Толеранттылық тақырыбы өзектілігіне байланысты әрқашан күн тәртібіне қойылып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кез келген даму қауіпсіз өмір жағдайында орын алады. Қоғамдағы басты құндылық – адам өмірі. Адамзаттың өмір сүру жағдайына қауіп төнген жағдайда, маңызды деп саналған басқа қажеттіліктер өз мәнін жояды. Адам баласы өзінің қауіпсіздігіне сенімді болған кеңістікте ғана ары қарай жетілуге, шығармашыл болуға талпынады. Бейбіт өмірдің бояуы қаралы күндерді еске алғанда қоюлана түседі. Өкінішке орай, әлемдегі соғыс өрті өшпеген елдерді қарай отырып, еліміздің бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанын басты қазына деп білу керекпіз және оның баянды болуына әрбір азамат мүдделі екенін сезіну қажет. Бейбіт уақыт – бұл әлеуметтік субъектілер арасындағы қайшылықтарды шешу үшін қарусыз құралдарды қолданатын әртүрлі қатынастардың жағдайы. Бұл құралдардың ішінде келісім, диалог, толеранттылық деген ұғымдарды негіздеу аса маңызды.
Толеранттылық тақырыбы өзектілігіне байланысты әрқашан күн тәртібіне қойылып келеді. Халықаралық деңгейде толеранттылыққа атаулы күн де орайластырылған. 1996 жылдан бері 16 қарашада әлемде Халықаралық толеранттылық күні атап өтіледі. 1995 жылы осы күні ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер Толеранттылық принциптері декларациясын жариялап, соған сәйкес іс-қимыл Бағдарламасын қабылдады. Ал 1996 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы ұйымға мүше мемлекеттерге жыл сайын бұл күнді атап өтуді және оған оқу орындарына да, жалпы жұртшылыққа да бағытталған тиісті іс-шараларды орайластыруды ұсынды. Толеранттылық ұғымының заңдық ресімделуі ЮНЕСКО-ға мүше 185 мемлекеттің Парижде «Толеранттылық принциптерінің Декларациясын» қабылдауымен басталды. Осы ресми құжатта толеранттылықтың төмендегідей мағыналары беріледі:
«Толеранттылық әлемдегі мәдениеттердің бай көптүрлілігін құрметтеу, қабылдау және дұрыс түсіну, өз-өзімізді көрсету формалары және адамның индивидуалдылығын көрсету тәсілдері дегенді білдіреді. Оған білім, ашық қабылдау, қарым-қатынас және ой, ар және сенім еркіндігі септеседі. Толеранттылық – бұл көптүрліліктегі үйлесімділік. Бұл тек моральдық борыш қана емес, сонымен бірге саяси және құқықтық қажеттілік. Толеранттылық – бұл бейбітшілікке қол жеткізуге және соғыс мәдениетін бейбітшілік мәдениетімен ауыстыруға мүмкіндік беретін игілік.
Толеранттылық – (бәріне) жол беру, жоғарыдан қарау немесе жасандылық емес. Толеранттылық – әмбебап құқықтар мен адамның негізгі еркіндіктерін мойындау негізінде қалыптасатын белсенді қарым-қатынас. Толеранттылық ешқандай жағдайда да осы құндылықтарға қол сұғушылыққа қызмет етпейді, толеранттылықты жеке адамдар, топтар және мемлекеттер танытуы тиіс.
Толеранттылық – адам құқықтарының бекітілуіне, плюрализмге (соның ішінде мәдени плюрализмге), демократия және құқықтық тәртіпке қызмет ететін міндеттілік. Толеранттылық – бұл догматизмнен, ақиқатты абсолюттендіруден бас тартуды және адам құқықтары саласы бойынша халықаралық актілерде бекітілген нормаларды білдіретін ұғым.
Адам құқықтарын құрметтеуге үндес келетін толеранттылықты көрсету әлеуметтік әділетсіздікке төзімді болу, өз сенімінен бас тарту немесе басқалардың сеніміне жол беру дегенді білдірмейді» (Толеранттылық принциптерінің Декларациясы. ЮНЕСКОның Бас конференциясының 5.61 резолюциясы).
Толеранттылық принциптері адамды адам ретінде құрметтеу, адам деген атауға лайықты адамзат баласын жанына жақын тартуға бағытталған. Дегенмен айта кетерлік мәселе, толеранттылықты көп жағдайда «төзімділік» деп түсіну бар. Төзімді болу немесе кең болу, яғни тағаттылық таныту дегенде барлық сенімдерге, барлық діндердегі айтылғанға төзу дегенді білдірмеу керек, бұл арада таңдампаздық қажет. Дін саласындағы толеранттылық мәселесін зерттеу барысында дінаралық келісім, дінаралық сұхбат, үнқатысу ұғымы тиянақтала түседі. Діндер арасында өзара түсінісудің бір формасы ретінде «басқаның» «басқа» екендігін түсіну жолындағы ізденістер болып табылады. Дінаралық келісімге қол жеткізудің мүмкін екендігін діндердің табиғатындағы үндестіктің болуымен түсіндіруге болады. Кез келген діннің жалпыадамзаттық құндылықтарды, этика, ғылымның іргетасын құрауы келісімге келу мүмкіндігін аша түседі. Діндер арасындағы үнқатысудың болуы – адамзаттық құндылықтардың, рухани қажеттіліктердің ортақтастығында.
Толеранттылық идеалдарының жаршыларына Маданжит Сингх (Madanjeet Singh Prize) атындағы ЮНЕСКО сыйлығы орайластырылған. Бұл үндістандық суретші, жазушы және дипломат атынан берілетін сыйлық 1995 жылы тағайындалған және екі жылда бір рет беріледі. Толеранттылық принциптерін жария ететін мекемелер, ұйымдар немесе жеке тұлғаларға осы бағытта айтарлықтай үлес қосқаны үшін, төзімсіздіктен туындаған зорлық-зомбылықты болдырмаудың тиімді тетіктерін тапқан қызмет түрі үшін берілетін сыйақы және бұл қоғамды ізгілендіруне бағытталған игі шара толеранттылықты дәріптеуге қолдау көрсетеді.
Толеранттылық – бұл саяси және құқықтық қажеттілік, адам құқықтарын, плюрализмді, демократия мен құқықтық тәртіпті бекітуге ықпал ету мүмкіндігі. Әр адам жеке өз сенімін ұстана отырып, басқаларға бірдей заңды мойындайды, көзқарастар әртүрлілігі қабылданып, бір адамның көзқарасын басқаларға күштеп таңуға жол берілмейді. Декларация мәтінінде қоғамдағы толерантты қарым-қатынасқа орын беру үшін мемлекеттер адам құқықтарына байланысты қолданыстағы халықаралық конвенцияларды ратификациялауы қажет және егер қажет болса, қоғамда барлық топтар мен жеке адамдар үшін тең көзқарас пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында жаңа заңнама әзірлеуі керек.
Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап осы стратегияға басымдық беріп, көпэтносты, поликонфессиялы мемлекеттің ішіндегі бейбіт қатар өмір сүруді негізі ретінде келісім жолын таңдап алды. Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, Қазақстанда тұрып жатқан әрбір жанның осы елдің нағыз азаматы екенін сезінуге барлық жағдайы жасалды. Қазақстан егемендігінің алғашқы күндерінен бастап, өз дамуын анықтап, сол бағытта стратегиялық жолын бекітті. Қоғамның кез келген саласында қыруар жұмыстар жасалды. Кеңестік Одақ құрамындағы өзара экономикалық байланыс, инфрақұрылымдар саласындағы тәуелділік және т.с.с. көптеген мәселелер жеке, дербес дамып кетуге өз кедергілерін де келтіргені анық. 70 жыл бойы атеистік иедеологияны дәріптеп келген қоғам үшін, діни сұраныстарды қанағаттандыру да оңай болған жоқ. Бұрынғы дәріптеліп келген дінсіздік туралы идеялар құрдымға кеткенде, оның орнына бере қоятын дайын баламаның болмауы бірқатар мәселелердің туындауына әкелді. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен нақты байламға келген дүние – бұл қоғамдық келісім мен ұлысаралық келісімді сақтап қалу, толеранттылық мәдениетін қалыптастыру тұрақты дамудың негізі екендігін түсіну және осы бағытты толық ұстану болды.
Қазақстан азаматтары ұлтының, діни сенімінің, саяси пікірлерінің айырмашылықтарына қарамастан, заңға мойынұсыну, руханилық, адамгершілік, мәдениет жайында ортақ пікірге келуі қоғамдық келісімге негіз болады. Қоғамдағы келісімнің сақталуына Қазақстан Республикасының Конституциясы заңдық тұрғыдан кепілдік берді: Ата заңда ұлтына және діни сеніміне қарамастан, еліміздің барлық азаматтарының тең құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ әр түрлі этностар мен конфессия өкілдерінің толерантты қарым-қатынастарын іске асырудың құқықтық негіздері бекітілген. Төзімділік, өзара түсіністік және өзара сыйластық, ымыраларды іздестіру, бейбітшілік пен келісім – қазақстандық қоғамның күнделікті өмірінің нормалары және дүниетанымдық мұраттар ретінде бекітілетін негізгі идеялар.
Егемендіктің алғашқы кезеңіндегі заңдағы діни толеранттылық, жас мемлекеттің шетелдіктерге шекарасының ашықтығы, келіп түсіп жетқан шетелдік ақпараттар легінің бақылаусыздығы, діни ренессанс, рухани сұраныстардан туындаған сауалдарға дер кезінде берілетін жауаптың дайын еместігі және т.б. көптеген мәселелер елдегі діни жағдайдың поливекторлы бағытта, өз бетінше қалыптасуына әкелді. Діни мәселеден туындаған мәселелердің қоғамға қауіптілігі ескерілген кезеңнен бастап, мемлекеттік деңгейде бірқатар шаралар, бағдарламалар қолға алына бастады. Мәселен, мемлекет дінтану саласына бет бұрды, жер-жерлерде дінтану мамандығы ашылды, мектептерге дінтану пәні енгізіле бастады. Дін істері комитеті құрылып, мемлекеттік деңгейде түсіндіру жұмыстары қолға алынып, ғалымдардың ізденістері осы салаға бағдарланды. Қоғамдық санада дін туралы дұрыс пікірді қалыптастыру үшін сала-салаларда алғашқы ізденістер басталды.
Дін саласын зерттеу ісін мемлекеттік деңгейде қолға алу мақсатында құрылған алғашқы ұйымдардың бірі Дін істері комитеті, кейінірек қоғамдық сұраныстан туындаған Қазақстан Дінтанушыларының республикалық конгресі еліміздегі шешімдегі шеберлікті қажет ететін мәселелерді қарастыруды, дінаралық келісім мәдениетін қазақы болмысқа тән байыптылықпен қалыптастыруды қолға алып, болашақта діни саланың даму көкжиегін кеңейте түсуді көздеуде, ел мүддесінен туындайтын қажеттілікті іске асыру жолын жалғастырып келеді.
Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің нақты жүзеге асуының дәлелдерінің бірі – Рухани келісім күнінің белгіленуі болды. Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан конфессияаралық, этносаралық қайшылық, кикілжіңдердің шебінде рухани келісім идеясын өзінің ұтымды жағы ретінде көрсете алған елдердің біріне айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық жағдайдың, саяси-мәдени өмірдің, рухани дағдарыстың күрделілігіне қарамастан, 1992 жылы Қазақстан І дүниежүзілік Рухани келісім конгресін өткізуді жүзеге асырды. Содан бері Қазақстанда жыл сайын 18 қазан Рухани келісім күні ретінде аталып келеді. Бұл күні этносаралық және конфессияаралық келісім мәдениетінің баяндылығы дәріптеледі. Бұл келісімнің баянды болуына соңғы жылдары өңірлерде бой көтерген он бір Достық үйі, бір жарым мыңнан астам этникалық орталықтар мен этномәдени қоғамдар қызмет етіп келеді.
Бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін бекітудің Конституциялық тетігі ретінде 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше атап кеткен жөн. Ассамблея құрамында 818 этномәдени бірлестік, 46 этностың өздерінің этномәдени орталықтары бар ұйым 2008 жылы қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңмен қорғалған. «Қазақстан – 2030» Стратегиясында егемен Қазақстанды дамытудың ұзақ мерзімді басымдықтары ретінде Ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның топтасуы атап көрсетілді. Осы ретте қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты этникалық топтасу емес, азаматтық бірегейлену негізінде қалыптасудың тиімділігі дұрыс таңдалды деп санаймыз.
Тәуелсіз Қазақстанда коғамдық келісімнің қазақстандық моделінің табысты болуының басты факторы дін саласындағы мүдделер теңгерімін сақтай білгендігі болды, біреулерге артықшылық және басқалардың құқықтарына қысым жасауға жол берілмегендігі конфессияаралық келісімге негіз болды. Сонымен бірге алғашқы күндерден жарияланған зайырлылық принциптеріның ықпалы да септігін тигізді.
Мемлекет дін саласында зайырлылық принципті ұстанып, мемлекет пен діннің арақатынасын анықтады. Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. «Осы Заң Қазақстан Республикасының әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылатынын таниды, азаматтардың діни сеніміне қарамастан, тең құқылы болуына кепiлдiк бередi, Қазақстан халықтарының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтеудi таниды» деген тезис қабылданды.
Заңдық тұрғыда бекітілген толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүрудің үлгісі – Елбасы бастап көтерген «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі» Қазақстанды әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танытты. Ол – жаһандық деңгейдегі бірегей бастамалардың бірі ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы ірі жетістігі әрі кең танылған бірегей дінаралық диалог алаңы. Қазақстан зайырлы мемлекет болғанмен, әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани өнегелілік әлеуетін орнымен бағалап, ел игілігіне тиімді пайдалануды мақсат етеді. Әлемдегі барша дін атаулы ізгілікті насихаттайтын болса, бүгінгі жаһандық және аймақтық қақтығыстардың шешуіне неге дінбасылар да үлес қоспасқа деген мәселе көтереді. Бұл жөнінде «Қазақстан өзін халықаралық майданда ғаламдық біріктіруші, өңірлік, континентті және әлемдік деңгейдегі сұхбат алаңдарының бастамашысы ретінде таныта білді. Қалай болғанда да Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу дәстүрі Қазақстанның жаһандық брендіне айналды» деп Қайрат Лама Шәріп орынды атап өтті.
Конфессияаралық келісімді нығайтуда елімізде үш жыл сайын өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер съездің халықаралық деңгейде орны ерекше. Әр съезд өз алдына күрделі мақсаттар қойып, соны жүзеге асыруда қыруар жұмыстар атқарып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы Съезі (2003 ж.) діндер арасындағы үнқатысу мәдениетін қалыптастыру және осы бағытта шешімдер жасауды жүзеге асыратын халықаралық дінаралық институт құруды көздесе, екінші Съезд «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбында өтті (2006ж.) және бұл съезде «Дінаралық үнқатысу принциптері» қабылданды. Үшінші Съездің (2009 ж.) басты тақырыбы ретінде рухани басшылардың – әр түрлі дінбасыларының толеранттылыққа, өзара ынтымақтастық пен өзара құрметке құрылған әлемді құрудағы рөлі туралы болды. Бұл съездің ерекшелігі секциялық мәжілістер отырыстарының болуы және Діни басшылар кеңесін құру туралы Елбасының ұсынысы қабылданды. Бұл кеңестің мақсаты – мәдениеттер сұхбаты мен экономикалық өзара ынтымақтастықты көздейтін басқа форумдар мен халықаралық ұйымдармен серіктес болу және сұхбаттасу механизмдері мен басым бағыттарын анықтау болып табылды. Бұл бағытта жасалып жатқан мемлекеттік шаралардың қай-қайсысын алсақ та, олардың басты мақсаты дін саласындағы мемлекеттік саясаттың дұрыс жолда жүруіне, мемлекет ұстанған басты принцип дінаралық келісім мәдениетін баянды ету үшін жасалып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші съезі (2012 ж.) Съезге әлемнің 40 елінен қатысқан барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің, беделді діни және халықаралық ұйымдардың өкілдері «Бейбітшілік пен келісім адамзаттың таңдауы ретінде» тақырыбында өз пікірлерін ортаға салса, алтыншы съездге (2015 ж.) қатысқан беделді діни көшбасшылар, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың мүшелері «Бейбітшілік пен даму мақсатындағы діни лидерлер мен саясаткерлер арасындағы диалог» тақырыбында ой қозғап, жаһандық үндеулерге жауап іздеді және ортақ глобалдық мәселелерді шешу жолындағы нық қадамдар аясын анықтады. 2018 жылы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі діни лидерлердің қауіпсіз әлем үшін қандай қызмет жасай алатыны, әлемді қауіпсіз дамытудағы руханияттың әлеуеті, рухани жамағаттарды ұйыстыра білудегі діни көшбасшылардың үлесі күн тәртібіне қойылып, дін тақырыбының әлемнің бейбіт болашағы үшін маңызды екенін талданды. Осы съезд бастамасымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бейбітшілік пен келісім жолындағы жаһандық өзара әрекеттесу үдерісіне қосқан айрықша үлесін тану үшін «Нұрсұлтан Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталығын» құру туралы шешім қабылданды. Қазіргі кезде осы орталықтың бастамасынен дін саласындағы бірқатар игі шаралар қолға алынып, алдағы Съездің жұмыстарын ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылу үстінде.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, конфессияаралық жанжалдардың бастамасы діни төзімсіздіктен туындайды. Діни төзімсіздік басқаның басқа екені түсінгісі келмеуден басталады. Сол себепті қазіргі кезде толерантты сана қалыптастыру маңызды. Бұл маңыздылық әсіресе көпұлысты, көпконфессиялы мемлекеттерде өзекті болып табылады. Діни толеранттылық өзіңдегі өзгешелікті жою деген мағынада емес, өзіңнің өзгешелігіңді сақтай отырып, өзгелердің де өмір сүруге құқықтары бар екенін мойындау болып табылады. Бұл өлшемді бойына сіңірген әрбір қоғам мүшесі экстремистік әрекеттерге бармайды, бейбіт қатар өмір сүру жолдарын біледі. Ал бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін қалыптастыру үшін адамның көзі ашық, көкірегі ояу болу керек. Ең бастысы төл мәдениетін, дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңіріп өсуі тиіс, діни сауаттылығы болу керек. Өз мәдениетін бағалай білген азамат өзгеге қастандық жасамайды. Қоғамдағы тұрақтылық мемлекеттің қарқынды дамуына, тәуелсіздік тұғырының биік әрі баянды болуына қуатты негіз болады.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі филос.ғ.д., профессор А.Д. Құрманалиева
Leave a Reply