Байқаулар балалардың жан-жақты дамуы мен тұлғалық қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Олар тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік, білімдік және шығармашылық әлеуетті дамыту құралы. Бала байқауларға қатысу арқылы өз қызығушылықтарын, таланттарын және қабілеттерін анықтайды. Бұл оның болашақта өз жолын дұрыс таңдауға көмектеседі. Әсіресе, өнер немесе өнертапқыштық байқаулары балалардың қиялы мен ойлау қабілетін дамытады. Жаңа идеяларды іздеуге және оларды жүзеге асыруға үйретеді.
Кез келген жеңістер мен жетістіктер балаға сенімділік береді, ал сәтсіздіктер өмірдің түрлі жағдайларына дайын болуды үйретеді. Бұл оның мінез-құлқын қалыптастырып, шыдамдылық пен табандылыққа баулиды. Дайындық барысында баланың түрлі тақырыптарды зерттеп, мәдени құндылықтарды тани түсетіні тағы бар.
Байқауға дайындалу үдерісі де баладан уақытты тиімді пайдалану, жоспарлау және жауапкершілік талап етеді. Бұл дағдылар оның күнделікті өміріне де оң әсер етеді. Сонымен қатар, түрлі байқаулар балалардың өзімен қатарлас құрбыларымен танысып, тәжірибе алмасуына да жағдай жасайды. Олардың өзара жаңа достар тауып, ұжымдық қарым-қатынастарды жақсартуға септігі зор.
Иә, байқаулар – бала үшін өзін дамытуға, өзіне сенімді болуға және қоғамда өз орнын табуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Олар баланың қабілетін шыңдап қана қоймай, өмірлік құндылықтарды меңгеруіне септігін тигізеді. Жуырда Астана қаласында шығармашыл оқушылар арасында өткен республикалық «Ақберен» өнер байқауын да осы қатарға қосуға болады. Байқаудың мақсаты – 8-11 сыныптың шығармашыл оқушыларының гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілетті, өлең жазу, тапқырлық қырын, дарынынын таныту, олардың шығармашылық қабілеттеріне (ақындық, шешендік шеберлігі, түрлі ұлттық аспапта ойнау, т.б.) қолдау көрсетіп, ары қарай дамытуына жол ашу. Байқау 6 номинациядан тұрды:
- «Шешендік, білгірлік сайысы»;
- «Көркемсөз оқу»;
- «Эссе жазу»;
- «Ұлттық аспапта өнер көрсету»;
- «Ақындар айтысы»;
- «Ақындар мүшәйрасы».
Шығармашыл оқушылар арасындағы республикалық «Ақберен» өнер байқауының республикалық кезеңіне Шымкент қаласынан төмендегі оқушылар қатысты:
- «Шешендік, білгірлік сайысы» номинациясы бойынша Д.А. Қонаев атындағы жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Сайлау Асылым;
- «Көркемсөз оқу» номинациясы бойынша №106 «Қайнарбұлақ» жалпы орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Медеухан Нұрасыл;
- «Эссе жазу» номинациясы бойынша №132 жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Куралбек Лаура;
- «Ұлттық аспапта өнер көрсету» номинациясы бойынша Саттар Ерубаев атындағы №24 ІТ мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Байданов Батырхан;
- «Ақындар айтысы» номинациясы бойынша №137 жалпы орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Мажит Аятулла;
- «Ақындар мүшәйрасы» номинациясы бойынша №1Talant жалпы білім беру мектебінің 10 сынып оқушысы Ибрагим Ақзере.
Байқау нәтижесі бойынша:
I орын — №132 жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Куралбек Лаура;
III орын — Саттар Ерубаев атындағы №24 ІТ мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Байданов Батырхан;
III орын — №1Talant жалпы білім беру мектебінің 10 сынып оқушысы Ибрагим Ақзере.
Республикалық «Ақберен» өнер байқауы – өнерлі оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұлттық мәдениет пен өнерге баулу мақсатындағы бірегей жоба. Байқау идеясының авторлары – белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, айтыскер ақын Аманжол Әлтай. Байқау үш кезеңде – аудандық, облыстық және республикалық деңгейде өткізіліп, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талантты оқушыларды қолдау және дамытуға айрықша үлес қосып келеді. XI «Ақберен» байқауы – ұлттық өнер мен мәдениеттің өркендеуіне үлес қосқан маңызды оқиға ретінде есте қалды.
Leave a Reply