Оңтүстік Қазақстан спорт саласында жұлдыздай жарқыраған талай сайыпқырандардың томағасын сыпырған өңір. 80 жылдық мерейтойын тойлау үстіндегі облыстан бірнеше олимпиада және әлем чемпиондары шыққан. Қазақтың ең алғашқы олимпиада чемпионы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедовтің осы өлкеден екендігінің өзі біраз жайдан хабар берсе керек. Волейболдың атасы Октябрь Жарылғапов пен даңқты боксшы Әбдісалан Нұрмаханов дүбірлі бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғады. Олардың ізін жалғаған Бекзат Саттарханов пен Мұқтархан Ділдәбековтер де жеңісті дәстүрді үзген жоқ.
Соңғы үш жыл көлемінде облыс спортшылары спорттың 52 түрі бойынша Қазақстан біріншіліктеріне қатысып, 932 алтын, 791 күміс және 769 қола жүлде жеңіп алды. Осы уақыт аралығында жерлестеріміз Азия ойындары мен біріншіліктерінде 77 алтын, 41 күміс және 55 қола медальға ие болды. Сидней, Афины және Бейжің қалаларында өткен олимпада ойындарында Оңтүстіктің өрендері ел қоржынына 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль салды. Ал, 2010 жылы Гуанчжоу қаласындағы жазғы Азия ойындарында облысымыздан 49 спортшы өнер көрсетіп, 6 алтын, 7 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ облыс тарихында тұңғыш рет қысқы спорт түрлерінен де жүлдегерлер шыға бастады.
2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өткен қысқы Азиадада Оңтүстіктің қос спортшысы жүлдегер атанды. Соңғы үш жыл көлемінде әлем біріншіліктері мен кубоктарында облыс спортшылары 32 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль олжалады. Сингапурде өткен алғашқы жасөспірімдер олимпиадасында ауыр атлет Жазира Жаппарқұл алтын, ал, таэквандошы Нұрсұлтан Мамаев күміс жүлдемен оралды. Биыл Жазира жастар арасында әлем чемпионы атанды. Былтыр «Ордабасы» футбол клубы ел кубогін иемденді. 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған әр төрт жылда бір өтетін Қазақстан Республикасының 3-ші жазғы спартакиадасында сайыпқырандарымыз 62 алтын, 66 күміс және 71 қола медаль олжалап, командалық есепте екінші орынға шықты.
Алғашқы спартакиадада біздің спортшылар бірінші орын алған болатын. Міне, осы деректерге қарап өңірде спорт саласында жетістіктер мол екенін аңғарасыз. Дегенмен, бұл көрсеткіштермен тоқтап қалуға болмайды. Әсіресе, жас таланттарды баптап, сақа спортшыға айналдыру жолында жұмыстар жалғасуы тиіс. Бұл бағытта да көңіл көншітерлік жаңалықтар бар. Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаевтың айтуынша, соңғы үш жыл ішінде 81 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері , ал, 410 жерлесіміз Қазақстан Республикасының спорт шебері атаныпты. Сондай-ақ бапкерлеріміз 2883 спорт шеберіне үміткерлерді даярлаған.
— Жүйріктерді құлын кезінен танып, бәйгеге даярламаса жеңіске жетпейтіні түсінікті. Сондықтан біз бірінші кезекте балалар спортына мән берудеміз. Жаттықтырушылар үлкен қалалармен қатар ауыл-аймақтарда жұмыс істеп, жас таланттарды топқа қосуда. Еңбегіміз жеміссіз де емес. 2010 жылы ауыл жасөспірімдері арасында өткен 1-ші республикалық спорт ойындарында облыс спортшылары командалық есепте топ жарды. Надежда Ногай сынды жас ауыр атлетіміз үш рет әлем чемпионы болды. Бокстан жасөспірімдер арасында Астанада өткен әлем біріншілігінде облыстан 7 спортшы қатысып, оның 4-еуі жүлдегер атанса, Бекжан Қыбытқалиев алтын медальға ие болды. Байқағандарыңыздай, талантты жастар өте көп. 2016 жылы Рио-де Жанейрода өтетін олимпиада ойындарында олардан үлкен үміт күтеміз,-дейді Болат Наурызбайұлы.
Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауында таяу жылдары ел тұрғындарының кем дегенде 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы міндетті орындау бағытында облыста спорт мектептері, түрлі басқарма қызметкерлері арасында сайыстар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ облыста спорттың бірнеше түрінен республикалық, халықаралық сайыстар жыл ұйымдастырылады. Аудан, қалаларда спорт нысандары мен ойын алаңшаларын салу бағытында да жұмыстар атқарылуда. Солардың бірегейі жеңіл атлетика спорт кешенінің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып, облыс спортшыларына сәттілік тіледі. Бұл нысанды салуға 563,8 млн. теңге жұмсалды. 2010 жылы облыстық бюджет есебінен Б.Саттарханов атындағы спорт-интернаты, облыстық гимнастика мектебінің залы мен ұлттық спорт түрлері мектебіне қарасты атшабар күрделі жөңдеуден өткізілді. «Бәйшешек» спорттық-сауықтыру кешенінде ойын және бокс залы ашылды. Шымкент қаласында халықаралық талапқа сай жүзу бассейні мен теннис орталығы пайдалануға берілді. Түлкібас ауданында 25 метрлік бассейннің құрылысы аяқталды.
Облысымызда спорттың бірнеше түрінен республикалық, халықаралық сайыстар өтіп тұрады. Рас, Лондон олимпиадасына қатысқан 12 спортшы жүлдесіз оралды. Дегенмен, бұл қыздар мен жігіттердің дені әлі жас екенін ескерсек, алдағы дүбірлі бәсекелерде соларға сенім артуға болады. Оңтүстікте талантты жастар өте көп. Ал, оларды баптап, болашақта саңлақ спортшыға айналдыру бапкерлерге сын.
Ғабит САПАРБЕКОВ
«Қызмет» ақпарат
{jcomments on}
Leave a Reply