
Республикадағы үшінші қалаға белсенді қыз-келіншектер жиналды. «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» сөзін жанына серік еткендер, ел дамуындағы әйел адамының рөлін айқындап берді. Нәзік жандылар кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат.
Шымкенттегі «Жастар ресурстық орталығында» әйелдер форумы өтті. «Әйелдің ел дамуындағы рөлі» тақырыбында бас қосқан нәзікжандылар қазіргі замандағы әйел адамның рөлін, жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу бойынша пікір алмасып, нақты ұсыныстарды талқылады. Сондай-ақ, қоғамдағы әлеуметтік-демографиялық прогресті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлін талқылау, экономикалық өсудің жаңа үлгілеріне көшу, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, әйелдер арасында қаржылық сауаттылық проблемаларын шешу және өзін-өзі бағалауды, жеке тұлға ретінде өзін-өзі дамытуды арттыруға арналды.

«АMANAT» партиясы қоғамдағы, биліктегі, бизнестегі әйелдердің рөліне ерекше көңіл бөліп, қолдау білдіретінін мақтанышпен айта аламын. Жалпы, партияның Шымкент қалалық филиалы жанында 11 қоғамдық кеңес құрылып, түрлі салалар бойынша жұмыстар атқарылуда. Осы кеңестің құрамында әйелдердің үлесі орасан. Жалпы, жетекші партияның сайлауалды тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30%-пайыздық квота енгізу қажеттігі заңдық тұрғыдан қарастырылған. Жиын нәтижесінде «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатын құрылатын болды.