Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес білім алушылардың өзін-өзі басқару органдарын дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінде «Мектеп парламенті» өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс жасауда. «Мектеп парламенті» құрамына «Жас Ұлан» ұйымы, «Жас Ұлан» ұйымының бастапқысы сатысы «Жас Қыран», «Адал ұрпақ» еріктілер клубы, барлық балалар қозғалысын қамтитын ұйымдар мен клубтар кіреді.
Балалар мен жастардың табысты әлеуметтенуі және өзін-өзі тиімді жүзеге асыруы үшін жағдай жасау, сондай-ақ туындайтын мәселелерді білім алушылардың өз бетінше шешуі үшін мүмкіндіктер жасау мақсатында құрылған бұл «Мектеп парламентінің» көшбасшылары биылғы оқу жылының қазан айында сайланып, оқу жылы барысында мектеп ұстаздарымен бірлесе отырып жүйелі жұмыс жүргізуді бастады.
Мектеп парламенті – оқу-тәрбие процесінің проблемаларын шешуде мектеп әкімшілігінің таптырмас көмекшісі. Парламентте оқушылар мен педагогтер бірлесіп ынтымақтасуға үйренеді, маңызды мәселелерді шешуде толық құқылы әріптес болады. Парламент білім алушылардың білім беру ұйымын бірлесіп басқаруға, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру кезіндегі мәселелерді шешуге қатысады. Оған қоса өзара көмек және сенім, дамуға ұмтылу, барлық оқушылардың тең құқылығы, шешімдер қабылдаудың ұжымдылығы, оқушылардың құқықтары мен мүдделерінің басымдығы, әрбір жеке тұлғаға қатысты ізгілік, ашықтық, еріктілік, адалдық және серіктестерді құрметтеу қағидаттарына негізделеді.
Парламенттің жоғарғы органы – фракциялар көшбасшыларының жалпы жиналысы әр ай сайын өткізіліп тұрады. Парламенттің жобалық қызметінің бағыттары экологиялық, еріктілік, өлкетану, туристік, зияткерлік, экономикалық, спорттық, дебаттық, этномәдени, көркем-эстетикалық, музыкалық және басқа да шығармашылық жобалар болғандықтан барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіліп отырады. Бүгінде мектепте фракция мүшелерінің тікелей ықпалымен түрлі іс-шаралар, жарыстар, акциялар, флешмобтар, экскурсиялар, турнирлер және т.б. игі істер тұрақты түрде атқарылып келеді.
Мектепте 8 фракцияға әр сыныптан депутаттар сайланады. Әр фракцияны 8 көшбасшы басқарады. Әр фракцияға тьюторлар (мұғалімдер) жетекшілік етеді. «Мектеп парламенті» құрамында төмендегідей фракциялар бар:
- Құқық және тәртіп фракциясы
- Ақпарат және баспасөз фракциясы
- Спорт және салауатты өмір салты фракциясы
- Қайырымдылық фракциясы
- Экология және еңбек фракциясы
- Өзін-өзі тану және бақыт фракциясы
- Мәдениет және өнер фракциясы
- Дебат қозғалысының фракциясы
Білім алушылардың бойында азаматтық белсенділік, әлеуметтік құзіреттілік, азаматтық жауапкершілік дағдыларын дамыту, әлеуметтік шығармашылыққа қабілетті өзінің жеке басын, қоғам мен мемлекетті жетілдіру мүддесінде әрекет ете алатын, жоғары мәдениетті, гуманистік бағыттағы азаматты тәрбиелеу мақсатында құрылған «Мектеп парламенті» өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері оқу жылы барысында мектепте өткізілген барлық іс-шараларға белсене араласуда. Сонымен қатар, өзін-өзі басқару ұйымы мүшелері зияткерлік іс-шараларға, олимпиадаларға, байқауларға, спорттық жарыстарға, қолөнер байқауларына, пән апталықтарына, ақын-жазушылармен, ел ағаларымен өткізілген кездесулерге, аудандық, қалалық, республикалық маңызы бар олимпиадалар мен байқауларға, қаламыздағы мәдени іс-шараларға, турнирлерге белсене қатысып, жүлдегер атанып жүр.
Биылғы оқу жылының қыркүйек-қараша айлары аралығында Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінің «Мектеп парламенті» мектеп ұжымымен бірлесе отырып, жылдық жоспарға сәйкес біршама іс-шараларды атқарды. Бұл іс-шаралар оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттырып, ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталды. Осылайша белсенді жастардың бастамалары арқылы оқу орнының тәрбиелік және мәдени ортасы одан әрі жандана түсті. Мұндай нәтижелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады.
Leave a Reply