Шымкент: АЛАН халықаралық мектебінің балаларға берері көп

Мектеп – әрбір адамның білім алуға, тұлғалық қалыптасуға алғашқы қадам жасайтын қасиетті ордасы. Бұл жер тек қана білім беріп қана қоймай, өмірлік дағдыларды үйрететін, болашаққа бағдар беретін маңызды мекеме. Қазіргі таңда мектеп, әсіресе жекеменшік мектептер тек білім берумен ғана шектелмей, оқушыларды жан-жақты дамытатын орталыққа айналып отыр. Соның бірі – Шымкент қаласында алғаш ашылып отырған халықаралық Алан мектебі. Аталған білім ордасы 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Мектеп халықаралық бакалавриат бағдарламасына үміткер болып табылады. Бұл – халықаралық білім кеңістігінде мойындалған мәртебе, ол аталған мектептің түлектеріне шетелдегі белгілі университеттер мен колледждерге түсуге мүмкіндік береді. Дипломдық бағдарламаның түлектері қабылдау емтихандарынсыз әлемнің жетекші университеттеріне түсе алады.

Мектеп ғимаратының ауданы 16 000 шаршы метрді құрайды. Кампустың  техникалық-материалдық базасы жақсы жабдықталған. Бірегей архитектурасы мен кең дизайны балаға жайлылық сыйлайтын бұл жобаны әзірлеуге халықаралық деңгейдегі дизайнерлер шақырылыпты.

Алан халықаралық мектебі – халықаралық бакалавриат (IB) стандарттары мен жобалық оқыту (PBL) әдістеріне негізделген бірегей бағдарламаны оқытатын Шымкенттегі алғашқы жекеменшік инновациялық мектеп. Мұнда үш тілде білім береді. Бір сыныпта 15-20 оқушыдан ғана болады. ХХІ ғасырдың жаңа заманауи әдістеріне негізделген мұндай білім беру тәсілдері, сонымен бірге мұғалім мен оқушының арасындағы еркін қарым-қатынас мұғалімнің әрбір балаға жеке ден қоя отырып, сапалы білім беруіне жол ашады.

Тәжірибелік жобалық оқыту аясында баланың әлеуетін, сыни және аналитикалық дағдыларын дамытуға ынталандыру мақсатында мектепте сыныптан тыс жұмыстардың 20-дан астам бағыты қарастырылған. Оның ішінде IT-технология, робототехника, өнеркәсіптік дизайн, биотехнология, заманауи керамика, аспаздық және тігін шеберханаларынан бөлек, футбол, баскетбол, волейбол, күрес, таэквондо, бокс, джиу-джитсу, би, домбыра, гитара, вокал, сурет салу т.б. сынды үйірмелер де бар. Мұның бәрі оқушының жан-жақты дамуына бағытталған.

Мектептің бірінші қабаты бастауыш сынып оқушыларына арналған. Сынып бөлмелерінің қабырғалары шыныдан жасалған, бұл қажет болған жағдайда процесті сырттан бақылауға мүмкіндік береді. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін және жалпы оқу үлгерімін бақылау үшін жасалған. Әр сыныпта кілемдер бар. Үзіліс кезінде балалар бұл кілемдерде демалып, бір-бірімен ойнай алады. Сонымен қатар, ауа қысымын, температураны және салқындату жүйелерін өлшеуге арналған құрылғылар орнатылған. Жоғарыда аталған барлық қолайлы жағдайлар баланың оқуы үшін қолайлы орта мен атмосфераны жасайды. Ал екінші қабатта 5-9 сынып оқушыларына арналған кабинеттер бар. Бұл сыныптар да заманауи талаптарға және халықаралық стандарттарға сай жабдықталған.

Сингапурлық әдістеме бойынша оқытылады

Алан халықаралық мектебінің басшысы Жанат Тәжиева – тәжірибелі педагог, білім саласында 30 жылдай еңбек еткен сала үздігі. Сөйте тұра әу баста ол бұл қызметке келерде аздап жүрексінгенін айтады.

– Осы жұмысқа келген кезде «Мұнда қалталы азаматтардың, бай отбасылардың балалары оқиды. Олардың білімге деген құштарлығы қаншалықты болар екен?» деген ой туды. Бірақ мұнда келген соң ол күмәнді ойларым түбегейлі өзгерді. Себебі, мұнда баланың болашағы жарқын болуы үшін барын салып жүрген ата-аналар көп екен. Мысалы, өздері 300 мың теңге айлық ала тұра, соның 200 мыңнан астамын осы мектепке төлеп, «Балаларым жақсы ортадан, жақсы мектептен сапалы білім алсын, дамысын» деп жүр. Тіпті, оқу ақысын зейнетақыларын біріктіріп төлеп отырған аталар мен апалар да бар.  Бала таңертең мектепке келеді, осы жерден үш мезгіл тамағын ішеді, түскен дейін сабақ оқиды, түстен кейін үй тапсырмасына көңіл бөледі, осындағы түрлі іс-шараларға, үйірмелерге қатысады, түрлі мұғалімдермен әңгіме жүргізеді, кітап оқиды т.б. Бұл жерде баланың дамуына не қажет, мектеп соның барлығын беріп тұр деп айта аламын.

Мектептің атауын да Алан деп бекер қоймаған. Қазақ барыстың күшігін алан деп атайды. Ал барыстың өзі Қазақстанның символдарының бірі ретінде қарастырылады. Себебі бұл жануар ежелгі көшпенділер мәдениетінде еркіндік пен күштің, батылдық пен тәуелсіздіктің бейнесі ретінде құрметтелген. Қазақстанның ұлттық болмысын, рухын, тарихын көрсету үшін  барыс бейнесін жиі қолданады. Біз де болашақ барыстарды, болашақ батыр да батыл, білікті де білімді ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз деген ниетпен осы атау таңдап алынған,  – дейді басшы.

Расында да, Алан Шымкент қаласындағы оқу ақысы ең жоғары мектеп болып табылады. Атап айтар болсақ, айлық ақы 0-4 сыныптар үшін 239 мың теңге болса, 5-11 сыныптарға 261 мың теңге шамасында. Егер бір отбасыдан екі бала келсе, екінші балаға 5 пайыз, үш немесе одан көп бала келсе, әрқайсысына 5 пайыз жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, төлемақы бір оқу жылына бірден төленсе, 10 пайыз жеңілдік бар көрінеді.

– Елімізде жекеменшік мектептер мемлекет тарапынан жан басына қаржыландырылады. Осы тұста «Жан басына қаржы ала отырып, Алан мектебіндегі оқу ақысы неге жоғары?» дейтін сұрақ бірден туындайды. Бірінші кезекте, бұл балаға да, осындағы қызметкерлерге де, ата-аналарға да жайлылық сыйлайтын комфортты мектеп болып саналады. Екіншіден, оқу бағдарламасында айырмашылық бар. Әрине, ең алдымен міндетті түрде стандартты мектеп бағдарламасы оқытылады. Ол бойынша оқулықтармен де 100 пайыз қамтамасыз етілген.

Әйткенмен, бір артықшылығы, бастауыш сыныптарда Сингапур әдісі бойынша ағылшын тілін практикалық тұрғыда үйретуге бағытталған. Бұл әдіс визуалды оқыту, тәжірибе арқылы меңгеру және топтық жұмысқа негізделеді. Оқушылар жаңа сөздер мен грамматиканы көрнекі материалдар арқылы үйреніп, рөлдік ойындар арқылы тәжірибе жасап, топпен жұмыс істеу арқылы тілдік дағдыларын жетілдіреді. Математика, логикалық математика, оқу сауаттылығы секілді пәндер ағылшын тілінде өтеді.

Сонымен қатар, мектебімізде IELTS дайындық сабақтары да бар. Ол оқушыларға академиялық ағылшын тілін жетілдіруге және халықаралық емтиханға тиімді дайындалуға мүмкіндік береді. Бұл сабақ арқылы оқушылар ағылшын тілінің барлық негізгі дағдыларын жетілдіріп, емтиханға қажетті техникалар мен стратегияларды меңгереді. Негізгі мақсатымыз – баланы шығармашылыққа үйрету, өзін өзі дамыту қабілетін қалыптастыру, кез келген ортада өзінің ойын еркін айта алатын, білімі мен біліктілігін көрсете алатын азамат тәрбиелеу.

Дамыған елдердің білім ұйымдарында өздерінің құндылықтары бар. Мысалы, Жапонияның құндылығы – үлкенді сыйлау, нәтижеге қол жеткізгенше берілмеу, топпен жұмыс істей алу, қарияларды құрметтеу. Олар осыны мектеп кезінен бойына сіңіреді. Сол секілді Ұлыбританияда негізгі құндылық заңды құрметтеу болып табылады екен. Яғни түрлі елдердің өзінің құндылықтары бар. Сол секілді біз де мектепте үлкенге құрметті, табандылықты, өмір бойы ізденуді, достық пен бауырмашылдықты балалардың бойына құндылық ретінде сіңіруге тырысып жатырмыз.

Осыған байланысты алдағы уақытта бала мен ата-әже арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында арнайы кабинет арнап, сол жерде осы мектептегі балалардың аталары мен әжелері балаларға өсиет айтатын жұмыстар легін ұйымдастырғалы отырмын. Неге десеңіз, ұстаздардың күнделікті айтатын ақылы бір бөлек те, қариялар тарапынан айтылатын өсиет әңгімелер бір бөлек дүние. Әсіресе, соңғысы өте керек дүние, – дейді директор.

Мектепте креативті жас мамандар жұмыс істейді

Мектепте мұғалімдердің көпшілігі – жас мамандар. Жас болса да, өз саласында біршама жетістікке жетіп үлгерген педагогтар балалармен де өте жақсы тіл табысады екен. Соның бірі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Таңшолпан Берікқызы.

– Мектепке қабылданар кезде басшылық ең алдымен менің жауапкершілігіме және жұмыс тәжірибеме баса назар аударды. Өйткені, менде мемлекеттік мектептерде бастауышпен қатар, орта сынып, жоғары сыныппен де жұмыс тәжірибем бар. Қазір ХХІ ғасыр болғандықтан бүгінгі балаларды баяғы Кеңес заманындағыдай тек қаталдықпен, қатаң дисциплинамен ғана бір жерде ұстап отыру мүмкін емес. Біздің балалар еркін. Оларда ой еркіндігі, сөз еркіндігі, іс-қимыл еркіндігі бар. Біз оларға тек мұғалім ғана емес, жақын досы болуға да тырысамыз. Эмпатиямыз жоғары. Соның арқасында оқушылармен тіл табысу оңайға түседі. Мұндағы эмпатия деп отырғанымыз – оқушының әрбір іс-әрекетін, эмоциясын мимикасы арқылы түсініп, соған қарай әрекет ету, сол адамның орнында бола білу, – дейді ол.

Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Зарина Сейдеханова болса, кикбоксингтен үш дүркін чемпион екен. Жас бола тұра спортта біршама жетістікке жетіп үлгерген ол ұстаздық мамандықты жаны қалап, осы салаға жақында ғана аяқ басыпты. «Мектепке Зарина секілді спорт шеберлерін қабылдаудағы бір себебіміз, балаларға мотивация керек. Оқушылар өз мұғалімдеріміздің жеткен жетістігіне қарап талпыну қажет», – деп қосып қойды сөз арасында Жанат Арысбекқызы да.

Мұндағы жас мамандардың көпшілігі шетелдік оқу орындарын және Назарбаев Университетін қызыл дипломға бітіргендер екен. Олар химия, биология, физика, информатика, жаратылыстану бағытындағы барлық пәндерді үш тілді оқытады. Ал алдыңғы буын ұстаздардың арасында үш тілде еркін сабақ беретін мамандар жоқтың қасы. Мектепте жас педагогтардың көп болуы да сондықтан екен.

Әрине, мектеп ұжымы тек қана жас мамандардан тұрады деп айтуға келмейді. Мектепте білім саласында сан жылдық тәжірибесі бар білікті, педагогтар да аз емес.

– Мен бастауыш пәнінің мұғалімімін. Осы салада жұмыс істеп жүргеніме 32 жыл болып жатыр. Барлық күш-жігерімізді балалардың сауатты жазуына, сапалы білім алуына салып жатырмыз. Балалар таңның атысы, күннің батысы көз алдымызда. Таңертең келген бала біздің алдымызға кешкі 17.00-ге дейін отырады. Сондықтан да мұнда өзіміз берген тапсырманы өзіміз басшылыққа ала отырып, білімі жағынан ақсап тұрған баламен жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар.

Бізде оқушылар күн ұзаққа телефон ұстамайды. Олар мектепке келген соң телефондарын арнайы шкафқа салып қояды. Қайтуға 15 минут қалған кезде ғана телефондары қолдарына беріледі. Ата-аналар жиналысында біз бұл мәселені ата-аналармен келісе отырып шешкенбіз. Балалар сабақ үстінде ұялы телефонға алаңдамайды, – дейді осындағы тағы бір білікті ұстаз.

Бастауыш сынып демекші, Алан мектебіндегі бастауыш сыныптардың өзіндік артықшылықтары да жоқ емес. Ең біріншіден, мұнда баланың эмоционалдық жағдайына назар аударады, яғни бала мектепке қуанып келу үшін, оның қызығушылығын арттыру үшін барлық жағдай жасалады. Екіншіден, ата-аналармен де тығыз жұмыс жүргізіледі. Егер қажет деп тапса ата-аналар мектеп психологына жүгіне алады. Жыл бойы ата-аналар мектептегі түрлі іс шараларға белсене араласады. Сонымен қатар, баланың оқу үлгерімі жайлы апта сайын кері байланыс ала алады. Мұның бәрі мектептегі оқу сапасының артуына мол септігін тигізеді.

Кітапханашының жұмысы кітап таратумен ғана шектелмейді

Мектеп кітапханасының шаруасын тыңғылықты атқарып жүрген Ақнұр да – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Өзінің кітапханашылық жұмысын жаны сүйіп істейтінін жеткізген ол кітапхана залына оқушылардың жиі бас сұғатынын айтады.

– Біздің кітапханада балалар бос уақытында үй жұмысын орындайды, дебаттық ойындар өткізеді, кітап оқиды, өз білімдерін шыңдайды. Кітапхана отандық, әлемдік әдебиеттермен, тарихи, әдеби, психологиялық бағыттағы кітаптармен және мектепке қажетті оқулықтармен қамтылған. Қазақ, орыс тілінен бөлек таза ағылшын тілінде де кітаптарымыз бар.

Балалар түске дейін сабақта болады, түстен кейін кітапханаға келеді. Жоғарғы сыныптың оқушылары соңғы шыққан әдебиеттерге қызықса, кіші сыныптың балаларына динозаврлар туралы, басқа да ғылыми танымдық бағыттағы қызықты энциклопедияларды, ертегілерді ұсынамын. Солай балаларды кітап оқуға баулимын, – дейді кітапханашы.

Қазіргі уақытта кітапханада үш тілде 8000-ға жуық кітап бар екен. Олардың ішінде «Оксфорд», «Пирсон», «Кембридж», «Маршалл Кавендиш», «Альпина» сияқты шетелдік баспалардың, сондай-ақ «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Көкжиек» секілді отандық баспалардың кітаптарын да кездестіруге болады. IB бағдарламасында кітапхананың рөлі өте маңызды. Сондықтан кітапханашының жұмысы кітап таратумен ғана шектелмейді,  балалардың кітап оқуға, кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар мен жұмыстар ұйымдастырады.

Кітапхана үш аймақтан тұрады. Бірінші бөлімде оқу кабинеті, яғни жеке жұмыс орны бар. Мұнда Wi-Fi орнатылған, сондықтан оқушылар ноутбукта жұмыс істей алады. Екінші аймақта бастауыш сынып оқушыларына арналған кітаптар бар. Шкафтар да балалардың бойына сай етіп жасалған. Балаларға арналған кітаптар сабақта өтетін тақырыпқа байланысты өзгеріп отырады. Бұл балаларға қосымша ақпарат беріп, білімдерін одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді. Үшінші аймақта конференц-зал орналасқан. Мұнда оқушылар  презентациялар, ойындар, дебаттар, дискуссиялар ұйымдастырады. Басқа уақытта балалар үй тапсырмасын орындай алады немесе жай ғана кітап оқи алады.

Расында да мектепте балаға барлық жағдай жасалған. Осындай заманауи үлгіде салынған үлкен кампуста балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздар да шетінен мықты, үш тілде еркін сөйлейді. Оған қоса мұнда әр апта сайын мұғалімдерге арналған кәсіби біліктілікті дамыту бойынша педагогикалық сабақтар да өткізіліп тұрады екен.

– Біз – тұлғаны қалыптастырушы адамдармыз. Біздің жұмысымыз да сол. Сондықтан бізге жан-жақты болу керек. Мен әріптестеріме: «Біріншіден, ата-аналар аузынан жырып, бізге баласы үшін пәленбай мың ақша төлеп отыр. Екіншіден, олар өз баласын қолымызға сеніп тапсырды. Біз ұстаз ретінде соған лайықты жұмыс істемесек, онда біздің алаяқ болғанымыз», – деп жиі айтамын. Сенімге селкеу түсіру – өте қиын нәрсе.

Иә, баланың білімі мен тәрбиесі жолындағы жұмыс болғандықтан бұл қызметтің оңай емес екенін, өзіндік ауырлығын да жақсы түсінемін. Ата-аналар: «Жанат Арысбекқызы, сізге сеніп келіп отырмыз», – деп балаларын алып келгенде оның ар жағында жатқан үлкен жауапкершілікті кәдімгідей сезінемін. Мен осы салада өстім. 18 жыл мұғалім де болдым. Қарап отырсам, білім саласына 38 жылымды арнаппын. Әр жолы нәтижеге жетуге талпындым. Ендігі мақсатым «Шымкент қаласында осындай мықты мектеп бар» деп ел сүйсінетіндей Алан мектебінің атын шығарып, халықаралық дәрежеге көтерсем деймін. Сонымен менің білім саласындағы тағы бір миссиям орындалады деген ойдамын, – дейді бұл туралы Жанат Арысбекқызының өзі.

Расында да, қазіргі білім беру жүйесі қарқынды өзгерістерге бейімделуді талап етеді. Технология мен жаңа тәсілдерді енгізу арқылы ғана біз сапалы білім беріп, келешек ұрпақты лайықты дәрежеде даярлай аламыз. Олай болса, Алан мектебінің білім берудегі бұл жаңашылдықтарын аталған мекеменің  еліміздегі білім саласының алға қарыштауына тамшыдай болса да қосқан үлесі деп білеміз.

М.ҚҰРБАНҚЫЗЫ

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика