tories/medeo2.jpg» border=»0″ width=»270″ height=»151″ align=»left» />Бұқаралық спорт – әркімнің жеке басына тәуелді іс. Спортпен шұғылдануды әркім өзі шешеді.Уақытына, қалтасына қарай. Алайда, спортпен жүйелі шұғылданатын адамдарға жағдай жасау, салауатты өмір салтын насихаттау, халықты спортқа тарту тетіктерін қарастыру — мемлекеттің ісі. Спорт деген сиқырдың адам бойына күш-қуат беріп, рухани болмысын жаңғыртатыны даусыз. Сондықтан, бүгінгі қазақстандық қоғамда бұқаралық спортты дамыту төтенше маңызға ие болып отыр. Халықтың саулығы, салауатты өмір сүруі өзекті болып болып тұр. Оған себеп елдегі бала туу көрсеткіштерінің төмендігі, жүрек-қан тамырлары ауруларынан, нашақорлық, темекі және алкоголизмнен зардап шегушілер мен өлім-жітімнің артуы, физикалық һәм ақыл-ой тұрғысынан дамудың тежелуі, айналып келгенде, ұлт қауіпсіздігіне, халықтың санасы мен парасатының өсуіне, рухани дамуына қауіп төндіретін факторлар екендігі айтпаса да белгілі жағдай. Осының бәрі айналып келгенде, елдің еңсе тіктеуіне, экономикалық өрлеуіне, саяси тұрақтылығына залалын тигізбей қоймайтынына дауласпайтын шығарсыз.Сондықтан бүгінде Сіз бен бізді спортқа тарту үшін, дені сау қоғам құру үшін, халықты салауатты өмір салтына бейімдеу үшін мемлекет барын салуда
Статистика не дейді?
Дамыған елдерде халықтың дене шынықтыру-сауықтыру ғимараттарымен қамтамасыз ету көрсеткіші 80 – 100%-ды құрайды. Еуропа елдерінде бұқаралық спорт мемлекеттік спорт саясатының басымдығы болып табылатынын атап өту қажет. Атап айтқанда, Германияда халықты спортпен айналысуға тарту үшін жергілікті спорт ұйымдарының құзырындағы 80% жерлерге әртүрлі спорт ғимараттары құрылысына көңіл бөлінеді. Көптеген елдерде практикада мемлекеттік лотереядан спорттық ұйымдардың бюджетіне түсімнің біршама үлесі байқалады.
Сонымен қатар, баршаға арналған спорттың қаржылық ресурс көздері ретінде кәсіпкерлікті дамыту тән. Осы бағытта спорттық қызмет көрсетудің капиталды көп қажет ететінін ескере отырып, осы салада коммерциялық ұйымдарды ұйымдастыру жоғары бастапқы капиталды талап етеді. Осы мақсатта тек табысы жоғары халықтың спортпен айналысу қажеттілігін қамтамасыз етуді болдырмау үшін мемлекет тікелей немесе жанама түрде спорттық коммерциялық ұйымдардың қызметіне қатысады.
Қазіргі таңда елімізде халықтың 20 пайызға жуығы, яғни 3,3 миллион адам дене шынықтыру және спортпен айналысады деген мәлімет бар. Бүгінгі күні бүкіл ел бойынша өткізілетін спорттық-бұқаралық және денешынықтыру-сауықтыру іс-шараларының саны да артып келеді. Тек былтырғы жылдың өзінде 18 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізілді, оларға 4,1 миллионнан астам адам тартылды. Сондай-ақ, бұл саланың дамуына үздік жетістіктерімен елге танымал болып жүрген спортшылардың жарқын жеңістері де халықты, соның ішінде, әсіресе, жастар мен жасөспірімдерді алға жетелейтін, «сондай болсам ғой» дейтін үміт отын жағатын бір фактор екенін атап өтейік. Сайып келгенде, бұқаралық спорт жайдан-жай өз еркімен дамып кететін нәрсе емес. Оған қозғаушы бір күш, жүйелі саясат қажет екеніне көз жеткізіп отырмыз қазір. Бұқаралық спорт саласы болсын, басқа да спорт саласы болсын ең алдын жастар мен жасөспірімдер назарға алатыны белгілі. Мемлекет өз болашағын сол жастармен елестетеді. Сол себепті мемлекет тарапынан жастар денсаулығы, жастар спортына ерекше көңіл бөліп, бұдан екі жыл бұрын бірқатар жаңа спорттық ұйымдар ашылды. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен нысана көздеу бойынша олимпиадалық даярлау республикалық орталығы, Алматы облысында балалар мен жасөспірімдердің ат спорты түрлері бойынша республикалық спорт мектебі ашылды. Бүгінгі таңда елімізде барлығы 423 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 8 республикалық және 17 өңірлік олимпиадалық ізбасарлар даярлау орталығы жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы да ескеріліп отыр. Бүгінгі күні республикада 193 мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың әр түрінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері атанды. 2011 жылы 57 адам спорт шеберлігінің және 9 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативтерін орындады. Жыл сайын мүгедек спортшылар арасында республикалық және халықаралық деңгейде 70-тен астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі, оған 5 мыңнан астам адам қатысады.
Бізде осындай нысандар бар
Елімізде спортты дамытуға ден қойылып, дене тәрбиесін ілгерілету үшін сәулетті стадиондар мен спорт кешендерін жөнге келтіру қолға алына бастады. Бүгінгі таңда біздің елде қазіргі заманғы халықаралық стандартқа сай спорттық ғимараттар саны көбейіп келеді.
Жалпы, кейінгі жылдары республикада спортты дамытудың негізі көрсеткіштерінің өсіп, материалдық-техникалық базалардың көбейіп келе жатқандығы байқалады. Мәселен, 2011 жылдың басында еліміздегі спорттық ғимараттардың саны 31 266 бірлікке жетті. Әрі жыл сайын спорттық ғимараттардың саны күн санап өсіп келеді. Бұл тұрғыда 2005 жылы республикадағы спорттық ғимараттар санының 28 666 бірлік болғанын айта кетсек, артық етпес. Сонда бес жылдың ішінде спорттық ғимараттар саны 2600 бірлікке өскен. Биыл жыл соңына дейін жаңадан 936 құрылыс бой көтермек. Ауылдық жерлерде 721 нысан, жекеменшікте 690 нысан пайдалануға берілді. Жыл басынан бері бірнеше спорттық кешендер мен ғимараттар пайдалануға берілді. Республикамыздың көптеген облыс және аудан орталықтарында ашылу салтанаты ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, құрылысы аяқталуға айналған спорттық кешендер де біршама.
Соңғы жылдары Ақмола және Атырау облыстарында екі Спорт сарайы салынып, Қостанай және Павлодар облыстарында екі Спорт сарайы қайта құрылымданды. Атырауда жүзу бассейні бой көтеріп, Астанада Ұлттық теннис орталығы мен бокс орталығы бой көтерді. Алматыдағы «Шаңырақ» ықшамауданында үш залды, 50 метрлік бассейні бар спорттық кешен пайдалануға берілді. Былтырдың өзінде спорттық кешендер саны – 16 бірлікке, ал спорттық залдар саны 34 бірлікке артты. Сондай-ақ 13 теннис корттары орталығы салынды. Ақтөбе облысындағы алты корты бар теннис орталығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып, тұсауын кесті. Ал биыл Талдықорғанда қала күнінде жаңа теннис орталығы ашылды. 14 мыңға жуық шаршы метр аумақты алып жатқан теңдессіз теннис орталығында да алты корт бар. Олардың төртеуінің төбесі ашық та, екеуінің төбесі – жабық. Бұл сәулетті ғиммарат Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тойына тарту ретінде салтанатты түрде ашылды.
Елбасының жыл сайынғы Жолдауының негізгі бағыттарын жүзеге асыру мақсатында Барлық облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне дене тәрбиесі мен сауықтыру орталықтарын дамыту тапсырылды. Мұндай орталықтарды тек облыс орталықтарында емес, аудан орталықтары мен шағын қалаларда салу қолға алынып, бүгінде солардың үлгілік жобасы жасалып жатыр. Айта кету керек, VІІ Қысқы Азия ойындарына арнайы салынған нысандар еліміздің спорттық инфрақұрылымын едәуір нығайтты. VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізу шеңберінде барлығы 10 спорт нысаны жаңадан салынып немесе тұтастай қайта жаңғыртылды. Айталық, Алматыдағы «Медеу» мен «Шымбұлақ» кешендері, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы түгелімен қайта жаңғыртылып, велотрек, «Алау» коньки стадионы, Алматы облысында шаңғы және биатлон кешені, Алматы қаласында трамплин кешені жаңадан салынды.
Елбасының жыл сайынғы Жолдауының негізгі бағыттарын жүзеге асыру мақсатында Барлық облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне дене тәрбиесі мен сауықтыру орталықтарын дамыту тапсырылды. Мұндай орталықтарды тек облыс орталықтарында емес, аудан орталықтары мен шағын қалаларда салу қолға алынып, бүгінде солардың үлгілік жобасы жасалып жатыр. Айта кету керек, VІІ Қысқы Азия ойындарына арнайы салынған нысандар еліміздің спорттық инфрақұрылымын едәуір нығайтты. VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізу шеңберінде барлығы 10 спорт нысаны жаңадан салынып немесе тұтастай қайта жаңғыртылды. Айталық, Алматыдағы «Медеу» мен «Шымбұлақ» кешендері, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы түгелімен қайта жаңғыртылып, велотрек, «Алау» коньки стадионы, Алматы облысында шаңғы және биатлон кешені, Алматы қаласында трамплин кешені жаңадан салынды.
Бүгінде біздің елде мақтан тұта алатын халықаралық деңгейдегі спорттық кешендеріміз баршылық. Әр қаланың өзінің спорттық брендіне айнала бастаған стадиондарымыз да – бірсыпыра. Енді солардың кейбіреулеріне тоқталып өтсек.
«Медеу» мұзайдыны
Алатау бөктерінде, Медеу шатқалында салынған мұзайдын. Теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан. Құрылысы 1949 жылы басталып, 1951 жылы 4 ақпанда бірінші ресми жарыс өткізілген. Бірақ 1972 жылы ғана жасанды мұзайдын төселген. Мұзайдынды төсеген архитекторлар мен инженерлер КСРО Мемлекеттік жүлдесімен марапатталған. Әлемдегі ең биікте орналасқан мұзайдын. Жасанды мұзайдынның ауданы – 10,5 мың шаршы метр. Таза тау суынан құйылған мұзымен ерекшеленіп, мұнда конькимен жүгіруші дүлдүлдер 200-ден астам әлем рекордын жаңартқан. Сондықтан «рекордтар фабрикасы» атанған да. Мұз қатырылатын ауданының қалыңдығы – 2,3 метр. Жасанды мұзды қатырып тұратын жүйесі әлемде теңдессіз болып саналады. Соның арқасында алматылықтар мен қала қонақтары «Медеуде» қысы-жазы коньки тебе алады (жылдың сегіз айы бойы).Конькишілер жарысымен қоса, допты хоккейден «Динамо» (Алматы) клубы үйдегі ойындарын өткізіп тұратын. 1990 жылы спидвейден (мұздағы мотожарыс) әлем чемпионаты өткен. 1990-2004 жылдар аралығында «Азия дауысы» эстрадалық байқауы өткізіліп тұрды. VІІ қысқы Азия ойындарына қарсы күрделі жөндеуден өтіп, инженерлік-техникалық жүйелері ауыстырылды. Жаңа мультимедиялық табло орнатылды (ауданы – 200 шаршы метр). Сыйымдылығы 8500 орынға дейін ұлғайтылды. Ақ Азиада кезінде допты хоккей ойындары өтті.
«Астана-арена» стадионы
Елордамыз Астанадағы теңдессіз стадион 2009 жылы 3 шілде күні ашылған. Сыйымдылығы – 30 000 адам. Төбесі 20 минуттың ішінде ашылып, жабылады. Осы «шатырының» ауданы – 10 000 шаршы метр. Мұндай стадион әлемде алтау-ақ. Ауданы – 232, 485 шаршы метрлік эллипстік жоба (330 х 704,5 м). Жаңа инновациялық технологиялардың барлығы дерлік қолданылған. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Астана» футбол клубы үйдегі ойындарын осы стадионда өткізеді. Басқа да мәдени шаралар ұйымдастырылып тұрады. VІІ қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты осы сәулетті стадионда өткен.
Шаңғымен тұғырдан секіру кешені
Шаңғымен тұғырдан секірушілерге арналған халықаралық кешен. Соңғы үлгіде салынған, қыста да, жазда да шаңғымен тұғырдан секіре беруге болады. Халықаралық шаңғы спорты федерациясының талаптарына сай екі тұғыр (К95 және К125) салынған. Тұғырдан секіру кешенінің құрылысын халықаралық сарапшылар техникалық жағдайы мен сәулеті жағынан әлемдегі ең үздік жобалардың бірі деп бағалаған. Көгалдарды суғару жүйесі, аспалы тасымалдау жолы және лифттері бар. Сыйымдылығы – 5 500 адам. VІІ қысқы Азия ойындары бағдарламасындағы шаңғымен тұғырдан секірушілер сайысы өтті. Оның алдында әлем Құрлық кубогы өткізілсе, биыл күзде «Гран-при-2011» халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Болашақта бұл спорттық кешенде әртүрлі мәдени шаралар өткізу жоспарланып отыр (концерттер, әртүрлі шоу бағдарламалар). Қос тұғыр халықаралық стандартқа сай салынғанмен, ондағы жұмыстардың барлығы әлi толық аяқталған жоқ. Алдағы уақытта бұл кешен «Сұңқар» саябағы болып кеңейтiлген түрде жұмыс істейтін болмақ. Тұғырлардың жанынан 89 гектар аумақтағы жерге биатлон, фристайл, бобслей стадиондары мен веложолдар салынады.
«Сарыарқа» велотрегі
Астанадағы көз тартар спорттық кешендерінің бірі. Халықаралық стандарттардың барлығына сәйкес келеді. Ашылғанына бір жыл өтер-өтпес уақыт болса да, халықаралық дүбірлі додаларды өткізу мәртебесіне ие болып, өзінің ғажаптығын дәлелдеп келеді. VІІ қысқы Азия ойындарынан кейін, биыл қараша айының басында велотректен әлем кубогының бірінші кезеңдік бәйгелері ұйымдастырылды. Бұл велотректен қазақ топырағында тұңғыш рет өткен аламан дода еді. Халықаралық велосипедшілер одағының ( UCI ) техникалық нұсқаушысы Бернард Дармет велотректі әр қырынан бір өлшеп, мін таба алмай: «Бұл велотрек әлемдегі ең үздік велотректің бірі болады. Мұндай ғимаратты бұрын-соңды көрмегенмін», – деп кетіпті. Велошабандоздың қалпағына ұқсатып салынған велотректің параметрлері: жалпы ұзындығы – 250 метр, ені – 7 метр. Велотректің айналма бұрылыстағы жантаю бұрышы 44 градус болса, ұзыннан жатқан жолы – 13,5 градус. Велотрек табаны Сібір балқарағайынан төселген.
«Алау» мұзайдыны
Елордадағы халықаралық деңгейдегі көрнекті кешендеріміздің бірі болып табылады. Қараша айының аяғында аталмыш мұзайдында конькимен жүгіру спортынан әлем кубогының екінші кезеңдік жарыстары өтеді. Мұзайдыны жолағының ұзындығы – 400 метр. Шайбалы хоккейге арналған екі корты бар. Төрешілер алқасына және баспасөз жиынын өткізуге арналған залдары бар. Спотшылар киім ауыстыратын бөлмелерінің саны – сегіз. Басқа да әмбебап залдары мен фитнес орталықтары бар. Мұнда конькимен жүгіру спортынан, шорт-тректен, шайбалы хоккейден, керлингтен, мәнерлеп сырғанаудан ірі жарыстар мен додалар өткізіп, жаттығу жұмыстарын жүргізе беруге болады. Соңғы үлгідегі техникалық жабдықтары мен архитектуралық жобасы үйлесім тапқан деп айта аламыз. «Алау» жабық мұзайдыны аз ғана уақыттың ішінде әлемге «мұзы жылдам» шаңырақ ретінде танылып үлгерді. Мысалы, VІІ қысқы Азия ойындары кезінде мұнда конькимен жүгіруші желаяқтар Азияның 9 рекордын жаңартты. Осылай, қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде «Алау» дүние- жүзіндегі конькишілер стадиондары рейтінгінде бірден 17-орынға бір-ақ көтерілді (641 мұзайдын ішінен).
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы
Алматыдағы бұл спорт және мәдениет сарайы – еліміздегі ең «егде» ғимарат. 1967 жылы пайдалануға берілген. Қазақстандағы халықаралық додалар ең көп өткен киелі шаңырақ. Көпфункциональды әмбебап кешен. Волейболдан, күрес түрлерінен, дзюдодан, бокстан, кик-боксингтен, қол добынан, шайбалы хоккейден, ауыр атлетикадан, баскетболдан, футзалдан және тағы да басқа спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі ірі додалар өткен. Эстрадалық концерттер мен мәдени шаралардың да ошағы болған. 2011 жылы 6 ақпан күні VІІ қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Ақ Азиада қарсаңында қайта құрылымдаудан өтіп, жаңа мәтінде өңделді. Инженерлік-техникалық коммуникацияларының барлығы ауыстырылды. Қосымша бөлмелер мен кешендер (медициналық, теледидарлық) жапсарланып салынды. Сыйымдылығы – 5000 адам.
Ұлттық теннис орталығы
Астанадағы ең көрікті спорттық ғимараттардың бірі. 2008 жылы 4 шілде күні Астананың 10 жылдығына арналып ашылған. Мұнда төбесі жабық негізгі корттағы кездесулерді 2700 адам тамашалай алады. Жалпы, сегіз төбесі ашық және бес төбесі жабық корт бар. Жаттығу өткізетін корттарының саны – үшеу. Олардың бәріне де жоғары және орташа жылдамдықты «хард» және «rukort» төсеніштері төселді. Үлкен теннис, басқа да спорт түрлерінен ірі халықаралық додалар ұйымдастырылып тұрады. Соның бір дәлелі, ашылған бетте көркем гимнастикадан әлем кубогының кезеңдік сыны өткізілген.
Талдықорғандағы теннис орталығы
Биыл Жетісу орталығында ауқымды теннис орталығы ашылды. Оның аумағы 13 861 шаршы метрді алып жатыр. Әрі жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуге лайықталған. Онда төрт төбесі ашық және екі төбесі жабық корт бар. Төбесі жабық корттағы доданы 200 жанкүйер тамашалай алады. Олардың табанына Италиядан әкелінген көпқабатты «хард» төсеніштері мен ашық алаңға лайықталған төсемелер төселген. Барлық жағдай қарастырылып, әкімшілік-тұрмыстық бөлімдері, жуынатын және шешінетін бөлмелері, медициналық кабинеттері жұмыс істейді.
Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадион
Тек футболға арналған, жүгіру жолдары жоқ. Мұндай стадиондар Қазақстанда некен-саяқ. Қабырғасы 1975 жылы қаланған. Алаң көлемі – 104 х 68 метр. Сыйымдылығы – 13 500 адам. Халықаралық футбол матчтарын өткізу құзырына ие болып, УЕФА сертификатын алған.
Жалпы, Қазақстандағы стадиондардың ішіндегі сыйымдылығы жөнінен ең үлкені – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион. Шымкенттік «Ордабасының» үйдегі алаңына жанкүйер лық толатындай жағдай туса, 37 мың адам матчты стадионда тамашалай алады екен. Екінші орында – «Астана-Арена». Алматының орталық стадионына 26 242 адам еркін сыяды. Қарағандылық «Шахтердің» стадионы – 19 500, Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадион – 13 500, Тараз орталық стадионы – 12 525, Астанадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион – 12 350, Павлодардағы орталық стадион – 12 000, Қызылжардағы «Авангард» стадионы – 11 000, Талдықорғандағы «Жетісу» стадионы – 10 000, Қостанай орталық стадионы 8 323 адамға арналған. Қазақстандағы ең кіші стадион деп Ақтаудағы «Каспий» футбол клубының «Жастар» стадионын айтуға болады. «Жастарға» ең көп дегенде үш жарым мың адам кіре алады.
Ал оңтүстікте…
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шымкент қаласының өзінде биыл жыл сойыңа дейін 7 спорттық нысан бой көтеретін болады. Өткен жылы облыстың аудандары мен қалаларында күрделі жөндеу және ағымдағы құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оған жергілікті бюджеттен 1 миллиард 30 миллион 524 мың теңге , облыс бюджетінен 1 миллиард 99 миллион 900 мың теңге және демеушілер есебімен 146 миллион 350 мың теңге бөлінген.Сондай-ақ, Республикалық бюджеттің есебінен Шымкент қаласындағы Абай саябағының аумағында Халықаралық теннис кортының құрылысы жүргізілуде. Оған 925 миллион теңге бөлінген. Жобаға сәйкес, 8 ашық және 4 жабық корттар жұмыс істейтін болады.2011 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 4649 спорт нысандары тіркеліп, өткен Өткен жылдармен салыстырғанда спорт нысандарының саны 686 бірлікке өскенін байқатады. Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт және туризм басқармасының мәліметіне сенсек, облыста дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны 2010 жылы — 296 218 адамды, яғни 12 пайызды құраса, өткен жылы олардың қатары 82 866 адамға көбейіп, 14,5 пайызын құрап отыр. Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойына орай халық игілігіне 80 нысан берілуде. Осының аясында спорт саласы бойынша облыстық бюджет есебінен Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадионнан жабық бассейннің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Түркістан қаласында жергілікті бюджет есебінен «Балуан Шолақ» стадионында жабық спорт залдың құрылысы аяқталып, жеткіншектердің спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік туды. Спорт саласы бойынша облыстық бюджет есебінен Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадионнан жабық бассейннің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Түркістан қаласында жергілікті бюджет есебінен «Балуан Шолақ» стадионында жабық спорт залдың құрылысы аяқталып, жеткіншектердің спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік туды.Ал жетістіктерге келер болсақ, бұл өңірдің жүлде қоржыны қашан да қомақты. Облыс саңлақтары өткен жылы Республикалық чемпионаттарда 362 алтын медальға қол жеткізген. Ал Азия чемпионаттарында 33 алтын, 18 күміс және 25 қола медальды жеңіп алған, сонымен қатар Әлемдік додаларда 12 алтын, 8 күміс және 9 қола медальдарды қанжығаға байлаған.
Тек спорттың өзі бір елді айдай әлемге таныта алатынын көпшілік білді бүгінде. Несін айтамыз, еліміздің спортта жеткен жетістіктеріне қазір әлем куә. Спортшыларымыздың әлемдік деңгейдегі беделді жарыстарда қол жеткізген жеңістері спортшыларды даярлаудағы қазіргі жүйеміздің ықпалды, тиімді екенін аңғартады. Жоғары жетістіктер, сайыпқырандарымыздың әлемдік рекордтарды жаңғыртуы , халықаралық, ұлттық және басқа да ресми спорттық бәсекелердегі жетістіктер бұқаралық спорттың дамуына оң ықпалын тигізіп отыр.
Мақпал РЫСБАЕВА,
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply