Білім – қоғамның іргетасы, ұлттың болашағы. Білім беру сапасы – әр мемлекеттің өркендеуінің негізі. Сондықтан да елімізде бұл мәселеге ешқашан назардан тыс қалған емес. Олай дейтініміз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында білім саласына қатысты мәселелерге ерекше тоқталып, тиісті тапсырмалар беріп отырады. Аталған сала бойынша Шымкент қаласындағы атқарылған жұмыстар жайында сөз етпестен бұрын, соңғы 2-3 жылда Президент Жолдауларында, мақалаларында және сұхбаттарында білім беру бағыты бойынша не айтылды? Алдымен осыған тоқталайықшы.
Оқушыларды сапалы біліммен қамту
2021 жылғы Президент Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасының елдің дамуы үшін маңызды екенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы сапалы білім беру қолжетімді болу керек екенін айтып, қала мен ауыл мектептеріндегі білім беру деңгейін теңестіруді тапсырды. Сонымен қатар, ауыл мектептерін заманауи құралдармен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.
Президенттің айтуынша, қала мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы алшақтықты жоюға бағытталған шаралар өте маңызды. Бұл мақсатта 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауыл мектептерін жөндеу, жаңа білім беру орталықтарын ашу жұмыстары белсенді жүргізілді. Бұл тапсырмалардың орындалуы тек инфрақұрылымдық деңгейде ғана емес, сонымен қатар оқыту бағдарламаларының біріздендірілуі арқылы да жүзеге асырылған болатын.
Мұғалімдердің мәртебесін көтеру және еңбекақысын арттыру
Сондай-ақ, Президент мұғалімдердің қоғамдағы рөлін көтеруге де ерекше көңіл бөлді. 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң – осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі. Соңғы жылдары мемлекет мұғалімдердің жалақысын кезең-кезеңмен арттыру жұмыстарын қолға алды. 2021 жылы мұғалімдердің еңбекақысы 25%-ға арттырылса, одан кейінгі жылдары да бұл үрдіс жалғасын тапты. Бұл олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылмақ.
Бұған қоса мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту және олардың құзыреттіліктерін көтеру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Оқу орындарының инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында да арнайы бағдарламалар дайындалды.
Мектептерді цифрландыру және IT-білім беру
Цифрландыру – Қазақстанның ұзақ мерзімді даму жоспарларындағы басым бағыттардың бірі. Білім беру саласында да бұл аспект маңызды орын алады. Президенттің 2021-2022 жылдардағы тапсырмаларының бірі – цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне белсенді енгізу еді. Бұл ретте мемлекет басшысы интернет желісінің барлық мектептерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және цифрлық оқыту құралдарын дамыту жөніндегі нақты тапсырмалар берген болатын. Осы мақсатта ауылдық және қалалық мектептерде компьютерлермен, интерактивті тақталармен және басқа да цифрлық құралдармен жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, IT-білім беруді ерте бастан енгізу мақсатында арнайы бағдарламалар әзірленіп, білім беру стандарттарына енгізілу жұмыстары жалғасын тапты.
Жоғары оқу орындарының сапасын арттыру
Президенттің білім саласына қатысты ең негізгі тапсырмаларының бірі – жоғары оқу орындарының білім сапасын арттыру болды. Соңғы жылдардағы Жолдауларында мемлекет басшысы университеттердің білім беру сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білім беру жүйесін түбегейлі реформалау қажет.
2021-2022 жылдары бірнеше жоғары оқу орындарына аккредитация беру тәртібі қайта қаралды, ал лицензиясыз жұмыс істейтін оқу орындары жабылды. Сондай-ақ, Президент қазақстандық университеттердің әлемдік рейтингтерге кіруі үшін жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін де баса айтты.
Тегін техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту
Президент жұмыссыздық деңгейін төмендету және жастарды еңбек нарығына бейімдеу үшін техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту қажеттігін де атап өткен болатын. 2021 жылы осы бағыттағы бастамалар іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен көптеген колледждер мен кәсіптік білім беру орындары жаңартылып, студенттерге сапалы білім беруге арналған жаңа бағдарламалар енгізілді. Ал бүгінгі күні тегін кәсіптік білім беруді кеңейту арқылы жастарды еңбек нарығына қажетті мамандықтармен қамтамасыз ету жоспарда тұр. Бұл тапсырмалардың орындалуы жастар арасында техникалық білімге қызығушылықтың артуына және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің жақсаруына септігін тигізбек.
2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 500-ден астам мектеп жаңартылды, ал қала мектептері жаңа оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Жоғары оқу орындарының лицензиялануы қатаңдатылып, бірнеше оқу орны жабылды. Бұл қадамдар Қазақстанның білім беру жүйесін жаһандық деңгейге жақындатуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылды.
Білім беру сапасын арттыру және инклюзивтілік
2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыру, жаңа мектептер салу, инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға назар аударды. Бұл Жолдауында Мемлекет басшысы білім берудегі теңсіздік мәселесін атап өтіп, әсіресе ауылдық жерлердегі оқушылардың білім сапасын жақсарту мақсатында бірнеше нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, 2023 жылы 800 жаңа мектеп салынатыны туралы хабарлады, бұл білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын азайтуға септігін тигізері анық.
Сонымен қатар, Президент білім беру жүйесінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті бағдарламалардың жетілдірілуі қажеттігін де атап өткен еді. Бұл бағытта инклюзивті білім беруге арналған бағдарламалар саны арттырылып, мұғалімдер осы бағытта арнайы дайындықтан өтті.
Цифрлық білім беру технологияларын дамыту
2024 жылы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша білім саласында цифрлық құралдарды дамытуға ерекше назар аударылуда. Президенттің Жолдауы бойынша, барлық оқу орындары цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етіледі. Интернетке қолжетімділікті арттыру, әр мектепте жоғары жылдамдықтағы интернет желісін енгізу, онлайн білім беру платформаларын жетілдіру – негізгі бағыттар болып табылады.
2024 жылы барлық мектептерде интернетке қолжетімділік мәселесі шешілді. Сонымен қатар, IT-мамандықтарды дамытуға бағытталған арнайы бағдарламалар енгізіліп, оқушыларға цифрлық сауаттылық бойынша қосымша білім беру курстары өткізілді.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру
2023 және 2024 жылдары мұғалімдердің біліктілігін арттыру шаралары күшейтілді. Президент Тоқаев білім беру сапасы тікелей мұғалімдердің кәсіби деңгейіне байланысты екенін бірнеше рет атап өтті. Осыған орай, әр жыл сайын мұғалімдерге арналған арнайы біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, оларға заманауи әдістемелерді үйрету маңызды бағыт ретінде қарастырылуда.
Техникалық және кәсіптік білім беру
2023-2024 жылдары мемлекет басшысы жастар арасында техникалық және кәсіптік білім беруді күшейтуге ерекше назар аударды. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде техникалық мамандықтарға басымдық берілді. Бұл қадам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды дайындауға бағытталған. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін кәсіптік білім беру бағдарламалары кеңейтіліп, олар тегін негізде ұсыныла бастады.
2023 жылдың соңына қарай тегін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларына қатысатын студенттердің саны артты. Бұл бастама ауыл жастарына да қолжетімді болды, ал 2024 жылы осы бағдарламалар аясында жаңа колледждер мен оқу орталықтары ашылды.
Жоғары білім беру жүйесін жаңғырту
Президент Тоқаев жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық деңгейге көтеру мәселесіне ерекше мән берді. 2024 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарын шетелдік үздік университеттермен әріптестікке тарту және академиялық ұтқырлықты дамыту шаралары қолға алынды. Осылайша, қазақстандық студенттердің шетелде білім алуы жеңілдей түсті.
Жалпы алғанда, мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмалары білім беру жүйесін жаңғыртуға және оның сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды реформалардың негізі болды. Бүгінде сол тапсырмалардың басым бөлігі нақты қадамдар арқылы орындалып жатыр. Атап айтқанда, мұғалімдердің еңбекақысын арттыру, мектептердің инфрақұрылымын жетілдіру, ауылдық білім беру сапасын жақсарту, цифрландыру және IT-білім беру бағыттары бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде. Мұның бәрі Қазақстанның білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік беріп, елдің дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады.
Шымқалада да атқарылған шаруалар аз емес
Биылғы жылдың тамыз айында Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Шәмшиева Нұргүл Ақылбекқызы мен Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Әліш Рыскелді Салхутдинұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өткен болатын. Онда білім басқармасының 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыс қорытындылары туралы айтылған еді. Жиында білім басқармасының басшысы қаладағы білім беру ұйымдарының жай-күйі жайында толыққанды есеп беріп, әр бағыт бойынша жеке-жеке тоқталып өтті.
Шымкент қаласында мектепке дейінгі оқыту және тәрбие беру саласы бойынша 611 мекеме бар, оны 540-ы жекеменшік балабақшалар болса, 71-і мемлекеттік балабақша. Биыл бұл бағытта мемлекеттік балабақшаларда спорт алаңшаларын жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар, биылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ваучерлік дербестендірілген қаржыландыру жүйесі бойынша пилоттық жоба енгізілген. Жобаға мемлекеттік балабақшалармен қатар жекеменшік балабақшалар да қатыса алады. Қаржыландырудың ваучерлік механизімінің артықшылығы сол, аталған жүйе арқылы ата-аналар өзі таңдаған мектеп не балабақшаға мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады. Яғни, мемлекет баланың балабақшаға, мектепке, не болмаса жоғары оқу орнында оқу ақысын не тамақтану және басқа да шығындарын төлеу үшін ваучер береді. Ваучер қолға ұсталатын ақша емес, дегенмен ол белгілі бір ақша сомасымен бағаланады. Сәйкесінше, ол оқу не өзге шығынды толық өтемеуі мүмкін, мемлекет ваучер бере отырып, оқу орнына қаржыны аудару жолымен оқу ақысының толық не бір бөлігін төлеу міндетін алады. Нәтижесінде, ата-аналар мен оқушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейеді, білім беру қызметтерінің сапасы артады, қаржының ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Бүгінгі таңда Шымқаладағы мектептер саны 275-ке жетіп отыр. Оның 150-і мемлекеттік, 125-і жекеменшік мектеп. Онда 260 мыңға жуық оқушы қамтылған. «Орта білім беру бағытындағы негізгі мақсат – білім сапасын арттыру. Бұл тұста бір мақтанарлық дүние – өткен оқу жылымен салыстырғанда біздегі білім сапасы 5 пайызға көтерілді. Халықаралық олимпиадаларда орын алып жатқан балаларымыз тағы бар», – дейді білім басшысы.
Сонымен бірге, биылғы жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы Президенттің тапсырмасы бойынша қайта жаңартылып, білім беру ұйымдарының оқу процесіне тікелей кіріктіріліп отыр. Ол үшін тиісті тренерлер дайындалып, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар арнайы дайындық сабақтарынан өтіпті.
Техникалық және кәсіптік білім беру бағытында да жаңалықтар жоқ емес. Биылғы жылы қалада үш колледж халықаралық аккредиттеуден өткен. «Халықаралық аккредиттеуден өткен білім беру ұйымының дипломы халықаралық деңгейде мойындалатын болады. Яғни бұл колледждің студенттері Еуропа, Азия елдерінде осы колледждің дипломымен жұмыс істей алу мүмкіндігіне ие болады деген сөз. Одан бөлек бізде колледждерде 16 құзіреттілік орталық ашылды. Биыл тағы осы жұмысты жалғастыратын боламыз. Алдағы уақытта колледждерде халықаралық академиялық ұтқырлық жобасы бойынша жұмыс істеу жоспарда тұр. Бұл жөнінде тиісінше жұмыс жүргізілетін болады», – дейді бұл туралы Нұргүл Шәмшиева.
Сонымен қатар, биылғы жылы «Мектепке жол» акциясына мемлекет тарапынан 56 183 балаға қаржы бөлініпті. Одан бөлек демеушілер тарапынан тағы да 75 миллион теңге қосымша қаражат қарастырылған. Оның ішінде «Шымкент – қайырымды қала» қорының қаражаты есебінен 200-дей бала мектеп формаларымен қамтылған көрінеді.
«Кез келген салада сапаны қамтамасыз ету үшін керек нәрсе – инфрақұрылым, мамандар және білім мазмұны. Қаламызда үш ауысымда оқу мәселесі шешілді деп айттық. Дегенмен, Шымкентте демографиялық өсім жоғары. Одан бөлек Шымкент республикалық қала мәртебесін алғалы бері қалада кәсіпорындар, жалпы жұмыс беруші мекемелер көп болғандықтан ішкі миграция процесстері де өте белсенді жүруде. Жыл сайын оқушы жасына келген балалар саны 8-9 пайызға өсіп отырады. Сондықтан қазіргі уақытта 21 мектепте әлі күнге дейін оқушы толымдылығы жоғары болып отыр. Бұл үш ауысымды мектептердің пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.
Бұдан бөлек бұған дейін Түркістан облысынан қосылған 13 елдімекенде мектеп жоқ екенін айтқанбыз. Қазіргі таңда соның ішіндегі 9 елдімекенде мектеп мәселесі жайлы мектептерді қолданысқа беру есебінен шешілмек. Сонымен бірге, жекеменшік мектептерді ашу жұмысы да жолға қойылған. Бізге инвесторлар келгенде оқушы тығыздығы жоғары аймақтарға мектеп салуды ұсынамыз. Осылайша алдағы уақытта оқушы толымдылығын төмендету бойынша да бірқатар жұмыстар жоспарланып отыр», – дейді тағы да бас мұғалім.
Басқарма басшысының айтуынша, қалада балалалардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру бойынша қосымша білім беру, яғни үйірмелерге тарту, спорттық секциялармен қамту бағытындағы жұмыстар да одан әрі жанданатын болады. Себебі бұл үйірмелердің баланың физикалық, интеллектуалдық және әлеуметтік дамуына ықпал етуде маңызы зор.
М.ЫБЫРАЙ
Leave a Reply