Әр адамның алғашқы қадамдары, сөйлеуі, қоршаған ортаға бейімделуі мектепке дейінгі тәрбие шағынан бастау алады. Бұл кезең – баланың ой-өрісін, мінезін, қабілетін қалыптастыратын ең маңызды уақыт. Дәл осы уақытта берілген тәрбие оның болашақтағы табысты білім алуына және тұлға ретінде дамуына негіз болады. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие – тек баланың емес, бүкіл қоғамның болашағына салынған алғашқы іргетас. Бала тәрбиесі ел болашағының негізі десек, мектепке дейінгі білім беру – сол тәрбиенің ең маңызды қадамы. Ал енді заманауи қоғамда мектепке дейінгі білім берудің рөлі қандай? Осы сұраққа жауап алу мақсатында Шымкент қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі дамыту орталығының директоры Салтанат Утемисовамен тілдескен едік.
– Салтанат Бортайқызы, Шымкент қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі дамыту орталығының басты мақсаты қандай? Қандай бағыттарда жүмыс істейді? Негізгі міндеті не?
– Орталықтың мақсаты – мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің педагогикалық мәдениетін жетілдіру, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту мен жетілдіру бағытын, білім беру жүйесінің жаңа элементтеріне бейімдеу, сапалы білім беру бойынша әдістемелік қолдау көрсету. Негізгі міндеттері:
– заманауи педагогтің рөлі мен миссиясы, жеке тұлға ретінде және кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жетілдіру, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету туралы түсінігін дамыту;
– стратегиялық жоспарлаудың мән-мағнасын түсіндіру және тәжірибеде қолдану дағдысын қалыптастыру;
– басшылар, педагогтер мен тәрбиеленушілердің қызметін жақсартуға бағытталған дағдыларды, жұмыс түрлерін, әдістер мен тәсілдерді үйрету;
– білім беру ұйым мазмұнын жаңарту жағдайында педагогикалық ұжымның өзара қолдау көрсету туралы түсінігін дамыту;
– кәсіби және әлеуметтік әріптестік орнату, желілік қоғамдастық құру жөніндегі тәжірибелік дағдыларды қалыптастру;
– мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын, бағдарламаларын іске асыруда білім беру ұйымдарын ақпараттық-әдістемелік қолдауды жүзеге асыру;
– мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету жұмыстарын жетілдіру;озық педагогикалық іс-тәжірибелерді зерделеу және тарату жұмыстарын жүргізу.
Орталық:
– білім беру жүйесінің бағыттарын реттейтін нормативтік актілік құжаттармен таныстыру;
– ұстаным, миссия және мақсаттар, стратегиялар мен өзгерістер, көшбасшылық туралы білім мен түсінік;
– мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын, бағдарламаларын іске асыру барысында педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету;
– педагогикалық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру;
– әдістемелік жұмыстың әртүрлі нысанын, тәрбие мен оқыту процесін жетілдіруге және педагогтерге, білім беру ұйымдарына көмек көрсетуге бағытталған білім беру қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыстарды (коучингтер, шеберлік-сыныптар, консультациялар, дәрістер, семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар, педагогикалық оқулар, кәсіби шеберлік байқаулар және т.б.) ұйымдастыру және өткізу;
– білім алушыларға білім беру мен оларды тәрбиелеуге қатысатын білім беру ұйымдары, мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдары, ЖОО ғалымдарымен өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын облыстық, республикалық және халықаралық деңгейлерде ұйымдастыру;
– біліктілікті арттыру ұйымдарымен бірлесіп басшы қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруды болжау, жоспарлау және ұйымдастыру, педагогтерге үздіксіз білім беру жүйесінде ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету, курстан кейінгі әдістемелік қолдау бағытында жұмыс істейді.
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Мектепке дейінгі ұйымда ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолдары тақырыбында атқарылған жұмыстармен бөліссеңіз.
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының басты мақсаты – қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру. Ал негізгі міндеттеріне баланы рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу, Отанға, өз халқына, оның тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу, адалдық, әділдік, мейірімділік, ар-ұят пен қамқорлық, қайырымдылық және басқа да адамдық қасиеттерді дамыту, табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу жұмыстары кіреді.
Бағдарлама аясында мектепке дейінгі ұйымдарда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Солардың бірі – «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы». Аталған іс-шара бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың қатысуымен ұлттық ойындар, серуендер, ертеңгіліктер, мерекелер, ойын-сауықтар ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, №122 «Ақкөгершін» бөбекжай-бақшасында педагогтер арасында «Мен білетін қолөнер» атты сайыс өтті. Әжелер мектебі жұмысын жандандыру ұлттық дәстүрлер мен құндылықтар көзі болып табылатын, өмір бойы жалғасатын процесс болғандықтан тәрбие мен оқытуды ұйымдастыру қажеттігі жарыс барысында көрініс тапты. Қоғамда баланы тәрбиелеу және оның дамуы үнемі бірлескен әлеуметтік ортаға интеграцияланған тәжірибелерін ортаға салды. Бұл – ұлттық мәдени кодқа, іс-әрекеттің тәуелсіздігіне, Отан мен ана тіліне деген еркіндік пен мақтаныш сезіміне сүйене отырып, қазіргі заман жағдайында баланың бойында өмірлік дағдыларды қалыптастыру қағидатының басты мақсат екенін педагогтер сайыс барысында жан-жақты көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті. Мәнерлеп оқу, кимешектің жас ерекшелегіне қарай киілу түрілерін, қолөнер бұйымдарын қорғап, жасалу жолдарын видеодан көрсете алды. Тиым сөздер мен оның мағынасын қатысушы 9 педагог өте жақсы айтты. Тартымды, тартысты, шығармашыл жұмыстармен бөліскен педагогтер көрермендерге рухани байлық сыйлай алды.
Сонымен қатар, «Күй күмбірі» жобасы бойынша да үнемі күй қою арқылы балалардың бойында музыканы тыңдауға қызығушылықтарын, музыканы эмоционалды қабылдауды, түсінуді, қадірлей білуді қалыптастыру, ұлттық мәдениетке қызығушылықты арттыру, шығармашылық дағдыларды, шығармашылық зерттеу іс-әрекет дағдыларын дамыту, ұлттық мәдениетті түсінуге, құрметтеуге үйрету мақсатында балабақшада тәрбиелеу-білім беру процесінің циклограммасына сәйкес жұмыстар ұйымдастырылып, жүзеге асуда. Сондай-ақ, «Балалар кітапханасы» аясында «Бір кітап», «Кітап – менің қазынам», «Жас тыңдарман» секілді іс-шараларды да мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешілері, әдіскерлері жүзеге асыруда.
– Мектепке дейінгі ұйымдарда әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру бойынша қандай шаруалар атқарылуда?
– Бұл бойынша мектепке дейінгі дамыту орталығы жанынан балаларды ерте дамыту мәселелерін жүзеге асыру негізінде мобильді топ құрылды. Ол Шымкент қаласында меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын бағалау критерийлеріне сәйкес келетін мектепке дейінгі ұйымдардың санын ұлғайту, педагогикалық тәсілдердің тиімділігіне объективті бағалау жүргізу, сонымен бірге тәрбиелеу-білім беру процесіне дәлелденген және ұсынылған инновацияларды енгізу үшін арнайы шешімдер әзірлейді. Сонымен бірге, мектепке дейінгі ұйымдардың арнайы құзыреттілік орталықтары құрылды. Атап айтар болсақ, №68 құзыреттілік орталық (магнитті топ №№19, 35, 65), № 56 құзыреттілік орталық (магнитті топ №№21, 60, 73), «Айгерім» құзыреттілік орталықтары (магнитті топ Жұлдыз-1) озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу мақсатында жұмыстар атқаратын болады. Атап айтар болсақ, №56 «Тұлпар» бөбекжай-бақшасы құзыреттілік орталығы өзіне қарасты магнитті №26 «Самұрық», №55 «Самал», №61 «Нұртас», №126 «Шұғыла» бөбекжай-бақшалары мен жекеменшік «Амира», «Аниса», «Таза бұлақ», «Қиял Ел», «Альмансур», «Хадия» бөбекжай-балабақшаларын қатыстыра отырып іс-шара өткізді. Іс-шара барысында заттық дамытушы ортада балаға қандай қолайлы жағдайлар жасағандығы жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Ұлттық мәдениет пен дәстүр арқылы рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде баланың жеке қасиеттерін қалыптастыру бағытында қандай шаралар жүргізілгенін, заттық дамытушы орта құру арқылы баланың күні бойғы өз қалауларынша зерттеу танымдық әрекеттерін жүзеге асыру қарастырылғандығын қатысушылар көре алды.
Одан бөлек, Шымкент қаласы білім басқармасының «Мектепке дейінгі дамыту орталығы» КММ-нің жұмыс жоспарына сәйкес, әдістемелік сүйемелдеу жұмыстары да жүргізіліп отырады. Мысалы, «Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттары» тақырыбында «Балбота» бөбекжай-бақшасында, «№21 «Ертарғын» бөбекжай-бақшасында, №42 «Толағай» бөбекжай-бақшасы» әдістемелік сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді.
Әдістемелік сүйемелдеудің мақсаты – білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарымен таныстыру, өлшемшарттарға қойылатын талаптарға сай жұмыс жасауға бағыттау. Осы бойынша бөбекжай-бақша педагогтеріне Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарын бекіту» туралы 2022 жылғы 5 желтоқсандағы №486 бұйрығы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Білім беру ұйымдарының өзін-өзі бағалау құрылымдарына, мектепке дейінгі тәрбиемен оқытудың үлгілік оқу жоспарының жас ерекшеліктерінің сәйкестігіне, жас ерекшеліктері бойынша перспективалық және циклограмманы жоспарлауға, тәрбиеленушілердің білімдерін бағалауға нақты тоқталып, әдістемелік сүйемелдеу көрсетілді. Сүйемелдеу барысында сұрақтар қойылып, кері байланыс орнатылды.
– Мектепке дейінгі мекемелерде балалармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби деңгейі қандай талаптарға сай болу керек деп ойлайсыз?
– Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу тәрбиешілердің еншісінде. Сондықтан да педагогтар белсенді зерттеуші және балалармен жұмыс істеудің жаңа нысандарын жасаушы, жаңашыл болуы тиіс. Бұл тұста педагогтардың кәсіби даярлығы, кәсіби білімділігі, өзіндік кәсіби құзіреттілігі, оқытуда жүйелі жұмыс жүргізуі – барлығы маңызды.
Иә, мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың кәсіби деңгейіне қойылатын талаптар өте жоғары болуы керек, себебі олар балалардың алғашқы даму кезеңдеріне жауапты. Ең бірінші, олар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес психология мен педагогиканы терең түсінуі тиіс, оқыту және тәрбие әдістерін білуі және оларды тәжірибеде тиімді қолдана білуі керек, оған қоса мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес білім беру бағдарламаларын да меңгеруі қажет.
Екіншіден, балалармен, ата-аналармен және әріптестермен тиімді қарым-қатынас орната біліп, конфликттерді шешу және балалардың эмоциялық қажеттіліктерін түсіну қабілетін меңгере білуі міндетті.
Үшіншіден, шығармашылық икемділік қажет. Мысалы, ойындарды, сабақтарды қызықты әрі интерактивті етіп ұйымдастыруға, баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқу процесіне бейімдеуге икемді болғаны дұрыс. Оған қоса педагог бойындағы моральдық және этикалық қасиеттер де маңызды. Балаларға мейірімді, шыдамды және жауапты қарым-қатынас жасай алып, педагогикалық этиканы сақтау және үлгі көрсетуде алғы сапта болуы тиіс. Содан соң, әрине, балалардың физикалық және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерін білсе құба-құп. Жалпы алғанда, педагог кәсіби тұрғыда үздіксіз дамып отыруы қажет. Яғни, қазіргі заманғы білім беру технологияларын меңгеру, тұрақты түрде біліктілігін арттыру курстарынан өту және өз білімін жетілдіру мәселесінде шет қалмауы қажет. Осы айтылған талаптар мамандардың мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы басты міндеттерін орындауға көмектеседі және олардың сапалы әрі нәтижелі жұмысын қамтамасыз етеді.
– Алдағы уақытта қандай жұмыстар жоспарда тұр? Болашақта балаларды дамыту және тәрбиелеу саласында қандайда бір өзгерістер енгізу жоспарда бар ма?
– Заман өзгерген сайын білім беру және тәрбие саласында түрлі әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Біз де соған сәйкес ізденіп, балаларды дамыту бойынша жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға тырысамыз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттыратыны анық.
Қазіргі жаңа заман балалары – еліміздің ертеңгі болашағы. Ал сол жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасауымыз қажет. Бүгінгі таңда балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуы жолында педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы да өте жоғары. Біз де өз саламызда балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педагогикалық технологияларды кеңінен қолдануға тырысамыз. Себебі қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан, есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады. Осының бәрін ескере отырып, текті, талантты балаларды тәрбиелеу мақсатында тынбай жұмыс істей беретін боламыз.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
М.ЫБЫРАЙ
Leave a Reply