Инклюзивті білім беру – ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру жүйесіне қосу арқылы барлығына тең мүмкіндіктер ұсынатын тәсіл. Оның басты құндылықтары – теңдік, құрмет, әлеуметтік әділеттілік, бірлестік, білім сапасы, гуманизм және ынтымақтастық. Инклюзивті білім беру әр баланың қабілетін ескеріп, білім алуға қолайлы жағдай жасайды, олардың әлеуетін ашуға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл жүйе қоғамда толеранттылықты, өзара құрметті және әртүрлілікті қабылдауды дамытады. Мұғалімдер, ата-аналар және қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы инклюзивті білім беру әр балаға өмірге бейімделу мен қоғамға толыққанды араласу мүмкіндігін ұсынады.
Шымкент қаласы Білім басқармасының «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығының» ұйымдастыруымен жұмыс жоспарына сәйкес «Инклюзивті білім беру құндылықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға бағытталған құндылықтарды нығайту, білім беру ортасында теңдік пен инклюзияны дамыту жолдарын талқылау болды.
Шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізудің тиімді әдістері мен құралдарын талқылады. Сонымен қатар, барлық балалар үшін қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Дөңгелек үстел нәтижесінде қатысушылар инклюзивті білім берудің құндылықтарын дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірледі.
Осыған дейін Шымкент қаласы білім басқармасы Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығының у.м.а. директоры Оспанова Жеңіскүл Әшімханқызының басшылығымен №1 Оқушылар сарайы базасында да дөңгелек үстел ұйымдастырылған болатын. «Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларды үй жағдайында білім алу процесін ұйымдастыру» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шара арнайы сыныптары бар мектептердің үйде оқыту және инклюзивті білім беру жөніндегі жауапты оқу орынбасарларының қатысуымен өткізілген еді. Үйде оқыту жағдайында ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларды қолдау жолдарын талқылау және инклюзивті білім берудегі тиімді әдістермен, тәжірибелермен бөлісу мақсатында ұйымдастырылған бұл дөңгелек үстелде үй жағдайында білім алу процестерін ұйымдастырудағы заманауи әдістер, әр оқушының жеке қажеттіліктеріне сәйкес келетін жеке оқыту бағдарламаларын жасау, инклюзивті білім беруді жетілдіруге арналған жаңа құралдар мен әдістемелер, инклюзивті білім беру мен үйде оқыту жүйесіндегі жаңашылдықтар мен үздік тәжірибелер тақырыбы талқыланып, ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды сапалы қолдаудың тиімді жолдарын талданды.
Инклюзивті білім беру – тек білім беру жүйесінің ғана емес, бүкіл қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды бағыт. Әр балаға тең мүмкіндік беру арқылы толерантты, әділетті және адамгершілікке негізделген қоғам қалыптастыруға болады. Инклюзивті білім беру – тек әдіс емес, бұл құндылықтарды құрметтеуге негізделген өмір салты, сонымен бірге барлық балалардың құқығын құрметтеудің айқын көрінісі. Әр балаға білім алу мен дамуға мүмкіндік беру – қоғамның басты міндеті. Бұл жүйе тек балалардың білім алуы үшін ғана емес, олардың қоғамға бейімделуіне, өз әлеуетін жүзеге асыруына жол ашады. Сондықтан қоғам болып, инклюзивті білім беру идеясын қолдап, оны дамытуға үлес қосу қажет.
Leave a Reply