№1 мектеп-гимназияның қалыптасу тарихы: кешегісі мен бүгіні

Әрбір оқу ордасының өзінің қалыптасу жолы, даму тарихы болуы – заңдылық. Бүгінде Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия аталып, 100 жылды артқа тастаған оқу ордасының да өзіндік даму тарихы бар. №1 бастауыш мектебі болып ашылған білім ошағы туралы естеліктер 1923 жылдан басталады. Мұрағаттан 1923 жылдың жартыжылдық есебі табылды, онда қазіргі С.Сейфуллин атындағы кинотеатрдың жанындағы Юкарин ауданына қарасты болған №1 мектептің өзбек мектебі болғандығы жайында айтылады. Мектепте 69 оқушы білім алатын 3 сынып ашылып, онда 3 мұғалім жұмыс жасаған. Мектеп меңгерушісі Котельников болған.

ҚББ-ның мәліметінше, 1932-33 оқу жылында №1 өзбек мектебінің меңгерушісі Бектиева жолдас болған. Оқу жылының басында мектепте 88 оқушы білім алып, 1933 жылдың 1 ақпанына қарай оқушылар саны 110-ға жетеді де, мектепте үш оқу тобы құрылады (0, 1, 2).

Соғыс жылдарында мектеп ғимараты реквизицияланып, Шымкент авиаотрядына қойма үй-жайына берілді, ал сабақтар ескі қаладағы мешіт ғимаратында өткізілді. Соғыстан кейін ҚББ және Шымкент еңбекшілер депутаттарының атқару комитетінің бұйрығымен Хаят көшесіндегі №37 ғимарат №1 бастауыш мектепке қайтарылды. Осыған байланысты Жаңа шаһар балаларының 60 пайызы бастауыш оқытумен қамтылды. Еңбекшілер  депутаттарының зауыттық аудандық Кеңесі атқару комитетінің бюросы Жаңа шаһардан бастауыш мектеп ашуға шешім қабылдады. Мектеп «ҚазССР-ге 25 жыл» мектебінің базасында бір қабатты шағын ғимаратта орналасты да, онда небәрі төрт сынып болды. Мектеп үш ауысымды еді.

Еңбекшілер депутаттары қалалық Кеңесінің Атқару комитеті қала мектептерінің атауларын ретке келтіру мақсатында мектептің атауын «№1 Жаңа шаһардағы бастауыш мектеп» деп өзгертуге шешім қабылдады. 1948-49 оқу жылының бірінші тоқсанындағы есебінен мектепте әдістемелік отырыс, педагогикалық кеңестер, жалпымектептік және сыныптық ата-аналар жиналыстары өткізіле бастағанын білуге болады, басты тақырыптары оқушылардың үлгерімі болған.

1954 жылы Жаңа шаһардағы орта мектептің құрылысын аяқтауға байланысты еңбекші Депутаттары қалалық Кеңесінің Атқару Комитеті жаңадан салынған мектептің ғимаратында аралас, яғни орыс-қазақ орта мектебін ашуға шешім қабылдайды. Жаңадан бой көтерген №1 мектепке орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің есімін беруді жөн көреді. Мектепті толықтыру үшін басқа мектептердің  оқушылары да тартылды.

1954 жылға қарай бала саны артып, мектеп ауданның қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмағандықтан балалардың бір бөлігі оқытумен қамтылмайды. Сол себепті Шымкент еңбекші Депутаттарының Атқару Комитеті мектепті 3-нөмірлі Коммунистік көшесіндегі (қазіргі Тәуке хан даңғылы) ғимаратқа көшіру туралы шешім қабылдады. 1956 жылы екі қабатты мектеп салынып, пайдалануға берілді. Оған №1 мектептің барлық оқушылары ауыстырылды. Мектеп директоры педагогика ғылымдарының кандидаты Үсіпбек Жарқымбеков болды. Оқу ісінің меңгеруші қызметін Я.В.Шахилаева атқарды. Мектептің жанында №2 қазақ әйелдер интернаты жұмыс істеп, оны Ж.Құрмашева басқарды.

ҚББ-ның 1962-63 оқу жылындағы жалпы білім беру есебінде үлгілі ұстаздар ретінде №1 мектептің қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Сарсеновты (№1 мектеп оқу ісі меңгерушісі), қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Х. Қожахметованы атайды. №1 мектептің оқытушысы Шаженов қаланың үздік математиктерінің бірі болып танылды.

1963 жылға дейін мектептің педагогикалық ұжымын басқарған директорлар: Кашкенов, М.С.Хамитова (бұл туралы мектептің 1963 жылғы тамыздағы 1963-64 оқу жылына дайындығы туралы құжаттарда айтылған); оқу ісінің меңгерушілері Ж.С.Сарсенов, А.Н.Петрова.

1963 жылы қазақ сыныптарын №7 Спатаев атындағы орта мектебінің жаңа ғимаратына ауыстырғаннан кейін мектеп сегізжылдық орыс мектебі болды. 1963 жылдың қыркүйегінен 1964 жылдың қаңтарына дейін Звонова Галина Константиновна директор, ал оқу ісі меңгерушісі Капустина Анна Андреевна болды. Сол жылы мектепте 25 оқушыдан тұратын ұзартылған топ (дайындық тобы) және буфет ашылды.

1970 жылы В.Ленинің 100 жылдығына орай төрт қабатты оқу ғимараты, спорт залы, мәжіліс залы, асханасы бар жаңа ғимарат салынды да, мектепті Вишневский көшесі №12-де орналасқан ғимаратқа ауыстырады. Математика пәнінің мұғалімі Л.К.Конобевцеваның естеліктерінен: «Мектеп мұғалімдері оқушылармен бірге мектепті ашуға, алғашқы қоңырауға дайындалды. Алғашқы қоңырау мерекесінде бізді  мектептің жаңа директоры И.И. Шоломовпен таныстырды. Біз осылай жаңа мектепте сабақ бастадық. Дәліздегі су бұрқақтары, терезелердегі перделер, гүлдер еске түседі…».

Мектепті ҚазКСР еңбек сіңірген мұғалімі, ҰОС-ның ардагері, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысының, Қызыл жұлдыз ордені мен медальдардың иегері И.И.Шоломов басқарды.  И.И.Шоломов облыстық халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің бұрынғы орынбасары, Ленин атындағы №8, Киров атындағы №9 мектептің директоры болған. Сол кезде оқу ісінің меңгерушілері М.М.Миронова және Э.М.Рейслер болды.

А.С.Пушкин атындағы мектептің әріптестері мен бұрынғы түлектері өз естеліктерінде былай деп еске түсіреді: «Иосиф Ильич жұмысқа таңертең ерте  келіп, күн батқанда бірақ қайтатын. Ол әрдайым бірінші қоңырауға қатысып, балалардың жарқын жүздеріне қызығушылықпен қарайтын». И.И.Шоломовтың оқушылары – Наталья Николаевна Смирнова және Неля Жолдасовна Душамбаева мұғалім, кейінен оқу ісінің меңгерушісі  болды.

1978-79 оқу жылының аяғындағы мәліметтер бойынша, мектепте оқушылар саны – 1320, сынып саны 37 болған. Мектепті 77 оқушы бітіріп, оның ішінде 1 алтын медаль және 7 мақтау қағазы бар. ҚББ-ның меңгерушісі Ф.Н.Пугачев жолдастың 1978 жылғы 19 ақпанындағы Қалалық Одақ Комитетінің пленумындағы баяндамасында №1 мектептің мұғалімі Н.Н.Попованы КСРО және ҚазКСР білім Министрлігінің Грамотасымен марапаттау туралы айтылады. Бастауыш сынып мұғалімі О.А. Коровинаға педагогикалық кеңестің шешімімен «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағы берілді.

1978-79 жылдары №1 орта мектеп директоры А.И.Коновалова болса, 1979-80 жылдары аталмыш білім ордасында И.А.Лазарева директорлық қызмет атқарды. Мектептің басты демеушісі Д.К.Мамышев басқаратын «Рембыттехника» бас зауыты болды. Жөндеу жұмыстарына көмек ретінде ұйым сырлы бояумен қамтамасыз етіп, мектепке металдан қоршау жасап берді.

1982 жылдың қаңтар айында қорытынды аттестаттау нәтижесі негізінде №1 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Фокина Зинаида Алексеевна «Аға мұғалім» деген атаққа ұсынылып, «ҚазКСР Халық ағарту ісінің үздігі» деген төсбелгімен марапатталды. Сондай-ақ, математика пәнінің мұғалімі Н.М.Котлярова, физика пәнінің мұғалімі К.А.Ху, бастауыш сынып мұғалімі Л.Е.Ташбаева облыстық білім басқармасының грамотасымен марапатталды.

1987-88 жылдары мектеп оқушыларының саны 1564 адамды құрап, ал сыныптар саны 34-ке жетті. Мектепті Л.К.Гусева басқарды. Мектепті  бітіргендігі жөнінде аттестатты 50 түлек алды. Үздік аттестатпен (алтын) Рыжкова Мария мен Юркевич Оксана марапатталды. 1990 жылы А.С. Пушкин атындағы №1 орта мектеп қаланың эксперименттік мектептерінің тізіміне енді. Мұрағат қорларында «Республика» атты мектептің өзін-өзі басқару ұйымын құрылымдық жаңартудың қалалық экспериментін А.С.Пушкин атындағы №1 мектепте өткізу туралы құжаттар бар (Ф 176. оп. 3, св.97, д. 594).

1991-92 жылы мектепте қазақ сыныптары ашылып, алғашқыда оқушылар саны 21 болды. 1995-96 оқу жылындағы физика, химия және биология пәндерін тереңдетіп және бейінді оқытатын мектептер тізімінің мәліметінде 1994 жылдан бастап мектепте жаратылыстану пәнін тереңдетін оқытқаны жайлы мәлімет бар. Ал 1998 жылы А.С.Пушкин атындағы №1 орта мектеп «гимназия» статусын алды. Гуманитарлық-экологиялық мектеп-гимназияны дамыту тұжырымдамасына сәйкес (№1 орта мектеп базасында), оның негізін жаңа мектепті дамыту бағдарламасының материалдары және ҚР «Білім туралы» Заңы құрады. Мектеп-гимназияның білім беру моделі білім беруді интеграциялау (кіріктіру), ізгілендіру және экологияландыру идеяларын пайдалануға негізделген оқыту мазмұнын өзгерту арқылы жүзеге асырылады. Гимназия жеке тұлғаның үздіксіз дамуына, кәсіби бағдарлау жұмыстарын ерте жүргізуге, оқушылардың шығармашылығын дамытуға, сонымен қатар білім беру жүйесін үнемі жаңалауға бағытталған.

2007 оқу жылдың наурыз айында Л.К.Гусева зейнеткерлік демалысқа шықты. Лилия Кузьминишна №1 мектепке өмірінің 19 жылын арнады. Бұл кезең білім бөлімі, ата-ана, оқушы тарапынан өзінің оң бағасын алған мектеп тарихындағы жеңісті, жемісті күндерге толы, тұтас дәуір болды.

2007-2022 оқу жылдары аталған мектепке Әбілдаева Гүлназ Сайлауқызы еңбек жолын арнады. Мектеп басшысының жетекшілігімен мектеп-гимназияда түрлі инновациялық технологиялар енгізілді: Галиевтің жүйелік-модульдік технологиясы, Жанпейісованың тұлғалық-бағдарланған технологиясы, жалпы білім беретін пәндер мен өзін-өзі тану пәндерінің интеграциясы, финдік білім беру мысалында PBL жобалық технологиясы. 80-нен астам педагог түрлі білім беру бағдарламалары бойынша магистр дәрежесін алды. Мектептердің көптеген түлектері халықаралық, шетелдік жоғары оқу орындарының және Назарбаев Университетінің студенттері болды. Биология пәнінің мұғалімі Соловьева Алина Робертовна қазіргі уақытта өзекті педагогикалық технологиялардың бірі болып табылатын мектеп-гимназия қабырғасында пікірталас қозғалысын жандандырды.

2022-2023 оқу жылының бірінші тамызында Шымкент қаласының мектеп директорлары ротацияланып, бұған дейін Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде басшылық етіп жүрген Аманқұлова Анар Сағынбекқызы №1 мектептің директоры болып тағайындалды. Өзінің 35 жыл еңбек жолының 25 жылын басшы қызметіне арнаған білікті маман, білімді көшбасшы алғашқы еңбек жолын 1988 жылы Ф.Дзержинский атындағы №6 орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1997 жылы Ф.Дзержинский атындағы №6 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары, 1997 жылы Ж.Баласағұн атындағы №6 орта мектебінің  директоры, 2002 жылы №46 мектеп-лицейдің директоры қызметтерін атқарды. Анар Сағынбекқызы шақырылған қалалық мәслихат депутаты ретінде қаланың барлық білім ошақтарында білім беру ісін бірізділікпен жүргізіліп, тәрбиенің жақсы жолға қойылуына өз ықпалын тигізді. Ол білім беру саласындағы еңбегі мен елеулі табыстары үшін бірнеше рет облыстық білім басқармасының, Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хат грамоталарымен марапатталды. Бұл ұлағатты ұстаздық ерен еңбегіне берілген биік баға болатын.

Анар Сағынбекқызы – ҚР БжҒМ «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің, ҚР БжҒМ «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Қазақстан Республикасы Білім министрлігі 1996 жылы «Құрмет грамотасы» білім беру мен тәрбиелеу процесін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру және тәрбиелеу бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары, оқушыларды, тәрбиеленушілерді практикалық даярлаудағы, олардың шығармашылық белсенділігін арттыру табыстары, облыстық, олардың республикалық халықаралық білім бағдарламалары мен жобаларындағы жетістіктері және одан басқа да жетістіктері үшін 2013 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталса, 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін  иеленді. Бүгінде білікті басшы өскелең ұрпаққа адамгершілік-рухани білім беру және тәрбие беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосуда. Тәжірибелі ұстаздың басшылығымен мектеп-гимназияның ұжымы да жас ұрпақтың болашағы үшін тынбай еңбек етуде. Ұжымда озық тәжірибелі, білікті педагогтар аз емес. Олардың қатарында биология ғылымының кандитаты, ҚР БжҒМ «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің, Президентінің жарлығы «Ерен еңбегі үшін» медалінің, ҚР Президентінің жарлығына сәйкес «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері, биология пәнінің мұғалімі Соловьева Алина Робертовна, «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, физика пәнінің мұғалімі Ержанова Гульфайраз Дауренбекқызы, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы үздік педагогі, бейорганикалық химия оқулығының авторы, химия, биология пәндерінің мұғалімі Шәбден Жадыра Рахманқұлқызы, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» мерекелі медалінің иегері,  қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, Шымкент қаласының 2022 жылғы Үздік педагогы Ирбаева Нұрсулу Тұрарқызы, ҚРБжҒМ ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, Мәдениет саласының үздігі иегері,  «Жайна»  би ансамблінің жетекшісі Тастеміров Табрыс Қарабекұлы бар.

Жас ұрпаққа сапалы білім беруде мектебіміздің мұғалімдері аянбай еңбек етсе, еңбегінің жемісін көрсететін білім алушыларымыз емес пе?! «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, жұмыс жүргізуде ұстаздар қауымының тағы бір биік белесті бағындырғанының куәсі болдық. 2021 оқу жылында оқушылар шахмат үйірмесінің жетекшісі Ринат Сатыбалдиевтің жетекшілігімен «Жастар лигасында» шахматтан жүлделі І орынды иемденіп, мектеп мерейін асырған болатын. Осы бір ақыл-ойдың падишасы – шахмат ойыны бойынша мектеп оқушылары 20 миллион теңге қаржылай сыйлықты жеңіп алып, оны мектепке сыйлады. Ол қаржыға «Шымкент – қайырымды қала» қоры арқылы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 12 жылжымалы интерактивті панель алынған болатын.  Одан бөлек қазіргі таңда оқушылар аудандық, қалалық,  республикалық  деңгейдегі олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда, конкурстарда, спорттық ойындарда бірнеше мәрте топ жарып, жүлдегер атануда.

Мектептің бүгінгі сипатын жаңашылдыққа, педагогикалық ұжымның жоғары шығармашылық деңгейіне, оқушыларының жан-жақты толысқан тұлға ретінде қалыптасуына бар әлеуетін жұмсайтын мектеп деп айтуға толықтай негіз бар. Бүгінде 100 жылдық тарихы бар бұл мектеп – білім мен тәрбиенің алтын бесігі. Оның түлектері еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп, мектептің даңқын асқақтатуда. Аталған білім ордасы алдағы уақытта да талай жас ұрпаққа жол көрсетіп, оларды жарқын болашаққа жетелей беретініне сеніміміз мол. Себебі мектеп – өткеннің шежіресі, бүгіннің тірегі және ертеңнің үміті.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика