Ә.Молдағұлова атындағы №29 мектеп: сапалы білім мен саналы тәрбиеге бастар жол

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ә.Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта білім беретін мектебі  – сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат ететін білім беру мекемесі. Сонау  1964 жылы іргетасы соғылған бұл мектепке биыл 60 жыл толып отыр. Мұнда балаларға заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып білім берумен ғана шектелмейді, сонымен қатар тәрбие жұмыстарына да басымдық беріліп, оқушыларға ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы патриоттық рух қалыптастыру мақсат етілген.

Мектеп директоры Мамахова Майра Құрманәліқызы 2022 жылдың 27 қыркүйегінен бастап осында басшылық қызмет атқарып келеді. Басшы ретінде Майра Құрманәліқызы білім беру сапасын арттыруға, мұғалімдер мен оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөліп, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Оның басшылығымен мектеп ұжымы жаңа жетістіктерге жетіп, оқушылардың білім сапасын жоғары деңгейге көтеру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

Мектеп ұжымы мықты педагогикалық құраммен де ерекшеленеді. Мұндағы жалпы педагогтар саны 107 болса, оның ішінде 56 сынып жетекшісі, 2 тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, 3 оқу ісі жөніндегі орынбасар, 2 психолог, 1 әлеуметтік педагог бар. Барлық педагог – өз ісінің маманы.

Мектептегі тәрбиелік іс-шаралар

Жақында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай мектепте  Тәуелсіздік мерекесіне арналған түрлі форматтағы іс-шаралар өтті. Атап айтар болсақ:

Республикалық бірыңғай «Жас ұлан», «Жас қыран» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау жиыны. Іс-шара 2-5 сынып оқушылары арасында өткізілді. Ең үздік оқушыларды ұйымға қабылдау салтанатты түрде ұйымдастырылып, мереке оқушылардың өнерімен жалғасын тапты. Іс-шараны тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Б.А. Шырынбекова, тәлімгер Ғ. Шойбеков және сынып жетекшілері Сала Қ., Абдраманова А., Исрайлова Д., Исаева О. ұйымдастырды.

«Жас ұлан» – өскелең ұрпақты жоғары рухани-адамгершілік құндылықтар, гуманистік, демократиялық ұстанымдарға негізделген қазақстандық патриотизм рухында қалыптасқан ұйым. «Жас ұлан» өз қызметінде ҚР-ның Конституциясын, заңнамасы және де басқа нормативтік құқықтық актілерін, ҚР-да ратификацияланған халықаралық актілерді басшылыққа алады. Ұйымның мақсаты –  өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, беріктік, Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікке тәрбиелеу.

Ұйымның міндеттері – қазақ халқының тілін, мәдениетін, тарихын білу негізінде өскелең жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің азаматтық белсенділігі мен саналығын арттыру, танымдық жұмыстарды ынталандыру, балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін жағдай жасау, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыруға, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған баланың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту.

«Жас Ұлан» ұйымында мүше болудың екі деңгейлі жүйесі бар.  «Жас Ұланның» жоғары буынына  5-10 сынып, ал «Жас Қыран» төменгі буынына –  1-4 сынып оқушылары, сонымен қатар «Жас Ұланға» өз үлесін қосуға және оның мүшесі болуға ерікті түрде ниет білдірген  балалар мен жасөспірімдер қабылданады. Мүшелерді ұйымға қабылдауды «Жас Ұлан»  бастауыш ұйымы жүргізеді. Ұйымға қабылдау жылына 3 рет өткізіледі: 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 6 шілде – «Жас Ұлан» құрылған күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні.

«Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлық» атты ашық тәрбие сағаттары мен «Жеңісімді еліме арнаймын» челленджі. 2-7 сынып оқушыларының қатысуымен өткен шаралар Тәуелсіздіктің маңыздылығын түсіндіріп, патриоттық тәрбие беруге бағытталды. Ұйымдастыруға қатысқан сынып жетекшілері: Турикпеналиева А., Сала Қ., Абрамова М., Абдраманова А., Исрайлова Д., Исаева О. Бұл бастамалар оқушылардың патриоттық рухын оятып, Тәуелсіздіктің маңыздылығын тереңірек түсінуге ықпал ететін тамаша шаралар болып табылады.

«Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлық» ашық тәрбие сағаттары оқушылардың отаншылдық сезімін қалыптастыруға бағытталған. Бұл іс-шараларда Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен тарихи оқиғалары туралы айтылып, балаларға елдің еркіндікке жету жолындағы күресін ұғындыру мақсаты көзделеді. Ал «Жеңісімді еліме арнаймын» челленджі оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, елге деген сүйіспеншілігін ерекше формада көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай челлендждер арқылы балалар өздерінің табыстарын, жетістіктерін еліне арнап, қоғамдағы рөлін түсінуге ынталанады. Бұл шаралар жас ұрпақтың бойында елге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттырып, Тәуелсіздіктің құндылығын бағалай білуді үйретеді.

Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту мақсатындағы пікірсайыс. 5-7 сынып оқушылары арасында «Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны» тақырыбында пікір-сайыс ұйымдастырылды. Бірінші тарап «Интернеттің білім алу мүмкіндігі, қарым-қатынас орнату және ақпаратқа қолжетімділік» тақырыбында пікір таластырса, екінші тарап «Интернеттің уақытты тиімсіз өткізу, жалған ақпарат тарату және денсаулыққа кері әсері» тақырыбында ой қозғады. Ал 6 сыныптар «Электронды оқулықтың тиімділігі мен зияны» тақырыбында пікір алмасты. Оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, келтірген ақпараттарын нақты мысалдармен дәлелдеді. Бұл шара екі тілде өтіп, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен өз ойын жеткізу дағдыларын арттырды. Жеңімпаздар мектеп директоры М.К. Мамахованың марапатымен бағаланды. Іс-шараны ұйымдастырған Б.А. Шырынбекова, А.С. Жанаев, және сынып жетекшілер Абдраманова А., Исрайлова Д., Исаева О., Чинибекова Г., Ерімбетова К., Расилова Л., Жұмабаева М., және т.б.

Салауатты өмір салтын насихаттау. 2024 жылдың 6 желтоқсанында республикалық «Спорттық жаттығуларды бірлесіп орындау» акциясы өтті. Онда аталған мектептің 5-6 сынып оқушылары белсенділік танытты. Бұл акция салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды спортқа баулу мақсатында ұйымдастырылды. Шара барысында оқушылар кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен дене шынықтыру жаттығуларын орындап, топтық ойындарға қатысты. Шараға қатысқан оқушылар спорттық шараларға ерекше ынта танытты. «Спорттық жаттығуларды бірлесіп орындау» акциясы оқушылардың физикалық және психологиялық дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, бірлік пен достықты нығайтуға бағытталды.

Ә.Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта білім беретін мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шырынбекова Бақтыгүл Аметқызының айтуынша, мектеп қабырғасында ұйымдастырылып жатқан мұндай іс-шаралар балалардың табысты әлеуметтенуіне, зияткерлік және тұлғалық дамуына, сондай-ақ Қазақстанның болашақ азаматтарының кәсіби қалыптасуына ықпал ете алады.

– Бұл іс-шаралардың барлығы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында жоспарға сәйкес ұйымдастырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде негізгі құндылықтарды атап өткен болатын. Бұл құндылықтар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізіне айналды. 2024-2025 оқу жылында білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы осы бағдарламаның негізгі ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуда, – дейді ол.

«Үздік тәлімгер-2024»

Шымкент қаласы білім басқармасы «Қосымша білім беру оқу салалық орталығы» мен «Оқушылар сарайы» МКҚК ұйымдастыруымен республикалық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмысын Шымкент қаласы мектептерінде жандандыру, мектеп тәлімгерлерінің көшбасшылық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, озық тәжірибені анықтау мақсатында қала мектептерінің тәлімгерлері арасында «Үздік тәлімгер-2024» байқауы өткен болатын. Осы байқауда аталған мектептің мұғалімі Сүгірәлі Сабира қала бойынша 130 мектептің ішінен үшінші орынды қанжығасына байлап, үздік жетістіктер көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапатталды. Байқаудың мақсаты – республикалық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмысын қаладағы мектептерде жандандыру, мектеп тәлімгерлерінің көшбасшылық және шығармашылық қабілетін дамыту, озық тәжірибені тарату. Қатысушылар «Мен – балалық шақтың капитанымын» атты өзін-өзі таныстыру, «Менің атқарған үздік жобам» атты үй тапсырмасы, «Өнерлінің өрісі кең» атты кезеңдерде өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар «Тәлімгер портфолиосы» құжаттары, жетістіктері, іс-шара материалдары т.б. бойынша өзара бақ сынасты.

Тартысты байқау қорытындысы бойынша «Бас жүлдені» №136 ЖОББМ аға тәлімгері М.Қ.Әнуарбек, І орынды №138 ЖОББМ аға тәлімгері А.Б.Жәрдембаева, ІІ орынды №32 ЖОББМ аға тәлімгері А.Қ.Жаппаркулова мен №12 ЖОББМ аға тәлімгері З.Х. Хидирова., ІІІ орынды №29 ЖОББМ аға тәлімгері С.М.Сүгірәлі, №112 ЖОББМ аға тәлімгері Ш.Т.Нуржанова және ЖШС «Жалын» ЖОББМ аға тәлімгері А.Т.Режепова, «Креативті тәлімгер» номинациясымен №121 ЖОББМ аға тәлімгері Н.А.Уакбаева, «Өнерлі тәлімгер» номинациясымен №96 ЖОББМ аға тәлімгері С.Б.Орашова, «Көрермен көзайымы» номинация №111 ЖОББМ аға тәлімгері М.Н.Шукиралиева иеленді. Барлық жеңімпаздар диплом және сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, Оқушылар сарайы «Тәлімгерлер мектебінің» жетекшісі Г.Тулеметова да Алғыс хатпен марапатталды.

Аталған байқауға Ә.Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта білім беретін мектебінің жас тәлімгері Сүгірәлі Сабираны арнайы дайындаған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Аметқызы жас мамандарға мейлінше қолдау көрсету керек екенін айтады.

– Біз жас мамандарды алға сүйреп, оларды ынталандырып, шығармашыл мұғалім атануына мүмкіндік беруіміз керек. Әр адам өз кәсібіне алғашқы қадамдарын жасаған кезде белгілі бір қиындықтарға тап болады. Осы тұста тәжірибелі педагогтар демеп, қолдап жіберсе, бұл жас педагогтар үшін үлкен көмек. Болашақта осы мұғалімдер кәсіби деңгейлері жоғары, педагогикалық әдістер мен жаңа технологияларды жақсы білетін әрі оларды өз сабақтарында тиімді пайдалана алатын, әрдайым ізденіс үстінде жүретін, білімін үздіксіз толықтырып, шыңдап, шығармашылықпен жұмыс істейтін, оқушыларды бәсекеге қабілетті маман болып шығуына қолайлы жағдай жасап, жан-жақты білім беретін, оқу-тәрбие ісін меңгерген ұстаз болып қалыптасып жатса, оған біз де қуанамыз. Сондықтан барлығымыз бірдей осы жолда аянбай еңбек етіп келеміз, – дейді ол.

Жалпы алғанда, мектептегі жас мамандармен жұмыс – олардың кәсіби дамуы мен оқыту сапасын арттыруға бағытталған маңызды үдеріс. Бұл жұмыс бірнеше негізгі бағытта жүзеге асады. Біріншіден, менторлық жүйе ұйымдастырылады. Жас мұғалімдерді тәжірибелі ұстаздармен жұптастырып, оларға сабақ беру әдістерін, сыныппен жұмыс жасау тәсілдерін үйрету кәсіби өсуге негіз болады. Екіншіден, оқу-әдістемелік қолдау көрсетіледі. Ашық сабақтар, шеберлік сыныптары, сабақ жоспарын құруға көмек және заманауи оқыту технологияларын меңгертуге арналған тренингтер жас мамандар үшін тиімді тәжірибе алаңы бола алады. Үшіншіден, кәсіби дамыту бағдарламалары ұйымдастырылады. Мұндай семинарлар мен курстар педагогикалық шеберлікті жетілдіріп, білім мазмұнын жаңартуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, психологиялық қолдау маңызды рөл атқарады. Жас маманның өзіне деген сенімділігін арттырып, қиындықтарды жеңуге көмектесетін жеке және топтық кеңес беру шаралары олардың мектептегі бейімделуін жеңілдетеді. Осылайша, мектеп әкімшілігі мен ұжымның қолдауымен жас мұғалімдер кәсіби тұрғыда қалыптасып, сапалы білім беруге дайын маманға айналады.

«Ә.Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ білім беру сапасы мен тәрбиелік жұмысты үйлестіре отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөледі. Мектептің педагогикалық ұжымы ұжымдық рух пен жоғары кәсібилік арқылы үлкен нәтижелерге жетуде. Ә.Молдағұлова атындағы №29 мектеп – тарихы терең, болашағы зор білім ордасы. Ұжымның алдағы уақытта да білім мен тәрбие саласында жоғары жетістіктерге жететініне сеніміміз мол.

Яндекс.Метрика