Бүгінде үздік педагогтардың тәжірибесімен танысу – білім беру саласын дамытудағы маңызды қадам. Олар өз ісінің шеберлері ретінде оқыту әдістерін жетілдіріп қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеуде тың тәсілдер ұсынып келеді. Мұндай тәжірибемен бөлісу еліміздің білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Олардың әрбір сабағы – шығармашылық пен ізденістің үйлесімі. Бірі ойын технологиялары арқылы балалардың қызығушылығын арттырса, енді бірі заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалануды үйретуде. Мұндай жаңашыл әдістер оқушылардың белсенділігі арттырып қана қоймай, шығармашылық ойлау қабілетін де қоса дамытады. Осы мақсатта Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектебінде «Үздік сабақ – сапаға қадам» тақырыбында десанттық сабақ өткізілді. Бұл жиын педагогтар арасындағы тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып, білім сапасын арттыруға тың серпін берді және үздік ұстаздардың инновациялық әдістері мен сабақ үлгілері қатысушылардың қызығушылығын тудырып, жоғары бағаға ие болды.
Аталған іс-шара республикалық «Үздік педагог-2024» атағын беру конкурсының Ережесі негізінде жеңімпаздардың тәжірибесін насихаттау, жинақтау және таратуды мақсат еткен болатын. Іс-шара барысында республикалық «Үздік педагог-2024» атағын беру конкурсының жеңімпаздары М. Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның физика пәні мұғалімі Ю.Грязнов, №80 ІТ мектеп-лицейдің информатика пәні мұғалімі Н.Иманов, Саз колледжінің» арнайы пән оқытушысы О. Дмитриева, № 2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Галиева, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г.Шералхан, Ы.Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Ж.Қарынбаева мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Р.Балтабекова Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларымен сабақ өтіп, инновациялық-педагогикалық тәжірибелерімен бөлісті.
№2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Галиева – отыз жылға жуық еңбек өтілі бар білікті педагог, республикалық және қалалық байқаулардың жеңімпазы. Оның айтуынша, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру – әр ұстаздың басты міндеті. Ол сол бағытта өз тәжірибесінде қолданатын тиімді әдістермен бөлісіп, әріптестеріне оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мен сабаққа ынтасын оятудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ оқушылармен бірге қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтпаев» роман-эссесіне талдау жүргізіп, мазмұнды сабақ өткізді. Сабақ барысында ұстаз оқушыларға тұлғаның өмірі мен ғылыми жетістіктерін тереңірек таныстырып, шығарманың идеялық мазмұнына терең талдау жасады.
– Сабақ өтуге қойылатын 25 критерий бар. Міне, соған негіздей отырып, сабақ жоспары құрылып, сабақ өтіледі. Мен де Д.Қонаев мектебіне сол 25 критерийге негізделген сабағымды өткіздім. Аталған мектептің оқушылары маған үйренбеген, бейтаныс болғандықтан әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы ашуға тырыстым. Баланың бойында барлық мүмкіндік бар. Тек соны оята білу керек. Балаларға тапсырма орындауда дискрипторлар өте жақсы көмектесті. Сонымен қадамдап жүру арқылы шығармадағы мәселелерді анықтап, жаңашылдығына баға бере алды. Жаңашылдыққа баға беру – ең жоғарғы критерий, шығармашылық деңгей. Мен мұнда осы шығармашылық деңгейде жауап бере білген оқушыларды көре алдым, – дейді ол.
Әртүрлі пәндер бойынша сабақтар өткізіп, озық әдістемелік тәсілдерін ұсынған Шымқаланың жеті үздік педагогының сабақтарын көру үшін қаладағы мектептерден 176 педагог келді. Бұл тәжірибе алмасу алаңы педагогтар үшін білім беру сапасын арттыруға арналған тиімді мүмкіндік болды десе де болады. Десанттық сабаққа «Үздік педагог-2024» конкурсының жеңімпаздарынан бөлек, Әдістемелік орталықтың қызметкерлері және алдағы уақытта республикалық үздік педагог беру конкурсына қатысуға ниеткер пән мұғалімдері мен мектеп директорының әдістемелік орынбасарлары да қатысты.
Десанттық сабақта өз тәжірибесімен бөліскен Нұралы Иманов – №80 ІТ мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші. Он төрт жылдық еңбек өтілі бар ұстаз «Логикалық операциялар» тақырыбында мазмұнды сабақ өткізді. Айтуынша, қазіргі заманның мұғалімдері кез келген жағдайға дайын болуы керек. Әсіресе, оқушылардың зейінін оятып, оларды білімге қызықтыру – ұстаздың басты міндеттерінің бірі. Оның сабағы оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталып, әріптестері тарапынан жоғары бағаланды.
– Берілген қырық бес минуттың ішінде мұғалім жаңа сабақты үйретіп, оқушыларды аша алуы керек. Мен оқушылармен таныс болмасам да, олармен тығыз жұмыс істей алдым. Сабақ «Логикалық операциялар» деген тақырыпта өтті. Бұл негізі күрделі сабақ болып табылады. Әріптестерім оң бағасын беріп, сабаққа көңілдері толып қайтты. Дегенмен мен мұнымен тоқтап қалмаймын, ары қарай да іздене беретін боламын, – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибе алмасу алаңдары алдағы уақытта да жалғасын табады. Олар педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру және үздік тәжірибелерді насихаттау мақсатында осындай іс-шараларды жиі ұйымдастыруды көздеп отыр.
Педагогикалық шеберлік – тек сабақ беру ғана емес, әр баланың жүрегіне жол табу. Үздік ұстаздар бұл мақсатта ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, тәрбиені біліммен ұштастыра отырып, қоғамға пайдалы тұлғалар тәрбиелеуде. Әрбір ұстаздың табысты тәжірибесі – оқушылардың болашағына салынған мызғымас негіз десек, бұл тәжірибелер тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, өзге де мамандар үшін де үлгі болмақ. Мұндай тәжірибе алмасу білім беру сапасын арттырып қана қоймайды, заманауи талаптарға бейімделген білім жүйесін қалыптастыруға да өз септігін тигізеді. Осылайша ұстаздар ұрпақ тәрбиесінің жаңа көкжиегін ашуда.
Leave a Reply