ДЕНДРОСАЯБАҚ АУМАҒЫНДА 400 ЖАРЫҚШАМ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Қала әкімінің тапсырмасы аясында Шымкент қаласындағы Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың жарықшамдары толығымен жаңартылды. Бүгінгі таңда мүлдем істен шыққан 400-ге жуық шам ауыстырылды.
Жарықшамдар Дендрологиялық саябақтың барлық дерлік аумағына қойылды, әсіресе салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үшін веложол бойына толық орнатылды.
Жарықшамдардың қуаттылығы 150ВТ.
Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандары Дендрологиялық саябақ жарықшамдарының алдағы уақытта тәулік бойына жанып тұруын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Дендро саябақтың жасыл желегін Орта Азия елдері мен Ресейден алынатын 144 түрлі интродуцент ағаш түрімен толықтыру жоспарлануда. Бастапқы кезеңде 57 түрлі ағаш-бұтаның тұқымы егіліп, жерсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы кәсіпорынның гендік қорын көбейту мақсатында, интродуценттің 115 түрі егілген болатын.
Қазіргі таңда саябақ аумағында 100,0 мыңнан астам ағаш-бұтаның 406 түрі өсіп тұр. Оның ішінде, Қазақстанның қызыл кітабына енген өрік, іле бөріқарақаты, кавказ таудағаны, зеравшан аршасы, недзвеция алмасы, сиверс алмасы, соғды шағаны атты 7 түрлі ағаш бар. Оған қоса сирек кездесетін 61 түрлі ағаш тіркелген. Сонымен қатар, саябақ ішіндегі тұқымбақтың жалпы көлемі 1,5 га аумақты құрайды. Онда қазір 23 түрден 11392 дана көшет өсірілуде. Тұқымбақтың өзі екіге бөлінген.

Негізгі тұқымбақта 2638 қылқан жапырақты, 3382 жәй жапырақты және 599 дана өзге көшет түрлері өсіп тұр. Көшет түрлерін көбейту мақсатында өткен жылы 32 түрлі ағаш-бұта түрінен 228 кг тұқым негізгі тұқымбаққа себілген. Ардагерлер аллеясындағы тұқымбақта қылқан жапырақтылар мен жапырақты ағаштардың тұқымынан өсірілген 2-3 жылдық көшеттерді кездестіруге болады. Гендік қорды көбейту және сақтап қалу үшін күз мезгілінде 0,03 га құрайтын жылыжай қалпына келтіріліп, тұқымынан және жасыл қаламша арқылы өсіру жұмысы жүргізілді. 2020 жылы қаладағы әлеуметтік нысандарды абаттандыруға дендросаябақтан 5000-нан астам көшет берілген.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика