Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі есеп беру кездесуінде білім саласындағы атқарылған жұмыстар туралы да баяндады. «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму барысы» туралы баяндамасында:
– Еліміздегі білім беру саласы – басым бағыттардың бірі. Шымкент қаласында 13 елдімекенде мектеп жоқ және 21 мектепте орын тапшылығы бар. Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 3200 орындық 2 мектеп пайдалануға тапсырылып, 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорынан 3 мектептің құрылысына 7,9 миллиард теңге қаралды. Одан бөлек инвесторлардың жеке қаражаты есебінен 2800 орындық 5 мектеп пайдалануға берілді.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, «Тұран» шағын ауданында 500 орындық Оқушылар сарайының құрылысы 80 пайызға орындалды. Биыл 4 мектеп, 1 колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандар жыл соңына дейін іске қосылатын болады. Жастардың жоғары оқу орындарында сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 285 грант бөлінді.
Қосымша біліммен қамту деңгейі жыл сайын артып келеді. Бүгінде бала саны 225 мыңнан асып, қамту деңгейін 86 пайыздан 89 пайызға жеткізу көзделуде.
Технологиялық кәсіпкерлікті дәріптеу, ІТ қоғамдастығын қалыптастыру мақсатында «Shymkent HUB» өңірлік ІТ орталығы іске қосылды. Бүгінде мұнда 40-қа жуық қауымдастықты дамыту және аймақтағы стартап жобаларды қолдауға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Онда 600-ден астам адамға қызмет көрсетілді, – деп есеп берді қала басшысы.
Білім саласы елдің экономикалық және мәдени дамуында маңызды рөл атқарып, цифрлық технологиялар мен қашықтықтан оқыту әдістерін қолдану арқылы жаңа мүмкіндіктер ашады. Білім беру жүйесі экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, инновациялар мен технологиялық прогреске ықпал етеді. Сонымен қатар, мәдениет пен қоғамның дамуына да үлкен әсер етеді, өйткені білім құндылықтарды қалыптастырады және ұлттық бірлікті нығайтады. Білімді ұрпақ елдің тұрақты дамуына негіз болады. Бүгінде Шымкент қаласындағы атқарылып жатқан жұмыстар да осы бағытта өрбіп келеді.
Leave a Reply