
Биыл қазақ музыка өнерінде шоқтығы биік «Дос-Мұқасан» тобы 55 жылдығын атап өтуде. Осыған орай Шымкент қаласындағы «Наурыз парк» сауда орталығының кинозалында «Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Премьераға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, зиялы қауым өкілдері, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
«Дос-Мұқасан» фильмін түсіруге «Богемская рапсодия» фильмі түрткі болды. Осындай туындыны Қазақстанда түсіру үлкен арманым еді. Ұжыммен бірігіп, осы жобаны қолға алдық. Түсірілім барысында «Дос-Мұқасан» тобындағы Досым Сүлеев және Мұрат Құсайынов ағаларымыз кеңесін беріп, қасымызда жүрді. Кино қазақтың рухын көтеріп, сол заманның атмосферасын сезіндіре алдық деп ойлаймын, — деді фильмнің бас продюсері Айгүл Байбек.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары: «Дос-Мұқасан тек қана ансамбль емес, қазақ музыка өнерінің кеңес кезіндегі қазақ жастарының тарихы. Тек музыканттардың бірлестігі емес, халқымыздың сол кездегі ар-намысы деп баға берсе болады. Шынайы өмірді бейнелеген кино көрерменнің жүрегіне жол табады деп ойлаймын. Шымкенттіктердің атынан ұжымға алғыс айтқым келеді».
