Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінде 2023-2024 оқу жылында отбасылық дәстүрлерді дәріптеу, халқымыздың сан ғасырлық мәдени жәдігерлері мен ұлттық құндылықтарын тәрбиенің негізгі өзегіне айналдыру, отбасы тәрбиесінің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында Жайлаубаева Ақтолқын Ақжолқызының жетекшілігімен, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әбутәліпова Зәуре Жоламанқызының ұйымдастыруымен «Даналық мектебі» клубы құрылған болатын. Бүгінде «Даналық мектебі» ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының бір бағыты ретінде клубтық форматта жұмыс жасауда. Клубтың арнайы жұмыс жоспары бекітілген. Оның атқарылатын жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі педагогикалық кеңестің күн тәртібіне қойылып, кеңесте талқыланып, жұмысты жүргізу директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әбутәліпова Зәуре Жоламанқызына жүктелген.
«Даналық мектебі» клубының басты мақсаты – оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, олардың тұлғалық қасиеттерін, даналық ойлау қабілеттерін дамыту. Клуб қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мәдениеті мен рухани мұраларын насихаттап, оқушылардың ұлттық рухын қалыптастырады. Сонымен қатар, адалдық, еңбекқорлық, патриотизм сияқты қасиеттерді тәрбиелеуге басымдық береді.
Клубтың қызметі тарихи тұлғалар мен оқиғаларды таныту, шығармашылық қабілеттерді дамыту, ұлттық ойындар мен өнерді дәріптеуді қамтиды. Әртүрлі іс-шаралар – ұлттық құндылықтарға арналған ашық сабақтар, көрмелер, жарыстар, рухани-мәдени саяхаттар оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық болмысты түсінуге ықпал етеді. Даналық мектебі клубы оқушыларды ұлттық рух пен заманауи білімді ұштастыруға, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту жолында белсенді болуға тәрбиелейді.
№57 жалпы орта білім беретін мектептің жанынан құрылған «Даналық мектебі» клубында ата өсиетін, әже даналығын, жеңгенің кеңесін, ағаның қамқорлығын жан-жақты түсіндіретін «Әжелер мектебі», «Жеңгелер мектебі», «Ағалар мектебі», «Аталар мектебі» атты төрт бағыт жұмыс істейді. Оқу жылы барысында әр бағыт бойынша екі тақырыптан, барлығы сегіз тақырып бойынша іс-шара өткізілді. Оқу жылының бірінші жарты жылдығында төрт бағыт бойынша төрт іс-шара, екінші жарты жылдығында төрт іс-шара өткізілді. Айтылған, талданған мәселелердің мәліметі мен фото-бейне роликтер әлеуметтік парақшада жарияланып отыратын болады. Қазіргі таңда ұлттық тәрбие және отбасылық тәрбие бағыттарының жұмысын «Даналық мектебі» арқылы жандандыруға, ұлттық мазмұн, қоғамдық сипат беруге мүмкіндік берілген.
«Даналық мектебі» клубының жоспарына сәйкес «Әжелер мектебі» мүшелерінің және бастауыш сынып мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Ертегі – танымның көзі» тақырыбымен іс-шара өтті. Қосымша білім беру педагогы Жұлдызай Жиенбаеваның, 4 «Г», «Д» сыныптарының жетекшілері Ақжан Садуова мен Айдын Пардашованың жетекшілігімен ертегілердің желісі бойынша сахналық қойылымдар көрсетілді. Жас жеткіншектерге халық ауыз әдебиеті, тағылым-таным туралы, ізгілік, адамгершілік, адалдық пен әділдік жайында тереңінен ұғындыру мақсатында жүйелі түрде жұмыстар жүргізілді.
«Даналық мектебі» клубының келесі бір бағыты – «Жеңгелер мектебі». Клуб мүшелерінің ұйымдастыруымен «Қыз ғұмырдың құпиялары» тақырыбымен кезекті іс-шара өтті. Онда қызғалдақтай құлпырған қыздар жеңгелері айтқан кеңеске құлақ түріп, шаш сәндеу үлгілері, қыз бойындағы нәзіктік, талғампаздық, ізеттілік, ибалылық туралы айтылған келелі кеңестерді санаға сіңірді. Ұлттық құндылықтарды тәрбиенің негізгі өзегіне айналдыру, отбасы тәрбиесінің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында өткізілген іс-шара қыздар мен бір-бір шаңырақтың шырайын кіргізген жеңгелер арасындағы сыйластық пен достықты, рухани байланысты көрсете білді.
Ал «Ағалар мектебін» мектептегі ерекше тәлім-тәрбие жобаларының бірі ретінде қарастыруға болады. Оның мақсаты – ер балалардың жан-жақты дамуына, жауапкершілікті сезінуге, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға және болашақ өмірге дайындауға ықпал ету. Бұл бойынша да «Ағасы бардың жағасы бар» атты іс-шара өтіп, ер балалардың өзін өзі тануына жағдай жасалды.
«Даналық мектебі» клубының «Аталар мектебі» бағытының жоспарына сәйкес былтыр «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» тақырыбымен тағылымдық шара өткізілген болатын. Тағылымдық іс-шара төмендегі тақырыптарды қамтыды:
- «Сәлем-сөздің анасы»
- «Өнерлінің өрісі кең»;
- «Өнерлінің қолы алтын»;
- «Халық тәлімі-тәрбие бастауы»;
- «Батаменен ер көгерер».
Ал биылғы жылдың наурыз айында «Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет» атты іс-шарасы ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында өткізілген бұл жиынға қазыналы қарттар келіп, жас жеткіншектерге ақ тілектерін арнады.
Сонымен қатар, «Даналық мектебінде» ұлттық құндылықтарды тәрбиенің негізгі өзегіне айналдыру, отбасы тәрбиесінің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында бастауыш сынып мұғалімдері Кадирова Жүрсін Райымханқызы, Оразбаева Ұлдана Мамырбекқызының ұйымдастыруымен «Туыстық қарым-қатынас – баға жетпес байлық» тақырыбымен іс-шара өткізіліп, туыстық қатынастың мән-мағынасы мен маңыздылығы түсіндірілді. Балалардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру және насихаттау мақсатында құрылған «Даналық мектебінің» жұмысы бүгінгі таңда күн өткен сайын жандануда.
Жалпы алғанда, ұлттық құндылықтар балаға рухани азық пен өмірлік бағыт береді. Олар баланың өзіндік болмысын қалыптастырып, ата-баба мұрасын құрметтеуге үйретеді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген бала өз халқының тарихы мен мәдениетін түсініп, патриоттық сезімін дамытады. Сонымен қатар, бұл құндылықтар баланы адалдыққа, еңбекқорлыққа, ізгілікке және үлкенді сыйлауға баулиды. Ұлттық рухы берік, дәстүрді құрметтейтін бала болашақта өз қоғамының белсенді, жауапты азаматы болып өседі және жаһандану заманында өз ұлтының ерекшелігін сақтай отырып, өзгелермен тең дәрежеде дами алады. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтар баланың шығармашылық қабілетін дамытып, ұлттық өнерге, тілге, дәстүрге деген қызығушылығын оятады. Мұндай тәрбиені бойына сіңірген бала өз қоғамының мақтанышы болып, елінің мәдениеті мен құндылықтарын әлемге танытуға үлес қосады. Бұл – болашақ ұрпақтың ұлттық рухы мықты, саналы азамат болып қалыптасуының негізі.
Leave a Reply