кіреді.
Сонымен бірге, алдын алу шаралары ретінде:
- «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» жобасы
- «Буллингтен қорған! Ойынға салауатты көзқарас»
- «Өмірге салауатты қадам»
- «Қоғамдық мүлікті қорға!»
- «Қауіпсіз қоғам»
- «Ақпараттық қауіпсіздік» тақырыптарында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №506 бұйрығы бойынша «ДосболLIKE» буллинг және кибербуллингтің алдын алу мақсатында да жұмыс жоспары түзіліп, оқушылармен арнайы жұмыстар жүргізіліп отырады.
– Мектеп басшысы ретіндегі ойыңызды білсек. Балалар смартфонмен емес, кітаппен дос болуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Баланы кітап оқуға қалай баулимыз?
– «Кітап оқуды сүйетін балалардың сөздік қоры бай, әртүрлі салада білімі мол, мектептегі оқу үлгерімі жоғары болады, өмірде жетістікке жетеді, заң бұзушылықтарға бармайды, тәртіпті әрі тәрбиелі болып қалыптасады», – дейді зерттеушілер. Бұл пікірмен мен де келісемін. Баланы кітапқа тартудың ең оңай жолы – оны қызықтыру. Кітапқа қызыққан бала оқуға өзі-ақ тартылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көркем әдебиеттер тiзiмi төрт бағыт бойынша жүзеге аспақ. Яғни, олардың қатарына еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енген. Расында, білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы – ҚР-ның мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала. Оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылған. Оқу мәдениеті оқушылардың нақты және жаратылыстану ғылымдарын, еңбекке үйрету және дене шынықтыру, сондай-ақ басқа да пәндерді табысты оқып білу үшін міндетті. Балалар смартфонмен емес, кітаппен дос болуы үшін біз де түрлі кітапханаларға саяхаттар, белгілі тұлғалармен, ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастыра отырып, барынша оқушылардың кітапқа, көркем әдебиетке деген қызығушылығын оятуға тырысып жатырмыз. Сонымен қатар, ТED-x, дебат іс-шаралары ұйымдастырылып, ынталандыру мақсатында жүлделер беріледі. Жүлделі орынға ие болған сыныптарға тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырылады. Оған қоса, дәстүрлі түрде кітап оқу байқаулары ұйымдастырылып, қорытындысында жеңімпаз оқушылар марапатталып отырады.
Тағы да айтар болсам, мектеп кітапханасына оқырман тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «20 минут кітап оқы» акциясы ұйымдастырылады. Тұрақты кітап көрмелері жасақталып, кітапханада жыл көлемінде күнтізбелік атаулы күндерге, мерейтойлы ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған әртүрлі формада іс-шаралар өткізіледі. Тақырыптық кітап көрмесі, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында оқырмандар конференциясы, әдеби сазды поэзия кеші, танымдық сағаттар өтеді. Осындай ақпараттық жұмыстар жүргізу нәтижесінде балалардың кітапханаға келу белсенділігі артып отыр.
Бүгінде балалардың смартфонға шектен тыс тәуелді болуы қазіргі қоғамның басты дертіне айналып отыр. Біз балалардың тым болмағанда сабақ уақытында смартфоннан алшақ болғанын қалаймыз. Сол үшін мектептің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес, оқушылар мен мұғалімдердің ұялы телефонды мектеп ғимаратына алып кіріп, сабақ барысында қолдануына тыйым салынған. Осыған орай демеушілердің көмегімен арнайы әр сыныпқа смартфон қоятын ұяшықтар жасаттық. Оқушылар телефондарын сонда салады. Біздің мектепте тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де сабақ барысында смартфон қолданбайды.
– Мұғалімдердің біліктілігі тақырыбына да тоқталсаңыз. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар жүреді?
– Кәсіби біліктілікті арттыру кез келген маман үшін өте маңызды. Дамыған елдерде өте жиі, тіпті жыл сайын біліктілікті арттыру бойынша жұмыстар жүреді. Біздің елде мұғалімдерге деген мемлекеттік қолдау жыл сайын артып келеді. Еңбекақы өсіп, сағаттар көбейіп, оқушылармен, олардың ата-аналармен қарым-қатынас жасауымызға, алаңсыз еңбек етуімізге жағдай жасалып отыр.
Осы орайда, ҚР Білім және ғылым министрлігі педагогтердің біліктілігін үш жылда бір рет арттыруды қолға алды. Мұғалімдер біліктілікті арттыру бойынша біліктілік арттыратын құзіретті ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Курстарды оқытудан басқа, педагогтердің біліктілігін арттыру үшін кәсіби қоғамдастықтардағы жұмыс жүйесі, конференцияларға қатысу, үздік педагогтердің сабақтарына қатысу және кәсіби дамудың басқа да нысандары коучинг, вебинар, тренинг, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.
Оқуды жаңадан бітіріп, қызметке жаңадан араласқан жас мамандарға біліктілік бойынша тәлім алу қажет. Өйткені тәжірибесі жоқ маман үшін бұл өте маңызды. Қанша жыл мұғалім болсаң, сонша жыл біліктілігіңді арттырып отыруың керек, өйткені жыл сайын оқулықтар, оқыту әдістері өзгеріп, оқушылар да жыл сайын түрлі-түрлі болып келеді. Сондықтан заманға сай бәрін де қайта оқып, қайта меңгеріп отыру тиіс. Жаңа технология, жаңа инновация, бәрі де адамды алға жетелеп отыратыны рас.
Оқу-ағарту министрлігінің соңғы шешіміне орай, біліктілікті арттыру курстарынан өту жиілігін кемінде үш жылда бір рет арттыру қажеттілігі, ең алдымен, педагогтерді үздіксіз дамыту тұжырымдамасының принциптеріне, жетекші білім беру елдерінің сенімді нәтижелеріне, педагогика саласындағы ғылыми теорияларға, халықаралық мониторингтік зерттеулерге негізделген.
– Оқушылардың құқықбұзушылық мәселесінде алдын алу шаралары қандай? Бұл бойынша не істеліп жатыр?
– Иә, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі №591 Заңын жүзеге асыру мақсатына білім беру ұйымдарында құқық қорғау қызметкерлерімен бірлескен іс-шаралар, оның ішінде кездесулер, онлайн талқылаулар, сауалнамалар, бейнематериалдар т.б. ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 3 наурыздағы №61 бұйрығы негізінде баланы мектепішілік есепке алу үшін мына нәрселер негіз болып табылады: академиялық үлгермеушілік, отбасыдағы жайсыздықтар, қадағалаусыздық, панасыздық, қаңғыбастық, қайыршылық, мектептің Жарғысын және мектептің ішкі тәртіп ережесін өрескел немесе бірнеше рет бұзу, сабақтарға дәлелсіз себептермен жүйелі түрде қатыспау, әкімшілік құқық бұзушылық жасау, психикалық белсенді, уытты заттарды, есірткі құралдарын, спиртті ішімдіктерді тұтыну, темекі шегу, ойынға және интернетке тәуелділік, лудомония, теріс бейресми балалар-жастар топтары мен бірлестіктеріне, теріс жастар субмәдениеттеріне қатысу, діни ағымдар мен радикалды көзқарастарды ұстану. Мектепте осы негіздерге сай оқушылар анықталған жағдайда мектепішілік профилактикалық топ оқушыны есепке алып, оған жеке тәлімгер бекітіліп, профилактикалық жеке және түзету жұмыстары жүргізіледі.
Мектептің жетістікке жетуіне білікті ұстаздар ықпал етеді
– Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс қалай жүзеге асырылады? Ата-аналардың пікірі ескеріле ме?
– Әрине. Жыл басында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылып, «Даналық мектебі» клубының жеке жоспары түзіліп, онда ата-аналарға қажетті кеңестер беріліп келеді. Одан бөлек, «Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі» челленджі, отбасы күніне арналған «Отбасылық дәстүрлер» апталығы, «Балаларды қорғау күні» акциясы, «Атадан-өсиет, анадан-қасиет», «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыптарында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып отырады. Сондай-ақ, айына бір рет жоспарлы түрде ата-аналарға «Ашық есік» күні жасалады. Бұл кезде ата-аналар сабақтарға қатысып, балаларының сабақ үдерісіндегі білім деңгейіне қадағалау жүргізе алады және пән мұғалімдерімен ақылдаса отырып, баланың білім сапасын көтеру жолдарын қарастырады. Яғни, «мектеп – оқушы – ата-ана» үштік одағының бірлесе отырып жұмыс істеуі бізде жақсы жолға қойылған.
– №90 мектеп-гимназиясының бүгінге күнге дейін қол жеткізген жетістіктеріне де тоқтала кетсеңіз.
– Айтып өткенімдей, біздің мектеп 2012 жылы жұмысын бастады. Міне, содан бері 88 түлегіміз «Алтын белгі», 82 түлегіміз «Үздік аттестат» алды. Бүгінге дейін мемлекеттік грант иегерлерінің саны 1000-нан асып, жыл сайын ҰБТ көрсеткішімен үздік үштік қатарынан көрініп келеміз. ҚР БжҒМ-нің №514» бұйрығына және «Дарын» РҒПО-ның жоспарына сай қалалық деңгейдегі олимпиада, ғылыми жоба, түрлі зияткерлік сайыс, байқаулар бойынша 500-ден астам оқушы, республикалық және халықаралық деңгейлердегі олимпиада, ғылыми жоба, түрлі зияткерлік сайыс, байқаулар бойынша 100-ге жуық оқушымыз жүлдегер атанды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша да олимпиаданың республикалық кезеңінде 11 оқушымыз жеңімпаз атанып, №90 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласы бойынша үздік үштікке енді. «Қазақстанның үздік 100 олимпиадалық мектебінің» құрамына кірдік. Қала мектептері, ЖОО, колледждер арасында «Елбасы медалімен» 100-ге жуық оқушымыз марапатталып, нәтижесі бойынша бірінші орынға шықтық.
Өзім тарих пәнінің мұғалімі ретінде Қазақстан Республикасының «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы атанып, үздік ондыққа еніп, Лондон қаласында өткен «Әлем мұғалімі – 2020» және «Әлем мұғалімі – 2021» жүлделерінің іріктеу кезеңдеріне қатыстым және Шымкент қаласынан тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болдым. Бүгінде 25-ке жуық әдістемелік-оқу құралдарының, оқулықтардың, 15-тен астам ғылыми-әдістемелік мақалалардың авторымын. 2006 жылы Шымкент қаласы әкімінің «Үздік жас ұстаз», 2007 жылы «Үздік ұстаз» номинацияларының иегері, 2009-2024 жылдары Республикалық Ұлттық Тестілеу Орталығы ҰБТ тапсырмаларының сараптамашысы, құрастырушысы, мұғалімдерге арналған тест тапсырмаларының авторы, ал 2009 жылы облыс бойынша «Жылдың ең үздік ұстазы» номинациясының жеңімпазы атандым. Облыстық, қалалық «Үздік мектеп директоры» номинацияларына, Ы.Алтынсарин төсбелгісіне, «ОҚО-на сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болдым. Жалпы алғанда, қазіргі таңда оннан астам төсбелгінің иегері болып отырмын. 2010 жылдан бері қарай ҰБТ Республикалық апелляциялық комиссиясының мүшесімін.
Мектепте басқа да жетістікке жетіп жүрген ұстаздарымыз аз емес. Мысалы, өнер саласында өзінің көп жылдық жемісті еңбегі үшін Тұңғыш Президенттің қабылдауында болып, Алғыс хатымен марапатталған Білім беру ісінің үздігі, зейнеткерлікке шықса да білім саласынан қол үзбей, шәкірттері республикалық, халықаралық деңгейдегі биіктерді бағындырған тәжірибелі ұстаз Амрина Роза, тарих пәнінің мұғалімі, ҚР-ның «Үздік педагог – 2020» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы, республикалық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған Табылдиева Айжан Темірханқызы, тарих пәнінің мұғалімі, 2021 жылы ҚР-ның «Үздік педагогы – 2021» байқауының қалалық кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алған, республикалық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған Есенбекова Күлімкөз Ширнебайқызы және 2022 жылы «Өлкетану» оқулығының авторы, республикалық олимипиада, ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарған Ширманова Жанар Томанқызы секілді ұстаздарымыздың есімдерін атамай кетуге болмайды. Сонымен қатар, А.Ш.Орынбеков, К.Ш.Есенбекова, А.Т.Табылдиева, Г.Б.Шокеманова, Ж.Т.Ширманова, С.М.Кадиров, З.Ш.Сексенова сынды жеті шебер-педагогымыз Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталғаны тағы бар.
Білім сапасын көтеруге көмектесетін келесі бір дүние – мұғалімдеріміз дайындаған әдістемелік құралдар кешені. Қазіргі таңда оның саны 100-ден асты. Оның бәрі балаға жан-жақты білім беруді қамтамасыз етіп, оқушының сыни ойлауын, логикалық қабілеттерін дамытуға ықпал етіп келеді. Мектептің қалыптасуынан бастап, жасалып жатқан жұмыстар мен іс-шаралар жайында, мектептің тыныс-тіршілігін жан-жақты талдап, саралайтын мақалалар да жеткілікті.
Мектепте Ұлттық тестілеу орталығының тест тапсырмаларының әзірлемешісі және сараптамашысы атанып отырған, республикалық деңгейде оқулықтарға сараптама талдау жүргізуге қатысқан, түрлі байқаулар мен олимпиадаларда қазылар алқасының құрамында болған, республикалық, қалалық семинарларға, конференцияларға қатысқан ұстаздарымыз да жетерлік. Атап айтсақ, биология пәнінің мұғалімі С.Анарбаева, химия пәні мұғалімі А.Қайықбаева, тарих пәні мұғалімі А.Табылдиева, география пәнінің мұғалімі Ж.Ширманова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі А.Амирова, математика пәнінің мұғалімдері Е.Шокеманов пен Е.Айдарбеков – Ұлттық тестілеу орталығының әзірлемешілері мен сарапшылары.
Осы сәтте педагогикалық мамандықтардың ішіндегі ерекше мамандық – бастауыш сынып мұғалімдерінің де есімдерін айтып өткім келіп отыр. Баланың алғашқы қадамын қалыптастырып, білімге деген ынтасын ұлғайтату, оқуға деген құштарлығын ояту жұмыстарында Е.Рсмбетов, С.Уристемова, А.Бекжанова, Г.Тургумбаева, М.Джаксибаева, А.Каныбекова, Г.Шертаева секілді бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі зор.
Мектепте оқушылардың ән айтуға машықтануы үшін вокал, хор үйірмелері, би үйрететін хореография, сахналық қойылымға машықтандыратын және қолөнерге баулитын үйірмелер де өз жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда қалалық, республикалық конкурс, байқаулардан 500-ден астам оқушы жүлделі орынға ие болып үлгерді. Сонымен бірге, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға да баса назар аударуға тырысып жатырмыз. Ол бойынша 30-ға жуық спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Бүгінде әртүрлі деңгейдегі түрлі спорттық жарыстар бойынша мектебімізден 700-ге жуық жүлдегер шықты.
Жалпы, кез келген мектептің жетістікке жету жолында ондағы озық ойлы, кәсіби біліктілігі жоғары, үздік ұстаздарының қолтаңбасы жатыр. Олар – оқушылардың білім алуында, дағдыларын дамытуда және тұлға болып қалыптасуында басты рөл атқаратын мамандар. Педагогтардың біліктілігі, құлшынысы және жалпы оқыту әдістері мектеп жетістігіне тікелей әсер етеді. Бұл тұста мен де өз мамандарыммен мақтана аламын. Бірлесе жасалған жұмыстардың арқасында бүгінде осы деңгейге жетіп отырмыз. Алда әлі де атқарылар шаруа аз емес. Сондықтан білім жолында тынбай, талмай еңбек ете береміз деген мақсатымыз бар.
– Арман Шымбайұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!
М.ЫБЫРАЙ
Leave a Reply